Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «[[Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. Байтұрсыновтың «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады. Байтұрсынұлы қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қам қылды. Өзі жазған «Өмірбаянында» (1929): «…Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген. Б. қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 ж., синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл граммат. терминдерді қалыптастырды. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар», мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды. Ол – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы. Байтұрсынұлы оқулығындағы тілдік категорияларды ұғындыру мақсатында енгізген «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсыновтың ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 жылы Байтұрсыновтың 50 жасқа толғаны Орынбор, Ташкент 1922 жылы қалаларында салтанатты түрде аталды. С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатов, Е.Омаров сияқты замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Байтұрсыновтың қазақ халқына сіңірген еңбегін өте жоғары бағалады. Өмірі мен қызметіне, шығармашылығына ғылыми пікір-тұжырымдар айтылды. Әуезов Ахмет туралы «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «…Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі … әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» деп жазды.» (Мәскеу) Байтұрсынұлы тұлғасына «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген ғылыми әділ баға берілді. Бүкiл саналы өмiрiн қазақ халқының бақытты, берекелi, бiрлiкшiл ел болуын аңсаған, сол жолда аянбай еңбек еткен ақын, аудармашы, тiлшi, ғалым, көрнектi қоғам қайраткерi Ахмет Байтұрсынов қазақ елiн отырықшылыққа, мектеп ашып бiлiм алуға шақырған ағартушы. Ол бiрнеше оқулықтардың авторы: (“Әлiпби”, “Тiл құралы”, “Баяншы”, “Әдебиет танытқыш” т.б.) Ол И.А.Крыловтың бiрнеше мысал өлеңдерiн аударып, 1909 ж. Петербургте “Қырық мысал” деген атпен бастырып шығарды.
А.Байтұрсынов М.Дулатовпен бiрiгiп 1913-1917 ж.ж. Орынборда “Қазақ” газетiн шығарды. Онда мектеп, оқу-ағарту iсi, отырықшылық, сауда, ел билеу iсi, Мемлекетiк Думаға қатынас мәселелерiн сөз еттi. Алдыңғы қатарлы елдердi үлгi еттi. Надандықтан құтылудың жолы оқу-ағарту iсi деп қарады. Мектептерге бiлiмдi мұғалiм кадрларын даярлауды көтердi. Қазақ алфавитiн жаңартып араб әрпiне жаңа әлiппе жасады.
Оқыту әдiстерiн жетiлдiрудi, оқытудың әдiс-тәсiлдерiн жаңартуды көредi. “Оқыту жайында” атты мақаласында “Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тiреледi. Бiрi ақшаға, бiрi құралға, бiрi мұғалiмге. Осы үш тiреуi бiрдей тең болса, оқу қисаймайды, ауытқымайды, түзу жүредi… дейдi.
Оқу iсiн жолға қою үшiн ғылыми жүйелiлiк жасалған оқу бағдарламасы болуы керек. Сол бағдарламаға негiздей жазылған оқулық болуы тиiс. Оқулықтағы бiлiмдi оқушы бойына дарыта бiлетiн әдiскер мұғалiм керек дегендердi көтередi. Сондай-ақ А.Байтұрсынов бiлiм негiзi бастауыш сыныпта салынады деп қарады. Бастауыш мектептерде қандай пәндер оқытылуы керек дегенге арнайы тоқталып, ол пәндердi: оқу, жазу, дiн, ұлт тiлi, тарихы, есеп, шаруа-кәсiп, қолөнерi, жағрафия, жаратылыс деп саралап көрсетiп бердi. Байтұрсынлв осы пәндердiң оқулықтарын шығаруды қолға алды. Өзi бастауыш мектепке арнап “әлiппе” кiтабын жазды. Сондай-ақ оның “Тiл жұмсар” деген атпен екi бөлiмдi грамматикасы кiтабы (1925) шықты. Ал М.Дулатов бастауыш мектепке арнап “есеп” кiтабы мен қирағат ( ана тiлi оқу) кiтабын жазды.
А.Байтұрсынов пәндердi оқытудың әдiстемесiмен де айналысты. 1928 ж. “Жаңа мектеп” журналының 8-санында жарияланға “Қай әдiс жақсы?” деген көлемдi мақаласында ұлы педагог Л.Н.Толстойдың “Үйрету әдiстерi туралы” деген еңбегiне талдау жасай отырып, “әдiс деген қатып-семiп қалған догма емес… Жақсы дерлiкте, жаман дерлiк те бiр әдiс жоқ. Олқылықтың белгiсi – бiр ғана әдiспен болу. Шеберлiктiң белгiсi – түрлi әдiстi болу” деп ойын тұжырымдайды.
Ол сауаттылықты негiзгi жазуға жаттықтыру деп қарады. Жазу дегенiмiз – әрiптердiң суретiн салу, ал оқу дегенiмiз – суретi салынған әрiптердiң дыбысын дұрыс айту. Балалар дыбысты ажыратып үйренген соң, сол дыбыстың таңбасы – қәрiптi көрсету керек. Оны меңгергеннен кейiн оқу, жазу жұмыстарының бәрiне сол тiреу болады деп балаларды оқуға, жазуға үйретудiң әдiс-тәсiлдерiн сөз еттi. 1920 ж. Қазанда “Баяншы” деген атпен тiлдi оқытудың методикасына арналған әдiстемелiк құрал шығарды.
А.Байтұрсынов оқытудың бiлiмдiлiк-танымдық жағымен бiрге тәлiмгерлiк қызметiне де баса көңiл бөлдi. Әрбiр оқылатын тақырыптардың бiлiм бере отырып, тәрби де беруiн қарастыруды талап еттi.
А.Байтұрсынов өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамныда білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Ол ауыл мектептерінде, семинарияларда бала оқытты, оқу тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденді, «Әліпби», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» атты кітаптарды қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб алфавитінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқытудың әдістемесі туралы көптеген мақалалар жазады. Байтұрсынов алғаш ағартушылық ой-пікірлері сонау 1913-17 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларынан айқын көрінеді. Ол туған халықының білім-ғылымға ұмтылуын әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек»-деп жазды. Байтұрсынов мұғалімдерді педучилищелер ашып арнаулы оқу орындары арқылы даярлаудың тиімділігін айта келе, ондай оқу орындары қазақ даласында жоқтығын ескеріп, орыс мектептерінен де қазақ медреселерін оқып бітірген жастардың талаптыларын мұғалімдік жұмысқа қоса пайдаланайық деген ұсыныс жасайды. Медреседе оқығандардың педагогика, әдістемеден хабарсыз, ал орыс мектептерінде оқығандардың мұсылманша хат білмейтіндігін қынжыла сөз етеді. Олардың білімін жетілдіру үшін жаз айларында 1-2 айлық қысқа мерзімді курс ашуды ұсынады. Сонымен қатар ол бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытытлу керек дегенге арнайы тоқталып, ол пәндерді оқу, жазу, ұлт, дін, ұлт тарихы, есеп, қолөнер, жағрафия, жаратылыс болу керек екендігін нақтылап көрсетті. Байтұрсынов осы пәндердің оқулықтарын шығарудың қолға алынғанын, алайда арнайы баспахана болмағандықтан кейбір оқулықтарды шығару ісіндегі қиыншылықтарды қынжыла баяндайды. Ол қазақ мектептеріне ең зәру ісі – оқулық жазумен айналысады. Ол үшін ең алдымен қазақ тілінің фонетикалық жүйесін зерттеумен айналысты. «Тіл құралын» жазбас бұрын ең алдымен жазу графикасын жөндеп алудан бастаудың қажеттігін сезінген Байтұрсынов 1912 жылдан бастап, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттеріне араб таңбаларын жетілдіру, лингвистикалық терминдерді тілге енгізу (дыбыс, әріп, жуан, жіңішке, т.б.) туралы ой-пікір қозғады. Оның араб жазуын қаза тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртышылығы, әсіресе мұғалімдер жылы лебізбен қабылдады. Себебі, бұл реформа қазақ тілінің табиғатына, яғни сингармонизм заңдылығына сүйеніп, ғылыми түрде жасалған еді. Сондай-ақ Байтұрсынов ұсынған емле 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде де, орыс-қазақ мектептерінде де қолданыла бастады. А.Байтұрсынов 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрін осы күнгідей суреттерімен берілген Әлеппе кітабын жазды. Ал бұл «Әліпбидің»1928 жылы Қызылордада шыққан 3-басылымы қазақ тілінде басылған кітаптар арасында былай бағаланды: «Жаңа құрал қазақ тұрмысына үйлесімді суреттері бар… Ахметтің 7 рет басылған бұрынғы «Әліпбиі» қазақ жұртына орасан зор пайда келтірген еді… Мынау жаңа «Әліпбиі» бұрынғысынан артық. Мұның мазмұны қазақ жағдайына сай болып шыққан. Әңгімелері бала үшін қызықты, жеңіл, заманға лайық.» 1912 жылы мектеп балаларына қазақша сауаттандыратын «Оқу құралын» жазған соң, көп ұзамай енді мектепті қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1-бөлімі «Тіл құралы» деген атпен алғаш рет 1915 жылы жарық көрді. Морфологияға арналған 2-бөлімі 1914 жылы, ал синтаксиске арналған 3-бөлімі 1916 жылы басылып шығарылды. «Тіл құралы» — қазақ мәдениетінде бұрын соңды болмаған құбылыс. Оның қазақ жұртышылығ үшін мүлде тың дүние екендігін оқулықтың кіріспесінде автор арнайы атап көрсетті. Ол осы оқулықта қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына тұңғыш қазақша терминдерді ұсынады. Күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан «зат есім, бастауыш, шылау, баяндауыш, етістік, сан есім, одағай, есімдік» деген т.б. сан алуан лингвистикалық ғылыми терминдердің баршасы А.Байтұрсыновтікі. Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет майданындағы есімі әр жас ұрпақ жүрегінде Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы, тарихтағы орны ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері аса жоғары бағаланған. Өз уақытының аласапыран құбылыстарын бағалау болашақ алыс өрістерді көруге келгенде алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай Ахмет Байтұрсынұлының әуелі тарихтағы орнына тоқталып өткен жөн. Ақан ашқан қазақ мектебі, Ақан түрлеген ана тілі, Ақан салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса» еңбегі, «Қазақ газетінің» 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытқанда да, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды деп ұлы данышпанымыз Абай есімін бар әлемге таныстырған Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтқан болатын. Ахмет атамыздың тарихтағы орнын, әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы кейбір қайшылықтарын өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамдардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіндегі өз мақаласында былай деген екен: «А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, арларын сатып, ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды. Қалай болса да, жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу хәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай». Ахмет атамыздың әдебиет майданында есімін асқақтатар болсақ, қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын ұлы Абай тапқан аударма жасау дәстүріне мойын ұсынады. Бұрынғы ескі ертегі, хикая үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма – мысал арқылы көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крыловтың туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарды. Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді төл дүниесіндей етіп жіберді. Әртүрлі аңдар, әртүрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Адамдардың мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды әсіресе патша отаршылардың зорлық-зомбылығы, байлардың, жуандардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды А.Байтұрсынұлы жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық дәл айтылатын ойлары да кездеседі. Алуан-алуан ойға жетелейтін «Қайырымды түлкі», «Ала қойлар», «Үлес», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Ат пен есек» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды меңзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алады. Аудармашы негізгі түп нұсқа мәтініне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын-әуез қосып отырады. Ақын аудармаларында сюжет сақталғанмен еркіндік басым, қазақ тұрмысына жақын идеялар, заман тынысын таңытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі қысқа болғанымен аудармашының аудармасы ұзақ болып келеді. Мысалы, «Өгіз бен бақа» орысшада-17, қазақшада-36 жол, «Қасқыр мен тырна» орысшада-19, қазақшада-76 жол, «Қасқыр мен қозы» орысшада — 37, қазақшада-68 жол. Бұдан біз Ахмет атамыздың жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көреміз. 1911 жылы Орынбор қаласында «Маса» жинағы жарыққа шығады. Мұнда Ахметтің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық бір талай өлеңдерге арқау болады. Ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы басты сарын.«Маса» кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар-абыройын сатқан, «жақсылығы өз басынан артылмаған», «бос белбеу, босаң туған боз бала», «бір тойғанын ар қылмаған шалдар», «қайырсыз кеще сараң байлар» сыналады. «Туысыма», «Досыма хат», «Қазақ қалпы», «Жұртыма» өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. «Анама хат», «Жауға түскен жөн сөзі» — қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. Қарқаралы тұтқынынан Семейге айдалған А.Байтұрсынұлы «Қарқаралы қаласына» деген өлеңін жазады: Қош, сау бол, Қарқаралы, жуылмаған, Айдай бер қалса адамың қуылмаған. Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ, Жасырын дыбыс шықты шуылдаған. Бүркеніп арсыздардың шайнауына, Жем тапты пісірмеген, қуырмаған. Шыққан соң талғамайтын доңыздардың Қасыңа қиын болар жуу маған.Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен өрнектеп байытты. Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты заман талабына сай жігерлі поэзия туды.А.Байтұрсынұлының қазақша әліппе жасауы,араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тілі білімнің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып, өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін (фонетика), сөз жүйесін (морфология), сөйлем жүйесін (грамматика) қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын. «Ахметтің Қазан төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол… Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілінен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес. Мұны пролетариат та бағалайды», — деп жазды Сәбит Мұқанов. Хаббас Тоғжанов пікірі де осымен сабақтас: «Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып сүйсінеді».Ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының есімі бүгінгі таңда әр жас ұрпақ жүрегінде жатталып, мәңгі есте қалары хақ.