«Арыстандай айбатты» Мағжан Жұмабаев пен кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяндары

Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (1893-1938) – қазақ әдебиетінің көгіндегі ХХ ғасырдың басында жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі, текті ақыны. Туған жері бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы). Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған. Соған орай оны бір сайлауда болыс етіп сайлаған көрінеді. Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгіріммен аяқтайды. Бірақ бұл оқу білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды. Ол оқу іздеп енді Уфаға аттанады. Сонда өзінің білім беру дәрежесінен Жоғары діни оқу орнымен пара пар Медресе Ғалияға оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, соның ақыл кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі. Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынымен, жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол енді бірте бірте ой есейгендігін танытып, азаматтық лирикаға қарай ойысады. Мұнда да ол зарлы да өкінішті ой сезімдерін ерекше құдіретпен, шыңғырған жан даусының қуатымен жеткізіп, ішкі мұңы мен ашу кегін табиғи байланыстырып жібереді. Бұл кез оның қазақтың ардақ азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Ұстаздарының өнегесі ақын жанының тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді:Тасқыны қатты, тегеуріні берік ұлттық сезім селі ширатыла ширығып барып, екпінін баспаған күйі түрікшілдік арнасына құйылады. Халық өлеңдерінің мазмұнымен бірге оның ырғақ үйлесімін, ішкі рухын, әуезділік әсемдігін жанымен қабылдаған ақын кейде ән күй ғана түсіндіре алатын сезімдерді сөзбен жеткізеді. Мағжанның ақындық ерекшелігі де, бәлкім, осы болар.Қалай дегенде де, Мағжан өзіне дейінгіге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Ол өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде, ал адамды сол ұлы табиғаттың, жаратылыыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайды. Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білу үшін ол, алдымен, не нәрсенің болса да мән мазмұнын бағдарлап, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстың ішкі астарына үңіледі. Дүниені философиялық тұрғыдан таниды. Мағжан «Шолпан», «Сана» журналдары, «Ақ жол» газеті редакцияларында қызмет істеп жүргенде болсын, Москваның Жоғары әдебиет көркемөнер институтында оқып жүргенде болсын, үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық өрлеу жолында болады. Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлең жазды. 1910 – 1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады. “Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жариялайды.1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.“Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.1918 – 1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919 – 1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады.1923 – 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады.1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Жұмабайұлының 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды.Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлең жазды.Ол “Тілші” газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсанындағы санында С.Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды.Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Жұмабайұлы қатаң сынға алынды. Жұмабайұлы 1927 – 1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады.1929 жылы Жұмабайұлы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады.Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Жұмабайұлы Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

Ахмет Байтұрсынұлының атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895–1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Байтұрсыновтың саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Байтұрсыновтың Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты. Байтұрсынов 1917 жылы рев. өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ к-ттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүрді, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынов пен Дулатов қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады. Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсыновты бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-рев. к-ті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Байтұрсыновтың ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды. 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. Ахмет Байтұрсынов Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Б-тың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды. 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген. 1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. 1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамыза тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды.