Алтынбек Сәрсенбаев "Кітап:тәуелсіздік пен демократия тұғыры" рецензия

Алтынбек Сәрсенбаев «Кітап:тәуелсіздік пен демократия тұғыры» тақырыбына жазылған рецензия

Жауапты редакторы-ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Украина саяси ғылымдар академиясының академигі Ә.Нысанбаев .

          «Бұл еңбекте Қазақ елі дербестік алып, тәуелсіздік туын тіккеннен бергі кезеңде республикамызда қазақ кітабының қалай бағыт алып дамығаны, жалпы полиграфия ісінің өткір проблемалары туралы кеңінен әңгіме болады. Демократиялық қоғамда  рухани құндылықтың рөлі арта түскені жайындағы кітап қалың оқырманға арналады» (кітап аннотациясы).

         «Кітап-әлем халықтарының ұлттық азаттығы мен саяси бостандығы жолындағы күресінің, даналық пен ізгіліктің, жалпы адамзат өркениетінің негізгі қозғаушы күші болып қала берді» (кітаптың 7-бетінен).

         Кітаптың беташар сөзінде автор кітап дегеніміздің не екендігін, кітаптың шығу тарихын, «Гутенберг кереметі» атауының мағынасын, қолжазба кітаптар туралы, алғашқы қазақ кітабы «Сейфүлмәлік»(1807 ж.)туралы керек жерінде нақты дерекпен, керек жерде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жаза отырып, өзінің керемет сөз саптауы арқылы кіріспе сөз жазған.

         Кітап 2 бөлімге бөлінген:

I бөлім: Тәуелсіздік тұғырнамасы.

II бөлім: Кітап және демократия.

         I бөлімнің өзі 3-ке бөлінген: «Парасат қайнары», «Ұлттық сана іргетасы», «Жаңғырған зерде-жасампаздықтың кепілі». Бұл бөлімде автор негізінен тәуелсіздік туралы жазған. Мұнда тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев:»Бүгінгі күн — ата-бабаларымыздың талай ғасырлар бойғы арманы еді, отаршылдықтың темір құрсауының, отызыншы жылдардағы ашаршылық пен сталиндік жаппай жазалау құрбандарының Ұлы Отан соғысында от-жалыннан оралмаған боздақтардың, кешегі желтоқсанда ұлттық намысын қолдан бермеу үшін, халықтың сағын сындырмау үшін бел буып шыққан жастарымыздың арманы еді»-деп жазғанын мысалға алады. Кітаптың бұл тұсында халқымыздың бастан кешкен қиындықтары мен жеңісті күндер туралы айтыла келе, автор саяси бағытты да сөз қозғайды. Саяси тақырып дегеніміз-адам және қоғам туралы әңгіме, яғни автор халқымыздың рухани, әлеуметтік жағдайларына алаңдаулы.

         Кітаптың 23-бетінде «Қазақ КСР-і ұлттық құрамының  XX ғасырдағы өзгеру барысы» атты кесте берілген. Бұл кестедегі деректер демограф-маман Мақаш Тәтімовтың әр жылдары жариялаған есептері бойынша берілген. Кестеге қарап отырсақ 1900 жылы Қазақ КСР-і құрамындағы қазақтардың үлесі 75% болыпты. 20 жылдан соң 20%-ға төмендеп, 60% болған. Ал 1959 жылы қазақтардың үлесі 29,8% болған! 2000 жылы 48,5% екен. Қазақ КСР-і жерінде қазақтардан басқа да көптеген ұлттар тұрған, бүгінгі таңда да тұрып келеді. Солардың ішінде пайызбен есептегенде ойып аларлықтай орны бар ұлттардың бірі де бірегейі-орыстар. Бұл таң қаларлық нәрсе емес, әрине. КСРО құрамына кіргенге дейін де, кіргеннен кейін де елімізге орыстардың қоныстануы тоқтаған емес. Бұл-соның нәтижесі. 1959 жылы орыстардың үлесі 42,7%, ал қазақтар жоғарыда атап өткендей 29,8% болған. Демек, орыстардың саны жергілікті халықтан көп деген сөз! Тек орыстар ғана емес, неміс, украин, өзбек, татар, ұйғыр, белорус  ұлт өкілдерінің  пайыздық көрсеткіші сұмдық! Жарайды, зайырлы, көпұлтты мемлекетпіз деп, бұған да көз жұма қарайтын болдық…

         «Ата Заңымызды, Елбасымыздың еңбектерін, жас, егемен мемлекетіміздің іргетасына қаданған өзге де маңызды құжаттарды шұғыл түрде том-том кітапқа айналдырып, қазақ және орыс тілдерінде көпшілік қолына тигізіп келе жатқан баспагерлер еңбегін де атап өту қажет» деп автор қолжазба кітаптарды баспа кітапқа айналдырып, халыққа жеткізудегі басты рөл атқаратын қызметкерлер — баспагерлер еңбегін де атап өтеді.

         Жалпы еліміз тәуелсіздік алған күнне бергі жарық көрген дүниетанымдық кітаптарды  үлкен 3  топқа жіктелген:

         1) Кеңестік идеология құрсауында отырып, бұрын біз игере алмаған, бірақ әлемдік ой-санада бұрыннан бір ғылым салаларының негіздерін түсіндірген оқулықтар мен оқу құралдары;

ü М.Тәжин мен Б.Аяғанов «Социология негіздері»;

ü М.Тәжин мен М.Тәжімбетов «Региональная социология»

ü М.Кенжетаев «Саясаттану негіздері»

ü Ә.Нысанбаев «Политология»

     2)Қоғамымыздағы бүгінгі зәру проблемаларды ғылыми талдаудан өткізіп, қалың оқырман қауымның айналадағы өтіп жатқан процестердің мәнін түсінуіне көмектескен кітаптар;

ü Ә.Нысанбаев «Адам және ашық қоғам»

ü Н.Бегалиев «Информация в диалоге культур»

ü М.Сужиков «Напряженность или гормонизация?»

ü А.Котов «Суверенный Казахстан:гражданин,нация,народ»

                          «Казахстан-наше Отечество»

         3) Дәстүрлі ұлттық дүниетанымымызды саралап, жас ұрпақты өз халқының әдет-ғұрыптары рухында тәрбиелеуді мақсат тұтқан еңбектер;

ü Ғ.Ақпанбек «Қазақ халқының дүниетанымы»

ü Қ.Жарықбаев «Ұлттық психология»

ü М.Орынбеков «Предфилософия протоказахов»

         Кітаптың алғашқы бөлімінде қазақтың ақын-жазушыларының, журналистерінің ерен енбектері атала отырып, олардың жазған кітаптарының тізімі берілген. Сонымен қатар, әдебиетіміздің алыптарының мерейтойлары қарсаңында шығарылған кітаптар да сөз етілген.

         Кітаптың екінші бөлімі:кітап және демократия. Бұл бөлімде саяи партиялардың құрылуы, маңызы және қоғамдағы маңызы хақында жазылған. Сонымен қатар құқықтық білімді тарату және олрады қалың жұртшылыққа жедел жеткізу мақсатында үкіметтің 1995 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысымен баспаға жинақтарды, заңдар мен кодекстерді олар ресми жарияланғаннан кейін бірінші кезекте басып шығаруға, сондай-ақ одан әрі бұл әдебиеттерді басқа баспаларға белгіленген бағамен сатуға айырықша құқық берілгені туралы да баяндалады. Бұл заңнаманың жүзеге асқандығына дәлел: «Жеті жарғы» ұжымы заң саласы бойынша көлемі 2320 баспа табақ, жалпы таралымы 1029,5 мың дана 314 кітапты даярлап, оқырманға ұсынды.

        

        

         Балалар әдебиеті, оның безендірілуі, түрлері, редакциядан баспаханаға дейінгі жолы автор назарынан тыс қалмаған. Мұнда Ресейдегі «Детская литература» баспасының директоры Тамара Михайловна Шатунованың мынадай пікірі берілген: «балаларға арналған кітап балмұздақтардан да арзан болатын еді, қазір еттен де қымбат болды». Бұл тұста автор балардың рухани азығының сол кезеңдегі жағдайын айтқысы келген болу керек. Бірақ, қанша айтылғанмен бұл мәселе бүгінгі таңда да шешімін таппады десек те болады. Арзан кітап жоқ емес, бар. Жұп-жұқа бір немесе бірнеше ертегілерден тұрады. Ал, тартымды, іліп алары мол қалың қалың кітаптарды кейбір ата-аналарың қалтасы көтермеуі де мүмкін…

         Елбасымыздың стратегиялық жоспарында баспагерлерге үлкен міндеттер жүктелген. Адамгершілік, отбасындағы тәрбие, ұлтаралық қарым-қатынасты жасқсарту, өмір салтының жағымсыз факторларына (темекі тарту, нашақорлық, СПИД) қарсы күрес мәселелері бойынша, адамдардың арасындағы қарым-қатынас, мәдениет пен әдеп, өзін-өзі тәрбиелеу және ойын арқылы оқыту, эстетикалық мәселелер бойынша  кітаптар шығаруды жүзеге асыру.

         Кітапты жазу барысында автор Елбасының көптеген пікірлерін, жолдауларын қолданған. Солардың соңғысы мынадай мәтінде: «Мәдениетті дамыту проблемаларымен кешенді түрде кешенді түрде айналысу керек деп ойлаймын, мұны ұлттық білім беру, ұлттық бұқаралық ақпарат құралдары, ұлттық жалпы интеллектілік әлеуі деп түсіну керек». Бұл сөздермен автор кітап шығару және шығарылған кітапты орынды пайдалану арқылы ұлтымыздың мәдениетінің дамуына үлес қосайық дегісі келген-ау шамасы…

Әсел Қойшыбаева