Қазақстандағы көркемдік білім беру ісінің қалыптасуы мен дамуы

Қазақстандағы көркемдік білім берудің дамуы мен қалыптасуын сөз еткенде, біздің өткен тарихымызға көз салмай кете алмаймыз. Өнер халықпен бірге жасап, бірге өмір сүреді. Өнердің дамуы, халықтың тарихымен, қоғамдағы өзгерістерімен тығыз байланысты. Біз қандай халықтың тарихына үңілсек те, сол халықтың өнерге баланы ерте жастан баулуға мән беретіндігін көруге болады. Сол сияқты қазақ халқы да ерте кезден өз ұрпағын өнерге баулып, баланың көркемдік тәрбиесіне дер кезде назар аударып отырған.

Қазақтың көркемдік білім беру саласында жас ұрпақтарды көркем сурет өнеріне баулуда халық шеберлерінің еңбегі орасан зор. Олар өзінің меңгерген шеберлігін, ұрпақтарына үйретіп, мұра ретінде қалдырып отырған. Академик Ә.Марғұланның зерттеуіне қарағанда ХҮІІ ғасырда өмір сүрген халық шебері Бұлан Баянауыл өңіріндегі қолөнердің бір топ шеберлерін тәрбиелеген. Олардың ішінде Құлбас, Ыбырай және Әбдірахман сияқты дарынды шәкірттерінің даңқы кең көлемде белгілі болған. Құлбастың көркемдік- ағартушылық дәстүрін жалғастырушы ХІХ ғасырдың ағаш шебері Құлмағанбет Байбақұлы (1/27-1889) болған.   Қ.Байбақұлы ер шауып, сәукеле жасаған. Баянауыл, Қарқаралы, Ертіс жағасындағы Манай және Қадыр Байжанов сияқты ағаш ою шебері, зергер Әбдікәрім Есалинге өзінің өнерін үйреткен. Әбдікәрімнің көркемдік дәстүрін Ақбөпе, Жүсіп, Ұлтарақ, Таутан, Әзмаханбет сияқты халық шеберлері жалғастырған.

Халық шеберлері арнайы мектеп ашып сабақ өткізбесе де олар өз шәкірттеріне жеке тәлім-тәрбие беру арқылы, көркемдік білім беру ісі атадан- балаға, ұстаздан шәкіртке өту дәстүрі жүйелі сақталған.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қарқаралы даласында Қаржаспаев Құлбек деген шебер ағаш ою өнерін жете меңгерген. Ол өз өнерін Битібаев Толғанбайға, Қарынбаев Захаринге, Қожағұлов Қалиға үйреткен. Құлбектің замандасы Ханасов Асқар, Құлмаханов Құйқалықтардың шәкірттері Жұман, Орманбайлар сәндік өнер бұйымдарын жасайтын Ақмола өңіріне танымал шеберлер атанған. Бұлармен қатар Сарысу өзені бойында Атакен, Ахмет шеберлердің Дайыр Салықов атты шәкірті, Торғай жеріндегі Құлмұрат, Есжан, Бимағанбет деген ұсталарда соның шәкірті болған. Осы өңірде Көгентаев Садуақас деген шебер өмір сүрген. Бұл зергердің бабасы Қойбас, одан Көгентай туып, шеберлер ұрпағының өнерін жалғастырған.

Батыс Қазақстанда Мұқаш және Елемес деген шеберлер зергерлік іспен айналысқан. Бұлардың көркемдік дәстүрін шәкірттері мен туыстары Назархан, Шаншар, Тауасарлар мұра тұтқан. Арал теңізі мен Сырдария бойында білезік, сырға, алқа, шашбау соғатын Қарамырза шебер өмір сүрген. Жаңақорғанда Алданазар шебердің шеберханасы болған, оның ісін ұлы Әлімбет жалғастырған. Сырдария өңірінен шыққан Жолтай шебер өз шеберханасын, сырға, білезік соғатын құралдарын баласы Налжігіт Берсүгіровке қалдырған.

Қызылорда маңынан шыққан ұста Қабыл Аманжолов (1897ж.т.), шиелілік шеберлер Исак (ХІХ ғ.) және Жүсіп Тонабаев (1904-1969ж.ж.) атақты Қарамырза ұстаның шәкірттері болған екен.

Жетісу өңірінде ер-тұрман, белдік және теріден тұсқа тұтатын безендіру үлгілерін жасайтын Шоқпар атты шебер- өнерін баласы Дәркенбай Шоқпаровқа үйретіп кеткен. Ал қазір республикада Дәркенбай шәкірттері ондап саналады.

Сонымен қазақтың сәндік қолданбалы өнері саласындағы көркемдік білім, қазан төңкерісіне дейін атадан-балаға үйретілетін өзіндік көркемдік дәстүрі бар халықтық мектеп болған. Бұл халықтық дәстүрдегі мектеп қазірге дейін жалғасып келеді. Қазіргі кезде қандай ауыл, қала болмасын халық шеберлері көптеп саналады. Олардың жұмысының бір бөлігі ұрпақты халықтың көркемдік дәстүріне үйрету болып табылады. Халықтың ежелгі өнеріндегі дәстүрі қазіргі кезде де өнер шеберлерімен жалғасу үстінде.

Республикаға белгілі ою-өрнек шебері ғани Иляевтің балалары Сұлтан мен Марал ата дәстүрін жалғастырып қазірде сурат өнерімен айналысады. С. Иляев Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Қазақ ою өрнек өнерін зерттеп, оны жаңа мазмұнда жандандырып, ою өрнектерді мыңдаған үлгілерін келер ұрпаққа мұра етіп қалдырған  даңықты өнер шебері болған.

Сондай-ақ, Отырарлық кілемші Бибайша Романованың шәкірттері Н.Исмайылова, Р.Жамалова, Н.Төлепбаева, К.Каленова, Д.Тынысбековалар ұстаз жолын қуып, түкті кілем тоқып, киіз бен текемет басып ел құрметіне бөленген жандар.

Ою-өрнек шебері, суретші- педагог Сапар Төленбаев, өзбекстандық академик, суретші Орал Таңсықбаевты ұстаз санайды. Ол өз әңгімесінде:-«Орал аға мені ою-өрнектермен айналысуыма жол көрсетті, одан мен өнер туралы ақыл-кеңестер алып отырдым, сондықтан, мен ол кісіні ұстаз санаймын»- деп отырады.

Баланың көркемдік тәрбиесі тек жеке ұстаздардың шешетін мәселесі емес, ол қоғамдық жүйе негізінде қаралатын күрделі іс болып табылады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары Қазақстан халық ағарту комиссариаты көптеген іс-шаралар жасады. Сауатсыздықты жоюдың науқаны кезінде халықтың өнері арқылы әсемдік тәрбиесін жүргізуге жол ашылды. Еңбекші халық үшін көруге бұрынғы кезде мүмкіндігі бола бермейтін өнер туындыларын білуге жағдай жасалды. Республикада өнерге байланысты мәселелермен айналысатын әлеуметтік тәрбиенің бас басқармасында (Главсоцвос) көркемдік тәрбие бөлімі ашылды. Ол көркемдік тәрбиенің түрлі мәселелерімен айналыса бастады. Бұл бөлім өз жұмысын ауылдарда, уездерде, облыстарда жүргізді. Әлеуметтік тәрбиенің бас басқармасында (ӘТББ) қатысты көркемдік бюро (КБ) негізінен өнердің әр түрінен сабақтар өткізу үшін мектептер мен бала бақшаларға материалдар дайындаумен, оны таратумен айналысты. Көркемдік тәрбие жұмысына арнап педагогтардың білімін көтерумен шұғылданды. Балаладың көрмелерге қатысуына, өнерді тануына көмекші құралдар дайындады.

ӘТББ-ның көркемдік бюросының өнер секциясында еңбек мектептерінің оқу бағдарламасына көркемдік тәрбие беретін сурет пәнін қосуды ұсынды. Сурет мұғалімдерін дайындайтын Орал қаласында 1921 жылы 76 адамға арналған мемлекеттік көркемсурет шеберханасын ұйымдастырды, онда бейнелеу өнері материалдары мен заттарын шығаратын зауыт-шеберхана болған.

1917-1918 жылдары Қазақстан мектептерінде оқу- көне оқулықтармен, оқу жоспарлары және оқу бағдарламаларымен жүргізілді. 1918 жылы 16 желтоқсанда халыққа білім беру комиссариаты Сырдария мен Жетісу облыстарында бір ғана оқу жоспарын қолдану жөнінде нұсқау берді. Бұл нұсқауда оқу жоспарына сурет пәні де енгізілді. Аталған облыс мектептерінде 1919-1920 оқу жылында сурет аптасына 1 класта 3 сағат, ІІ-ІІІ кластарда 1 сағаттан өткізілді. 1925-1926 оқу жылында сурет пәні Ү-ҮІІ кластарда аптасына екі сағат өткізіліп, І-ІҮ кластарда жалпы жоспарланған жоқ. Сурет пәні үшін 1928 жылы І-ІІ кластарға жылына 30 сағат, ІІІ-ІҮ кластарға 40 сағаттан уақыт беріле бастады. 1937-38 оқу жылынан бастап сурет сабағына І-ІІ кластарға 1 сағат беріліп, ІІІ-ІҮ кластарға сағат жоспарланған жоқ. Ал Ү-ҮІ кластарға 1 сағаттан бөлінеді. Мұнан соң 1958-59 оқу жылынан бастап сурет сабағы І-ҮІ кластарда өткізіліп аптасына 1 сағаттан берілді.

Ал пәннің оқыту мақсаты мен міндетінің өзгеруіне байланысты 1969 жылдан бастап сурет пәні «бейнелеу өнері» болып аталады. Бұл кезеңде сурет пәні басқа пәндермен қатар оқытылса да, ол жөнінде нұсқаулар мен көмекші құралдар шығарылып жатса да оқыту әдістері мен тәсілдері әлі жеткіліксіз дәрежеде болды. Кеңес дәуірінде бейнелеу өнері пәнін оқытудың барысында қазақ мәдениеті жеткілікті дәрежеде орын ала алған жоқ.Кеңес Одағының алғашқы жылдарында көркемөнер кадрларының алғашқы буыны шыға бастады. Оларды дайындауға Ресейден келген мамандар белгілі дәрежеде ықпал етті.

50 жылдардың басы мен 60 жылдардың аяғында мектептегі оқу мен тәрбие жұмысындағы баланың жеке басының дамуына деген көзқарас жаңа сипат алды. Бұл кезде Халық ағарту министрлігі бірінші рет суреттің бағдарламасын шығарды. Бағдарламада Кеңес суретшілерінің шығармаларын таныстырумен қатар, халықтың сәндік қолданбалы өнер туындыларымен таныстыру көзделінді. Ал 1960-70 жылдардағы суретті оқу бағдарламалары бұдан бұрынғы бағдарламалардың идеясын жалғастырып шет елдердің, орыс және кеңес бейнелеу өнерінің классикалық шығармаларымен таныстыру мәселесі қарастырылды. Бірақ бұл кезде қазақ бейнелеу өнерінің озық үлгілері оқу материалы ретінде қолдану ісі жылжымай сол қалпында тұрып қалды. Бұл кемшіліктің бір себебі маман суретші-педагог кадрларының жетіспеушілігі, оқу кабинеттерінің, оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдары мен нұсқаулардың кемшілігі  болды.

30-60 жылдар арасындағы сурет пәнінің оқу бағдарламалары мен әдістемелік әдебиеттерге  талдау жасағанда сурет сабақтарының мазмұны білімдік және тәрбиелік сипат алғанын байқауға болады. Сонымен қатар оқу-тәрбие міндеттері, оқу тапсырмалары айқындалып, тақырыптары көлемі кеңіп, бейнелеу нысандары ұлғая түскендігі. Бұл кезеңде сурет сабағының нұсқаға қарап сурет салу, сәндік сурет салу, бейнелеу өнері туралы әңгіме сабақ түрлерін жүргізудің ғылыми негізі жасалды. Оқу бағдарламалары мен көмекші құралдарда нұсқаға қарап сурет салу, қоршаған ортаны танып білудің басты мүмкіндігі екендігі көрсетілді.

1943 жылға дейін педагогикалық әдебиеттерді ұлттық бейнелеу өнері мен халықтық  сәндік қолданбалы өнерін тәрбие ісінде қолдану, балалардың бейнелеу қызметі мен еңбек қызметіне байланысты қарау мәселелері көтерілген жоқ. 1942 жылдан бастап 1951жылғы жалпы білім беретін мектептерде суретті оқытудың негізгі міндеттеріне көлемді өзгерістер енгізілген жоқ.

Сурет пәнінің 1950-1960 жылдардағы оқу бағдарламасының мазмұнын талдау нәтижесі, бұл кезеңдегі бағдарламаларда бейнелеу жолдарын үйрету, қабылдау дағдыларын қалыптастыру міндеттері қойылмағанын байқауға болады. Бұл бағдарламаларда шығармалар тізімі көрсетіледі, бірақ бұл шығармаларды таныстыру берілген уақыт өте аз болды, оқушылардың бейнелеу өнерінің түрлері туралы түсініктерін қалыптастыруға, олардың бейнелеу мүмкіндіктерін ойластыруға көңіл бөлінген жоқ. Бағдарламаның «Өнер туралы әңгіме» бөлімінде бейнелеу өнері шығармаларын таныстыру  көрсетіледі.

1964 жылы СССР Ғылым Академиясының Көркемдік тәрбие беру институты, В.И.Ленин атындағы Москва педагогика институты, Москваның сырттан оқитын педагогика институтының ғылыми қызметкерлері бірлесіп жасаған жаңа бағдарлама жарық көрді. Бұл бағдарлама бойынша «сурет» пәні «бейнелеу өнері» пәні деп аталды. Бағдарламада нұсқаға қарап сурет салу және бейнелеу өнері туралы әңгіме сабақтарын өткізу міндеттері нақты қарастырылды.

Еліміздегі ғылым мен техниканың қарқындап өсуі мектептегі білім мен тәрбиенің мазмұнын қайта қарау қажеттігін туғызды. Осыған байланысты КССРО Ағарту министрлігі, КССРО Ғылым Академиясының Көркемдік білім берудің ғылыми зерттеу институты мен шығармашылық одақтарға эстетикалық циклдағы пәндердің білім мазмұнын анықтау және эстетикалық тәрбие берудің ортақ жүйесін жасау жөнінде тапсырма берілді. Бағдарлама мазмұнын жетілдіруге арналған эксперимент жұмыстары 1972-1980 жылдар аралығында Кеңес Одағының мектептерінде өткізілді. Бұл бағдарламаның мазмұнында оқу материалдарын, әр түрлі сыныптың мүмкіндіктеріне қарай дұрыс бөлу принципі негіз болды. Оқу мазмұны негізгі мынадай міндеттердің негізінде құрылды:

Бірінші- жазықтың бетіне бейнелеудің жалпы мәселелері (нұсқадан сурет салу, елестету мен еске түсіру арқылы бейнелеу және аппликация);           Екінші- жапсыру мен мүсін;Үшінші- сәндік қолданбалы өнер (жазықтық бетінде немесе көлемді бейнелеу);          Төртінші- қоршаған орта әсемдігі мен өнер шығармаларын қабылдауға үйрету мақсаттары қойылды.

Бұл бүкілодақтық эксперимент қорытындысы бойынша одақтас республикалар ағарту министрлігінің 1981 жылғы қаңтардағы коллегиясында бекітіліп, барлық мектептерге таратылды. Осыдан кейін 1984жылы республика мектептерінің ерекшеліктері ескерілген Е.П.Митрофанова мен М.Кенбаевтың жасаған жаңа бағдарламасы жарық көрді. Бұл бағдарламада оқушыларға Қазақстан суретшілерінің шығармаларын таныстыру ісі қарастырылды. Мұнан соң Ә.Камаковтың жасаған бағдарламасында Қазақстанда бұрын шыққан бағдарламадан айырмашылығы жапсыру мен мүсін, қоршаған орта нысандарының әсемдігін қабылдау сабақтарының міндетті түрде қосылуы, сәндік сурет салу жұмыстарының құрамына заттарды конструкциялау мен моделдеу істерінің қосылуы болды. Сонымен қатар, бағдарламаға оқыту мәселелері болып табылатын балалардың түстерді тануы, табиғат нысандарын танып білу, өндіріс шығарған бұйымдарды көркемдік талдау сияқты жұмыс түрлері енгізілді. Бұл атқарылған істер белгілі дәрежеде Қазақстандағы көркемдік білім берудің сапасын арттыруға ықпал етті. Қазақстандағы көркемдік білім беру ісінің дамуына білім беру   министрлігіне қарасты республикалық оқу методикалық кабинеті мектептің бейнелеу өнері мұғалімдеріне үнемі көмек көрсетіп келеді. Осы кезге дейін бұл әдістемелік кабинет көптеген көмекші құралдар, бағдарламаға арнап нұсқаулар шығарды.

Соңғы кезде республика облыстарындағы суретші педогогтардың мамандық сапасы арта түседі. Олардың ішінде С.Ысқақов (Алматы), А.П.Белова (Талдықорған), Ш.А.Абдуллаева (Алматы), А.О.Марова, Л.Жүзеева (Шымкент) сияқты мұғалімдердің тәжірбиелерін атау орынды. Бұлар ұлттық өнер туындыларын оқушыларға таныстыру, терминдерді орынды пайдалану, кеңістік көріністері туралы түсініктерді қалыптастыру мәселелерін орынды шешіп, мұғалімдерге өз іс тәжірбиелерін зерттеуде облыс көлемінде де көптеген маман – педагогтар игі істердің басында жүрді ,облыстық халыққа білім беру бөлімдері мұғалімдердің білімін жетілдіру мақсатында курстар ұйымдастырып, озық тәжірбиелерді жинақтап, оларды білім беру салаларына таратып отырды.

Соңғы кезде республикада арнаулы көркем- сурет мектептерінің, мектептер мен мектептен тыс мекемелердің материалдық базасын жақсартуға көңіл бөлінуде. Қазіргі кезде 30-ға жуық арнаулы көркемсурет мектебі, 15 төрт кластық көркем сурет мектебі, 1 республикалық көркемсурет мектеп- интернаты, 3 көркемсурет колледжі, 11 көркемсурет- графика және өнер факультеті, 1 көркемсурет академиясы жұмыс істейді. Кейінгі жылдары бұл көркемдік білім беру жүйесіндегі оқу мен тәрбие беру ісіндегі республиканың егемендік алуына байланысты ұлттық көркемдік тәрбие беру, халықтық көркемдік дәстүрін қолдану бағытында игі істер атқарылуда. Дегенмен, бұл салада әлі де болса кемшіліктер мен шешуін күткен мәселелер баршылық.

Қазақстандағы көркемдік білім беруді сөз еткен жалпы білім беретін мектептердегі бейнелеу өнері, сызу және еңбекке баулу пәндерінің оқу бағдарламаларына тоқталмай кете алмаймыз. Бұл пәндердің бағдарламалары Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінен бастап 80 жылдарға дейін Ресейдің мектептеріне арналған көркемдік білім беру пәндерінің бағдарламаларының қазақ тіліндегі аудармасы түрінде болып, сабақ сол бағдарламалар шеңберінде жүргізілді. Бейнелеу өнері сабағының бағдарламасында қазақ халқының көркем мәдениеті, бейнелеу өнері, даңқты суретшілері, олардың әлемге танылған туындылары, еліміздің дәстүрлі сәндік қолданбалы туралы мәліметтер болған жоқ. Кеңес Одағы халықтарының мызғымас бірлігін сақтау саясаты үстемдік етіп тұрған кезде ұлттық өнердің озық үлгілерін оқу материалдарына айналдыруға қандай педагогтың болса да батылы барып, бұл іске кірісе алмады.

Сонымен жалпы білім беретін мектеп оқушылары 70-ші жылдарға дейін қазақтың көркемсурет өнері туралы қарапайым мәліметтердің өзін ала алған жоқ. Олар тек қана Кеңес Одағы бейнелеу өнерінің кейбір озық туындыларымен танысумен ғана шектелді. Бірақ осы кезде Ресейде В.С.Кузин, Т.Я.Шпикаловалар, Украинада Н.Кериченко, Балтық жағалауында Н.Шепетис, Азербайжанда С.Алиев, Өзбекстанда Р.Хасанов, Қырғызстанда Э.Муратовлар ұлттық бейнелеу өнері мен халықтың сәндік қолданбалы өнерін көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беру ісінде қолданудың мазмұнын, формаларын, әдіс тәсілдерін іздестіру бағытында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мәселені шешу жолында біраз нәтижелерге жеткен болатын. Зерттеу қорытындысы бойынша әдістемелік мақалалар, нұсқаулар, мұғалімге көмекші құралдар шығарылып, В.С.Кузин, Т.Я.Шпикалова, С.Алиев, Р.Хасанов, Э.Муратовалар ұлттық бейнелеу өнері саласынан кандидаттық дессертациялар қорғағады, бірақ өкінішке орай бұл кезде де қазақ бейнелеу өнерінің білімдік, тәрбиелік, мүмкіндігін ашу қолға алынбай қалды. Мұның басты себебі Қазақстанда жастарға көркемдік білім беріп, әсемдікке тәрбилеу ісі мен айналысатын суретші- педагог кадрларының басқа республикалармен салыстырған да кеш дайындалуы болды.

Қазақстанда жас жеткіншектерге көркемдік білім беру саласындағы ұлттық өнер дәстүрін үйрету, қазақ бейнелеу өнер шығармаларымен, өнер шеберлерімен оқушыларды таныстыру, қазақтың ұлттық сәндік қолданбалы өнерінің білімдік, тәрбиелік мәнін зерттеп, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін табуға деген бетбұрыс 70 жылдардың екінші жартысынан бастап байқала түсті. Осы бағыттағы кейбір ізденістер нәтижелері бойынша Қазақстанның педагогикалық институттарының оқытушылары Ж.Балкеновтің (КазПи), Ә.Қалмақовтың (Жамбыл Пи), К.Әмірғазиннің (Семей Пи), Қ.Ералиннің (Шымкент Пи) мақалалары «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп», «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс»   журалдарында жарияланып ұлттық бейнелеу өнері жүйесіндегі лайықты материалдарды оқу бағдарламаларына кіргізу туралы батыл ойлар айтылды. Ұлттық өнердің көркемдік білім беру мен тәбие процесіндегі ролі, оны оқытудың тәсілдері жайлы педагогтар Е.Асылхановтың, Ұ.Ибрагимовтың, Д.Садығалиевтің, Қ.Тастеміровтің, С.Төленбаевтің әдістемелік зерттеу нәтижелері педагогтық басылымдарда жарияланып, жасөспірімдерге көркемдік білім беру саласын дамытуға қомақты үлес қосты.

1980-1990 жылдар аралығында Қазақстанда көркемдік білім беру жүйесіндегі ізденістер нәтижелері қазақ бейнелеу өнері, халықтық қол өнері, еліміздің өнердегі мәдени дәстүрі ескеріліп көңіл бөлінген Ә.Камаковтың, Қ.Әмірғазиннің, Ұ.Ибрагимовтің, К.Болатбаевтің, Е.Асылхановтың, К.Ералиннің басшылығымен бірнеше бағдарламалар жарық көрді. Бұл жағдай мектеп мұғалімдерінде өзі тұрған өлкеге, табиғи ресурстарға, сол өлкенің қол өнеріне, халық шеберлеріне лайықтап жасалған бағдарламаны таңдап алуға мүмкіндік туғызды. Мысалы Ұ.Ибрагимов бағдарламада ұлттық өнерді мектепке дейінгі бала-бақшаларда таныстыру көзделсе, Ә.Қалмақовтық бағдарламасында қазақтың сәндік өнеріне көңіл бөлінеді. К.Әмірғазиннің бағдарламасында көркем еңбектің мәні басты назарда тұрады. Қ.Болатбаев бейнелеу өнерін оқыту барысында халықтық дәстүрді үйретуге, К.Ералин қазақ бейнелеу өнерінің шығармаларына, халық шеберлерінің еңбектеріне терең мән береді. Е.Асылханов халық өнерін оқытудағы бала бақшадан институтқа дейінгі жүйені сақтауды ұсынды. Бұл зерттеу нәтижелерінде жасаған бағдарламалар Қазақстандағы көркемдік білім беру жүйесінде атқаратын лайықты міндеті бар оқу мен тәрбие құралдары болып табылады.

Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру жайындағы мақалалар Қазақстан журналдарының 70 жылдық алғашқы кезеңінде жарық көре бастады. Олардың ішінде Ж.Балкеновтың, А.Камаковтың, К.Ералиннің, М.Әлімбаевтің, Б.Өмірбековтың, С.Төленбаевтің, С.Мәмбеевтің еңбектерін айтуға болады.

Республика көлеміндегі журналдарындағы 80 жылдары жарияланғанғылыми-методикалық мақалалар саны жағынан да, сапасы жағынан да артып, тақырып ауқымы кеңейе түсті. Бұл еңбектердің мазмұны өнер зерттеу, эстетикалық тәрбие, бейнелеу өнерін оқыту, бейнелеу өнерін оқытудың психологиялық негіздері, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мәселелерін қамтыған. Бұлардың ішінде бейнелеу өнері сабақтарын оқыту мәселелерін қарастыратын Ж.Балкеновтың, оқушылардың кеңістік туралы түсініктерін қалыптастыру және қазақ бейнелеу өнері шығармаларын оқу тәрбие жұмысында қолдану мәселелерін көтерген К.Ералиннің, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мәселелерімен айналысқан Р.Мизанбаевтың, А.Камаковтың, Қ.Әмірғазиннің еңбектері жарық көрді.

Халық өнерін зерттеу және оның тәрбиелік, білімдік мәнін ашу осы кездегі тақырыптарының бірі. Бұл салада В.Ивахнова, Р.Ыдыросова, Т.Козловская, Ш.Әбдуаллиева өз іс тәжірбиесін баспа беттерінде жариялады. Өнер зерттеу тақырыбы бұл кезеңдегі мерзімді баспасөз назарынан тыс қалған жоқ. Бұл салада Д.Шоқпаровтың, С.Мұхтарұлының, А.Ниязовтың, С.Төленбаевтың, Қ.Ыбыраеваның қазақ суретшілерінің шығармашылығы мен сәндік қолөнері жайлы мақалалары жарық көрді.

Осы кезеңде жас ғалымдар Ж.Балкенов, Қ.Ералин, А.Ниязов, О.Сатқанов, Е.Райымжановтардың бейнелеу өнеріне, еңбекке және болашақ мұғалімдерді дайындау ісіне байланысты шағын кітаптары шыға бастады.

90 жылдары бейнелеу мен оны оқыту және болашақ мұғалімдерді дайындау мәселелері бойынша көптеген мақалалар республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрді. Ғылыми әдістемелік жинақтар шығарылды. Суретші-ұстаздар М.Әбдірасиловтың, Д.Садығалиевтың, Қ.Болатбаевтың мақалалары осы кезде баспасөз жарияланды.

Жасөспірімдерге көркемдік білім беруде бейнелеу өнерінен сыныптан тыс жұмыстар: әңгіме, баяндама, кездесу өткізу, үйірмелер ұйымдастыру, бейнелеу өнері кеші мен апталық ұйымдастыру, көркемсурет көрмелеріне бару сияқты іс-шаралары бар. Бұлардың ішінде көркемсурет студиялары мен үйірмелері көркедік білім беруде маңызды роль атқарады. Бұл салада ізденістерімен жаңа оқу әдістерін, формаларын айқындаған тәжірбиелі ұстаздар республикада көптеп саналады. Бұл ұстаздар арасында халық ағарту ісінің озық қызметкерлері: Алматының 2 мектеп-интернатының бейнелеу өнері пәнінің мұғалымы Сапа Ысқақовты, Түркістан қаласындағы №6 М.Мәметова атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі Шарбану Ысқақованы, Қызылорда қаласындағы суретші-педагог С.Ержанованы, А.Жидебаевты ерекше атау қажет. Бұлармен қатар жезқазғандық Б.Еспенбетовтың ши тоқу үйірмесінің, шымкенттік А.Жаппарқұловтың ер шабу, ағаш өңдеу үйірмесінің, Түркістандық Ә.Құдайбергенованың кілем тоқу үйірмесінің жастарға көркемдік білім берудегі ролі ерекше.

Қазіргі кезде халық шеберлері барлық облыстарда бар. Олардың ішінен Жамбыл облысындағы: С.Байтаева, И.Ырғалбеков, Г.Күмісбеков, М.Дәуренбеков, Р.Омарова есімдерін, Қызылорда облысынан Б.Шаназарова, У.Мырзабаев, К.Жанпайызованы, И.Әбдімомынованы, К.Нұржанованы, З.Өскінбаеваны, Оңтүстік Қазақстан облысынан К.Қарабдаловты, Б.Романованы, М.Қалдыбаевты, Ш.Матеевті, Алматы облысынан С.Келдібекованы, К.Құрбановты, Д.Розыбаевты, О.Нәлібаевты, Талдықорғаннан Ж.Барымбетовты, Семейден Ж.Нұрғалиев есімдері Қазақстанда көркемдік білімнің дамуы мен қалыптасуында елеулі орын алады.

1981 жылдың аяғында «Өнер» баспасынан балаларға арнап «Кемпірқосақтың түсі қандай?» деген атпен Е.Каменованың кітабы қазақ тілінде жарық көрді. Кітаптан күнделікті естіп жүрген акварель, анималист, барелеф, витраж, гравюра, декорация, интерьер, колорит, композиция, миннатюра, мозайка, натюрморт, палитра, ракурс, силуэт, тағы басқа сөздердің түпкі мән мағынасы туралы жан жақты мағлұмат алуға болады.

Кітап қысқа сөздік түрінде жазылғандықтан бейнелеу өнеріне байланысты аты әлемге әйгілі суретшілер Жан-Батист, Симион, Винсент Ван-Гог, Рембрант, Харменс Ван Рейн, Врубель, В.А.Серов, В.И.Суриков, И.Е.Репин, И.Крамский, И.Л.Левитан, В.Д.Поленов, тағы басқалардың картиналары қара және түрлі-түстермен кітапқа енгізілген. Кітапты оқумен бірге, ондағы суреттерді қарап отырып, әйгілі суретшілердің өз шығармаларына қаншалықты көп еңбек сіңіргенін оқушылардың жете түсінуіне болады.

Бұл кітап оқушылардың бейнелеу өнері сабағында толық қолдануына болатын еңбек. Еңбектен бейнелеу өнерінің көптеген терминдерін табуға болады. Мұндай ұғымдарды меңгеру көркемдік білім беру саласында оқушыларға өте қажет.

70-80 жылдары көркемдік білім беру саласында бірқатар еңбектер мерзімді баспасөзде жарияланды. Бұл еңбектерде көркемдік білім беруге қажетті нұсқаулар беріліп отырды. Мысалы: Ж.Аянованың «Құстар мен жануарлардың суретін салу» (Бастауыш мектеп. 1980.№6,31-32беттер) атты мақаласында бастауыш сыныптарда бейнелеу өнері сабағына құстар мен жануралардың суретін салудың жолдарына талдау жасайды. Салудың әдістемелік бірізділігі көрсетілген.

Сол кездегі Абай атындағы Казақтың педагогикалық институтының көркем сурет факультетінің аға оқытушысы Жүрсін Балкенов бастауыш кластардағы бейнелеу өнері сабақтарында бейнелеудің іскерлік пен дағдысын қалыптастыру мәселелерін қарастырған. Автордың «Графикалық дағдының алғашқы элементтері» деген мақаласының негізгі мазмұны (Бастауыш мектеп. 1981.№5,36-38беттер)сурет салуға қажетті оқушылардың қарапайым дағдылары берілген. Бұл әдіскердің «Бейнелеу өнерінің эстетикалық тәрбие берудегі маңызы» (Қазақстан мектебі, 1979, №9, 78-81беттер) атты мақаласында сәндік қолданбалы өнердің көркемдік тәрбие берудегі мүмкіндіктерін көрсетеді. Сабақ жоспары мен өткізу әдістерін жан-жақты талдап көрсетеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданындағы мектептің мұғалімі Д.Дүйсенов суретті тіл дамыту, шығарма жаздыру мүмкіндіктерін қарастырады. Суреттерді оқушыларға таныстырып онан соң сұрақ-жауап әдісі арқылы пысықтап, жоспар құрып, шығарма жазуды үйретеді. Суретке қарап отырып әңгіме құрастыруға оқушыларды машықтандыру мақсатын көздейді.(А.Дүйсенов, Сурет тіл дамыту құралы, «Бастауыш мектеп» 1978, №3,37бет).

Бесінші, алтыншы кластарда бейнелеу өнері сабақтарында сәндік сурет салу тақырыбы туралы көптеген мақалалар жарық көрген. Бұл жөнінде С.Төленбаев А.Қамақов, Ж.Балкенов, Б.Өмірбековтердің еңбектерін атау орынды.       С., Төленбаевтың «Ою-өрнек салып үйрен» (Бастауыш мектеп, 1981, №5,38-41 беттер) атты мақаласында І-ІІІ сыныптарда сәндік сурет салу сабақтарында мүйіз тектес ою-өрнектерді салу жолдарын қарастырады.

1-кластарға «Мүйіз элементтерінен ою-өрнек жасау», ІІ-класта «Өркеш мүйіз» өрнегін, ІІІ- класта «құс қанаты» элементтерінен ою-өрнектер жасау сабақтарының жоспары мен сабақты өткізу жолдарын, кезеңдерін көрсетеді. Бұл материалдар кезінде бастауыш мектеп мұғалімдеріне әдістемелік жол көрсеткен еңбектер болды.

1978 жылы «Білім және еңбек» журналының 4 номерінде жарияланған сол кездегі ҚазПИ-дің доценті, Байтұрсын Өмірбековтың «Сәндік қолөнер» деп аталатын мақаласында қазақ сәндік қолөнеріне және қолданбалы өнердің түрлеріне жан жақты сипаттама беріп, спецификациялық ерекшеліктерін көрсетеді. Сәндік өнердің өмірдегі қажеттігін көрсетіп, қазіргі көркемдік конструкциялау әдісімен байланысына мән береді. Б.Өмірбековтің сәндік өнер жайлы бұл мақаласы сәндік сурет сабағын өткізуде көптеген жас мұғалімдерге әдістемелік көмегін тигізеді.

Қазақстанның көркемдік білім беруінің дамуы мен қалыптасуы болашақ бейнелеу өнері пәнінің мұғалімдеріне «Бейнелеу өнеріне оқыту әдістемесі» атты пәнінің лекцияларына қажетті материалдар болумен қатар «Қазақ бейнелеу өнерінің тарихы» курсына қазіргі кезде қосылатын танымдық маңызы маңызы бар материалдар  ретінде қажет болғандығы даусыз. Сондықтан тарихи орны бар, жеке мәдениет орындары, жеке педагогтар қызметі, Қазақстанның көркемдік білім беру ісінің дамуы мен қалыптасуына  игі ықпал еткендігін айту орынды.

Қазақстандағы Кеңес өкіметі кезеңіндегі көркемдік білім беру тарихын сөз еткенде қазақ халқының ағартушысы, педагог Ыбырай Алтынсариннің тәрбиелік қызметі ерекше көзге түседі. Ы.Алтынсарин 1883 жылы 15 қарашада Торғай қаласында қолөнер мектебін ашқан. Бұл қазақ даласындағы балаларға көркемдік білім беруге арналған тұңғыш оқу орны болды. Бұл қолөнер мектебі жақсы жабдықталған шеберханамен, іскер жетекшілермен қамтамасыз етілген. Мектепте ағаш өңдеу, темірден түйін түйетін ұсталық жұмыстар жүргізілген. Мектепте жалпы білім беретін пәндерден сызу, орыс тілі, арифметика сабақтары бастауыш мектеп көлемінде өткізілген. Бұл мектепте алғашқы кезде 10 бала қабылданған. (Ыбырай Алтынсарин тағылымы. Әдеби- сын мақалалар мен зерттеулер. Құрастырған М.Жалмұхабетов. Алматы, Жазушы, 1991жыл, 384бет). Қорыта келгенде бұл мәлімет қазақ халқының көркемдік білімнің дамуы мен қалыптасуында Ы.Алтынсариннің өзі үлесін қосқандығын көрсетеді.

Қазақстандағы көркемдік білім беру ісін қарастырғанда суретші Н.Хлудовты айту орынды. Ол 1920 жылы Верный қаласында А.Пономарев, В.Анонов сияқты суретшілердің басын құрап, біріккен суретшілер шеберхенесын ұйымдастырған. Бұл шеберхана  жалпы сауатсыздықты жою науқынындағы көрнекті үгіт жұмыстарымен айналысты.

Қазақ бейнелеу өнерінің дамуы мен жас суретшілерді тәрбиелеу, шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру ісіне белсенді үлес қосқан суретші Н.И.Крутильниковта болды. Ол Қазақстанда көркемөнер студиясын алғаш рет 1921 жылы Семей қаласында ұйымдастырған. Қазақтың алғашқы суретшілерінің бірі Әбубәкір Ысмайлов көркемдік білім әліппесін суретші   Н.И.Крутильниковтан алған болатын.

Қазақстандағы көркемдік білім беру тарихында алғашқы 20 30 жылдары ұйымдастырылған көркемсурет көрмесі елеулі орын алады. Өнер зерттеу материалдарына қарағанда қазақ жеріндегі алғашқы ұйымдастырылған көркемсурет көрмелеріне Қ.Қожықов, Б.Сәрсенбаев, Т.Ташбаев, Ә.Ысмайловтар сынды қазақ жастары қатысқандығын көрсетеді.

Еліміздегі көркемдік білімді сөз еткенде қазақтың тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі құрметпен аталады. Ә.Қастеев алғашқы көркемдік білім негіздерін суретші Н.Т.Хлудовтан үйреніп, кейін өз бетінше білімін жетілдірді. Оның алғашқы шығармашылық еңбектері 20 жылдары көркемөнер көрмелерінен орын ала бастады. Қазақтың алғашқы суретшілерінің бірі Әбунар Ысмайлов ХХ ғасырдың 20 жылдары Омскінің Көркемсурет училищесінде бірқатар уақыт білімін жетілдірген.Бұл атақты суретшілер қазақтың ұлттық бейнелеу өнерінің негізін салумен қатар, жастарды сурет өнеріне үйретуші ұстаздар болғандығын айту орынды.

Қазақстандағы көркемдік білім беру ісіне кезінде белгілі ықпал еткен көркемсурет галереясы болды. Қазақтың мемлекеттік көркемсурет галереясы 1935 жылы Алматы қаласында ашылды. Кейіннен бұл Ә.Қастеев атындағы Қазақстанның мемлекеттік бейнелеу өнері музейі деп аталып, қайта құрылды.

Қазақстандағы жас ұрпаққа көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беру, орта білімді суретші кадрларын дайындау мәселелерін шешуде 1938 жылы Алматыдағы ашылған көркемсурет училищесі маңызды роль атқарды.Учелищедегі оқу реалистік бейнелеуге, сурет салуға жастарды үйрету суретші педагог Кардовскийдің оқыту жүйесіне негізделді. Бұл училищеде Қазақстанның халық суретшілері алғашқы кезеңі оқып кәсіптік-көркемдік білім негіздерін меңгерді. Бұлардың қатарынан Қ.Телжанов, А.Ғалымбаева, М.Кенбаев, С.Романов, Х.Наурызбаев сынды суретшілердің есімдері орын алады.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда Д.И.Митрохин, И.А.Дайн, М.Аксельрод, И.М.Чайков, Б.М.Белопольский, Л.М.Худяк, Б.И.Урманче, С.И.Бондар, О.Н.Кудрявцева сияқты Москвадан, Ленинградтан, Украина мен Белорусиядан келген суретшілер қызмет атқарады. Олардың бірқатары педагогикалық еңбекпен айналысып Қазақстандағы көркемдік білім беру ісіне өзіндік үлестерін қосты.

Қазақстандағы көркемдік білім беру саласындағы елеулі құбылыс, Ресейдің жоғары көркемсурет оқу орындарын 50 жылдардың екінші жартысында бітірген кескіндеме шеберлері С.Мамбеев, М.Кенбаев, К.Телжанов, Г.Исмайлова, график суретшілер С.Романов, Ш.Кенжебаев, мүсінші Х.Наурызбаевтың қазақ көркемөнеріне араласуы мен педагогикалық қызметі болды. Олардың бірқатары шығармашылық қызметті педагогикалық қызыметпен ұштастырырды.Сондықтан Қазақстанның алғашқы шыққан суретшілерінің жас ұрпақтың көркемдік тәрбиесіне қосқан үлесі қомақты деп айту орынды.

Қазақстандағы көркемдік білім мен көркемдік ойдың қалыптасуы өнер зерттеу нәтижелеріне байланысты. Бұл жерде әсіресе өнері жайлы алғашқы жарияланған еңбектерді тану орынды. Солардың қатарына қайраткер Т.Жүргеновтің «Революция и националность» журналының 1936 жылғы 11 нөмірінде шыққан «Қазақ халқының өнері» атты еңбегін, өнер зерттеуші В.Чепеловтың «Искусство» журналының 1936 жылғы 4 нөмірінде жарияланған «Қазақ халқының өнері туралы» мақаласын, сонымен қатар 1949 жылы «Большевик Казахстана» журналының 7 нөмірінде шыққан И.Омаровтың «Қазақстан өнерінің болашағы үшін» еңбегі қазақ өнерінің сол кездегі деңгейіне сипаттама беріп, оның болашағына жол көрсеткен алғашқы өнертану тұрғысындағы игі қадамдар болды.

Ал қазақ бейнелеу өнерін кәсіпқойлық өнертану тұрғысынан зерттеу 50 жылдардың екінші жартысы мен 60 жылдардың басынан өз дәрежесінде жүргізіле бастады. Бұл салада Ресейден жоғары  өнертанымдық білім алып,елімізге керген қазақ жастарын айту орынды. Бұлардың қатарынан алғашқы  кәсіби өнертанушылар Н.Нұрмұханбетовтың, Г.Сарықұлованың есімдерін құрыметпен атау орынды.

Жас ұрпаққа көркемдік білім беру саласында республика көлемідегі мәдениет орындары елеулі роль атқарды. Мектеп оқушылары бұл мәдениет орындарындағы көрмелерге барып өнер туындыларымен танысады. Бұл мәдениет орындарының қатарына Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері музейі, Қазақтың мемлекеттік тарихи музейі, Мәдениет министрлігінің көркемсурет қоры, Ұлттық Ғылым Академиясының халық өнері қазынасы, Алматы музыкалық құралдар музейі, Алматы және Шымкент көркемсурет колледждері мен Көркемсурет Аккдесмиясының музейлері, Түркістандағы Ахмет Ясауи архитектуралық кешенінің музейі, облыстардағы тарихи-өлкетану музейлері, педагогика институттарындағы көркемсурет факультеттерінің музейлері, жеке суретшілердің көркемсурет қорлары және халық шебері Дәркебай Шоқпаровтың жеке меншік этнографиялық музейі және т.б. кіреді. Сондықтан Қазақстанның көрнекті мәдениет орындарының жастарға көркемдік  тәрбие беруде маңызды орын алады..

Бейнелеу өнерін зерттеу ісі көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты. Жас ұрпақты өнерге баулу ісінде қазақ өнер зерттеушілерінің еңбектерінің оқып үйрену маңызды орын алады. Қазақ өнер зерттеушілерінің көпшілігі 50-80 жылдар аралығында Россияның орталығындағы (Ленинград, Москва) көркемсурет доғары оқу орындарының білімін алды. Бұл оқу орындарын 50 жылдары Е.В.Вандаровская, Н.М.Вуд, М.Г.Ғабитова, Г.А.Сарықұлова, Ғ.А.Рыбаковлар бітіріп шықты. 60 жылдары Е.П.Гаврилова, С.Б.Құмарова, Е.А.Рассохиналар көркемөнер институттарын өнертану мамандығы бойынша аяқтады. 70-80 жылдары Өнер зерттеушілер В.С.Бучинская, Л.И.Дараева-Тушкина, Н.И.Иванина, Р.Т.Көпбосынова, К.В.Ли, А.Қ.Ниязов,Л.С.Оразбековалар осы оқу орындарын бітіріп келіп, қазақ бейнелеу өнерін насихаттаумен, зерттеумен айналыса бастады.

Республикада өнертану ғылымы елуінші жылдардың орта шенінен бастап қалыптаса бастады. Содан бергі уақытта қазақтың ұлттық бейнелеу өнерінің әртүрлі мәселелерін қатитын баспасөз беттерінде мақалалар жарияланып, түрлі альбомдар, монографиялар, жарық көре бастады. Солардың бірі өнер зерттеуші Гүлшара Сарықұлованың «Қазақстан графикасы»(1967) атты еңбегі. Бұл еңбектегі суреттер мен олардың көркемдік ерекшеліктері, идеялық мазмұны ғылыми тұрғыдан жан жақты негізделіп, әділетті бағаланды.

Қазақтың өнертану ғылымына қосылған елеулі үлес 1972 жылы жарық көрген  еңбек «Бейнелеу өнері шеберлері» деп аталады. Бұл қазақ суретшілерінің шығармашылығын жеке зерттеу бағытындағы алғашқы тәжірбие болды. Бұл еңбекте он төрт суретшінің еңбегін жеке зерттеу нысанасы етіп алынған. Зерттеушілер әрбір суретшіні өзіндік бағытын ашуға, шығармашылық стилін нақтылауға, еліміздің бейнелеу өнері тарихындағы орнын айқындауға бағыт бұрған. Аталған еңбекте берілген Қ.Телжанов, С.Мәмбеев, М.Кенбаев, Х.Наурызбаев сынды суретшілердің шығармашылығы мен өмірі туралы мәліметтер бейнелеу өнері пәнінен әңгіме сабақ өткізу үшін ең қажетті оқу материалына айналды.

Қазақстан Республикасының мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық бейнелеу өнерін зерттеуге үлес қосып келе жатқан өнер зерттеушілері көп емес. Бұл ғалымдардың арасында Г.Сарықұлованы, И.Рыбакованы, М.Ғабитованы, Р.Көпбосынованы, Н.Нұрмухаммедовті, К.Лиді, Ш.Тоқтабаеваны, А.Ниязовты құрметпен атауға болады. Аталған бұл өнер зерттеушілерінің еңбектері жастарға көркемдік білім берудің мазмұнын анықтады, қазақ бейнелеу өнеріне қатысты теориялық иллюстрациялық материалдарды толықтырды.

Қазақ халқының бейнелеу өнеріне арналған сүбелі еңбектің бірі- 1977 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақстан бейнелеу өнері тарихының очерктері». Бұл еңбекте авторлар (Г.Сарықұлова, Ғ.Рыбакова, М.Ғабитова, Р.Көпбосынова) белгілі қазақ суретшілердің шығармаларына талдау жасау негізінде республикадағы кескіндеме, графика, мүсін жанрларының қалыптасуы, даму, ерекшеліктерін, олардың бүкіл әлемдік өнермен, жалпы мәдениетпен байланысын ашып көрсеткен. Еңбекте қазан төңкерісінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі бейнелеу өнер тарихына жан жақты талдау берілген. Өнер зерттеушілері тұңғыш қазақ суретшісі Ә.Қастеевтің шағармашылық жұмыстарына талдау жасалған. Бұл танылған суретшілердің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұлттық бейнелеу өнері туралы өткізілген оқу тәрбие жұмысының мазмұнына айналды. Қазақстан бейнелеу өнері жайлы 1970-1980 жылдар аралығында алыс және жақын шетел баспасөздерінде жүзден астам мақалалар жарияланды. Бұлардың ішінде қазақ бейнелеу өнерін шет елге таныстырған тұңғыш еңбек Г.Сарықұлованың Берлинде неміс тілінде жарияланған «Советтік Қазақстанның бейнелеу өнері» атты мақаласы болды. Осы кезеңде Москвадан «Евгений Сидоркин» Алматыдан «В.Г.Антошенко- Оленов» деген монографиялар жарық көріп халыққа тарады. Ленинградтан қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақ ССР өнері» альбомы бейнелеу өнерін зерттеу жолындағы елеулі еңбек нәтижесі. 80 жылдардан соң жеке суретшілер туралы альбом кітаптер шығару көркемсурет саласында игі дәстүрге айналды. Бұл кітаптар өнерсүйер қауым мен суретші-педагог қауымы  үшін қажетті оқу құралына айналды. Қазақстан көркем мәдениетінің тарихындағы елеулі құбылыс-республикалық «Өнер» баспасының құрылуы. «Өнер» баспасы ұлттық қолөнер туындыларының қайталанбас үлгілерін қалың көпшілікке таныстыруда елеулі еңбек етуде. Алғашқы кезде баспадан шыққан Ш.Тоқтабаеваның «Қазақтың зергерлік әшекейлері» (1980) атты альбомы ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алатын қазақтың ұлттық қолөнері, оның ішінде зергерлік өнеріне арналған бірден-бір көлемді еңбек. Альбомдағы суреттерден қазақ әйелдерінің – алқа, сырға, қапсырма, өңіржиек, білезік, жүзік, тұмаршасияқты көркем бұйымдарының үлгілері,халықтың  зергерлік өнері туралы мол мағлұматтар  берілген.

Жетпісінші жылдардың соңында «Қазақстан» баспасынан шыққан филология ғылымының кандидаты Ә.Тәжімұратовтың «Шебердің қолы ортақ» (1977) атты көркем безендірілген кітапта қазақтың қолөнері жайлы жан жақты әңгімеленеді. Халықтың қолөнері, киіз үй мен оның жасау –жиһаздары, киіз басу, ою-өрнек салу, кілем мен ши тоқу, ағаш өңдеу, ер шабу, зергерлік өнер сырлары ашып көрсетілген бұл еңбекте қазақ еліндегі көркемдік білім беру ісіне елеулі үлес қосуымен құнды.

Қазақ бейнелеу өнеріне кіретін кескіндеме, сәндік қолданбалы өнер, графика, мүсін туралы Г.Сарықұлованың арнайы мақаласы 1984 жылы Москвадағы «Совет суретшісі» баспасынан жарық көрген тоғыз томдық «СССР халықтары өнерінің тарихы» басылымының екінші кітабында берілген. Бұл мақалада қазақ бейнелеу өнерінің бұрынғы одақ халықтары шығармашылығы арасындағы орны айқындалып, автор ойы қажетті репродукциялармен толықтырылады. Өнер зерттеуші Г.Сарықұлованың қазақ бейнелеу өнерінің түрлері, жанрлары туралы зерттеу мақалалары 80 жылдың аяғында Ташкент қаласында «Орта Азия республикалары мен Қазақстандағы мәдени процесс тәжірбиесі» аттты монографиясында жарияланады. Бұл кітаптар болашақ суретші –педргогтарды дайындау, өнер тарихынан лекциялар өту істеріне қажетті материалдар түрінде қолданыста болды.

Қазақстанның егемендік алуы, қазақтың көркемдік мәдениетін қайта қарап, өнердегі олқылықтардың орнын толтыруға көне мәдениет үлгілеріне баға беріп, жаңаша талдау жасауға бетбұрыс жасады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, өнер зерттеудің нәтижесі О.Жәнібековтің «Өнер» баспасынан орыс тілінде жарық көрген «Жаңғырық…алтын домбыра ізіндегі аңыз» («Өнер» 1991) еңбегі болды. Еңбекте қазақтың көне қару-жарақтары, ұлттық киімдері, құрал-саймандары, зергерлік бұйымдары, салт-дәстүрі, сәулет өнерінің ескерткіштері, шаруашылығы және тері өңдеу, киіз, кілем, алаша, ши тоқу, кесте тігу, құрақ құрау сияқты сол өнердің түрлерінен мол мағлұматтар берілген. Автордың бұл еңбегі соңғы кезде жастарды әсемдікке, халық дәстүріне тәрбиелеуге қажетті құралға айналды.

70 жылдары республикалық баспасөз бетерінде өнер теориясы мен тарихы, кәсіпқой суретшілер мен халық шеберлері жайында Қазақтың мемлекеттік университетінің тарих факультетінің аға оқытушысы Бақтажар Менішовтың, өнер зерттеушісі Сейсен Мұхтарұлының, журналистер Жарылқап Бейсенбаев, Төрегелді Байтасовтардың, соымен қатар М.Қожахметова, Г.Пралиевалардың мақалалары үзбей жарияланды.

Көне архитектуралық құрылыстарды зерттеу саласында техника ғылымының кандидаты – Марат Құлбаев, Әбілхайыр Спанов, тарихшы ғалымдар Кемел Ақышев, Сейден Жолдасбаев, Ұлттық Ғылым Академиясы тарих және архиология – этнография институтының орта ғасырлық архиология секторының меңгерушісі тарих ғылымының докторы,профессор  Қ.Байпақовтың мақалалары журнал мен газет беттерінде үзбей жарияланып тұрды.

Суретшілер шығармашылығы жайында Нұрқасым Қазыбаев. Мұхамбетжан Әлімбаев, Жанболат Ауыбаев, Қали Сәрсенбаев, Сабыр Мәмбеевтердың  еңбектерін атауға болады. Бұл еңбектер кезінде көркем өнер саласындағы көркемдік тәрбиеге қажетті хрестоматия міндетін атқаратындай еңбектер болды.

70 жылдары кейбір даңқты, әлем таныған суретшілер туралы қазақ тілінде еңбектер жарық көрді. Соның бірі- өнер зерттеуші Сейсен Мұхтарұлының «Пионер» журналына «Муза» атты айдары бойынша жарияланған «Рембрант»( 375жыл) атты мақаласы  Голландияның ұлы суретшісі Рембранттың өмірі мен шығармашылығына  арналды. Мақалада Рембрандтың өмірі туралы көптеген мәліметтер берілген. «Түскі күзет», «Синдиктер» деген өнер тарихында белгілі шығармаларына автор өнертану тұрғысынан талдаулар жасаған, суретші шығармашылығының сипатын ашып көрсеткен. Бұл мақала бейнелеу өнерінің қазақ тіліндегі өнер тану ғылымының сөз қорының дамуы мен жастарға көркемдік білім беруде  белгілі дәрежеде үлес қосты.

Осы кезде «Лениншіл жас» газеті бетінде «Аққу» атты эстетикалық клубы рубрикасы бойынша өнер тарихы мен өнер эстетикалық клубы рубрикасы бойынша өнер тарихы мен өнер шеберлері жайында мақалалар көптеп жариялана бастады. Солдардың бірі журналист Жарылқап Бейсенбаевтің «Арғымақ шабысты қызыл ат» деген көлемді мақаласында орыс суретшісі Кузьма Сергеевич Петров-Водкиннің «Қызыл атты шомылдыру» атты әйгілі картинасын сөз арқауы ете отырып К.С.Петров-Водкиннің шығармашылығына  сипаттама береді. Оның шығармасындағы осы өмір көріністері, кеңістікті, заттар мен құбылыстарды бар болмыс бітімімен терең байыптауға, сындарлы бейнелеуге бейім қасиеттерден бастау алып жататындығын көрсетеді. Қысқаша айтқанда бұл еңбектер қазақ тіліндегі өнер тарихына байланысты, қазақ тіліндегі оқу құралдарының сирек кезіндегі,  оқу материалы ретінде танылатын алғашқы бастамалар ретінде көркемдік тәрбие беру тарихында ерекше орын алады.

Осы кезеңдегі қазақ өнер зерттеушілерінің арасында өнер тарихын зерттеумен айналысып жүргендердің ішінде Б.Мекішевтің орны бөлек. Бұған айғақ оның Италияның ұлы суретшілері Джотто ди Бондоне. Донотелло жайлы жазған мақалаларында өнер шеберлерінің өмірі мен творчествосы жайындағы материалдарда өнер тарихының қазақ тіліндегі сөз қорын молайтуға көп септігін тигізеді.

«Мүсінші Донотелло»(Оңтүстік Қазақстан, 9.1.1979) атты еңбегінде Б.Мекішев «антикалық мәдениет», «антикалық ескерткіштер» деген атауларды қазақ тілінде алғаш рет қолданады. Бұл мақаладан автор «эпохп возвраждение» ұғымын «өркендеу дәуірі» деп қолданады. Ол «бейнелеу өнері», «қыл қалам шебері», «көркем сурет мектебі», «мүсінші», «суретші» деген терминдермен қатар «суретші мамандығы» деген терминдердің бірінші рет орынды қолданғандығын айту орынды. Қорыта айтқанда Бақтажар Мекішовтың бұл мақалалары өнер тарихынан оқу құралдары жоқ кезде қазақ жастарының көркемдік білімін игеруге жәрдемін тигізеді.

Республикалық «Жұлдыз» журналының беттерінде қазақ бейнелеу өнері жайлы көптеген мақалалар мен қазақ бейнелеу өнерінің шығармаларының репродукциялары жиі жарияланып тұрады. Сабыр Мәмбаев «Тың шежіресі- қылқалам тілінде» атты мақаласында («Жұлдыз» 1979.№3.202-205 беттер) тыңды игеру тақырыбы бойынша жазылған Қазақстан суретшілерінің шығармалары туралы өнертанымдық талдаулар жасаған. Мақала реферативтік сипаттама жазылған. Тың игеруші тамаша адамдардың образын жасау, тыңдағы қаһармандардың ерлік шежіресін жыр етудегі Ә.Қастеев, А.Ғалымбаева, Н.Нұрмұхамедов, Н.Гаев, Х.Наурызбаев, К.Телжанов, К.Шаяхметовтардың шығармашылығын автор құрметпен атаған. Ол «аға толқындармен бірге, қазіргі өміріміздің жас та тың күштері- кейінгі толқын інілері де атсалысуа»,- деп қазақ бейнелеу өнерінің дамуындағы жас суретшілердің онын ерекше көрсеткен. Мұндай мақалалар жетпісінше жылдар көлемінде мектептегі бейнелеу өнерінің әңгіме сабағында оқу материалы ретінде қолданылып, өзінің практикада қажеттігін танытты.

Революцияға дейінгі қазақ даласында бейнелеу өнерінің ішінде сәндік қолданбалы өнері туындыларының басқа түрлері болған жоқ деген пікірді журналист Т.Байтасовты «Шоқан- суретші» (Оңтүстік Қазақстан, 1977,22 январь) атты мақаласын оқу барысында өзгертуге тура келді. Себебі нақты материалдарға сүйене отырып, Ш.Уәлихановтың өзі салған графикаларының көркемдік ерекшеліктерін көрсетумен қатар қандай материалмен бейнеленгендігі, суреттің аты, салған жылы туралы нақты деректер берді.  Ол мақаласында портрет туындыларының ғылыми-әдеби қоғамдық қызметімен тығыз байланыстылығына баса назар аударды, Шоқанның графикалық портреттері зерттеу жұмыстарының, қоғамдық қызметінің иллюстрациялық деректері ретінде қолданған деген тұжырым жасады. Шын мәнінде ол кездерде фото өнерінің сирек болуына байланысты графикалық суреттердің деректі материал ретінде қолданылуы қоғамдық қажеттіліктен туғандығына күмән келтіруге болмайды. Т.Байтасовтың қазақ бейнелеу өнері жайлы бұл материалдары негізінде сол кездерде  мектептерде  әңгіме сабақтар өткізіліп,  тәрбие сағаттары ұйымдастырылды.

1978 жылдың басында «Жалын» баспасынан ғалым-педагог Зият Әбілованың «Әсемдік сенің серігің» атты кітабы жарық көрді. Ғылым бұл еңбегінде жастардың рухани бейнесін қалыптастыру үшін сол кезде аса қатты көңіл бөлініп отырған эстетикалық тәрбие мәселесіне мән береді. Жастарды көркемөнер арқылы тәрбиелеудің жолдары, мүмкіндіктері әр қырынан алынып сөз болады. Кітап негізінен қалың оқушы қауымға арналғанымен жастармен күнделікті қоян-қолтық аралас жүретін мұғалімдер мен педагогтарға жастар ұйымының жетекшілеріне де жұмыс барысында пайдалы болды. Кітаптың өн бойында автор адам өзінің эстетикалық талғамын өне бойы дамытып, жетілдіріп отыру керек.- деген ойды дамытады. Еңбек «Талғам қайнары», «Ұстаздық еткен жалықпас», «Мектеп тәжірбиесінен» деген шағын шағын үш бөлімнен тұрады.  «Мектеп тәжірбиесінен» деген бөлімде автор «Қылқаламмен сырлассаң», «әсемдік әлемінде» деген сияқты кіші тақырыпшаларға бөліп мектептегі сурет, ән-күй, музыка сабақтарын өткізудің жай-жапсарын әңгімелейді. Бұл пәндерді өз дәрежесінде өткізуді көздеп қосымша құралдарды орынды пайдалануды нұсқайды. Жас жеткіншектерді тәрбилеп жүрген оқытушылардың жұмыстарынан деректер келтіріледі. Қорыта айтқанда  кітап, бейнелеу өнері мен музыка пәнінің оқытушыларына арнап жазған қазақ тіліндегі кітаптардың алғашқыларының бірі  болды.

Жалын баспасынан 1981 жылы жазушы Ақселеу Сейдімбековтің «Күңгір-күңгір күмбездер» атты кітабы жарыққа шықты. Жазушы ғалым А.Сейдімбековтің халықтың ежелгі мұраларын зерттеуге арналған бұл еңбегінің қазақ халқының ежелгі сәулет өнері туралы жазған тұстары бірден назар аудартады.

Көлемді –көлемді он тараудан тұратын бұл кітапта бұдан жүздеген, мыңдаған жылдар бұрынғы көне архитектуралық құрылыстардың тарихы мен сипатына тоқталады. өкінішке орай бұл кітаптың бір бөлімінде ғана қарастырылады. Автордың үңгірлер туралы ілімге соғуы, жай бір таныстық емес, осындай көне дәуір өнерінің бас алған алғашқы көзін табуға ұмтылыс  мақсатынан туындағанын аңғарамыз.

Үңгірдегі петроглифтер (жартастағы жазулар мен сурет белгілер) алғашқы рулық бірлестік кезіндегі көшпенділердің өмірінде болған аса ірі оқиғалардың нышандары, соның көмескі түрде болсын бізге жеткен сүрлеу-шежіресі екендігін білдіреді. Үңгірлерге байланысты елдің, жердің тарихын көрсетуге бой ұрады.Бүгінгі жас ұрпақты, өлке танушы болған натуралистерді «Жердің тілін» үйренуге, зерттеуге қызықтыра еліктіре тартады.Бұлардан басқа кітаптың мазмұнында көне музыка өнеріне қатысты көптеген материалдар берілген. Мұндай кітаптың мазмұнынан бейнелеу өнері сабақтарына қажетті материалдар табуға мүмкүндіктер мол.

«Қазақстан әйелдері» журналының «Өрнек» атты эстетикалық тақырыпқа арналған рубрикасы бойынша көптеген өнерге қатысты мақалалар жарияланып тұрды. Өнер зерттеушісі Сейсен Мұхтарұлының «Қазақстан әйелдері» журналының 1982 жылғы 3 нөмірінде жарияланған мақаласы сәндік өнердің бір түрі – кілемге арналады. Өнер зерттеуші кілемдерді қол кілем және машина кілем болып екіге бөледі. Орындау технологиясына байланысты кілемдерді тақыр кілем, түкті кілем деп көрсетеді. Автор пазырақ қорғанынан табылған кілем үлгісінің негізіне сақтар дәуіріндегі ел, байлық, қорғаныс ұғымдарын шартты түрде таңба, марал, салтанатты сарбаз образы ретінде алынуын көрсетеді.

Ежелгі кілемдегі символдар ұғымының меңзері- елдің ел мұрасын сақтау болса, екінші – кілемдердің шартты түсініктерінің тұспалы кіндік кесті мекеніңді айла тәсіліңмен қорғай біл. Яғни, ежелгі кілемдер мен бертіндегі кілемдердің айтары бір, композициясы мен колориті ұқсас. Автор кілемдердің жергілікі ортаға байланыстылығы, гобелен мен кілемнің ұқсастығы, кілемнің көркемдік ерекшелігі, халық таланттарының шығармашылығын дамыту жайлы сөз болады. Қысқаша айтқанда бұл шағын еңбек кезінде көркемдік тәрбие мен білім беру мақсатында қолдануға қажетті құрал болды.

Сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Б,Мекішевтің «Әсемдік баршаға ортақ» (Лениншіл жас.1982.23апрель) мақаласы эстетикалық тәрбиенің практикалық жақтарына арналған еңбек. Жастардың  мәдениетін көтеру, әсемдік талғамын арттыру, оқу мен рухани мәдениетін шыңдау жолына жігерлендіретін еңбек болды. Автор мақаласы біршама көлемді. Ол айтар ойын нақты жеткізу ушін теңеулерді өмірден алып қолданады, ұлы адамдар өмірін үлгі тұтып, жастарды солардай болуға шақырады. Адамның рухани байлығы мен мәдениетін меңгеру, оны меңгеру үшін талап пен еңбек қажет деген ой түйіндейді. Бұл еңбектің мазмұнын кезінде көптеген ұстаздар тәрбие ісінде орынды қолдана білді.

Сол кездегі Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультетінің студанті Мұхтар Қожаевтың «Байырғы қазақ өнері» атты «Білім және еңбек» журналының 1982 жылы №7 нөмірінде жарияланған мақаласында байырғы қазақ бейнелеу өнерінің тарихи дамуына ғылыми болжамдар жасайды. Бұл мақалада ол «…кейбіреулер, қазақ халқы бау, басқұр сияқты болмаса тірі жанды бейнелеу дегенді білмеген дейді. Мұндай жорамал теріс екенін дәлеледеу және бейнелеу өнерінің негізгі мазмұнын түсініп алу үшін қолда бар материалдар да жеткілікті», — деп атап көрсете отырып, Қожа Ахмет Ясауи алып ғимаратының ою өрнектерінің, Қараман батыр мүсінінің сипаттамасын бере отырып ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы өнер туындыларының ерекшелігін көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанның Оңтүстігінде орналасқан Сауран қаласының қорған –қамалдарының (ХҮІғасыр) мұнараларындағы садақты батырдың суреті, тұтқында ұстаған жас жігіттің бейнесі, қыран бүркіт, желмен жарысқан тұлпардың бейнеленгендігін жазған. Сол кезде бейнелеу өнерінің керамикалық ыдыстарда оюлар мен құстарды бейнеленгендігі туралы Шек-Нияз (ХҮ-ХҮІІ ғасыр), Әйтімбет (ХҮІІ ғасыр), Жантай (ХҮІІІ-ХІХ), Ақтөбе (ХҮІІ-ХҮІІІ ғасыр), Шатпай тәжі (ХІХ ғасыр), белгілі ұстаз шеберлер Қаражүсіповтар салған Омар (1897жыл) және Айман (1808жыл) мазарларында Амантүр қожаның тамында суреттер бар екендігін жазады. Сондай-ақ Шатпай мазары, Тәжі сұлу күмбездеріндегі бейнелеу өнері мазарға жерленген адамдар туралы мағлұмат беретіндігін көрсетеді. М.Қожаевтің бұл материалы бір қатар өнер зерттеушілерге кезінде ойтүрткі салдып. өнер тарихы курсын оқыту барысында орынды қолданылды.

Қорыта айтқанда аталған еңбектер кезінде, мектептің бейнелеу пәнінің мұғалімдері, сынып жетекшілерінің болашақ мұғалімдердің ұстаздары, студенттердің оқу тәрбие жұмыстарына қолданылған құралдары қызметін атқарды, ұлттық оқу мен тәрбие мазмұнын айқындауға игі ықпалы болды.

Қазақстандағы көркемдік білімінің дамуы мен қалыптасуы да әр түрлі дәрежедегі оқу орындарының, оларды бітірген білікті мамандардың, ғылыми кадрлардың ролін айту орынды. Қазақстандағы көркемдік тәрбие беру ісінің дамуына суретші-педагогтар дайындау ісі басқа республикалармен салыстырғанда әдепкіде кешігіп қалғанымен, соңғы кезеңде қарқынды дамыды.

Қазақстандағы көркемсурет білімін беру саласындағы ең маңызды мәселе бейнелеу өнерінің мұғалімдерін дайындау болып табылады.Жиырмасыншы ғасырдағы 40 жылдар мен 60 жылдардың екінші жартысына дейін сурет мұғалімдерін дайындап келген Алматы көркем сурет училищесінің ролін ерекше  айту орынды. Бірақ бұл оқу орны кең байтақ республиканың сурет мұғалімдеріне деген сұранысын өз дәрежесінде қанағаттандыра алмады. Бұл мәселе 1964 жылы Абай атындағы Қазақстанның педагогика институттарынан «сурет және сызу » мамандығы ашылып, мұғалімдер дайындала бастаған соң өз шешімін тапты. Кейін мұндай мамандықтар Семейдің, Шымкенттің, Жезқазғанның, Арқалықтың, Қарағандының, Көкшетаудың, Жамбылдың, Оралдың, Ақтөбенің, Қызылорданың педагогикалық институттарында жоғары білімді бейнелеу өнері, сызу және көркем еңбек пәндерінің мұғалімдері дайындалды. Осы мамандық негізінде Қазақстанда көркемсурет және графика факультеттерінің жүйесі  қалыптасты. Аталған оқу орындарының үздік бітірушілері  көркемсурет графика факультеттердің кафедраларына оқытушылық қызметке қалдырылып, басқалары көркемсурет училищелерінің, орта арнаулы оқу орындарының, көркемсурет және жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдер ұжымын толықтыра түсті.

Қазақ еліндегі көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беру тарихындағы елеулі кезең 1970 жылдар болды. Бұл кезеңде көптеген педагогикалық институттарда бітірген сурет пәнінің жас ұстаздары көркемдік білім беруге жаңа серпін әкеліп, бұл жүйені жаңа сатыға көтерді. Бұл жаңа оқу орындарын ашуға қолайлы жағдайлар туғызды. Солардың бірі- 1973 жылы ашылған Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет училищесі. Мұнда 80 жылдардан бері жүйелі түрде суретшілермен қатар сурет пәнінің мұғалімдері дайындалып келеді. Бұл училищені бітіруші- жас ұстаздар қазақ елінің көркем мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосты.

Жоғары оқу орындарын бітірген суретші-педагогтардың санының артуы. Қазақстандағы жас ұрпақтың көркемдік білімін көтеруге ықпал етті.70 жылдардан бастап барлық облыс орталықтарында, кейбір аудан көлемінде көркемсурет мектептері ашылып, жас өспірімдер көркемдік білім сауаттылығына үйретіле бастады. Алғашқы көркемсурет мектептері республикада Алматы, Семей, Қарағанды, Шымкент, Орал қалаларында өз жұмыстарына кірісті. Жасөспірімдердің республикалық сурет көрмесі жүйелі ұйымдастырылып, жас талант иелерінің шығармашылық еңбектерімен шұғылдануына жол ашылды.

Қазақстанда жас ұрпаққа көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беру, жастардың талантын ерте бастан дамыту мақсатындағы ерекше қамқорлық көрініс 80 жылдары суретші педагог Ұлықбек Ибрагимовтың басшылығымен Алматы қаласында ашылған балалардың республикалық көркемсурет мектеп интернаты болды. Бұл мектеп-интернат республика бойынша суретке бейім жас таланттарын тауып, олардың көркем шығармашылық негіздеріне 1 кластан бастап үйретті. Мектептің оқу жоспарларында кескіндеме, сурет, мүсін, сәндік өнер, композиция, өнер тарихы сияқты арнайы пәндерге көп мөлшерде сағат бөлініп, жалпы білім беретін пәндермен қатар оқытылады. Мектеп интернатын ұйымдастыру мен оны қалыптастыру ісінде мектептің алғашқы директоры, бейнелеу өнері саласының маманы, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Ұ.Ибрагимовтің педагогикалық қызметін айту орынды. 80 жылдардың аяғында Ұ.Ибрагимовтың бастауымен осы мектептің базасында Қазақстанда тұңғыш рет көркемсурет колледжі ұйымдастырылды. Колледждің оқу жүйесі Америка, Англия, Россия елдерінің көркемдік білім жүйесінің озық үлгілер негізінде және қазақ елінің ұлттық дәстүрлі өнерінің ерекшеліктері ескеріліп құрылды. Қазіргі кезде аталған республикалық балалардың көркемсурет мектеп-интернаты мен көркемсурет колледжі қатар жұмыс істеп бір орталықтан басқарылатын жүйеге айналды.

Суретші педагог ғалым Ұ.Ибрагимовтың инициативасымен 80 жылдардағы республикалық көркем өнер өміріндегі айтулы жаңалық-  Көркемсурет Академиясы ашылуы болды. Бұл оқу орнында  жоғары білікті кескіндеме, графика, мүсін, дизайн және сәндік қолданбалы өнердің маман суретшілерін  дайындауға кең жол ашылды. Оқу орнында болашақ суретші мамандарын дайындайтын профессор – оқытушылар құрамында ғылым кандидаттары, доценттермен қатар Қазақстанның халық суретшілері Қ.Телжанов, Х.Наурызбаев, А.Ғалымбаева,М.Кенбаевтар профессор қызметін атқарып жас суретшілер дайындау ісіне кеңінен араласты.

. Сөйтіп балалардың республикалық көркемсурет мектеп-интернаты, көркемсурет колледжі және қазақтың көркемсурет академиясы тұтастай бір жүйеге біріктіріліп, оқу процесі бір орталықтан атқарылатын болды. Академияның алғашқы студенттері болып көркемсурет колледжін үздік бітіргендер 1994-95 оқу жылдарында қабылданды. Ал көркемсурет колледжінен республикалық балалардың көркемсурет мектеп интернатының шәкірттері қабылданды. Көркемсурет академиясы өміріндегі соңғы жаңалық 1995-96 жылында тұңғыш рет «көркемсурет зертттеушісі» мамандығы ашылып, оған болашақ мамандар қабылдануы.

Қазақстандағы көркемдік білім берудің дамуы мен қалыптасуына мұғалімдердің білімін жетілдірудің республикалық және облыстық институттарды маңызды роль атқарды. Бұл оқу орындарында бейнелеу өнері пәнінің мұғалімдерінің білімін жетілдіру және қайта дайындауға арналған курстар ХХ ғасырдың 70 жылдардың екінші жартысынан жұмыс істей бастады. Олардың сабақтарының мазмұны көркемдік білім берудің жаңа бағдарламаларын, оқытудың тың әдіс тәсілдерін, жаңа озық тәжірбиелерді оқып үйрену бағыттарын көздеді. Осы ғасырдың 80 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институты көркемдік білімберу бағытында бірқатар жұмыстар атқарды. Республикадағы бейнелеу өнері пәнінің тәжірбиелі мұғалімдерін, өнер зерттеушілерді, педагог-ғалымдарды жинап, бейнелеу өнерінің оқу бағдарламалары жасалып, оларды Қазақстан мектептерінде қолдану нәтижелері талдау обьектісі болды. Көркемдік білім беру саласындағы мұндай жиындар педагогтардың алдына оқу әдістемелерін жазу, мектеп оқулықтарын дайындау мәселелерін алға қойды. Қазақстандағы көркемдік білім беру ерекшеліктеріне сай бейнелеу өнерінің жаңа бағдарламасын жасауға жол ашты.

Жасөспірімдерге көркемдік білім беру ісінін дамыту мен жетілдіру мектеп оқушыларына арналған бейнелеу өнері оқулығымен тығыз байланысты. Бейнелеу өнерінің оқулығын жазу бұрынғы одақ республикасының кейбірінде дұрыс шешімін табуға алғы қадамдар жасалғанын айту орынды. Мысалы: Ресейде 1-6 кластарға арналған бейнелеу өнерінің эксперименттік оқулықтарын Н.Ростовцев, М.Рожковалар 60-70 жылдары жазса, 70 жылдары Украинада Н.Криченко, Өзбекстанда Р.Хасенов, Азербайжанда С.Алиевтер бейнелеу өнерінің оқулықтарын жазып, олар тәжірбиеде әлі қолданылу үстінде. Бұл оқулықтарда авторлар өз халқының өнерін, табиғи ерекшеліктерін ескерілген, халық өнерінен және бейнелеу өнерінің сауаттылығына байланысты анықтамалар берілген. Сондықтан осы шыққан оқулықтарды үлгі ете отырып, алдағы уақытта бейнелеу өнері оқулықтарын жазу, сол кезде алға қойған мақсаттарының бірі болды. Бұл мәселе 1986-90 жылдар аралығында білім беру министрлігі тарапынан күн тәртібіне қойылды. Бірақ ол Қазақстан егемендік алғанға дейін өз шешімін тапқан жоқ. Бұл кезде оқулық жазуға қажетті өнер зерттеушілер мектептің тәжірбиелі мұғалімдері, ғалымдар жеткілікті болды. Тәжірбиелі мұғалімдерді, еңбектері жарық көріп жүрген ғалымдарды, өнер зерттеушілерді, суретшілерді біріктіріп алғаш бейнелеу өнері оқулығын жазған авторлар –профессор Ұ.Ибрагимов, доцент Қ.Болатбеков, педагог суретшілер З.Айдаровалар  болды.

Бейнелеу өнерін оқытудың дүниежүзілік тәжірбиесіне көз салсақ, бұл пән мектептің төменгі кластарынан бастап, өз өлкесінің, халқының өнерін танып білуден басталады. Бұл жағдай қазіргі Қазақстанның барлық ерекшеліктерін ескерілген, оқулыққа қажетті христоматиялық, білімдік материалдары ретінде  жеткілікті дәрежеде берілген.

Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты мектептердегі бейнелеу өнері сабақтарындағы өзұлтының өнерін оқытуға жағдай жасала бастады. 1991-92 оқу жылынан бастап «Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихы» педагогика институттары көркемсурет факультеттерінің оқу жоспарына жеке пән болып енгізілді.Бұл курсты өткізуге қажетті материалдар профессор Қ.Ералиннің «Қазақстан бейнелеу өнері шеберлері»(1997) атты оқу құралында берілді.

Қазақстандағы көремдік білім беру ісін дамыту ғылым педагог кадрларын дайындау мәселесімен байланысты. Бұл әсіресе,Қазақстандағы педагогикалық иниституттарды көркемсурет-графика факультетінің оқытушылар құрамының білім дәрежесін  арттырумен байланысты. Болашақ бейнелеу өнері мұғалімдерін дайындаумен айналысатын оқытушылардың білімін жетілдіру ХХ ғасырдың 70 жылдарының екінші жарсында жүзеге аса бастады.Олар алғаш рет Москвадағы В.И.Ленин атындағы Мемлекеттік педагогика институтының сурет,кескіндеме,бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі кафедраларына және КССРО Ғылым Академиясының Көркемдік тәрбие ғылыми зерттеу институттарында стажировкадан өткізіліп, аспирантураға түсті. 1989 жылдан бастап бұл оқу орындарында доктарантура ашылып онда, Қазақстанның  жас ғалымдары білім алып, бітіріп шықты.Осының нәтежесінде 1983-1993 жылдар аралығында Алматының, Москваның жоғарғы оқу орындары мен ғылыми зерттеу иниституттарында қорғалған алғашқы кандидаттық диссертациялардың тақырыптарын негізінен төмендегідей бағыттарға бөлуге болады:

Бірінші- бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің жеке оқу мәселелері бойынша К.Ералин(1985, ММПИ), К.Тастеміров (1992, Жалпы білім беру институты.) Д.Садығалиев (1990, Көркем тәрбие беруді зерттеу институты.), І.Сманов (1992, КазПИ), С.Аманжолов (1993,ММПИ)кандидаттық диссертацияларын қорғады;

Екінші – ұлттық сәндік қолданбалы өнерінің білімдік, тәрбиелік мүмкіндігін зерттеу бағыты бойынша Ә.Камаков (1983,Көркем тәрбие беруді зерттеу институты), К.Әмірғазин (1984, ММПИ), Е.Асылханов (1986, ММПИ), Ж.Балкенов (1987, ММПИ), кандидаттық диссертациялар қоғап шықты:

Үшінші – болашақ бейнелеу өнері мұғалімдерін дайындаудағы оқыту әдістемелерін жетілдіру саласы бойынша А.Жақсыбергенов(1987, ММПИ), Л.Харламова(1988, ММПИ), Р.Мизанбаев(1987, ММПИ), Ж.Мұсаев(1987), Ж.Михайлиди(1991 Көркем тәрбие институты), А.Павловский(1991, ММПИ) кандидаттық зерттеуін аяқтады.

Төртінші- мектепке дейінгі мекемелердегі бейнелеу өнерін оқыту мәселелері Ұ.Ибрагимов (1986, КССРО Пед. ғыл. акад.), көркемдік білім беру саласында халықтық педагогика элементтерін қолдану мәселелері Қ.Болатбаев(1995, Қаз Пу) бойынша өз зерттеулерін аяқтады..

Бесінші- халықтың қолөнер мен көркемдік еңбек саласынан С.Жолдасбекова, (1994, ҚазПУ) кандидаттық диссертация қорғады.

Қазақстанда көркемдік білім мен эстетикалық  тәрбие беру ісінің дамуында ауқымды іргелі зерттеу жұмыстарының жүргізілуі маңызды орын алады. Осы орайда, қазақ бейнелеу өнерінің мүмкіндігі арқылы көркемдік білім беруге болашақ мұғалімдерді  дайындау теориясы мен практикасын  ғылыми негіздеу бағытында 1993 жылы В.И.Ленин атындағы ММПУ-де Қ.Ералин докторлық дисертация қорғауын айту орынды. Бұл Казақстандағы көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беру тарихына  талдау жасалған, қазақ бейнелеу өнері шығармаларын мектеп пен жоғары оқу орнына енгізу мәселелерін ғылыми негіздеген, ұлттық тұрғыда көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беруге болашақ мұғалімдерді дайындау мәселелерін  ғылыми негіздеген еңбек ретінде танылды.Онымен қатар  2000-2005 жылдар арасында қорғалған И.Смановтың, Б.Әлмұхамбетовтың, Д.Кемешовтың, С.Аманжоловтың, Ж.Балкеновтың, Е.Асылхановтың  докторлық диссертациялары Қазақстандағы көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беру ісіне қосылған қомақты үлес болып табылады.

Қазақстандағы көркемдік білім беру саласында 1980-1995 жылдар аралығында көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кандидаттық диссертациялар қорғалды. Бұл ғылыми жұмыстар негізінен бес бағытты қамтыды.

Бірінші- мектептегі бейнелеу өнерін оқытудың әдістерін жетілдіру;

Екінші- болашақ бейнелеу өнері мұғалімдерін дайындаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру;

Үшінші- Қазақстан бейнелеу өнерінің даму тарихын зерттеу;

Төртінші- қазақтың ұлттық қолөнері арқылы көркемдік білім беру, эстетикалық тәрбие беру және болашақ мұғалімдерді дайындау ісін жетілдіру;.

Жалпы қазақ еліндегі көркемдік білім беру ісінің дамуы мен қалыптасуын зерттеу нәтижесінде мынандай қорытындыға келуге болады. Қазақстандағы көркем білім беру ісінің дамуы бес кезеңге бөлінеді:

Бірінші- ертеден бастап кеңес үкіметіне дейінгі уақытты қамтып, халық шеберлерінің баланың көркемдік тәрбиесіндегі белсенді ұстаздық қызметімен ерекшеленеді.

Екінші кезең- Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары мен Ұлы Отан соғысына дейінгі уақыт. Бұл кезең көркемдік білім беру ісін дұрыс жолға қою мақсатындағы ізденіс, сыныптан тыс тәрбие формаларының пайда болуы, көркемсурет училищесі мен мәдениет орындарының ашылуы сияқты жаңалықтармен байланысты.

Үшінші кезең- ХХ ғасырдың 40-60 жылдар аралығы, көркемдік білім берудегі білікті маман, суретші педагогтардың жетіспеушілігі, сурет пәнінің өзге мамандардың жүргізуі сияқты кемшіліктермен байланысты.

Төртінші кезең- ХХ ғасырдың 60-80 жылдары, Қазақстандағы жоғары білімді суретші- педагог кадрларын дайындауға жол ашылуы, оқу бағдарламасына ұлттық өнер шығармаларын ендіру, әдістемелік құралдардың жарыққа шығуы, суретші-педагогтардың санының артуы сияқты игі істердің Қазақстандағы көркемдік білім беру ісінің дамуына ықпал етуімен сипатталады.

Бесінші кезең- 1980-1995 жылдар. Көркемдік білім беру мәселесімен айналысатын ғалымдардың дайындалу ісінің жолға қойылумен зерттеу жұмыстарының нәтижесін қорғаумен, көлемді дидактикалық материалдардың, кітаптардың жарық көруімен ерекшелінеді.

Осы кезеңде Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы қазақтың білім проблемалары институтының бастамасымен және де педагогикалық қызметкерлерінің қатысумен 80 жылдардың екінші жартысында жалпы білім беретін мектептерде «Көркемдік білім берудің тұжырымдамасы» жасалды. Бұл құжатта көркемдік білім берудің мақсат- міндеттері, бейнелеу өнері пәнін оқытудың мазмұны, көркемдік білімнің көлемі мен шеңбері айқындалды. Оқыту мен тәрбие мазмұнына ұлттық көркемдік дәстүр мазмұнының қосылуымен айқындалды. Оқыту мен тәрбие мазмұнына ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, халық қолөнері шығармашылығының үлгілерін таныстыру көзделді. Сонымен қатар көркемдік білім беру жүйесіндегі бала-бақша, мектеп, институт, университет салаларында үзіліссіз сабақтастық болуына назар аударылды..

Нақты айтқанда, бұл ойлардан шығатын қорытынды жас ұрпаққа халқымыздың, ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік өнерін үйрету бағытында алда үлкен міндеттер тұр. Мектептегі бейнелеу өнері пәнінің мұғалімдері бұл істе орасан зор үлес атқарады. Бірақ қазіргі кезде бұл пәнді оқытуда көптеген қиындықтар мен шешуін күткен мәселелер бар. Олар мыналар:

Біріншіден, бейнелеу өнерін оқыту бағдарламасы жастарға көркемдік білім берудің маңызы мемлекеттік құжатты. Қазіргі кезде Қазақстанда көркемдік білім берудің бірнеше бағдарламалры қатар қолданылуда. Қазақстанда Оқу министрлігі тарапынан жасалған бейнелеу өнерінің (А.Камаков), сәндік қолданбалы өнердің және көркем еңбектің (Қ.Әмірғазин), мектепке дейінгі кезеңді қамтитын(Ұ.Ибрагимов), халықтың дәстүрі мен бейнелеу өнерін байланыстыра құралған (Д.Садығалиев), қазақ бейнелеу өнері мен халық өнерінің байланысына құрылған (Қ.Ералин), бағдарламалары бар. Бұлар өз қызметін атқарып келеді. Енді бұларды өңдеу, жетілдіру, өзгерту арқылы бейнелеу өнерінің 1-11 кластарға арналған қазіргі егеменді Қазақстан талаптарына сай бағдарлама жасау қажет. Ол үшін авторлар ұжымын жинақтау орынды.

Екіншіден- бейнелеу өнерінің жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтарын дайындау. Оқулықтар жазу үшін тәжірбиелі мұғалімдер, өнер зерттеушілер, ғалым-педагогтарды біріктіріп авторлар ұжымын айқындау қажет. Мұнан соң оқыту бағдарламасына сай көркемдік білім мазмұнын ұлттық көркемсурет шығармалармен толықтырып Егеменді Қазақстанның бейнелеу өнері тарихы пәнінің оқулығын жазу күн тәртібіне қойылуға тиіс. Оқулықты жазу үшін бейнелеу өнері терминдерінің әр-түрлігін жойып, ретке келтіру қажет. Қазірге кезде бейнелеу өнерінен қазақ тілінде жарыққа шыққан әдебиеттерде терминдердің ретсіз қолдануы жиі кездеседі. Мысалы, живопись терминінің сұңғат, кескіндеме, сыр шырай, майлы боя  деген  баламалары бірдей қолданылатын бағдарламалары тәжірбиеде қолданыста.

Үшінші- мектептегі бейнелеу өнерінің оқу бағдарламасына сай жоғары оқу орындарында бейнелеу өнерінің мұғалімдерін дайындаудың оқу жоспарына Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихи пәні қосылды. «Қазақтың сәндік қолданбалы өнері», «Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі» пәндері, арнаулы курстарға арнап оқу құралын дайындау қажет. Курстық, дипломдық жұмыстардың педагогикалық бағыттылығы арттырылуы керек. Сонымен қатар жоғары мектеп үшін де қашықтықтан оқуға(дистонционное обучение) арналған оқу құралдарын жасауды қолға алатын уақыт жеткен сияқты.

Төртіншіден- бейнелеу өнерінің өз дәрежесінде оқытылуы мен оқушыларға заман талабына сай білім беру үшін көркемдік білім берудің толық оқыту әдістемелік комплексін дайындау қажет. Бұл комплексте оқу бағдарламалары, оқулықтар, оқулықтарды толықтыратын көмекші құралдар, әдістемелік құралдар, техникалық және көрнекті құралдар, оқушыларға қажетті хрестоматиялар, оқу кітаптары сөздіктер, қағаз, қылқалам, бояулар, т.б. кіреді.

Бесінші- Қазақстандағы көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беру ісі педагогика саласындағы ғылымның дамуына байланысты. Бұл іс негізінен мынадай бағыттарды қамтуға тиіс: мектептегі көркемдік білім беру ісін дамыту және жетілдіру: оқу мәселелері заман талабына сай дамыту, оқу жоспарын, оқу бағдарламаларын жетілдіру, бейнелеу өнері мұғалімдеріне арналған көмекші құралдар дайындау; бейнелеу өнерінің терминдерін ретке келтіру; ұлттық қолөнерді оқытудың әдіс тәсілдерін арттыру болып табылады. Болашақ бейнелеу өнері мұғалімдерін дайындау ісін жетілдіру және қайта құру: бұл бағытта оқу жоспарын, оқу бағдарламаларын жетілдіру арнаулы пәндер мен курстарды оқытуға арналған оқулықтар жазу, оқытушылардың лекциялық және практикалық дәрістерді өткізуге қажетті көмекші құралдар дайындау жүйесін жолға қою. Болашақ ғылым кадрларын дайындау және қайта дайындықтан өткізу болып табылады..