Загрузка...

Информация және информатика

Загрузка...

Информация туралы түсініктер. Информацияның сапасы мен көлемі. Информациялық үрдістер мен жүйелер. Информациялық ресурстар  мен технологиялар. Жаңа информациялық технологиялардың негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктері. Информатиканың құрылымы мен негізгі кешендері (Hardware және Software). Информатика пәнінің мәселелері мен оқыту мақсаты. Информацияның қоғамдағы, ғылым мен білім салаларындағы ролі. Қоғамды информатизацияландырудың  маңызы. Информатика пәнінің оқу үрдісіндегі орны және басқа пәндермен байланысы. 

«Информация туралы түсінік екі объектінің – информация «беруші» мен информация «қабылдаушы» арасындағы  қарым-қатынастан туады. Информация сигнал (signum – белгі) түрінде берушіден қабылдаушыға жеткізіледі. Мысалы, электр, жарық, дыбыс және т.б. сигналдар. Сигналдардың пайда болуы  энергия  алмасудың әсерінен болады. Сигналдарға байланысты, информация үзіліссіз және үзілісті (дискретті) түрде  болуы мүмкін.

Информациялық технологиялар (IT) саласында информация туралы әртүрлі түсініктер берілген; мысалы, әдебиетте «информация – дүниенің бейнесі» деген жалпы философиялық анықтамалардан бастап, «информация дегеніміз белгілі бір оқиға туралы ақпарат» дейтін жай қолданбалы түсініктемелерге дейін кездеседі. Бірақ қалыптасқан информацияның анықтамасы әзірше жоқ. Информатика пәніне арналған әдебиетте оның әртүрлі анықтамалары келтірілген. Солардың бірін келтіруге болады.

Информация дегеніміз қоршаған ортаны объективті  түрде сипаттайтын сигналдардың жиыны күйінде, тек оларды «қабылдаушымен» қарым-қатынас орнатылғанда ғана  пайда болатын табиғаттың ерекше атрибуты (қасиеті).

Бұл анықтамадан мынадай тұжырымдар жасауға болады:

—          информация объективті болуы тиіс;

—          информация сигналдар түрінде объектілердің қарым-қатынасынан ғана туады;

—          информацияны  әртүрлі  «қабылдаушы» өзінше қабылдайды.

Жоғарыда аталынған информацияның сипатын  оның кейбір мынадай  қасиеттерімен толықтыруға болады; информация дәл, толық, сенімді, актуальді, қол жетерлік болуы тиіс.

Информацияның қоғамдағы маңызы аса зор, информациясыз ғылыми-техникалық прогрестің және  экономикалық дамудың болмайтыны, адам толық қанды өмір сүре алмайтыны анық.

Информация келесі негізгі функцияларды орындауға арналған:

—          танырлық функциясының мақсаты – жаңа информация алу;

—          коммуникативтік функция  адамдар арасындағы қарым-қатынас жасауды қамтамасыз ету;

—          басқару функциясының мақсаты – басқарылуға тиісті жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету.

Информацияның аса қажеттілігі  — адам өмірінде және оның  қызметінде белгілі бір мәселе жөнінде дұрыс шешім қабылдау қажет болғанда жиі  кездеседі.

Информацияны пайдалану және онымен жұмыс істеу белгілі бір амалдарды орындауды қажет етеді. Информацияға қолданылатын негізгі амалдар мыналар:

—          информацияны жинақтау және құрастыру;

—          информацияны сақтау;

—          информацияны компьютер жадына енгізу;

—          информацияны компьютерде бейнелеу;

—          информацияны компьютер жадынан шығару;

—          информацияны берушіден  пайдаланушыға жеткізу;

—          информацияны өңдеу;

—          информацияны қорғау.

Информацияға қолданылатын амалдардың  тізбегін информациялық үрдіс (процесс), ал  оны жүзеге асыратын  жүйелерді информациялық жүйелер (системалар) деп атайды.

Қазіргі замандағы  қоғам дамуының бір ерекшелігі – индустриалды қоғамнан информациялық қоғамға өту кезеңі. Бұл кезеңді қоғамды информацияландыру кезеңі деп атайды. Мұның негізгі себебі — информацияның қоғамдағы, өндіріс пен шаруашылықтағы маңызы мен ролінің артуына байланысты. Кез-келген ұйымның   немесе кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуі үшін материалдық ресурстардың (табиғи шикізат пен энергетика көздері, еңбек пен қаржы ресурстары және т.б.)  болуы жеткіліксіз екендігі дәлелденді. Әрбір әлеуметтік, экономикалық немесе инженерлік жобаның жасалынуы мен жүзеге асырылуы оның информациямен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Сондықтан материалдық ресурстармен қатар информациялық ресурстардың жеткілікті болуы қоғам дамуының кепілі.

Информациялық ресурстар дегеніміз информациялық жүйелердегі (кітапханалардағы, архивтердегі, қорлардағы, деректер базалары мен банктеріндегі және т.б) жеке құжаттар мен олардың жиындары. Қысқаша айтқанда, информациялық ресурстар деп информациялық жүйедегі жалпы көпшілік пайдалана алатын информация жиынын атайды.

Информациялық ресурстың  материалдық ресурстан ерекшелігі – қоғамның  дамуының нәтижесінде, егер материалдық ресурстардың көпшілігі азайып немесе таусылатын болса, ал информациялық ресурстар пайдаланғаннан азаймайды, керісінше, дамып  көлемі арта береді.

Қоғамды информацияландыру үрдісінің ғылыми негізі информатика деп есептелінеді.  «Информатика» деген термин француз тіліндегі informatique деген сөздің аудармасы, ал informatique келесі екі сөздің  information (информация)  және  automatique (автоматика)  құрамасынан алынған; сонда информатика – информацияны автоматты түрде өңдеу туралы ғылым саласы болып есептеледі. Кейбір елдерде бұл ғылым саласын  есептеу техникасы туралы ғылым  (computer science) деп те атайды.

Информатика – информацияның құрылымы мен жалпы қасиеттерін, информациялық үрдістерді зерттейтін, осылардың негізінде информациялық технологиялар мен техниканы құрастыратын, ғылыми және  инженерлік мәелелерді шешу, қоғамдағы барлық салаларда  компьютерлік техника мен технологияны енгізу және тиімді пайдаланумен айналысатын кешендік ғылыми-техникалық пән.

Қазіргі кезде информатика пәні негізінен үш құрама бөліктен тұрады:

— теориялық информатика – информация мен информациялық үрдістердің   құрылымы мен жалпы қасиеттерін зерттейтін, информациялық техника мен технологияны құрастырудың жалпы қағидаларын көрсететін информатика бөлігі; онда математикалық әдістер, алгоритмдер мен автоматтар теориясы, кодтар теориясы, операцияларды зерттеу, формальді тілдер мен грамматикалар теориясы және т.б. қарастырылады;

— информатизация құралдары (hardware — техникалық және software — программалық) – есептеуші құралдардың көмегімен деректерді өңдеу және жеткізу жүйелері жөнінде, оларды программамен жабдықтауға байланысты мәселелермен айналысатын бөлім;

— информациялық жүйелер мен технологиялар —  информация ағымын талдау, оны әртүрлі күрделі жүйелерде  құрылымдау, ол жүйелерде информациялық үрдістерді жүзеге асыруға байланысты мәселелерді шешуге арналған бөлім.

Осы аталынған тұжырымдарға байланысты, қазақ тіліндегі көпшілік ресми әдебиетте пайдаланылып жүрген «информатика» деген терминді  «ақпараттану», ал «информацияны»   «ақпарат»  деп атау бұл ғылым саласының ауқымын тарылтып, тек информацияның (ақпараттың) құрылымы мен қасиеттерін зерттеумен шектелетін ғылым ретінде қарастыру болып табылады. Информатика – ауқымы кең, кешендік ғылыми-техникалық ғылым саласы, ал информация ақпарат қана емес. Сондықтан бұл ғылым саласын, осы пәнді «информатика» деп атаған жөн.

Соңғы жылдарда ұлттың немесе мемлекеттің даму деңгейі, олардың дүниежүзілік рейтингісі қоғамның информацияландырылуына тікелей байланысты деп есептелінеді. Қоғамның информацияландырылуының техникалық бөлігі – жедел әрі сапалы информация алу мен жинақтауды қамтамасыз ететін компьютерлік құралдармен жабдықталуы. Осы істің ғылыми негізі — информатика. Информатика жаңа информациялық технологиялар (IT) мен жүйелерді құрастыруға жағдай жасайды.

Технология (techne — өнер, шеберлік, іскерлік,  logos – сөз, ілім деген грек сөздерінен туған) дегеніміз өнім өндіру үрдісінде шикізаттың немесе материалдың  түрі мен  қасиеттерін өзгертуге бағытталған оларды өңдеудің және дайындаудың әдістерінің жиыны.

Егер материалдық өндірісте шикізат алғашқы материал болса, ал информациялық технологияда алғашқы материал да, одан шығарылатын өнім де информация болады. Информациялық технологияның даму тарихында келесі кезеңдер аталады:

—    «тасты қашап, қабыққа, жарғаққа (пергаментке, бұзау терісіне) жазу» технологиясы (көне дәуірде);

—   «қағаз» технологиясы баспа станогын пайдаланумен байланысты (XV ғасыр);

—   «электрондық» немесе «қағазсыз» технология ЭЕМ-ның пайда болуымен байланысты (XX ғасырдың ортасы);

—   «жаңа информациялық технология» дербес компьютерлер мен телекоммуникациялық құралдардың пайда болуына байланысты (XX ғасырдың соңынан бастап).

Адамзат тарихында ұзақ уақыт бойы информацияны өңдеу мен жеткізуге байланысты мәселелерді шешудің негізгі құралдары ретінде адамның зердесі, көзі, мұрыны, тілі мен құлағы ғана болып келді. Ғалымдардың тұжырымы бойынша, адамзат қоғамының дамуына өте зор әсер еткен оқиға — жазудың пайда болуы.  Оның арқасында білімді жинақтау, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу мүмкіншілігі туды. Ал XV ғасырда баспа  станогының пайда болуы кітап шығару ісінің дамуына үлкен әсерін тигізді. Бұл оқиғалар (жазу мен кітап басу) адам өмірінің, мәдениетінің, өндірісінің күрт өсуіне жағдай жасады.

XIX ғасырдың соңында электр қуатын пайдалану телеграф, телефон, радио сияқты жаңа құралдарды пайдалануға мүмкіншілік берсе, ал XX ғасырда ғылым мен техниканың, өндірістің үдемелі дамуының нәтижесінде электрондық — есептегіш машиналар (ЭЕМ) пайда болды. Бұл оқиғалардың арқасында  адам өмірінде, қоғамның дамуында, информацияны өңдеу, сақтау және жеткізу ісінде ғылыми-техникалық  революция жасалынды деуге болады.

Қазіргі қоғамның дамуы «информациялық қоғам» немесе «білімдер қоғамы» деп аталынатын өзінің жаңа формациясына өту жағдайында. XXI – ғасыр жаңа  информациялық технологиялардың (IT) адам қызметі мен өмірінде кеңінен пайдалануымен сипатталынатыны көпшілікке мәлім. Осыған байланысты әрбір қоғамның немесе мемлекеттің даму деңгейі олардың  халқының жаңа информациялық технологияларды игеруі мен пайдалануы дәрежесімен анықталады.

Загрузка...