Жұмысты қайдан тауып, қайдан іздейтінін білетінін кез келген адамның жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Сондықтан жаңа жұмыс іздеу барысында тыңғылықты дайындалып, алдағы әр қадамды жақсылап ойлану керек. Мақсатты алдын ала талдау жасау – өз күшіне сенім тудыру үшін ғана емес, сонымен бірге дұрыс бағыт таңдау үшін де керек. «Дұрыс бағыт» алу үшін біз сізге мынадай кеңес береміз.
1. Өз мақсатыңызды жақсылап ойланыңыз. Болашақ жұмыс орныңызды қалай елестетесіз? Сіздің алдыңызда бірқатар сұрақтар туындайды: сізді нақты қандай жұмыс түрі қызықтырады, қандай салада жұмыс жасағыңыз келеді, өзіңізге қандай деңгейдегі жауапкершілікті алуға дайынсыз, өзіңізге қандай рөл алғыңыз келеді, сіз үшін жалақының қандай деңгейде болғанын қалайсыз және т.с.с.
2. Жауаптарыңызды талқылаңыз. Тікелей іздеуге кіріспес бұрын, өз ойыңызды сізге мінездеме бере алатын, ой бөлісетін келешекте іздену мақсатында бастапқы басшылыққа алған айналаңыздағылармен бөліскеніңіз дұрыс. Сіздің ұсынған тілектеріңіз туралы өзге адамдардың пікірін тыңдау үшін, сізді жақсы білетін, жақындарыңызбен, достарыңызбен сөйлесіңіз. Дұрыс жолда екендігіңізге көз жеткізу үшін, дәл қазіргі уақытта сіз қарастырған бағытта немесе сол салада шұғылданып жүрген адамдармен сөйлесіңіз.
3. Мақсаттарыңызды қайта қарап шығыңыз. Бастапқы мақсатыңызды талдап, талқылағаннан кейін, бірінші сатыдағы сұрақтарыңызға қайта жауап беріңіз. Осыдан кейін төртінші сатыға – түйіндеме (резюме) дайындауға ауысыңыз.
4. Түйіндеме (резюме) дайындау. Енді жаңа жұмыстың талаптарына және ықтимал жолдары туралы нақты ұсыныстарын басшылыққа ала отырып, түйіндемеңізді дұрыстап немесе қайта жазып шығыңыз. Жұмыс іздеуші туралы басшыға нақ осы арқылы алғашқы әсер қалдыратын болғандықтан, кез келген жұмыс іздеу барысында түйіндемеге (резюмеге) өте жоғары мән беріледі. Түйіндемеге жазғаныңыздан алған әсердің негізінде жұмыс беруші сізді әңгімелесуге шақыру, әлде бірден кандидатураңызды алып тастау туралы шешім қабылдайды.
Жақсы жазылған түйіндеме бес бөлімнен тұрады: мақсат, қысқаша сипаттама, кәсіптік тәжірибеңіз, біліміңіз және өз қалауыңыз бойынша ерекше дағдыларыңызға көңіл аударуға, кейбір жеке ақпараттармен таныстыруға арналған қосымша бөлім.
Түйіндеме ойластырылған, сауатты, анық құрастырылған және барынша ақпараттандырылған болуы керек. Қарапайым ақиқатты есте сақтаңыз: жақсы түйіндеме сіздің жұмыс іздеуіңіздің нәтижелі болуының алғашқы қадамы. Сонымен қатар түйіндемені жазғанда түбінде шындықтың ашылатынын есіңізде сақтай отырып, барынша адал болуға тырысыңыз.
5. Енді жұмыс іздеуге кірісіңіз!
Ал енді дайындалған кезеңдерден өткеннен кейін өзіңізге сенімді болған шығарсыз. Жұмыс іздеуге кірісуіңізге болады.
Жұмыс іздеуді неден бастауға болады? Міне, бірнеше кеңестер:
1) газеттердегі жарнамаларды қараңыз;
2) интернет-сайттардағы жарнамаларды қараңыз;
3) газеттер мен сайттарда өзіңіздің түйіндемеңізді және жарнамаңызды жариялаңыз;
4) кадрлер агенттігіне хабарласыңыз;
5) өз қалаңыздағы болмаса ауданыңыздағы әлеуметтік бағдарлама және жұмыспен қамту бөліміне хабарласыңыз;
6) өзіңіздің жұмыс іздеп жүргеніңіз туралы достарыңызға, таныстарыңызға хабарлаңыз, оларға сіздің кандидатураңызды ұсынуы үшін ақпарат таратуға түйіндемеңізді беріңіз.
Көріп отырғаныңыздай, жұмыс іздеудің жолдары көп. Осындай жұмыс туралы көптеген жарнамалардың арасынан қалай дұрыс таңдау жасауға болады?
Міндетті түрде, алғашқыда сіз өзіңізге тартымды ұсыныстарды бөліп аласыз. Бірақ алаяқтардың арбауына түспес үшін ертегілердегідей жалақы мен тез ақша табу мүмкіндіктерін ұсынатын жарнамаларды алып тастаңыз. Алғашқы жарна төлеуді талап ететін жұмыстан да сақтанған жөн. Болмаса, сізден біліміңізді де, жұмыс тәжірибеңізді де талап етпейтін ұсыныстар, өте сирек жағдайда ғана пайдалы қызметкерлерді іздегенде жарияланады.
Сонымен қатар, нақты ұйымдар емес, ақылы қызмет көрсету мақсатында делдалдық қызмет атқаратын кадрлық агенттіктердің жұмыс беру жайлы хабарландыруларын кездестіруге болады. Кадрлық агенттіктер арқылы жұмыс іздестіру де кейде өзін өзі ақтап жатады, сондықтан оларды толығымен ысырып тастамай, жай ғана белгілеп қойған жөн.
Қолыңызға газетті алып, алғашқы кездескен жарнамаға жармаспаңыз. Алдымен барлық жұмыстарды қарап шығыңыз.
Өзіңізге қажетті жұмыстарды таңдап алып, телефон арқылы хабарласып, толығырақ анықтап, хабарландыруда көрсетілмеген сұрақтарды қарастыра бастаңыз, егер барлығы ойдағыдай болса, сұхбаттасу жайлы келісіңіз. Тек бір ғана немесе бірнешеуіне емес, барлығына хабарласыңыз! Осы хабарландыруды көптеген адамдар оқитындығын естен шығармаңыз, сіз жай ғана үлгермей қалуыңыз мүмкін. Сіз қоңырау соққанша жұмысшы табылып қоюы мүмкін. Жұмыс іздеу белсенді әрекетті қажетететіндіктен, оны кейінге қалдырмаған жөн.
Егер сіз жұмыс іздеу жайлы өз хабарландыруыңызды орналастырсаңыз, оның әсері де дәл сондай тиімді болады. Себебі, басылымдарды тек жұмыс іздеп жатқандар ғана оқымайды. Кадрлық менеджерлер мен кадр бөлімінің қызметкерлері де жұмыс туралы газеттер мен интернет-сайттардың тұрақты оқырмандары.
Сонымен, телефон арқылы хабарласқан кезде (сіз хабарластыңыз ба немесе сізге хабарласты ма, маңызы жоқ), ұсынылатын жұмыс жайлы толығырақ біліп алған жөн. Егер сіз жұмыс іздеуге тыңғылықты кіріссеңіз, онда сізде, сөзсіз, әрбір жұмыс жайлы ақпарат жазып жүрген кітапшаңыз бар болуы керек. Ондай болмаған жағдайда сізге маңызды болып табылатын тұстары жайлы ақпарат алуға тырысыңыз.
Сонымен, толық келісімге келгеннен кейін сізді сұхбаттасуға шақыруы мүмкін. Барлық керекті құжаттарды дайындауды ұмытпай, жұмыс ұсынып жатқан ұйымның кеңсесіне аттаныңыз. Сұхбаттасу кезінде өзіңізді дұрыс ұстай алуыңызға байланысты сіздің қызметке орналасуыңыздың мәселесі шешіледі.
Егер сізді жұмысқа қабылдамаса немесе ұсынылған қызмет сізге сай келмесе, онда жұмыс іздеуді жалғастыра беріңіз. Апта сайын жаңа газет алып, интернет сайттарды қарастырып, жаңа қызметтер жайлы хабарландыруларды іздеп отырыңыз. Және сондай жиілікпен өз түйіндемеңізді сол басылымдарға беріп отырыңыз. Сізге барынша табандылық көрсету қажет, сонда ең қысқа уақытта жұмыс табатыныңыз сөзсіз.
Мұны білген жөн (оқып шығыңыз):
«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.enbek.gov.kz/ — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты («Вакансияларды кеңінен қарастыру», «Ізденушінің тіркелуі» және т.б. бөлімдер);
2) www.astana.kz — Астана қаласы әкімдігінің сайты («Еңбекпен қамту» бөлімі);
3) www.karierist.kz/ — Астана, Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларында жұмыс іздеумен айналысатындарға арналған ресурс;
4) www.zhumys.kz – вакансияларды іздеу.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «жұмыс іздеушілерге кеңес», «бос жұмыс орындары», «вакансия» және т.б. кілт сөздерді теру керек.