Құрылыстарды, техникалық құралдарды немесе құрылғыларды қолдана отырып, жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдалануды жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар төлемақыны төлеушілер болып табылады.
Салық салу объектiлерi:
1. Төлемақы салынатын объектiлер:
1) мыналарды:
ағынды бассейнаралық бұруды жүзеге асыратын каналдарда және ағынды реттеуді жүзеге асыратын ернеуден тыс cу қоймаларында сүзуге және булануға кететiн, су шаруашылығы жүйелерiнiң жобалық деректерi негiзiнде су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган растаған су шығындарын;
су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган заңнамада белгiленген тәртiппен бекiткен табиғат қорғау және (немесе) санитарлық-эпидемиологиялық су ағызу көлемiн;
су тасқынын, су басуды және су астында қалуды болғызбау мақсатында жүзеге асырылатын, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган растаған суару жүйелерiне мәжбүрлi су жинау көлемiн қоспағанда, жер үстi су көзiнен алынған судың көлемi;
2) өндiрiлген электр энергиясының көлемi;
3) су көлiгiмен тасымалдау көлемi;
4) балық аулау көлемi және су пайдаланудың басқа да көлемдерi болып табылады.
Су ресурстарын жекелеген азаматтарға бекiтiп бермей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстарды немесе техникалық құрылғыларды қолданбай жүзеге асырылатын кеме тiркемесiнсiз ағашты ағызуға, рекреацияға, жер қазатын техниканы қолдануға, батпақты құрғатуға, жалпы су пайдалануға төлемақы қолданылмайды.
Төлемақы ставкаларын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлейдi.
Су жинаудың нақты көлемi cу қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген лимиттен асып кеткен жағдайда асып кеткен бөлiгiнде үш есе ұлғайтылады.
Есептеу мен төлеу тәртiбi
Төлем сомасын су пайдаланудың нақты көлемi мен белгiленген ставкаларды негiзге ала отырып төлеушi дербес айқындайды.
Төлеушiлер (шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушiлерден басқа) нақты пайдаланылған су көлемi үшiн ағымдағы төлем сомаларын есептi айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей ай сайын бюджетке енгiзуге мiндеттi.
Төлем рұқсат құжаттарында аталған арнаулы су пайдаланылатын жер бойынша бюджетке төленедi. Салық төлеушiлердiң жекелеген санаттарының төлемақыны есептеу мен төлеу ерекшелiктерi:
1. Шаруа (фермер) қожалықтары және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушiлер төлем сомаларын төлеудi мына тәртiппен жүргiзедi:
1) ағымдағы салық кезеңiнiң 1 қаңтарынан 1 қазанына дейiнгi кезеңге есептелген ағымдағы төлемдер сомасы ағымдағы салық кезеңiнің 25 қазанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi;
2) 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейiнгi кезеңге есептелген сома есептi кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнiң 25 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi.
2. Өнеркәсiп орындары өндiрiстiк қажеттер үшiн су шаруашылығы жүйелерiнен алатын суға, ол тiкелей су шаруашылығы жүйелерiнен, басқа өнеркәсiп орындарынан немесе тұрғын үй пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарынан келетiнiне қарамастан, төлемақы төлейдi.
3. Тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары өнеркәсiп орындарына берiлетiн судың көлемiн шегере отырып, жер үстi көздерiнен алынатын су үшiн бюджетке төлемақы төлейдi.
4. Жеке және заңды тұлғалар суды қысыммен ағызатын және суды реттейтiн құрылыстары бар су көздерiнде жүк тасымалы үшiн төлемақы төлейдi.
5. Жылу энергетикасы кәсiпорындары тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қажеттер үшiн жылу энергиясын өндiруге жұмсалатын су үшiн төлемақы мөлшерiн тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары үшiн көзделген ставкалар бойынша белгілейдi.
6. Агрегаттарды суыту (суды қайталап тұтыну) үшiн технологиялық қажеттерге суды жинау лимитi шегiнде су алатын жылу энергетикасы кәсiпорындары төлемақы мөлшерiн тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары үшiн көзделген ставкалар бойынша белгiлейдi. Суды қайтарусыз тұтыну төлемақысының мөлшерi өнеркәсiп орындары үшiн белгiленген ставкалар бойынша айқындалады.
Салық есептiлiгi:
1. Төлемақы төлеушiлер арнаулы су пайдалану орны бойынша салық органдарына ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабын табыс етедi.
2. Төлемақы төлеушiлер ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабын, осы баптың 4-тармағында аталған төлемдердi қоспағанда, тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей табыс етедi.
3.Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық төлеушiлер ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабын есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 20 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
4. Ағымдағы төлемдер сомасының есебi салық органына табыс етiлгенге дейiн cу қорын пайдалану және қорғау саласындағы аумақтық уәкiлеттi органда куәландырылады.