Жер сілкіну туралы түсінік

Кіріспе 

Жер сілкіну туралы түсінік

Жер қабатының кенеттен жылжуы және жарылуы нәтижесінде серпінді тербеліс түрінде пайда болатын, орасан зор аймаққа тарайтын жер дүмпулері мен жер бетіндегі тербеліс жер сілкіну деп аталады. Жерсілкіну (араб тілден ескірген сөзі зілзала араб.: زلزال‎) — жер асты дүмпуі күштерінің әсерінен Жердің беткі қыртысының тербелуі. Жер сілкінісін сейсмология ғылымы зерттейді. Оның туындауына және дамуына байланысты құбылыстарды сейсмикалық құбылыстар деп атайды.

Жер сілкінісі – геологиялық құбылыс. Олар – кез-келген жерде пайда болуы мүмкін. Жер сілкінісінің ошағы жер қойнауында қалыптасады. Геологиялық ортадағы жылжулар, бірігулер, жарылулар,ортаюлар секілді тез өзгерістер жер сілкінісінің пайда болу себебіне жатады.Әрбір жер сілкінісі кезінде осы жарылыс нәтижесінде жер қойнауында жинақталған энергияның бір бөлігі сыртқа шығарылады. Жер сілкінісінің басты себептері ретінде жер қыртысы платформаларының қозғалысы мен қимылдауын айтуға болады. Мұндай қозғалыстар орын алған аймақ жер сілкінісінің ошағы деп аталады. Ал жер сілкінісі ошағының жер бетіндегі нүктесі эпицентрі болып саналады.

Жер сілкінісінің барысында адамдар қаза болады, үйлер, жолдар, көпірлер, каналдар, тоғандар мен басқа да инженерлік ғимараттар, су құбырлары, канализация, электр беру жүйесі қирайды, байланыс желісі бұзылады, қар көшкіні, сел, сырғыма мен қопарылыс пайда болады. Тау жыныстарынан тастар құлайды, адамдарда үрей пайда болады. Сондай – ақ жер сілкінісімен бірге өрт пайда болады. Геологиялық ортаның экологиясы бұзылады, қопарылма сырғыма, сел тасқыны, т.б.шаруашылыққа қосымша залал әкеледі.

 

Негізгі бөлімі 

Жер сілкінісінің жіктелуі  

Пайда болу тегіне қарай жерсілкіну жанартаулық, денудациялық және тектоникалық болып бөлінеді. Жанартаулық жерсілкіну қазіргі жанартаулар әрекет ететін аудандарда дамыған. Денудациялық жерсілкіну таулы аудандардағы тау жынысы массаларының шатқалдарға құлауынан, жер асты қуыстары мен карст үңгірлерінің опырылуынан және ірі жылжымалардың ықпалынан туындайды.Тектоникалық жерсілкіну литосфераның жекелеген блоктары өзара қозғалысқа келгенде, Жер қойнауында ұзақ уақыт бойы жинақталған механикалық энергияның қысқа мерзімде шұғыл босанып шығуына байланысты болады. Мұндай жерсілкіну — Жер қыртысында ұзынынан созылған жарылымдар жасайды. Жарылым қанаттары ығыстырушы жазықтық бойынша бір-бірімен салыстырғанда, лездік жылдамдықпен ығысуына байланысты, босанып шыққан энергия серпімді тербелістер, яғни сейсмикалық толқындар түрінде жан-жаққа таралады.

Сейсмикалық толқындар таралуына қарай қума, көлденең және беттік толқындар болып жіктеледі. Сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы тау жыныстарының құрамына, құрылымына және физикалық жағдайына байланысты болады. Қума толқындардың таралу жылдамдығы 5 – 6 км/с, көлденең толқындардікі 3 – 4 км/с. Сейсмикалық толқындар туындатушы жарылымдардың ұзындығы бірнеше км-ден (1966 жылғы Ташкент жерсілкінуінде – 8 км) жүздеген км-ге (1960 жылғы Чилидегі жерсілкіну) дейін жетеді. Ал 1957 жылғы Гоби Алтайындағы жерсілкінуде жалпы ұзындығы 700 км-дей жарылымдар жүйесі пайда болған. Жер қыртысында немесе мантияның жоғары бөлігіндегі тау жыныстарының лездік қозғалысқа келуінен жер асты соққысы туындаған орынды жерсілкіну ошағы, ошақтың тереңдіктегі орнын гипоцентр, Жер бетіндегі проекциясында орналасқан ауданды эпицентр деп атайды.

Жерсілкіну Жер қойнауындағы орналасу тереңдігіне қарай:

  • Жер бетіне жақын (тереңдігі 10 км-ге дейін),
  • орташа немесе қалыпты тереңдіктегі (10 – 60 км),
  • аралық (60 – 300 км) және терең фокусты (300 км-ден терең) болып бөлінеді.

Ең көп тарағаны жақын және орташа (Ашғабадта жерсілкінудің тереңдігі 15 — 20 км, Ташкентте 5 — 10 км, Спитакта 10 — 15 км болған) тереңдіктегі жерсілкінулер. Терең фокусты жерсілкіну өте аз тараған(Қиыр Шығыста, Тынық мұхиттың жағалауындағы жерсілкінудің гипоцентрі 600 — 700 км тереңдікке жеткен). Жерсілкіну гипоцентрі теңіз бен мұхиттардың астында да орналасады. Оларды теңіз сілкінуі деп атайды. Бұл құбылыстардың нәтижесінде цунами пайда болады.

Жер сілкіну ұзақтығы, таралу мөлшері, оны өлшеу құралдары

Жерсілкіну ұзақтығы бірнеше секундтан бірнеше айға (кейде жылға) дейін созылады. Механикалық кернеу күшінің біртіндеп шығуына байланысты, жер асты дүмпулері қайталанып отырады. Әдетте, алғашқы күшті дүмпуден кейін, әлсіз дүмпулер тізбегі жалғасады. Оларды афтершоктар деп, ал дүмпу білінген уақыттың барлығын жерсілкіну кезеңі деп атайды. Афтершоктар негізгі дүмпуден соң 3 – 4 жыл бойы жалғасуы мүмкін. Мысалы, 1887 ж. Алматыдағы (Верный) жерсілкіну кезінде 600 дүмпу болғаны тіркелген. Жерсілкіну кезінде орташа есеппен 1×1024 – 1×1025 эрг энергия бөлінеді. Мысалы, Ашғабадта болған жерсілкінудің энергиясы – 1×1023 эрг, Моңғолиядағы Гоби Алтайында — 1×1024 эрг, Чилиде — 1×1024 эрг, Ташкентте — 1×1020 эрг, Кемин жотасында (Алматы) — 4×1024 эрг.

Жер сілкінісі мен жер асты дүмпулерін ріткейтін аппаратты сейсмограф деп атайды. Сейсмографтардың бұрынғы түрлері қағаз таспасы бар қондырғылар болатын. Қазіргі кезде ондай аппараттармен бірге электронды сейсмографтар да қолданылады. Соңғысының қағаз таспасы болмайды. Қағаз таспамен жұмыс істейтін сейсмографтардың екі түрі болады: вертикальды (тігінен болған) тербелістер мен толқындарды, қозғалыстарды тіркейді. ал екінші түрі горизонтальды (көлденеңінен, жазығынан) тербелістер мен толқындарды, қозғалыстарды тіркейді. Екеуінің де өте сезімтал тілшелері болады. Сол тілшелері қағаз таспаған із (белгі) қалдырып отырады.

Тектометр — Ресейде (Сахалиндік өнертапқыштың туындысы. Жапонияда патенттелген) жасалған құрал. Жаңа құрылғыны ойлап тапқан Евгений Васин есімді адам. Тектометрдің көлемі өте ықшам әрі салмағы да жеңіл (1 кг). Бар болғаны бір қобдишаға сыйып кетеді. Кішкентай болғанына қарамастан маңыздылығы өте зор. Ол болайын деп жатқан жер сілкінісінің қаупін 40 сағат алдын ескерте алады.

Әр түрлі балдағы жер сілкіністерінің төмендегі белгілерінің адамдардың мінез–құлқы мен іс қимылына, сілкістердің мүмкін болатын әсеріне, құрылыстар мен ғимараттардың жағдайына, жер қабатындағы табиғи құбылыстарға, жер қабатындағы және жер бетіндегі судың жағдайының өзгеру белгілеріне назар аудару керек.

1 балл. Жер сілкінісі сезілмейді. Тербелістің үдемелілігі адамдардың сезіну денгейінен төмен болады, жер қабатындағы сілкіністі тек сейсмографтар байқап тіркейді.

2 балл. Сәл ғана сезілетін жер сілкінісі.Тербелісті ғимараттың ішіндегі тыныштықта, әсіресе жоғарғы қабаттарда болатын жекелеген адамдап ғана сезеді.

3 балл. Әлсіз жер сілкінісі. Үй ішінде болған адамдардың 50% шамасында, ашық жерлердегі адамдардың кейбіреулері ғана жер сілкінісін сезеді.

4 балл. Елеулі жер сілкінісі. Ғимараттардың ішіндегі көп адамдар сезеді, ал ашық жерлерде аз ғана адамдар сезеді. Ұйықтап жатқандардың кейбіреуі оянып кетеді, бірақ оларды қорқыныш сезімі билемейді. Теңселу сезіледі,ол жүріп бара жатқан ауыр жүк машинасы тудырған солқылдауға ұқсас болады.Терезе, есік,ыдыстар сылдырлайды. Еден мен қабырғалар шықырлайды.Мебельдер дірілдейді.Ілулі заттар жеңіл түрде тербеледі.Тұрған автомашиналар да серпіліс сезіледі.

5 балл. Ұйқыдан оянып кету. Жер сілкінісін ғимараттың ішіндегі барлық адамдар, ашық далада көптеген адамдар сезеді.Ұйықтап жатқандар тегіс оянады.Кейбіреулері ғимараттан жүгіріп шығады, жануарлар тынышсыздана бастайды.Ілулі тұрған заттар қатты шайқалады.Кейбір қатты бекітіліп ілінген заттардың өзі құлап түседі,орнынан жылжиды, ыдыстардағы судың бір бөлігі шайқалып төгіледі, кей жағдайларда су көздерінің көлемінде өзгерістер болады.

6 балл. Қорқу. Жер сілкінісін барлық адамдар сезеді.Көп адамдар қорқып көшеге жүгіріп шығады.Үй жануарлары да қора-қопсыдан шығып кетеді.Тербеліс жүруге кедергі келтіреді.Ғимарат қозғалысқа ұшырап, босаңсиды.Полкалар, сөрелердегі заттар құлайды.Ыдыстар құлап, сына бастайды. Ауыр заттардың өз орнынан қозғалуы мүмкін.Әк, сылақтар түсе бастайды, сылақтарда ұсақ-жарық сызаттар пайда болады.Құдықтардағы су деңгейі мен су көздерінің көлемінде өзгерістер байқалады.

7 балл. Ғимараттардың зақымдануы.Көптеген адамдардың бойын үрей қорқыныш билеп-үй жайлардан жүгіріп шығады, кейбір адамдар үшін аяқпен тұру қиындайды.Көптеген темір бетонды, каркасты ғимараттарда жеңіл зақымдану болады.Ірі блокты ғимараттар мен кірпіштен салынған үйлердің қабырғаларында шамалы жарық-сызаттар пайда болып, түтін тартатын трубалардың бір бөліктері құлай бастайды.кейбір реттерде тіке баурайлардағы жолдардың өтетін бөліктеріндегі құмды жағалауларда құлау, көшкін, ал жолдағы тастарда жарықтар пайда болады, су ылайланып, бетінде толқын пайда болады.Су көздері мен құдықтағы сулар деңгейі өзгеріске ұшырайды.

8 балл. Ғимараттардың қатты зақымдануы. Қорқыныш пен үрей билейді. Кейбір жерлерде ағаш бұтақтары сына бастайды.Ауыр жиһаздар жылжып, кейде құлайды.Саманнан және саз балшықтан тұрғызылған көптеген үй-жайлар мен қора-қопсылар қирайды.Кірпіш үйлердің көпшілігінде түтін тартатын трубалар құлап, қабырғаларда саңылаулар пайда болады. Ғимараттардың кез-келгенінде зақымдану, кейде аралық бөліктердің кейбіреулерінде қирап-бүліну байқалады.Трубалардың жалғастырлған жерлері ажырайды.Ескерткіштер жылжып қозғалады, құлпытас белгілер, тас дуалдар, қоршаулар құлайды.Көп жағдайда құдықтағы және су көздеріндегі су көлемі үлкен өзгеріске ұшырайды. Ойпандардың тіке баурайлары мен жолдардың үйінді баурайларында шамалы шөгінділер құралады, жердегі сызат-жарықтар бірнеше сантиметрге жетеді.

9 балл. Ғимараттардың жаппай зақымдануы.Жаппай үрей,адамдардың көпшілігі аяғымен тұра алмай,құлайды.Жануарлар азан-қазан, сергелдеңге түседі.Кірпіш және ірі блокты үйлердің көпшілігінің қабырғалары ойылады, ішкі қабырғалары құлайды, ғимарратардың жеке бөліктері бүлініп қирайды.
Ағаштан салынған, темір бетонды және паенльді ғимараттарды түтін тартатын трубалар құлайды.Жалғанған трубалар ажырап кетеді, темір жол рельстері майысады.Сонымен бірге 10 см-ге жететіндей жарықтар пайда болады.Құздар құлап,көшкін жиіленеді.тегістік жерлерде – су басып кету, құм мен ылайдың салындылары жиі байқалады.Су бетінде үлкен толқындар пайда болады.

10 балл. Ғимараттың жаппай қирап-бүлінуі.көптеген панельді, темір бетонды және ағаштан салынған ғимараттардың жеке бөліктері қирап құлайды.Көпір, бөгеттер едәуір зақымдалады.Темір жол рельстері мен жер астындағы трубалар майысып, ажырап кетеді.Жер бетінде 1 м-ге дейін жарық пайда болады.Өзен жағалауларында үлкен шөнінділер пайда болады.Көлдер мен каналдардағы су шайқалып төгіледі.Жаңадан көлдер пайда болуы мүмкін.

11 балл. Апат. Барлық ғимараттар, темір жол және автомобиль жолдарының көпірлері, жер асты трубалары, тас жолдар қирап, бүлінеді.Жер бетінің тіке жарылуы және ажырауы, кең жарық саңылау түрінде елеулі өзгеріске ұшырайды.Таулар қайта-қайта опырылып құлайды.

12 балл. Жер бедерінің өзгеруі. Жер бетіндегі және жер астындағы барлық құрылыстар іс жүзінде күшті бүлінеді немесе қирайды. Жаңа көлдер пайда болып, өзендер бағытын, саласын өзгертеді.Үлкен аймақтарда таулар құлап-қирайды.

Жерсілкінудің геологиялық жағдайларын зерттеу алдағы уақытта жерсілкіну болуы мүмкін аймақтарды және жерсілкіну болмайтын аймақтарды алдын-ала анықтауға мүмкіндік береді. Осының негізінде сейсмикалық аудандау жүзеге асырылады. Қазіргі кезде Жер шарының сейсмикалық картасы жасалып, басты екі сейсмикалық белдеу бөлінген:

  • Тынық мұхиттық белдеу — Тынық мұхитының батыс және шығыс жағаларын айнала орналасқан. Бұл белдеуге жас қатпарлы таулар (Альпі, Апеннин, Карпат, Кавказ, Гималай, Кордильерлер, Анд, т.б.), сондай-ақ, құрлықтардың су асты шеттерінің жылжымалы белдемдері (Тынық мұхитының батыс шеттері, Алеут , Куриль, Жапония, Малайя, Жаңа Зеландия, т.б. аралдар, Кариб, Кариб , т.б. теңіздер) кіреді. Бұл белдеуде барлық жерсілкіну болатын ошақтардың 68%-ы орналасқан.
  • Жерорта теңіздік белдеу — Еуразияның оңтүстік арқылы, батыста Португалия жағаларынан, шығыста Малайя аралдарына дейін созылады. Бұл белдеуде жерсілкіну болатын ошақтардың 21%-і орналасқан.

Жерсілкіну ошақтарының белгілі бір географиялық аудандарда ғана орналасуы Жердің геологиялық даму ерекшеліктеріне байланысты. Қазіргі кезде жерсілкіну күшін бағалау үшін оның қирату әрекеті мен адамдардың психологиялық сезіміне тікелей бақылау арқылы түзілген 12 балдық сейсмикалық шкала қолданылады. Күшті жерсілкіну үлкен апат әкелетіндіктен, ол басқа табиғи құбылыстардың барлығынан қатерлі. Жерсілкіну қай аймақта болатынын болжау шешілгенімен, оның қашан және күші қандай болатыны әзірше толық шешімін тапқан жоқ. Жерсілкінуді жабайы аңдар, жәндіктер мен үй жануарлары ерте сезетіндіктен, олардың мінез-құлқына қарап, бұл құбылысты болжауға болады. Қазіргі кезде адамның табиғи ортаға ауқымды әсер етуіне (кентас, мұнай, газ бен жер асты суларын көп мөлшерде алуы, ядролық жарылыстар, ірі су қоймаларын жасау, т.б.) байланысты техногендік жерсілкіну мүмкіндігі де арта түсуде.

Жер сілкінісі кезіндегі қорғану шаралары

— Алғашқы дүмпу кезiнде 1-ші қабаттың тұрғындары ешбiр дүрбелең-үрейсiз ғимараттан шығуға, ал одан жоғары тұратындар бастарын қолымен ұстап, салыстырмалы қауiпсiз орынға баруға тиiс;

— дүмпу аяқталған бойда арқаңызды қабырғаға сүйей отыра баспалдақ арқылы ғимараттан тез шығып кетiңiз. Газды, суды, электрдi ажыратуға тырысыңыз, өзiңiзбен бiрге құжаттарды, ақшаны, заттарды, дәрі қобдишасы салынған жол қабын алыңыз, есiктi кiлтпен жабыңыз;

— егер көршi пәтерде балалар мен қарт адамдар қалса, олардың көшеге шығуына көмектесiңiз. Сол жерде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетiңiз;
— ғимараттан, электр желiлерiнен алысырақ кетiңiз. Белгiленген жиналатын орынға барыңыз. Үзiлген ток өткiзгiштен (электр сымынан) сақтаныңыз, оған балаларды жiбермеңiз;

— рөлде отырғанда ашық жерге тоқтаңыз. Дүмпу аяқталғанша машинадан шықпаңыз. Қоғамдық көлiкте отырған орындарыңызда қалып, дүмпу аяқталғаннан кейiн жүргiзушiден есiктi ашуды өтiнiп, итерiспей шығып кетiңiз.

Қатты жер сілкінісінен кейін:

— Зардап шегушiге алқашқы медициналық көмек көрсетiңiз;
— жеңiл үйiндiнiң астында қалғандарды шығарыңыз;
— балалардың, аурулардың, қарттардың қауiпсiздiгiне назар аударып, оларды жұбатыңыз;
— ғимаратқа кiрерден бұрын баспалдақтың, қабырғаның құлап қалу қаупiнiң бар-жоқтығына назар аударыңыз. Қатты қираған ғимаратқа жақындамаңыз. Ашық отты пайдаланбаңыз;
— пәтерге оралған бойда коммуналдық-техникалық қызметтiң ақаусыздығын тексергенше электiрдi, газды және су құбырын қоспаңыз;
— телефонды аса қажет болмаса, көп ұстамаңыз;
— зақымданған ғимаратта үйiндiнi ашуға және құтқару жұмысын жүргiзуге көмектесiңiз.

Бұл жағдайда мына ережелердi сақтау қажет:

— Үйiндi астында қалған адамдарды iздестiру, тың-тыңдаудан басталады. Сол үшiн мүмкiндiгiнше толық тыныштық жағдайын жасаңыз. Үйiндiлерге назар аударыңыз. Қандай да бiр секем аларлық дыбыс естiлген орынды анықтап, мұқият тындаңыз;
— егер үйiндi астында қалған адамға тар тесiк (саңлау) апаратын болса, бiрiншi кезекте үйiндiнi ашу кезiнде оны ауадан, яғни өмiрден айырмау үшiн ұсақ шығыршық тас пен шаң түспеу үшiн жiңiшке түтікті немесе берiк шланганы сұғыңыз;
— үйiндiнi ашуды өте мұқият жүргiзу керек. Әуелi сынықтардың үстiңгi қабатын, содан кейiн астындағысын, сосын одан кейінгісін біртіндеп алу керек. Сынықтар үйiндiлерiнен бағананы, құрылыс құрылғысының iрi бөлшегiн және т.б. суырып алуға әрекеттену аса қауiптi. Үйiндi көміп, оның астындағы адамдарды басып қалуы мүмкiн. Әуелi бағананы толық аршып алып, содан кейiн ғана оны көтеруге әрекеттену керек.

Тасқа қысып қалған адамды босату кезiнде мiндеттi түрде ең алдымен қолдың немесе аяқтың қысылып қалған жерiне сына қою қажет. Басқаша жағдайда ұзақ уақыт бойы сынық қыспағында болған адам қаза болуы мүмкiн.
Үйiндiлердi аршу кезiнде бiр-бiрiне тiрелiп тұрған сынып қираған ғимараттың әлсiз алайда әлi құламаған қабырғасын итеру аса қауiптi. Бұл адамды құтқару мүмкiндiгiнен айырады.

Сейсмикалық жағдай.

Қазақстан сейсмологтары жер сілкінісіне дайындықта аса маңызды мәселелердің шешілмей отырғаны туралы алаңдаушылық білдірсе, экологтар беті аулақ, ондай жағдай бола қалса, соңының неге ұшырататыны туралы сақтандыруда. Өйткені, қалада жануардан берілетін аса қауіпті инфекция диагностикасының малдәрігерлік зертханасы орналасқан. Бұдан басқа да экологиялық қауіпсіздік, экологиялық ортаны жақсарту үшін қаланың бас жоспарына сәйкес қаладан көшіруге ұсынылған көптеген өндіріс нысандары бар.  Мұнымен қоса жақын таулы алқаптарында көшкін қаупіне алып келетін құрылыстар белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, экологтардың айтуынша, Үлкен Алматы өзені, Медеу ауданындағы, Ақсай, Түрген шатқалдарындағы құрылыстар алда-жалда жер сілкінісі бола қалса, қосымша апатты жағдайлардың: сел мен көшкіннің қоса жүруіне алып келуі мүмкін екендігіне қатты алаңдаушылық білдірсе, оғана өте сергек қарамайынша болмайды.

Қазақ «жұт – жеті ағайынды», деп бекерге айтпаса, қазіргі уақытта басқа елдердің тәжірибесі сабақ болса керек. Осыған байланысты Жапониядағы жадайды тағы да алға тартуға тура келеді. Сақ сол жапондардың өзі жер сілкінісімен қатар  цунамидің, атом электр стансасының апаты болуы мүмкін екенін ойлап па еді? Осыған орай «Алматы қаласындағы азаматтық қорғанысты дамытудың перспективалары мен туындап отырған проблемалары турасында хабарлау қажет деп санаймын!» – деп, сенатор  алматылық ретінде өзінің және барша алматылықтардың жанайқайын білдіргендей болғанды.

Айтар болсақ, Алматыда құрылыс нысандарын сейсмикалық нығайту мәселесі талай рет көтеріліп келгенмен, айтылған жерінде ескерусіз қалып жүр. Сенат депутаты да сауалында   Алматыда екі жүзден астам мектеп, аурухана мен емхана сейсмокүшейтуге зәру екенін атап көрсетті. Атап айтқанда, қаладағы №5, 6, 15, 47, 52, 55, 57, 64, 68, 82 және 111-орта мектептерді жер сілкінісіне төтеп берердей етіп нығайтудың құжаттары толық дайын. Енді осы мәселені шешу үшін  оларға жалпы көлемі  5,5 млрд. теңге қаржы  керек. Сондай-ақ, қаладағы 4 емхана мен 1 аурухананың да сейсмикалық күшейтуге қажетті құжаттарының толық пакеті әзір, ол үшін қажетті қаржы – 1,2 млрд. теңге.

Қорытынды 

Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарының тұрғындары үшін жер сілкіністері мен одан туындайтын құбылыстар (селдер,қар көшкіндері, опырылып құлау нәтижесіндегі үйінділер, бөгеттердің бұзылуы, химиялық жарылыс,өрт қаупі, күшті кәсіпорындардағы апаттар т.б.) едәуір қауіп тудырады.

Егер жер сілкінісі мен оның зардаптарына алдын ала дайындалса, одан келетін әлеуметтік-экономикалық зиянды елеулі азайтуға болады.Осы мақсатқа жету үшін сейсмикалық қауіпті аймақтың әрбір тұрғыны жер сілкінісі туралы белгілі бір дәрежеде хабарлар болуы, қауіпсіздік іс-қимылын дәрежелерін білуі және ол пайда болғанда дұрыс іс-қимыл жасау қажет. Мұндай тосын жағдайда ең бастысы төзiмдiлiктi жоғалтпау керек. Адамның тiрi қалу мерзiмi оның рухани жағдайына, күш-жiгерiне байланысты. Торыққан адам — мойын ұсынып, сабыр сақтау керек! Аса қиын жағдайда өмiр үшiн күрескен адам тiрi қалу мүмкiндiгiн сақтайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Русско-казахский толковый географический словарь. Под общей редакцией академика АН КазССР, проф. С. К. Кенесбаева и кандидата филол. наук А. А. Абдрахманова. Алма-Ата, Изд-во «Наука», 1966, стр. 204. (Академия наук Казахской ССР. Институт языкознания. Сектор физической географии). Составители: Ж. Аубакиров, С. Абдрахманов, К. Базарбаев.
  • Қазақ ұлттық энциклопедиясы
  • «Өмір – тіршілік қауіпсіздігі». С.Арпабеков. – Алматы, 2004.
  • www.google.kz