Жұмыстан босатылған әрбір қызметкердің жеке ісі үшін дербес іс ресімделуі мүмкін. Бұл ретте құжаттарды көлемі 250 беттен аспайтындай етіп бір іске тіккен тиімді. Мұндай жағдайда жекелеген жеке істер қызметкерлердің жұмыстан босатылған жылдары бойынша тігіледі. Істің ішінде олар фамилиялары бойынша әліпби тәртібімен орналастырылады да бір-бірінен ортасына фамилиясы жазылған таза парақ салу арқылы бөлінеді. Біріктірілген іске жеке іс иелерінің аты-жөндері жазылған ішкі тізімдеме жасалады.
Мұрағатқа сақтауға қажет болмаған еңбек кітапшалары беріледі.
Еңбек кітапшалары қатаң түрде әліпби тәртібімен сақталады. Әрбір еңбек кітапшасы жеке бірлік деп табылып, іске тігілмейді.
Жеке құрам бойынша көптеген құжаттар ұзақ жылдар бойы сақталады және ерекше есепке алынатын құжаттарға жатады. Сондықтан олар бойынша мынадай журналдар жүргізіледі:
● жұмысқа қабылдау, ауыстыру, босату туралы бұйрықтарды есепке алу журналы;
● іссапар туралы бұйрықтарды есепке алу журналы;
● еңбек кітапшаларын есепке алу журналы;
● жеке істерді есепке алу журналы.
Бұл журналдар істермен бірге мұрағатқа тапсырылады. Сақтау мерзімі қысқа (10 жыл) болып келетін барлық кадр құжаттары мерзімді жылдан кейін бір күнтізбелік жыл өткен соң жойылуы мүмкін. Бұл құжаттар мұрағатқа тапсырылмайды. Жою актісінің негізінде кадр қызметінің қызметкерлері жояды.