Компоненттерiнiң бiрiнде iс-оқиғаның себебi, екiншiсiнде салдары баяндалатын салаластың түрi себептес (себеп-салдар) салаластар деп аталады. Егер құрмаластағы екi компонент сондықтан, сол себептi жалғаулықтарымен байланысса, алғашқы компонентте iс-оқиғаның себебi, соңғысында соның салдары берiледi. Ал екi компонент өйткенi, себебi жалғаулықтарымен байланысса, алғашқы компонентте iс-оқиғаның салдары баяндалып, соңғысында оның себебi баяндалады.
Қоғаммен тығыз байланыстағы адам және оның әрекеті белгілі бір философиялық заңдылықтарға сүйенетіні мәлім. Диалектиканың негізгі категорияларының бірі – себеп-салдарлық. Себеп–салдарлық байланыс объективті әлемдегі өзара байланысты құбылыстардың бірі ғана емес, сонымен бірге құбылыстар арасындағы көпжақты байланыстың негізі болып саналады. Жалғаулықты себеп-салдар салалас құрмалас сөйлемнің өзіндік ерекшеліктері айқын, сондықтан тіл білімінде оған қатысты аса бір күрделі мәселе бар деуге болмайды. Әдетте олар екінші компоненттің құрамында келеді.
Егер себептік салаластар сондықтан, сол себепті жалғаулықтары арқылы байланысса, алдыңғы компоненті екінші компонентте орындалған не орындалып жатқан, болмаса орындалатын іс-сапаның себебін білдіреді. Ал егер компоненттер себебі, өйткені жалғаулықтары арқылы байланысса, соңғы компонент алдыңғы компонентте орындалған не орындалып жатқан, болмаса орындалатын іс-сапаның себебін білдіреді.
Кезiнде Қ. Жұбанов шарт-жағдай салалас деп атаған шартты салаластардың компоненттерiнiң мағыналары өзара шарттас болып келедi. Жалғаулықтары: әйтпесе, болмаса. Шартты салаластың жалғаулықсыз түрiне жалғаулық қойып, бiрiнiң орнына екiншiсiн қолдана беруге болмайды. Алғашқы компонентiнiң баяндауышы етiстiктiң бұйрық райынан жасалады.
Диалектика категориялары тұрғысынан алсақ, шарт категориясы себеп категориясымен тығыз байланыста болады. Бұл жөнінде ғалымдар себеп және шарт категорияларының қарым-қатынасы диалектикалық сипатта болатындығын, шарттың себеп болу, себептің шарт болу мүмкіндігінің молдығын, себеп дегеннің өзі — әрқашан да белгілі бір дәрежедегі шарт екендігін айтады.
Шарт мәнді сөйлемдердегі компоненттер арасындағы мағыналық қатынас төмендегіше көрінеді:
1) шарт – орындалатын нәтиже
2) шарт – орындалмаған нәтиже (қимыл-әрекет)
3) шарт – орындалу-орындалмауы белгісіз нәтиже (қимыл-әрекет)
Бұл мағыналық қатынас барлық тілдерде де бар. Осыған орай, шарт мәнді сөйлемдерді, оның ішінде шартты бағыныңқыны мағыналық жақтан кейбір зерттеулерде үш түрге (реалды, ирреалды, болжалды) ажыратылса, ендi бiрде екiге бөлiп (реалды, ирреалды) қарастырады.
Мысалы: Сен келiсiм бер, әйтпесе басқамен сөйлесемін (реалды шартты салалас). Сен келiсiм бер, әйтпесе мен саған жоқпын (ирреалды салала). Сен келiсiм бер, әйтпесе менің кетіп қалуым да мүмкін (болжалды).
Салыстырмалы салаластар. Жалпы тілімізде салыстырудың екі түрі бар: біріншісі – екі заттың сапасының салыстырылуы (Бетегеден биік, жусаннан аласа және т.б.); екіншісі – зат сапасын белгілі бір қалыптасқан сапа дәрежесімен салыстыру (көкшіл, жастау және т.б.). Ғалымдар оның алғашқысын нақты компоративтер деп, ал екіншісін интенсивтер деп атайды. Құрмалас сөйлемдегі салыстыру мәнінің өзіндік ерекшеліктері бар.
Салыстырмалы мәндегі құрмаластарда бір-біріне антитеза немесе аналогия ретінде алынған екі түрлі субъектінің қасиеті, іс-әрекеті, жай-күйі суреттеледі. Мысалы:
Құлаққа жағар дәмді сөз бар да, құлақты сарсытар, татымсыз сөз бар (М. Иманжанов).
Мұндайда салыстыру заты ортақ болуы мүмкін немесе салыстыру заты ретінде екі басқа зат алынуы мүмкін: Қарағайға қарап тал өсер, ал қатарына қарап бала өсер.