Ұсыну құқығы бойынша мұрагерлік және мұрадағы міндетті үлес туралы қазақша реферат
ҚР-ның АК-нің 1067 бабында ұсыну құқығы бойынша мұрагерлікті жүзеге асыру ережесі көзделген. Осы ереженің мәтінінде бір қатар сәйкессіздік пен қателіктерге жол берілгені байқалады. Біріншіден, баптың атауы ереженің мазмұнына сәйкес келмейтіні көрініп тұрғаны білінеді. Мысалы, мұра қалдырушының өзінен бұрын қайтыс болған баласынан қалған немере мұрагерлікке шақырылғанда, ол немереге ешқандай «ұсыну құқығы» берілмейді. Оған тиесілі мұрадағы үлестің иесі әкесі болар еді, бірақ ол мұра ашылғанға дейін қайтыс болғандықтан мұра қалдырушының немересі әкесінің өкілі іспетті мұраға шақырылады. Сондықтан ҚР-ның АК-нің 1067 бабын «Өкілділік құқығы бойынша мұрагерлік» деп атаған жөн болар еді.
Екіншіден, ҚР-ның АК-нің 1067 бабының 1 тармағындағы «мұра қалдырушымен бір мезгілде қайтыс болған заңды мұрагерлердің үлесі… ұсыну құқығы бойынша оның тиісті ұрпақтарына өтеді» делінген ереже қате. Бір мезгілде (бір күнде) қайтыс болған адамдар коммориенттер деп аталады, олардың әрқайсысы бірінен кейін бірі мұрагер бола алмайды. Мысалы, ерлі-зайыптылар бір мезгілде (бір күнде) қайтыс болса (жол апатынан, т.с.с.), олардың әрқайсысының мұралары бөлек ашылады, бірінің мұрасына екіншісінің құқығы болмайды. Сондықтан олардың біреуіне де мұралық үлеске құқық берілмейді, ал жоқ үлес ұрпақтарға өтпейді.
ҚР-ның АК-нің 1067 бабының 2 тармағындағы «мұра ашылғанға дейін…. қайтыс болған мұрагердің ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұрагер болмайды» делінген ереже қате. Ұсыну (өкілділік) құқығы бойынша мұрагерліктің негізгі мәні мен мақсаты заңды мұрагердің мұра қалдырушыдан бұрын қайтыс болған жағдайда оның үлесін ұрпақтарына өткізу азаматтық заңда орын тапқан әділеттілік қағидасының көрінісі. Мысалы, ағайында екі адамның біреуі қайтыс болып артында баласы қалады. Енді екінші туғаны (бауыры) қайтыс болғанда, алғашқысынан қалған баласы әкесіне тиесілі мұра үлесін алуына құқылы болады. Аталмыш ереженің мәнің заң шығарушы басқаша белгілеген тәрізді. Мұнда «лайықсыз мұрагерге» қатысты шектеу қойылған болуы керек. Сондықтан ҚР-ның АК-нің 1067 бабындағы ережелердің мәтінін өзгертіп мына ережелерді енгізген орынды болар еді:
1067-бап. Өкілдік құқығы бойынша мұрагерлік
- Мұра ашылғанға дейін қайтыс болған заңды мұрагердің үлесі осы Кодекстің 1061 бабының 2 тармағында , 1062 бабының 2 тармағында және 1063 бабының 2 тармағында көзделген жағдайларда өкілдік құқығы бойынша оның тиісті ұрпақтарына өтеді және олардың арасында тең бөлінеді.
- Мұра ашылғанға дейін қайтыс болған лайықсыз мұрагер осы Кодекстің 1045 бабына сәйкес мұра алу құқығын иелене алмайтын мұрагердің ұрпақтары өкілділік құқығы бойынша мұрагер болмайды.