1. Отбасы тәрбиесi, (ұл мен қыз тәрбиесiнiң ерекшелiктерi, жастарды жұбайлық өмiрге даярлау).
2. Отбасы тәрбиесiнiң 8 түрi.
3. Қазақстандықтардың ұлттық салт-дәстүрлерiн марапаттаудың әлеуметтiк мәнi
Қазақ халқы ұл тәрбиесi мен қыз тәрбиесiне ерекше қарап, оның өзiндiк ерекшелiгiн ескере тәрбиелеген. Осыған орай ұл тәрбиесi мен қыз тәрбиесiне жеке-жеке тоқталуға тура келдi.
Ата көрген оқ жонар. Ата-бабамыз ұлды өздерiндей еңбексүйгiш, малсақ, жауынгер, әншi, күйшi, аңшы, құсбегi — бесаспап азамат етiп тәрбиелеудi мақсат еткен. Жiгiттiң бойына өнер мен еңбектi, iзгi адамгершiлiк қасиеттердi қатар сiңiрген. Ер баланы бес жасынан бастап ат жалын тартып азамат болғанға дейiн мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, терiден, темiрден түрлi тұрмысқа қажеттi бұйымдар жасауға, яғни қолөнер шеберлiгiне баулыған. Әсiресе әкелерi мен аталары ұлдарға мал жаюдан бастап шаруаның алуан тәсiлдерiн үйретiп баққан. Мысалы, малды ерте өргiзу, саулатып қоя бермей, алдын кес-кестеп қайырып, тоқтатып жаю, шаңқай түске дейiн жусатпауды тапсырған.
Буаз малды ауылға жақын жаю, туа қалса төлiн алып жылы қораға тез жеткiзу, қойдың қозысын ауыздандыру (енесiн дүрыс емуге үйрету), жаңа туған жас төлдi аяқтандыру, т.б. әдiс-тәсiлдердi баланың жасынан бiлуiн қадалаған. Ат суыту, аттың ыстығын шығару үшiн аяғының күре тамырынан қан алу, еркек малды пiшу, қойды қырқу, тоғыту, мал сою, түйе қомдау, түйеге жүк арту, ер-тұрман әзiрлеу, қайыс илеу, сiреден таспа тiлiп, айыл, қамшы, жүген, шiдер өру, қой қосақтау, түйе матау, кесек құйып, қора салу, құрық салып, асау ұстау, оны үйрету, қазақы үйдi жығу, оны тiгу — мiне осының бәрi ер баланы жастайынан еңбекке тәрбиелеудiң өзегi болған. Ежелден мал бағып, айға қарап жұлдыз санап күн кешкен қазақ халқы өз ұрпағын өсiмдiктiң түр-түсiн ажырата бiлуге, қараңғы түнде жүлдызды аспанға қарап бағыт-бағдар белгiлеп, қоныссуды дәл табуға үйреткен.
Қонақ күту, үлкенге иiлiп сәлем беру, ән айтқызу, домбыра тартып күй шерткiзу, өлең-жыр жаттату, жаңылтпаш-жұмбақ үйрету немесе теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, сайыс, көкпар, күрес сияқты ұлт ойындарын үйрету тәрбиенiң басты шарты болып есептелген.
Қазақта қонақ күтудiң де жазылмаған, бiрақ дәстүр болып қалыптасқан заңы бар. Үй иесi қонақты сыйлап, ас-суға тойдырғаннан кейiн, жатар алдында өзi ауылдың алты ауыз өлеңiн айтып немесе күй шертiп қонағына құрмет көрсетедi де, қонақтан “қонақ кәде” сұрайды. Қонақ өлең, жыр, қисса, ертек, терме, толғау айтып берiп немесе күй шертiп өз өнерiмен үй иелерiне құрмет көрсетуге мiндеттi болған.
Үнемi үйге келген қонақтан өлең-жыр, ертегi, аңыз әңгiме естiп өскен балаға да жастайынан сөз өнерiне бейiм, өнегелi, өнерлi болып өсуiне әсер еткен, “қонақ кәде” мен “ауылдың алты ауызы” жастарды сөз қадiрiн бiлуге, шешендiкке, ән мен жырға баулып өсiруде белгiлi рөл атқарған.
Баланы жастайынан сөз өнерiне баулу, мақалдап, тұспалдап ойды көркем сөзбен тыңдаушыға жүйелеп жеткiзе бiлуге үйретудi ата-бабамыз мақсат тұтқан. “Бiлiмдiден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” деп текке айтпаған.
Сөзiңдi айт ұққанға,
Айтып айтпай не керек —
Құлағына мақта тыққанға,—
деген мақал осы ойды меңзейдi.
Сондай-ақ қонақтың “ат тергеу” салты да болған. Ол үйге келген үлкенге 5-6 жасар баладан бастап отбасы мүшелерiнiң бәрi сәлем беруден басталады. Қонақ баладан жетi атасын таратып берудi талап етедi. Бала өзiнен бастап жетi атасына дейiнгiлердiң аттарын атап шығып, қай рудан екенiн бiлдiредi. Қонақ “жақсы, өнегелi азамат бол!” деп батасын бередi. Ат тергеу далада кездесе қалғанда жолаушылардың бiр-бiрiне сәлемдес-кеннен кейiн де iске асыратын әдетi. Мәселен, жасы үлкен адамға жасы кiшi жолаушы бұрылып келiп амандасқаннан кейiн, қарияның “қарағым, қай рудансың, қай ауылдың азаматысың?” деп сұрақ қоюы заңды болған. Осы кезде жасы кiшi азамат өзiнiң ата-тегiн айтып таныстырады. Оны бiлмеген ұят саналған. Ондайларды “жетi атасын бiлмейтiн — жетесiз!” деп сөгетiн болған.
Жiгiттiң үш жұрты. Ол — өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты деп аталады. Ел азаматы осы үш жұртын (өзiнiң әке жағындағы туыстары мен шеше жағындағы туыстарын, алған жарының ел-жұртын) жақсы ажырата бiлуi заң болып саналған. Үш жұрттың жәй-жапсарын ұлдың әке-шешесi жiгiтке айтып үйретiп, құлағына сiңiрiп отыруды мiндет санаған.
Отбасындағы ұл тәрбиесiнде әке мен аталардың рөлi ерекше. Әке үйелменнiң басшысы, отбасы мүшелерiнiң тiрегi, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Әкенiң мiнез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-бiлiмi — ұл баланың көз алдындағы үлгi-өнеге алатын, соған қарап өсетiн нысанасы. Қазақта бiреудiң баласы жақсы, өнегелi азамат болса: ”Оның әкесi немесе атасы жақсы кiсi едi, өнегелi жерден шыққан ғой” деп мадақтайтыны сондықтан. “Әкеге қарап ұл өседi, шешеге қарап қыз өседi”, “Әке — бәйтерек, бала — жапырақ”, “Жас – кәрiнiң көзi, кәрi — жастың тезi”, “Ата — балаға сыншы” мақалдары да осы пiкiрдi халықтың қуаттауынан туған.
Отбасында әкелерi немесе аталары өз өнерлерiн балаларына үйретiп, олардың өзiндей мерген, аңшы, құсбегi, қолөнер шеберi немесе әншi, күйшi, ақын етiп тәрбиелеуге көңiл бөлген. Ата өнерiн баласының қууы, оны мирас етуi ежелгi ел дәстүрi болған. Қазақ халқының өмiрiнде жетi атасына дейiн мергендiк, аңшылық немесе ұсталық, күйшiлiк, емшiлiк өнердi қуып өткен адамдар жиi кездеседi. Осындай әке мұрасын жалғастырушы өнерлi жастарды дәрiптеу қазақ ауыз әдебиетiнен өзектi орын алған. Мысалы, Құламергеннiң баласы Жоямерген, Тобықбай сыншының баласы Толыбай туралы ертегi-аңыздар осы пiкiрдi дәлелдейдi. “Атадан ұл тумас болар ма, ата жолын қумас болар ма” деген мақал да — сол пiкiрдiң айғағы.
Аталары балалары мен немерелерiне ертегi, аңыз-әңгiме, мақал-мәтелдер айтып берiп, шешендiкке, тапқырлыққа тәрбиелеген. Мысалы, Абай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Әуезов сияқты ұлы ақын-жазушылар-дың немесе Төлеби, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сияқты ел билеушi шешендердiң жастайынан елдiң салт-дәстүрлерi мен заңдарын, аңыз-әңгiме мен өлең-жыр, мақал-мәтелдерiн жаттап, жадында сақтап, көп бiлуi әкелерi мен аталарының әсерi екенi сөзсiз. Көптi көрген қариялар отбасының, ауыл-аймақтың үлгi тұтар тұлғасы, тәлiм-тәрбие мектебi сияқты.
Қазақ ауылында бала тәрбиесiне бүкiл ауылдың үлкендерi, әсiресе қарттары араласқан. Үлкендер ауыл-дастарының балаларының өрескел мiнез-құлқын көрсе, ұрсып, зекiп тыйым салуға, ақыл айтуға, тiптi реттi жерiнде ұруға да хұқылы болған.
Ән айтуға, күй шертуге, зергерлiк өнерiне бейiмi бар балаларды әке-шешесi, атасы ел iшiндегi аты шыққан әншi, күйшi, ұсталардың жанына қосып, шәкiрттiкке беруi ата дәстүрi болып саналған. Ал шәкiрттiң ұстазын ұлы әкесiндей сыйлауы, оның өнерiн жалғастырып, көпке тарату немесе жақсының жанында жүрiп, өнегелi шешен, ақын, билердiң, көптi көрген қариялардың батасын алу олар үшiн парыз боп есептел-ген. Сол мектептен тәлiм-тәрбие алған өнер адамдары ұстаздар жолын қуып, өнерiн жалғастырған. Мысалы, Төле би, Қазбек, Әйтеке билердiң ұстазы Әнет бабаның оларға айтқан өсиет-өнегелерi, Бiржанның өнер мектебiнiң түлектерi (үкiлi Ыбырай, Иманжүсiп, Балуан Шолақ, Ақан серi, Мәди), Тәттiмбеттiң шәкiрттерi (Жақсымбет, Қыздарбек, Ж.Каламбаев,. Ә.Хасенов), Құрманғазының шәкiрттерi (Сейтек, Дина, Соқыр Есжан) — ұстаздарының ұлағатын, өнер туындыларын жадында сақтап, бүгiнгi күнге жеткiзушiлер.
Сондай-ақ, атақты үйшi Сандыбай, зергер-ұсталар Әйтеке, Балтеке, Үйсiнбай, отамашы Шоқбатыр, Кәдiрсiз, Смый, суретшi Ә.Қастеевтер — өз өнер мектептерi бар халық таланттары. Олардың өнер үлгiлерi ұрпақтан-ұрпаққа шәкiрттерi арқылы тарап, бiрден-бiрге жалғасып, бүгiнгi дәуiрге жеткен.
Ежелгi ата-бабаларымыз “Жiгiтке жетпiс өнер аз”, “Өнердi үйрен, үйрен де жирен”, “Өнерлi өлмейдi” деп насихаттай отырып, қолөнерi мен шешендiк, тапқырлық, ақындық өнердi тең санаған.
Өнегелi, өнерлi, “Сегiз қырлы, бiр сырлы”, намысқор азамат тәрбиелеу аталар арманы болған. Ал аталар жолын қуып, өнерi мен өнегелi iсiн жалғастыру жастарға да үлкен сын болып саналған. “Ата көрген оқ жонар” деген мақал соны меңзейдi.
Қыз өссе — елдiң көркi. Қай ата-ананы алсақ та, қызының ертең барған жерiнде балдай батып, судай сiңiп кетуiн, жақсы жар, әдептi келiн, аяулы ана болуын армандайды. Қасиеттi ана қызының тәрбиелi болып өсуi үшiн жасынан ақ шашты қарияның алдынан аттатпай өсiредi. Халқымыз “Келiн-нiң — аяғынан, қойшының — таяғынан” дегенде, жаңа отаудың береке-құтын, ағайын-туыс, ауыл арасындағы беделiн, болашақ ұрпағына дұрыс тәлiм-тәрбие беруiн келiннiң жақсы-жаман қасиеттерiмен өлшеген.
Қазақ халқы келiннiң келген жерiнде жақсы жар, абзал ана, ұқыпты әйел болуы, бiрiншiден, оның өскен ортасына байланысты десе, екiншiден, келген жерiне де байланысты деп қарайды. Жаңа түскен жас келiнге енелерi қонақ күту, ас ұстау, бала күту, т.б. мәселелерде үнемi ақыл-кеңес берiп үйретiп отырады. “Келiннiң жақсы болмағы қайын ененiң топырағынан” деп, ененiң жас келiнге қамқоршы болуын талап еткен. Сондықтан да “Жақсы ауылға келген келiн — келiн, жаман ауылға келген келiн-келсап” деп текке айтпаған.
Әйел қандай биiк дәрежелi жұмыс iстемесiн, қайда болмасын оның ең басты мiндетi — өмiрге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу. Көп жағдайда отбасының берiктiгi әйелге байланысты. Әйел сабырлылығы, кешiрiмдiлiгi, сыпайы-лығымен, т.с.с. жақсы қасиеттерiмен үй-iшiне береке әкелiп, шаңырақ бақытын орната алады.
Үлкендi сыйлау — бiздiң халқымыздың ежелгi дәстүрi. Ол дәстүр бойынша жастар үлкеннiң алдын кесiп өтпеуге, сыпайы болуға, үлкенмен сөз жарыстырмауға, тiптi үлкендердiң алдында қатты күлмеуге тиiс. Осындай ата дәстүрiмiздi бүгiнгi жастар жадында сақтап, жалғастыра бiлуi қажет.
Тән сұлулығы. Қыздарға жан-жақты сұлулық, яғни, жан сұлулығымен қоса, тән сұлулығы бiрдей болғаны жарасады. Жастықтың өзi — сұлулықтың, нәзiктiктiң белгiсi. Қыз балалардың көрiктi болып өсуiне ертеде аналары ерекше көңiл бөлген. “Аттың көркi — жалы, арудың көркi — шашы” деп ұққан аналар қыздың шашын дұрыстап күтiп-өсiрудi өнер санаған. Шашты жақсы өсiру үшiн айранмен, қынамен жудырған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етiп өру бойжеткен қыздардың көркi болған. Оған, мысалы, қыз бен жiгiт айтысындағы:
“Атымды әкем сүйiп Несiп қойған,
Шашымды бестемшелеп есiп қойған”,
деген сөз тiркестерi осы пiкiрдi дәлелдейдi.
Халық жырларында аруларды “Шашының ұзынды-ғы iзiн басты”, немесе “Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген”, “Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты” деп сипаттаған.
Бойжеткен қыздардың киiм киiсiне де ерекше көңiл бөлген.
“Адам көркi–шүберек,
Ағаш көркi–жапырақ”,
“Қыз өссе–елдiң көркi”,–
деп таныған халқымыз қыз балаларға қынама қамзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрiк, қос етек көйлек, биiк өкше етiк тiктiрiп кигiзген. Сырға, бiлезiк, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған. “Қыздың көзi — қызылда” деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйiрлiгiн бiлдiредi.
Ұзатылатын қыздың аулында айтылатын “Жар-жар”, “Жұбату”, “Сыңсу” өлеңдерiнде, келiн түсiру тойында орындалатын “Беташарда” қыздың, жас келiннiң басты-басты киiмдерi, сән-салтанаты мадақтала жырланған.
Халық жырларындағы арулардың сұлу мүсiнiн шебер суреттеудегi мақсат — жастарды әсемдiк сезiмге бөлеу. Сұлулықты терең сезiнiп, соған елiктесе екен деген ой-пiкiрден туған.
Халқымыз қыздың көркiне ақыл-ойы, мiнезi сай болуын қалаған. “Қыз — қылығымен сүйкiмдi”, “Қызым үйде, қылығы түзде” деп, қыз тәрбиесiнiң ерекшелiгiне аса жоғары мән берген.
Қыздың ұзатылып барған жерiнде өсiрген ата-ананың, өскен ауылдың атына кiр келтiрмеуiн, сағын сындырмауын тiлеген.
Адамның мәдениетi мен тәрбие деңгейi оның сырт бейнесiнен, киiне бiлуiнен де көрiнедi. Бiздiң этикалық-эстетикалық мұратымыз — сырт көрiнiстiң әдемiлiгi мен рухани кемелдiлiктiң табиғи бiте қайнасуы. ”Сырт пiшiннiң адам өмiрiндегi мәнi зор, — деп жазды А.С.Макаренко. — ұқыпсыз, салақ адамды өз iсi мен қылығына есеп бере алады деп ойлау көбiне қиын. Киiне бiлу әдемiлiгiнiң де жүрiс-тұрыс әдемiлiгiнен маңызы кем емес”. Қоғамның дамуына байланысты киiмнiң сәнi де өзгерiп отырады. Адамның әр уақытта өз тұсындағы сәнге сәйкес киiне бiлуi оның әсем-кербез талғамына байланысты. Жарасымды киiну дегенiмiз ең алдымен адамның үстiне киген киiмнiң бойына, түсiне, жас ерекшелiгiне үйлесiмдi болуы.
Киiмнiң сәндi де жарасымды болуымен қатар, киiп барған жерiндегi жағдайға, отырған орнына, iстейтiн қызметiне сәйкес келуiн де ескеру қажет.
Қыздардың темекi тартуы, iшiмдiкке үйiрлiгi бүгiнде әдетке айналып бара жатқаны байқалады. Орынсыз киiну, орынсыз жүрiс-тұрыс әйел затының әйелдiк, нәзiктiк, сыпайылық көркiне нұқсан келтiретiн қылық екенiн естен шығаруға болмайды.
Ишанбай Қарақұлов айтқандай: ”Адам жарасымды тәуiр киiне бiлуi керек. Бұған кiмнiң таласы бар. Әйтсе де бүгiнгi жастарға әдебi мен әдетi көпке үлгi жас ұрпақ өкiлдерi екендерiн қашан да, қайда болса да есте сақтаңдар дегiмiз келедi. Өзiңдi басқаларға үлгi ет, басқаларды қызықтыратындай әдептiлiктiң иесi бол деймiз. Денсаулыққа, тазалыққа, сыпайылыққа зиянды ерсi әдет қай жерде де жеткiлiктi. Қыс пен күздiң суық күндерiнде де келте көйлекке қызығып, денсаулығына зиянын тигiзiп алған, боянамын деп әсем шашын әлемештеп алған, кiрпiктерiн жұлып, ендi оны қайта өсiре алмай жүрген бикештер аз ба? “Әсемпаз болма әрнеге”,— деп Абай осындай ұрпақтарына ескерткен сияқты болады да тұрады.
Бiз жастардың, әсiресе, балаларымыздың әдептi, сыпайы болғанын өте ұнатамыз. ”Әйелдiң бойындағы әлсiздiктi ұнатам” дегенде К.Маркс оларды тiптi де кемсiтiп айтпаған ғой”.
Жаным — арымның садағасы. Қазақ халқы неке тазалығына, қалыңдықтың арын сақтап, қыздың қасиетiн жоғары ұстауына өте зор мән берген. “Қызға қырық үйден тыйым, мың сан үйден сын” деп, ата-бабаларымыз қыздың абыройын бүкiл ауыл-аймақ болып қорғаған.
Неке тазалығы — болашақ шаңырақты қолайсыз жағдайда қалдырмау үшiн бойжеткен қыздарды жеңге-лерi үнемi қорғап жүрген. Айт пен тойға бiрге барып, жалғыз жiбермейтiн болған. Ар тазалығы үшiн күрестi жоғары санаған ата-бабаларымыз ”қыз қылығымен” деп, әдептi, инабатты, арлы болуын қалаған. ”Жаным — арымның садағасы” деп санаған.
Ар тазалығы отбасы берiктiгiне де себепкер болған. Қазан төңкерiсiне дейiнгi отбасында айрылысу, баланы тiрi жетiм ету дегеннiң болмауына да осы ар тазалығы үлкен әсер еткен.
Қазiргi күнде де неке тазалығы — болашақ шаңы-рақтың берiктiгiнiң, татулығының ұйтқысы, жұбайлар-дың нәпсiқұмарлыққа салынуға имандылық жағынан да, әлеуметтiк жағынан да хақы жоқ, ал кездейсоқ кездесу-лер — ол гигиеналық тұрғыдан өте қауiптi. Ол түрлi жұқпалы ауруларға соқтықтыруы да мүмкiн.
Сондықтан 7-8 сыныптарда оқушылармен арнайы факультативтiк сабақ өткiзiп, жастардың келешек отба-сын құрудағы медициналық, құқықтық, моральдық мiндеттерi мен құқығы туралы әңгiме өткiзудi ұмытпаған абзал.
Отбасы тәрбиесiнiң 8 түрi
Халықтық педагогикада тәрбиенiң сегiз түрi бар. Олар: дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершiлiк, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелерi. Ендi осы тәрбие түрлерiне қысқаша тоқталып кетейiк.
Жеке адамды жан-жақты дамытуда дене тәрбиесiнiң рөлi ерекше. Дене тәрбиесiнiң мақсаты оқушының денесiн дамытуға, денсаулығын нығайтуға, ағзасын шынықтыруға, күн тәртiбiн дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмiр салтына тәрбиелеу. Халық педагогикасында дене тәрбиесi адам дүниеге келген күннен бастап қолға алынады.
Халық еңбектi бүкiл тәрбие жүйесiнiң күретамыры деп қарастырған. Еңбекке асыл мұрат деңгейiнде қарайды. Еңбек тәрбиесi деп оқушыны еңбекке сүйiспеншiлiкпен, еңбек адамдарына құрметпен қарауға, халық шаруашылығының салаларындағы еңбектiң алуан түрлерiне баулу, еңбек iс-әрекетiнiң барысында олардың дағдысы мен iскерлiгiн қалыптастыруға, сөйтiп болашақта мамандық тандауға дайындау деп түсiнемiз. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсiптiк бағдар беру оқушылардың қоғамға пайдалы, өнiмдi еңбекке тiкелей қатысуы оқуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеудiң, жеке адамды адамгершiлiк және зиялылық жағынан қалыптастырудың негiзгi көзi болып табылады.
Адамгершiлiк тәрбиесi дегенiмiз окушыларды қоғамның моральдық нормасын орындауға белсене қатыстыру, олардың бойына тәртiптiлiк пен мiнез-құлық тәжiрибесiн қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбекке және қоғамдық iс-әрекетке деген жауапкершiлiк сезiмiн тәрбиелеу.
Акыл-ой тәрбиесi әр заманда жастарға бiлiм берудiң негiзгi құралы болып келдi. Ақыл-ой тәрбиесi — адам зиялылығының негiзi. Сол арқылы оқушыны ойлау iс-әрекетiнiң басты шарты болып табылатын бiлiм қорымен қаруландыру, негiзгi ойлау операцияларын меңгерту, бiлiм, бiлiк, дағдылар мен дүниетанымын қалыптастыру мiндеттерi шешiледi.
Тәрбиенiң басқа салаларымен тығыз байланысты тәрбиенiң түрi экономикалық тәрбие. “Экономикалық тәрбиенiң негiздерi” еңбек тәрбиесiнде жатыр. Экономикалық тәрбиеде көзделетiн мақсат — оқушыларды бiлiмдер негiздерiмен қаруландыру, қоғамның экономикалық саясатын ұғындыру, өндiрiс, айырбас, бөлiсу және тұтыну ауқымындағы негiзгi экономикалық қатынастарды тәжiрибеде меңгерту деп түсiну керек.
Экологиялық тәрбие дегенiмiз — экологиялық нормалардың, ережелердiң қажеттiлiгiн жастардың мiнез-құлқында тәрбиелеу және экологиялық мәдениет дағдысын қалыптастыру. Экологиялық тәрбие еңбек тәрбиесiмен тығыз байланысты. Өйткенi өндiрiстiк iс-әрекеттiң барысында адам өзiн қоршаған ортаға тiкелей әсер ете алады.
Сондай-ақ, адамның сұлулық сезiмдерi олардың өмiрiнде зор рөл атқарады. Әсемдiктi көре, түсiне, жасай бiлу адамның рухани өмiрiн байытады. Сұлулықты танытудың негiзгi құралдары әдебиет және өнер. Сұлулық тәрбиесiнiң мақсаты оқушыны көркемдiк пен сұлулықты тани бiлуге, оған баға беруге, күнделiктi өмiрдегi адамның жеке басының эстетикасын, қатынас эстетикасын, үй-жағдай және киiм-кешек эстетикасын қалыптастыру, талғампаздыққа тәрбиелеу және сыртқы мәдениетi мен iшкi дүниесiнiң үйлесiмдiлiгiн қалыптастыру.
Ал жоғары дамыған құқықтық мәдениет болмай қоғам алдындағы мiндеттердi орынды шешу мүмкiн емес. Адамның құқықтық мәдениетi күрделi. Ол әр адамның құқықгық тәрбиесiнiң деңгейiмен тығыз байланысты. Құқықтық тәрбие деп оқушыға құқықгық бiлiм беру, занды құрметтеуге, құқықты қорғау iс-әрекетiне тәрбиелеуге үйрету деп түсiнуiмiз керек. Адамның неғұрлым құқықтық бiлiмi толық және терең болған сайын оның құқықтық мәдениетi жоғары болады.
Егемендi елiмiзде 120 ұлттың өкiлдерi ұзақ жылдар бойы тату-тәттi, бiрге өмiр сүрiп жатыр. Ұлт достығын күшейтуде Кеңестiк идеологияның оң ықпал еткенiн естен шығаруға болмайды.
Соңғы он бес жыл iшiнде әлемнiң әр түпкiрiнде этникалық және дiни қақтығыстардың жиi болып жатуы халықтар бiрлiгiн күшейтудегi идеологиялық жұмыстардың әлсiреуiнен де болып отырғаны көпке аян.
Ел президентi Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай “Iшкi саяси тұтастық пен қоғамның топтасуы саяси, идеологиялық, дiни, этникалық немесе таптық мүдделердi бiрiктiруге бағытталған ұлттық салт-дәстүрлер мен ұлттық мәдениеттi насихаттауға байланысты” деп қарауға тура келедi.
Ұлт мәдениетiнiң өзiндiк ерекшелiгiн ақтара қарап терең зерттеген педагог ғалымдардың бәрi де оның тәрбиелiк мәнiн сөз етпей өткен емес. “Халықтық тәрбиеден тыс жерде педагогика да жоқ, педагог та жоқ” деп орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский текке айтпаған.
Ұлттық тәрбиенiң ұйтқысы — ана тiлi. Тiлiн жоғалтқан этнос, өзiнiң бұрынғы этностық қасиетiнен айрылады. А.Н.Толстойдың “Тiл ұлттың жаны… идеяның, сезiмнiң, ойдың жанды көрiнiсi” деуi де ұлт тiлiнiң ұлттық мәдениеттi басқаларға бейнелеп бере бiлудегi артықшылығын көрсетуi деуге болады.
“Тiл — халықтың тарихы, сана-сезiмi, көңiл-күйi, әдебиетi, мәдениетi. Тiлсiз мәдениет пен тарихтың дамуы мүмкiн емес” (А.И.Куприн) деп қарайтын болсақ, ұлттық тәлiм-тәрбиенiң де асыл арқауы тiлге келiп тiреледi.
Ұлттық мәдениет пен мемлекеттiк тiлдiң өркендеуi Қазақстанда тiршiлiк ететiн жүзден астам ұлттардың этникалық жағынан өркен жайып көркеюiне мұрындық болып отыр.
Этностық мәдениеттiң өсiп-өркендеуi үшiн де қолайлы жағдай, мәдени кеңiстiк керек. Ол кеңiстiк деп отбасын, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiн, оқу орындарын, ұлттық мәдени орталықтар мен газет-журнал, көркем және ғылыми әдебиеттердi, ғылыми зерттеу және әкiмшiлiк мекемелерiн жатқызамыз.
Соңғы он бес жыл iшiнде, әсiресе соңғы 4-5 жылда Қазақстанда тұратын аз ұлттардың балаларының ана тiлiнде оқу оқып бiлiм алуына, ұлттық мәдениет үлгiлерiн насихаттауға бiр табан болса да қолайлы жағдай туғызылды. Республикамызда 15 ұлттың тiлiнде 36 жексембiлiк дiни мектептер жұмыс iстейдi. Онда 2500 бала, 970 ересек адамдар оқиды.
Бүгiнде республикада немiс, өзбек, ұйғыр, корей, украин, татар тiлдерiнде 138 мың дана газет-журналдар шығып тұрады.
Тәулiгiне бiрнеше тiлде радио және телехабар берiледi. Республикамыздың кiтапханаларында корей, немiс, өзбек, ұйғыр, татар тiлдерiнде 70 мың данадай кiтап қоры бар. Қоғамдық мекемелерде корей, немiс, ұйғыр, татар ұлт өкiлдерi жұмыс iстейдi.
Ақпарат құралдары арқылы оқу-ағарту және мәдениет орталықтарында халық-саны аз ұлттардың салт-дәстүрлерi, музыкасы мен ұлттық киiм үлгiлерi, ойын түрлерi, тағамдары туралы үздiксiз мол мағлұматтар берiлiп келедi. Мектептер мен балабақшаларда, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында ән-күй, би ансамбльдерiнiң орындауында ұлттық фестивальдар мен көрмелер, кештер жиi ұйымдастырылуда. Стадиондар мен ойын алаңдарында ұлттық спорт, ойын түрлерi өткiзiлiп, олар ұлт достығының кепiлдiгiне айналуда.
Неке сарайлары мен ауылдық клубтарда жас жұбайлардың үйлену тойлары ұлттық рәсiмде өткiзiлiп халық арасында кең насихатталуда.
Жақсы дәстүр жалғаса берсе екен деген игi тiлекпен Қазақтың Ы.Алтынсарин атындағы бiлiм академиясының этнопедагогика және тәрбие лабораториясының ғылыми қызметкерлерi Қазақстанда тұратын орыс, немiс, поляк, корей, дүңген, тәжiк, түрiк, өзбек, ұйғыр т.б. халықтардың отбасындағы ұрпақ тәрбиелеу дәстүрлерiнiң озық ұлгiлерiн жинастырып, 2000 жылы “Санат” баспасынан “Халық – қапысыз тәрбиешi” атты жинақ шығарды.
Соңғы жылдары Қазақстан халықтарының мақал-мәтелдерi, ән-күйлерi, ұлттық ойындары бiрнеше жинақ болып басылып шықты.
Осының бәрi Қазақстанда тiршiлiк етушi тiлi басқа, тiлеуi бiр, салт-дәстүрi ұқсас елдердiң ұлттық мәдениетiн, бала тәрбиелеу дәстүрлерiн халық арасында кең түрде насихаттауда iстелiп жатқан игiлiктi iстердiң жемiсi, ұлттық ынтымақты күшейтудегi нақтылы iс-шаралар.
Қазақстан халықтарының елiмiздiң экономикасы мен мәдениетiн өркендетудегi соңғы жылдардағы қол жеткен табыстарын ынтымақ пен береке-бiрлiктiң нәтижесi деп қарауға тура келедi.
Егемендi елiмiздi бұдан әрi де бейбiт жолмен өркендете беремiз десек әрбiр ұстаз бен ата-ана, саналы ұлт өкiлдерi:
Ынтымақ елдiкке жеткiзедi,
Береке бiрлiкке жеткiзедi — деген халық қағидасын үнемi iс пен әрекеттiң пәрмендi құралы ретiнде пайдалануды естен шығармауы керек.