Қазіргі кезде адам қызметінің әр түрлі формалары бар, олар жалпы жағдай жасауға және әлемді тануға бағытталған. Халық тұрмысының жақсаруы жаңа әлемді ашуға адамның қажеттілігін, соның ішінде саяхатқа құштарлығын арттырады. Саяхат дегеніміз – туризм. Туризм тек орын ауыстыру емес, ол көптеген экономикалық және әлеуметтік аспектілерді құрайды. Соңғы он жылда туризм мықты дербес индустрияға айналды. Дүниежүзілік Туристік Ұйымның мәліметтері бойынша туризм әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10 пайызын қамтамасыз етеді. Туризм сферасына әлемдік ұлттық жиынтық өнімнің 6%, әлемдік инвестицияның 7%, әр 16-шы жұмыс орны, әлемдік тұтынушы шығындарының 11%, барлық салық түсімінің 5% келеді. Бұл сандар туризм индустриясының экономикаға тікелей әсерін көрсетеді.
Туризм түсінігіне теориялық және практикалық тұрғыдан нақты анықтама берілуі керек.
Көптеген авторлар туризмге толық анықтама беруге тырысты. Әр пікір өзгеше болып табылады және бұл терминнің көптеген өлшемін көрсетеді. Алайда туризмнің әр түрлі түсіндірмесін жинақтап қорыту, белгілі бір «оптимум» таңдау өте қиын.
1980ж. Манила декларациясы «Туризм – халықтар өмірінде маңызды орын алатын әлеуметтік, мәдени, білім және экономика ауданына, мемлекет өміріне және оның халықаралық қатынастарына тікелей әсер ететін қызмет түрі» (Филиппин, қазан 1980 ж.) деп жариялады. 1993 жылы БҰҰ-ның статистикалық комиссиясы туризмге кең анықтама берді: «Туризм – бұл өзінің тұрғылықты жерінен басқа жерде болатын, 1 жылдан аспайтын уақытта демалу, іскерлік және басқа да мақсаттарда саяхаттайтын тұлға қызметі».
Халықаралық туристік Академия баспасында берілген анықтамада (Монте Карло): туризм – көңіл көтеру, демалу немесе емделу үшін жаяу немесе қандай да бір транспорт түрімен жасалатын саяхат.
П.Г.Олдактың пікірінше, қазіргі ғылыммен жинақтап айтқанда: «Туризм – бұл өмір сүрумен және жұмыс орнын ауыстырумен байланыссыз халықтың қозғалысы, демалу, емделу, ғылыми іскерлік және мәдени кездесулер мақсатында саяхаттау» – дейді.
Қазіргі күнге дейін «туризм» түсінігінің көпшілік қабылдаған нақты анықтамасы жоқ. Жоғарыда келтірілген анықтамалар оның тек кейбір жақтарын қамтиды. Бірінші анықтамада әлеуметтік және экономикалық жақтары, ал екіншісінде — әлеуметтік және құқықтық жақтары (адам уақытын есептеуге арналған туризмнің шектелген уақыты) көрсетілген. Туризмнің әлеуметтік жақтарының басым болуы бақыланып отыр, бұл адамдардың қоғамдық-экономикалық өмірін әлеуметтендіру тенденциясымен түсіндіріледі. Бұрынғы СССР кезінде тіршілік деңгейінде барлық әрекеттің әлеуметтік аспектісі алдыңғы орында болды. Туризмде бұл мағына айтпаса да түсінікті. Профсоюз жолдаманы өзі төлеп немесе арзан бағамен және көрсетілген қызметті тегін ұсынып отырды.
Қазір «туризм» терминін кең және терең түрде түсіндіру керек. Біздің ойымызша туризм анықтамасы 2 бағытта беріледі: географиялық және экономикалық. Туризм географиялық тұрғыдан сұраныс және ұсыныстың кеңістік-территориялық қолданылу негізін білдіреді. Экономикалық тұрғыдан туризм сұраныс және ұсыныстың тұтынушылық шаруашылық негізі.
Туризмге экономикалық тұрғыдан бірнеше анықтама берілген:
Г.А.Папирян, туризм ол қызметтер жиынтығы, оларды тұтыну барысында ғана байқауға болады және ол өндірістік өнім сияқты жүйелі түрде ұдайы өндірілмейді.
П.В.Шульгиннің ойынша, қазіргі туризм анықтамасы 2 көзқарасты көрсетеді. Оның бірі туризм индустриясы – халық шаруашылығы құрылымында ерекше саланың қалыптасуы. Ол барлық келушілерге сұраныстарын қанағаттандыру үшін маманданған бірқатар өндірістік қызметтер мен қызмет көрсету мекемелерінің жиынтығы. Екіншісі, туризмді дербес салаға бөлу. Егер туристік мекемелерге қатысты туризмнің өзіне тән еңбек ұсынысының ортасы болса, онда бұл қызмет туризмді дамыту және ұйымдастыру ерекшеліктеріне байланысты болады.
Біздің ойымызша, туризмнің экономикалық мәніне нақты анықтама «қазіргі туризмнің экономикасы» жұмысында берілген: «Туризм қызмет және тауар нарығының бөлігі болып табылады және оны сұраныс пен ұсыныс жағынан қарастыруға болады. Сұранысқа ішкі және халықаралық туристік нарық жатады, ал ұсынысқа транспорт, туристік көрікті жерлер және бос уақыт түрі, туристік объектілер, қызмет көрсету жүйесі және инфрақұрылымы, сондай-ақ жарнамалық анықтамалық қызмет жатады.
Біздің ойымызша, туризм дегеніміз — рекреация, емдік, танып білу және әр түрлі қызметпен айналысу мақсатында келген елінде тұрғылықты жерін ауыстыру немесе жұмыс істеуге байланысты емес адамдардың уақытта және кеңістіктегі қозғалысы. Бұл анықтама географиялық мәнге ие.
Туризмнің негізгі түсініктерін анықтай отырып оның дамуына себепші болатын және әсер ететін факторларға тоқтаймыз. Схема бойынша олар: экономикалық — әлеуметтік – географиялық – демографиялық – саяси – этникалық – құқықтық. Аталған факторлар біздің мемлекетке тән және Қазақстанның әлемдік туристік бірлестікте орнын айқындайды.
Туризмнің дамуына әсер ететін негізгі факторлар статикалық және динамикалық болып бөлінеді. Статикалық факторларға табиғи-географиялық факторлар жиынтығы кіреді. Олардың өзгермейтін және қалпына келмейтін мағынасы бар. Динамикалық факторларға демографиялық, әлеуметтік-экономикалық, материалды-техникалық және саяси факторлар жатады. Олар уақытта және кеңістікте өзгеретін әр түрлі бағасы, мағынасы болады.
Бұл факторлар жалпыланып айтылған және туризмнің негізгі аспектілерін көрсетпейді. Туризмге әсер ететін факторлар тағы да сыртқы (экзогенді) және ішкі (эндогенді) болып бөлінеді. Сыртқы факторлар туризмге демографиялық және әлеуметтік өзгерістер арқылы әсер етеді. Бұл факторлар тобына: тұрғындар жасы, жұмыс істейтін әйелдер санының өсуі және әр жанұяға кірістің өзгеруі, тұрмысты және жанұяны кеш құру, тұрғындар құрамында баласыз жанұяның көбеюі, иммиграциялық шектеулердің азаюы, төленетін іс-сапардың өсуі және жұмыс уақытының қолайлы графигі, зейнетке ерте шығу, туризмге жағдайлардың өсуі жатады.
Аталған көрсеткіштер тура немесе жанама түрде адамның бос уақыт құрылымына әсер етеді. Бұл туризмнің дамуына объективті әлеуметтік демографиялық жағдай туғызады. Сондықтан туризмді дамыту бағдарламасын құрғанда бос уақыт бюджетін және тұрғындардың уақыт құрылымын анықтау керек.
Сыртқы факторларға экономикалық және қаржылық факторлар да жатады. Алайда біздің ойымызша бұл факторлар ерекшеленіп тұрады және оларды бөлек қарастыру керек, өйткені олар туризмнің дамуын көбірек анықтайтын факторлар болып табылады.
Сонымен қатар сыртқы факторларға саяси және құқықтық бақылаудың өзгеруі, технологиялық өзгерістер, транспорт инфрақұрылымының және сауданың дамуы, сондай-ақ саяхаттың қауіпсіздік жағдайының өзгеруі жатады.
Ішкі факторлар – бұл факторлар туризм сферасына тікелей әсер етеді. Ең алдымен оларға материалды техникалық факторлар жатады. Бұл жерде біз ішкі факторлар туризмге ғана емес, туризм индустриясына да қатысты деп көрсеткіміз келеді. Себебі олар таза экономикалық көрсеткіштерге ие. Мысалы, орналастыру орындарының, транспорт, тамақтану орындары, рекреациялық сфера, жекеше сауда және т.б. өсуі.