Қылмыстарды ашу мен тергеудегі құжаттармен жұмыс, жетістігі бірқатар ережелерді сақтаумен қамтамасыз етілетін тергеудегі қараудан басталады. Табылған құжаттар тек қолға қолғап киіп, не пинцет қолданып орындаған жөн, себебі құжатта қандай іздер бар және олар қайда орналасқаны белгісіз.
Құжатты су қолмен ұстауға, дымқыл немесе кірленген затқа қоюға болмайды. Жазбаша құжаттардың бетіне не сыртына жазуға болмайды. Қағаздарды бұрын бүктелген жеріне сәйкес келмейтін жерінен бүктеуге болмайды, себебі бүктесіндердің саны мен орналасуы жазудың сипатын, орындалу жағдайларын анықтау үшін маңызды және құжаттың ерекше белгілерінің бірі болып табылады.
Ылғалданған құжаттар жайылған күйде бөлме температурасында кептіріледі. Іске тіркелетін құжатты шеткі жағынан тігуге болмайды. Оны жазылған күйінде немесе бұрынғы бүктелген жерінен бүктеп, таза қалың қағаз не картон арасына салып, конвертте сақтаған жөн. Конвертке қажетті жазбаларды құжаттарды оған салмастан бұрын жазады.
ЭВМ магнитті таспаларын, компьтерлердің магнитті дискілерін, аудио-бейне-кассеталарын магниттердің тұрақты не ауыспалы толқын ықпалдарынан, сонымен қатар магниттік толқындар тарататын генераторлардан, радиоқабылдағыштардан, теледидарлардан және т.б. құралдардан сақтау қажет.
Құжатты зерделеуді оның міндетін, негшізгі мәтінін және ондағы басқа жазбаларды (қарарларды, белгілерді) анықтаудан, яғни құжаттың мазмұны мен міндетінің сәйкестігін анықтаудан бастаған жөн. Егер құжаттың түпнұсқаға сәйкестігіне күдік туса, құжаттың үлгісімен танысу керек. Сондай-ақ, құжаттың оң және теріс жағының, парақ шеттерінің жағдайы тексеріледі. Құжат заңды тұлға атынан толтырылса, жасанды белгілерді анықтау үшін бланк нысандарының баспа таңбаларының, фотосуреттердің, қорғау белгілерінің түпқұжаттағы ұқсас реквизиттерге сәйкестігіне назар аударылады.
Атап айтқанда, мұндай белгілерге:
— нысандардың, түсі және реквизиттерінің сәйкес келмеуі;
— мазмұнының қарама-қайшылығы, емлелік қателер, стандарттан тыс шрифт, пайдаланудан шыққан бланктерді, мөрлерді және т.б. қолдану.
— механикалық әсер ету іздері (жазуды тазарту кезінде химиялық рекактивтермен мәтінді өңдеу не шаю кезінде қағаздың жұқаруы, дақ түсуі);
— қосып жазу немесе мәтінді өшіріп, орнына жазу (сөз, жол аралығының қалыптан тыс үлкейуі немесе кішірейуі, олардың ерекше орналасуы);
— қорғау кестелері жолдарының, мөр элементтерінің сәйкессіздігі түріндегі құрастыру жолымен жасалған (сан жапсыру, суреттерді не бөлшектерін және т.б. қайта жапсыру) жасанды іздер;
— сызықтардың түзу еместігі, әріптердің түрі, олардың әркелкі көлемі, әріптің біліктік сызықтарының дөңгелек мөрдегі радиус бағытына қатысты әр түрлі орналасуы бойынша және әріптердің білікті сызықтарының мөрдегі жолдар сызықтарының перпендикулярына сәйкессіздігі бойынша анықталатын баспа таңбалары мен мөртабандардың жасанды іздері;
— жалған қол қою іздері (қолдың қозғалысын ақырындату нәтижесінде пайда болатын сызықтардың айналмалығы, штрихтарда үзілістердің болуы, көшіру кезінде және т.б. пайда болған көмескілік пен нүктелер);
— аудио және бейнемагниттік таспаларды біріктіру барысында пайда болған іздер.
Құжаттарды қарау және алдын ала зерттеу кезінде құжаттарға зиян келтірмейтін техникалық құралдар мен әдістер қолданылады. Бұл үшін белгілі тәсілдер мен ғылыми техникалық құралдарды, сондай-ақ құжаттарды жарыққа қарау әдістерін жиі пайдаланады. Жарық көздері ретінде үстелге қоятын шамдар, электршамдар, (ОИ-19 түріндегі) арнайы жарық түсіргіштер немесе табиғи жарық пайдаланылады. Қажеттігіне қарай жарық сүзгілерді, тергеу чемоданында болатын лупаларды пайдалануға болады. Ерекше белгілерге (тазартулар, өңдеулер, қосып жазулар және т.б.), іздестіру жұмысы мен дәлелдеу процесінде пайдалануға болатын ақпараттарды айқындауға ерекше назар аударылады.