Тектоникалық құрылымдардың көлдердің таралуына әсер етуі туралы қазақша реферат
Көл – құрлықтағы суға толы дербес ойыстар. Ауқымды кеңістікті қамтитын, суы ащы көл түрлері теңіз деп аталып жүр. Жер шарындағы көлдердің жалпы ауданы 2,1 млн. км2 (құрлық ауданының шамамен 1,4%-ы). Ондағы жинақталған судың көлемі 176 мың км3, оның 52%-ы тұщы су, 48%-ы ащы су. Көлде эндемик түрлер, кейде реликт түрлер тіршілік етеді. Көл ойыстарының қалыптасуына қарай: бөгелген, ойысты және аралас болып жіктеледі. Бөгелген көл өзен аңғарын тау көшкіндері, сырғымалары, мұздықтар және т.б. басып қалған жағдайда пайда болады. Бөгелген көлге бөгендер мен әуіттер де жатады.
Ойысты көлдің мореналық, тектоникалық, жанартаулық, эолдық және карстық деп аталатын түрлері бар. Көлдер ағынды көл (ағатын өзендері бар) және тұйық көл болып ажыратылады.Режіміне қарай : ағынды – өзен ағып шығатын көлдер, ағынсыз – өзендер келіп құйғанымен, ағып шықпайды. Өзендермен салыстырғанда көлдердің суы едәуір ащы болады. Ағынды көлдердің суы, негізінен тұщы болады, ал ағынсыз тұйық көлдер көбінесе ащы келеді. Тіпті бір көлдің өзінің жеке бөліктерінің суы тұздылығы жөнінен айырмашылық жасауы мүмкін.
Көлдер өздерінің генезисі әр түрлі қазаншұңқырларын сумен толтырып жатады. Осы көл қазаншұңқырларының қалыптасуы аймақтағы жағдайларға байланысты болғандықтан көлдер белгілі бір аумақта жинақталады. Көл қазаншұңқырының қалыптасуына ең біріншіден тектоникалық белсенділік, вулканизм, гляциалды процестер, карст, суффозия, флювиалды процестер, жел әрекеті, жағалық әрекеттер, аккумуляция, т.б әсер етеді. Ең ежелгі, ауданы жағынан үлкен және ең терең көлдер тектоникалық қозғалыстардың әсерінен пайда болған. Осындай тектоникалық белсенділіктің әсерінен пайда болған көлдердің қатарына Ұлы Африка көлдерін жатқызуға болады. Бұл көлдер Шығыс-Африкалық рифтілік жүйеде орналасқан. Осы көлдердің ішіндегі ең ұзыны – Танганьика көлі. Ол шамамен 17 млн жыл бұрын қалыптасқан және тереңдігімен ерекшеленеді ( 1470 м). Бұл көлдер жүйесі Африка плитасы мен сомалилік субплитаның ажырау шекарасында орналасқан. Осы көл жүйелеріне Альберт, Эдуарт, Киву, Ньяса көлдері де жатады.