Жеке адамды дамытудағы басты факторлардың бірі — тәрбие. Тәрбие балалардың жеке және дербес ерекшеліктеріне, дайындығы мен дәрежесіне лайық іске асырылып, тәрбие адамдардық іс-әрекеттерін ұйымдастырады. Ол үшін тәрбиеші алдын ала жасалған арнаулы жоспар бойынша тәрбие жұмысын мақсатқа бағыттап ұйымдастырып, тәрбиенің құралдары мен әдістерін және формаларын іздестіреді, оларды тиімді етіп пайдаланады.
Тәрбиенің рөлін педагогика тарихында, аса артық бағалаушылар да болды.
Д.Локк (1632-1704) «тәрбие адамның көзқарастары мен адамгершілік қасиеттерін жасайтын негізгі құрал, адам тәрбие арқылы жақсы болады» — деп сыңаржақ пікір айтты. Бала өмірге келгенде, оның жаны сүттей ақ, судан таза, соңдықтан тәрбиеші өзіне керек адамды жасап алады деп, тәрбиенің рөлін аса дәріптеп, тұқым қуалау мен әлеуметтік ортаның баланың қалыптасуындағы рөлін онша бағаламады [7].
Революционер-демократ В. Г. Белинский (1811-1848) баланың жаны таза тақтай емес, тақта да сапалы, жазу да әдемі болу керек деді. Белинский тәрбиенің рөлін жоғары бағалап, адам дамуындағы тұқым қуалаушылық пен ортаның әсерін де ескерген жөн деді.
Д.Локк, т.б. көзқарастар бойынша тәрбие арқылы адамды түрлі дәрменсіздіктен, кемістіктен құтқаруға болады. Демек, олар тәрбие арқылы адам баласының тұрмысын жақсартуға және санасын өзгертуге болады деген жорамал ойға келді.
Тәрбие арқылы халықтың тұрмысын жақсарту үшін материалистік педагогика таптық қоғамды жойып, демократиялық қоғам құруды ұсынды.
Тәрбиеші тәрбие арқылы баланың түрлі іс-әрекеттерін тиімді етіп, оның жақсы дамуына қажетті материалдарды іріктеп алады, айналадағы табиғи және әлеуметтік ортаға көзқарасын дамытады. Тәрбие жұмыстарының сара жолдарын табу нәтижесінде баланың ой-өрісі кеңейеді, эстетикалық сезімі мен талғамы артып, адамгершілік сапасы қалыптасады.
Мектеп мемлекет қолындағы ақпарат құралдардық (баспа-сөз, радио, теледидар) көмегімен оқушыларға тәрбие береді, сондай-ақ, мемлекеттің саясатын жүргізеді. Баланың жеке басының дамуы мен қалыптасуына ықпал ететін үш фактордық ішінен тәрбие адамның дамуына орасан күшті ықпал етіп, тұқым қуалаушылық пен ортаның ықпалына белсенді әсер етіп, баланың дамуын қоғам талаптарына сәйкес бағыттап, белгілі бағытта баланың өмірі мен іс-әрекеттерін ұйымдастырады, ортадағы жағдайлардан тұлға дамуына қажетті материалдарды іріктейді, жеке бастың дамуына теріс, зиянды әсер қалдыратын жағымсыз ықпалдардан аластайды. Осы тұрғыдан келгенде тәрбие аға ұрпақтың жаңа ұрпаққа қоғамдық тарихи тәжірибені беру процесі, жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін процесс.
Сонымен, тәрбие бала дамуын бағыттайды, басқарады, сондықтан да ол — баланы қалыптастырудағы негізгі күш. Тәрбие негізгі күш болғандықтан, оның жетімсіздігі, әлсіздігі баланың қалыптасуына кері әсер етеді.