СҰЛТАНМАХМҰТ – РЕАЛИСТ АҚЫН курстық жұмыс

МАЗМҰНЫ:

I.Кіріспе
1 Ақын туралы бірер сөз
II.Негізгі бөлім
1 Ақын өлеңдеріндегі өнер-білім мәселесі
2Ақын лирикасындағы саяси-әлеуметтік көзқарасты көрсететін өлеңдер
3 Махаббат – ақын өндіре жазған тақырыптардың бірі
III.Қорытынды
Сұлтанмахмұт Торайғыров – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қосқан реалист ақын
IV.Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

КІРІСПЕ

Ақын туралы бірер сөз.

Сұлтанмахмұт – сыншыл реалист ақын. Ауылдағы таптық, әлеуметтік, теңсіздікті, қоғамдық өмірдің мешеулігін, масылдықты, мәдениетсіздікті өткір сынға алады. Ақындық өнерге енді бой ұрып жүргенде жазған «Таңғы мұрын быртиған қара бұжыр», «Қайғы құйрық, шұбар қыз, істік мұрын» деген өлеңдерінде мал біткенге ірісінген, қыжыр мінез бай баласын, мал беріп сатып алған әйелі, оған амалсыз телінген қазақ аруының есекпен қосақтаулы өтіп жатқан аянышты өмірін, екінші өлеңде асыл тасты аянбай тағынып, үлде мен бүлдеге бөленген сыйықсыз, мінезсіз бай қызы, оның жұртты жирендірген әрекет-амалдары сын садағына алынады.

Торайғыров «сөзі жылмаң, ісі сырдаң», «қысқа күнде қырық жігер қойма қойған» екіжүзді, жағымпаз, жылпос, жорға мінезді адамдарды қоғам денесіндегі жұқпалы дерт, ірітіп-шірітетін індет деп қарайды.

Ұлы Абайдың «Болыс болдым мінеки», «Сегіз аяқ», «Дүтбайға» өлеңдерінде «ащы сия, долы қолымен» түйрелген мінез-құлықтар мен қылықтар. Абай Шыңғыс өңіріндегі өзіне жыга таныс жексұрындарды жерлесе, Сұлтанмахмұт Омбы уезі, Көкшетау; Баянауыл, Павлодар өңіріндегі халықты қан жылатқан сұрқияларды «дүрелеген».

Ұлт намысы, ел намысы, ер намысы, азамат намысы деген киелі түсініктер бар да, ағайын арасындағы шен-шекпенді, жол-жоралғыны бөлісе алмай, соңын өртке ұласқан дау-дамайға, партиягершілікке айналдырып жіберетін қитұрқы әрекеттер бар. Кейінгісі қазақ байғұсты төрдегі орнынан тайдырып, езуіндегісін басқалар жырып әкетіп, сүтке тиген күшіктей сүмірейтіп жүрген қасиетсіз қылықтар. Сұлтанмахмұт «Түсімде көрген бір аянышты хал» өлеңінде сондай мінез-әрекеттің жұртты қандайлық әбігерге түсіріп, аздырып-тоздыратынын назардан тыс қалдырмайды.

Торайғыров заманды, уақыт ағысын, заман адамының мінез-әрекеттерін философиялық лирикаларына да аркау еткен. Көп оқып, көп тоқыған кемеңгер ойшыл ретінде көрген-сезгендерін көкірегіне қорытып тұжырым жасайды. «Коңілді көндіретін тағдыр» лирикасында Жас жүрек, Дене тән, Көңіл көлгірлік мінезді көзге түртіп, енді әділдіктің жолынан айнымауға уағдаласады. Бірақ Дене қарындағы ас таусылған сәтте ұзаққа төзе алмай, бірінші болып серттен таяды. Көңіл де әрі-бері бұлтаңдап жүріп, қабы соның арқасында қалады.

Сұлтанмахмұт философиялық лирикалармен қатар, қоғамдық-әлеуметтік теңсіздікті, әділетсіздікті сынап-мінеп, И.Крылов үлгісімен мысалдар да жазды. «Арыстан мен тышқан», «Екі тышқан» Ғ.Тоқайдан, «Көк өгіз», «Мысал», «Сарыарқаның жаңбыры». Бұлардың айтпағы: төбелесімен көк тіреп тұрған құдіреттілер көзіне жайшылықта ілмеген «нашарларынан» бастарына іс түскенде пана табады, өзін-өзі күндеген басқаға майшелпек болады, жүнінің қызылдығына лепірген қанжығаға байланбақ, сезіктінің серігі – ажал. Қысқа да нұсқа. Сюжеті ғиратнама. Сонымен, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың лирикалары жанрға бай, мағынасы терең, қамтитын тақырыбының ауқымы кең, көркем де келісті, ойлы да отты болып келеді. Сыршыл да сыншыл, шыншыл.

Курстық жұмыс / 26 бет