Сот туралы қазақша реферат
Сот – сот төрелігін жүзеге асыру, құқық бұзушыларға мәжбүрлеу шараларын қолдану жолдарымен қоғамның және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғайтын мемлекеттік орган. Сот мемлекетпен бірге пайда болады, бірақ мемл. механизмнің дамуы мен арнаулы мемлекеттік аппараттың құрылуына байланысты өз алдына жеке орган болып бөлініп шықты. Мемлекетке дейінгі қоғамда дау-жанжалды тайпа ақсақалдары не көсемі, ерекше ру жиналысы, арнайы алқа шешті. Соттан тыс жанжал шешу ғұрыптары да болды (мысалы, қанға қан, талион қағидасы). 18 – 19 ғасырларда сотты және сот өндірісін ұйымдастырудың бірқатар демокр. қағидалары алға шықты: сот пен заң алдында бәрінің тең болуы, сот өндірісінің ашықтығы мен жариялылығы, формальды дәлелдемелер жүйесінен бас тарту, судьяларды сайлау, кінәсіздік презумциясы. Соттар қызметі мемлекет механизмінің маңызды бөлігі ретінде толықтай арнайы заңдармен реттеледі. Сот мемлекеттік орган ретінде сот билігін мемлекет атынан жүргізеді, ал сот актілерінің орындалуы мемлекет күшімен қамтамасыз етіледі. Дәстүрлі қазақ қоғамында сот қызметін билер атқарды. Алайда мүліктік, азаматтық дау-жанжалдың тараптары өзара келісім арқылы төрелік етушіні өздері таңдаған. Әдетте мұндай даулардың төрелігін сөзге шешендігімен және әділдігімен аты шыққан адамға тапсырған.