Солтүстік Американың климаты және ішкі сулары туралы қазақша реферат
Солтүстік Америка солтүстік жарты шарда Еуразиямен қатар орналасқандықтан, климаттық жағдайлары ұқсас болып келеді. Материк солтүстік жарты шардағы экваторлық белдеуден басқа барлық климаттық белдеулерді кесіп өтеді.
Материк ауданының Еуразияға қарағанда шағын болуы; солтүстік полюске неғұрлым жақын орналасуы; оңтүстігіне қарай сүйірленуі; батысы биік таулы, ал шығысының аласа болуы; ендік бағыттағы таулардың болмауы − міне осының бәрі климаттың өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырады.
Материктің солтүстігіндегі мәңгі мұз құрсап, қар жамылғысы қалың жататын аудандарда күн сәулесінің кері шағылысуы күшейеді. Сондықтан ауа температурасы төмен болады, осында қалыптасқан суық ауа массалары еш кедергісіз оңтүстігіндегі Мексика шығанағына дейін өтіп кетеді. Осының нәтижесінде субтропиктік белдеуде де қар жауады. Солтүстік Американың шығысындағы Атлант мұхитынан келетін жылы, ылғалды ауа массалары Арктикадан келетін суық ауа массаларының
әсерін шектеп отырады. Материктің батысында орналасқан Кордильераның биік жоталары Тынық мұхиттан келетін ауа массаларының құрлыққа тереңдеп енуіне кедергі келтіреді. Сондықтан оңтүстікте Мексика шығанағы үстінде қалыптасатын тропиктік ауа массалары солтүстікке қарай емін − еркін өте алады. Осы ауа массалары арасындағы температура мен қысымның үлкен айырмашылықтары материктің орталық бөлігіндегі жазықтарда өте құбылмалы ауа райын қалыптастырады. Сондықтан күшті желдер мен құйын тәрізді қозғалатын дауылдар − торнадо жиі байқалады. Жылдамдығы сағатына 800 км − ге жететін кенеттен пайда болатын торнадо көп апат әкеледі: жүріп өткен жолында алып ағаштарды тамырына қопарып, үйлерді қиратып, ірі заттарды да көтеріп әкетеді. Орталық жазықта аңызақтар мен құрғақшылық, топырақтың құнарлы қабатын ұшырып әкететін шаңды дауылдар жиі байқалады. Ал Атлант мұхиты жағалауындағы тропиктік ендіктерде жаздың аяғы мен күздің басында мұхиттан соғатын өте күшті, апатты дауылдар − долы ( ураган ) жиі болып тұрады. « Ураган » майя тілінде « дауыл құдайы » деген мағынаны білдіреді.
Солтүстік Америка материгі мол сулы өзендерге, тұщы сулы терең көлдерге бай. Су қоры жөнінен Оңтүстік Америка мен Еуразиядан кейін үшінші орынды алады. Сонымен қатар биік таулы мұздықтар мен материктің солтүстігін алып жатқан қалың мұз жамылғылары және жер асты суларының мол қоры бар [4].
Өзен жүйелері климаттық жағдай мен жер бедеріне байланысты біркелкі таралмаған. Олардың басым бөлігі Солтүстік Мұзды мұхит пен Атлант мұхитына бағытталған. Өзендері негізінен жаңбыр және еріген қар суымен қоректенеді.
Атлант мұхиты алабының басты өзені − Миссисипи материктегі ең суы мол өзен болып табылады. Бұл өзеннің Миссури саласына қоса есептегендегі ұзындығы 6420 км, ұзындығы жөнінен дүние жүзінде үшінші орын алады. «Миссисипи» атауы үндіс тілінде « су атасы » дегенді білдіреді. Миссисипи жауын − шашын әртүрлі түсетін аймақтар арқылы ағып өтетіндіктен, жыл бойы деңгейі өзгеріп отырады. Әсіресе көктемде қар еріген кезде су қатты тасиды, кейде су тасқыны жаздағы нөсер жаңбыр нәтижесінде де қайталанады. Мұндай жағдайда өзен мен оның салалары арнасынан шығып, жағаларындағы елді мекендер мен егістік жерлерді су алып кетеді. «Миссури » атауы үндіс тілінде « тұнбалы өзен » дегенді білдіреді, шындығында да ол көптеген құм мен тұнбаларды ағызып әкеледі. Жазықтарда ағысы баяулаған Миссисипи кең атырау жасап, Мексика шығанағына құяды. Атыраудың ауданы жыл сайын тұнбалар есебінен 100 м − ге шығанаққа қарай кеңейіп отырады.
Аппалачтың шығыс беткейінен басталатын өзендер қысқа және мол сулы болады. Олар мұхитқа құяр жолында биік кемерлерден құлап ағатындықтан, бірнеше сарқырамалар жасайды. Олардың құлау күші су электро стансаларында энергия алу үшін пайдаланылады. Мысалы, Тенесси өзені бойында 20 − дан астам су электро стансалары салынған. Атлант мұхитына құяр жерінде өзендердің сағалары кеңейеді, мұнда ірі портты қалалар орналасқан.
Солтүстік Мұзды мұхит алабына жататын өзендердің ең ірісі − Маккензи материктің солтүстік бөлігі арқылы ағып өтеді. Үндістер «Үлкен өзен» деп атайтын бұл өзен негізінен қар суымен қоректенеді, жылдың көп уақытында мұз құрсап жатады. Қыста өзен түбінее дейін қатады. Маккензи жоғары ағысында көктемнің аяғында мұздан босайды, сондықтан оның орта ағысында, әсіресе төменгі ағысында өзендегі сең буу нәтижесінде мұз қамаулары пайда болады. Батпақтар мен көлдер арқылы ағып өтетін осы алаптың көптеген өзендері жаз кезінде мол сулы болады.
Тынық мұхит алабына Кордильераның батыс беткейінен басталатын қысқа, ағынды өзендер жатады. Алаптың ең ірі өзендері − Колумбия мен Колорадо Кордильераның шығыс жаталарынан басталып, биік таулы үстірттер арқылы ағып өтеді. Жолында биік тау жоталарын кесіп өтіп, терең шатқалдар жасайтын бұл өзендерде судың құлау күшінің мол қоры бар. Әсіресе Колорадо өзені бойындағы жиегі тік, терең шатқалды орасан зор Үлкен Каньон дүние жүзіне әйгілі. Каньонның әркелкі жастағы, түрлі түсті жыныстардан тұратын асқақ беткейлері батар күннің сәулесіне малынып, өте әдемі көрініске ие болады [7].
Кордильер тауының оңтүстігінде орналасқан, климаты құрғақ болатын Үлкен алап пен Мексика таулы қыратының солтүстік бөлігіндегі өзендер ішкі тұйық алапқа жатады. Алаптың орталық бөлігінде Жер шарындағы ең ірі тұзды көлдердің бірі болып саналатын Үлкен Тұзды
көл орналасқан. Әсіресе құрғақ кезеңдерде көл беті мен жағалауларын жауып жатқан тұз қабыршақтары қалыңдайды.
Солтүстік Американың көлдері негізінен материктің солтүстігінде шоғырланған. Мұндағы көл қазаншұңқырларының барлығы дерлік жердің ірі жарықтарында орналасқан. Кейіннен көл қазаншұңқырлары мұздықтардың қазу әрекеті нәтижесінде тереңдеп, жағалаулары тілімденген. Сондықтан бұл көлдерді қалыптасу жолдарына қарай мұздық − тектоникалық көлдер деп атайды, олардың суы терең, тұщы болып келеді. Көлднр бір − бірімен қысқа өзендер арқылы жалғасып жатады.
Материктің солтүстік шығысындағы Әулие Лаврентий өзені арқылы Атлант мұхитымен жалғасып жатқан көлдер Ұлы көлдер жүйесі деп аталады. Жоғарғы көлден Эри көліне дейін көлдердің деңгейлері біртіндеп төмендейді. Ал, Эри көлі мен Онтарио көлінің деңгейлерінде үлкен айырма салдарынан, оларды жалғастыратын Ниагара өзені тік кемерден құлап ағып, дүние жүзіне әйгілі Ниагара сарқырамасын жасайды