Шертпе күй туралы қазақша реферат
Қазақтың күйшілік өнерінің үлкен екі арнасы – төкпежәнешертпе болып бөлінетінін жоғарыда айтып кеттік. Біздің әңгімеміздің өзегі осы арнаның бірегей түрі — шертпе күй туралы болмақ.
Шертпе күй — аты айтып тұрғандай шертіліп тартылатын күй, мұндағы сөздің түбірі — «шерту» етістігі, музыкалық сөздікке кейіннен енген атау (ертеде күйді бөле атау үрдісі жанрлық ерекшелігіне байланысты болған, мысалы – жыр күйлер, би күйлер, ойын күйлер т.б.).Кейбір зерттеулердегі «шер» сөзінен шыққан, іштегі шерді қозғайтын күй деген анықтаманың көңілге қонуы қиын, төкпе болсын, шертпе болсын, қазақта шер қозғамайтын күй бар ма?
Қысқасы, шертпе — тарту техникасы көбінесе бір ішекті саумалай шерту әдісіне құралған күйлер. Мінезіне келсек – жалпы ұлтық күйшілік дәстүрге ортақ қарекеттің барлық белгілері бар, біржақты «жуас» деу жаңсақ ұғым, себебі – шертпе мектебінен шыққан екпіні төкпеге барабар әбжіл күйлер толып жатыр (мысал үшін — «Салкүрең», «Дайрабай», «Ыңғай төкпе», «Көкбалақ» т.б.). Сондықтан, шертпе күйдің табиғатын танудың бір амалы – аймақтық мектептерін анықтау.
Қазақтың тамаша күйшілік мектептерін орнықтырып кеткен ұлы күйшілердің шығармашылығын барлағанда — әуені мен тартысына қарап қай өлкенің тумасы екенін анықтауға әбден болады, өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан белгілі бір сарындар тобы сол топырақтың ғана меншікті мақамына айналып кеткен, күй қай аймақта, қай уақытта туса да қазақтың құлағы оны жазбай танитыны содан. Әрбір аймақтың тілінде, киімінде, қолөнері мен тұтынатын заттарында сол жерді мекендеген елдің қауымдық ерекшелігіне тән айырмашылықтар болатынын этнографтар да жоққа шығармайды, алайда, бұл факторлардың ұлт мұрасының тұтастығына нұқсаны жоқ, керісінше, мәдениетіміздің байлығы мен байтақтығы болып саналады.
Қазақ тарихын түркі заманынан бастап зерттеген орыс ғұламасы – Л.Н.Гумилев шығыс өркениетінің Алтай жерінен бастау алғанын жазады, қазіргі кезеңге дейін жетіп отырған алтайлық әндер мен күйлерді тыңдағанда олардың көне түркілік сазға құрылғанын аңғару оңай. Музыкатанушы-ғалым П.Шегебаев бұл мектеп туралы мынадай пікір айтады: «…Шығыс аймақта дамыған аспаптық үлгі қазақ музыка мәдениетіндегі ерекше құбылыс. Мұны тарихи тағдыры бір түркі-мұңғұл халықтарынан қалған мәдениет деп тануға әбден болады. Аспаптық шығармаларының обертонға бай, тембрлік бояуларының қою (қоңыр) болатыны соның әсерінен». (Шығысқазақстандық аспаптық музыканың стильдік ерекшеліктері. Мақала. Музыкальное искусство: Наука и образование. Ғылыми еңбектер жинағы, Астана-2004.) Шертпе өнерінің белді өкілі — Байжігіттің күйлерінен тек Шығыс өлке емес қазақтың барлық күй мектептеріне ортақ қайырымдарды кездестіруге болады. Айтпағымыз, қазіргі шертпе күй мектептерінің қалыптасуының басы — қасиетті Алтай жерінен бастау алады деген тұжырым.
Қазақтың шертпе күйлерінің аймақтық ұяларын былайша тарқатуға болады:
1.Шығыс Қазақстандық (Алтай-Тарбағатай) күйшілік мектеп;
2.Арқа күйшілік мектебі;
3.Жетісу күйшілік мектебі;
4.Қаратау күйшілік мектебі.
Жеке тұлғалардың орындаушылық мектептері:
1.Байжігіт мектебі;
2.Тәттімбет мектебі;
3.Қожеке мектебі;
4.Сүгір мектебі;
Өнерде ерекше ізі қалған күйшілердің мәнерлік мектептері:
1.Әбікен мектебі;
2.Жаппас мектебі;
3.Мағауия мектебі;
4.Төлеген мектебі;
5.Нұрғиса мектебі;
6.Уәли мектебі.
Әлбетте, осы аттары аталған күйшілердің тартыс үлгілері қазақ музыкасының алтын қорында сақтаулы, сондықтан кейінгі орындаушылардың шертпелік өнерде бірден-бір бағыт алар бағдары болып отыр. Оның үстіне осы үлгілерге еліктеп өскен бір қауым күйшілер буыны өсіп жетілді.
Қазіргі уақытта шертпе дәстүрін дамытып, аймақтық күйшілік мектептердің салтын сақтап жүрген домбырашылардан – Боранқұл Қошмағамбетов (марқұм), Мұхаметжан Тілеуханов, Таласбек Әсемқұлов, Дәулетбек Садуақасов, Білал Ысқақов, Секен Тұрысбеков, Рымхан Әбілханов, Базарәлі Мүптекеев, Саян Ақмолда, Сәрсенғали Жүзбаев, Мұрат Әбуғазин, Қайрат Айтбаев, Арман Қадырбектердің есімдерін атауға болады.
Шертпе күй туралы арнайы кітаптар жазып, ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдарымыз – А.Жұбанов, У.Бекенов, М.Айтқалиев, А.Сейдімбек, Ә.Мұхамбетова, П.Шегебаев, Р.Малдыбаева, Т.Әсемқұлов.
Шертпе күйшілердің өмірі жайлы әдеби деректер қалдырған жазушыларымыз – Т.Әлімқұлов, С.Бегалин, М.Мағауин, Ж.Алтайбаев, К.Салықов, І.Жақанов, Т.Әсемқұлов, К.Жүнісов, Ө.Кәріпұлы, Я.Амандықовтар.