Шағын және орта кәсіпкерліктің облыста дами бастауы

Батыс Қазақстан – аграрлы облыс. Агроөнеркәсіп кешені өнімдері жалпы өндірістің 2/3-ден астамын құрайды. Мұның өзі облыс экономикасына аграрлық сектордың қосар үлесі қомақты екенін көрсетеді. Өтпелі кезеңде облыстың агроөнеркәсіптік кешені де елеулі қиыншылықтарды бастан кешірді. Нарықтық қатынастарға көшу, сатылатын шикізат бағасының либерализациялануы және өндірістік-техникалық бағыттағы өнімдердің қымбаттауы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісіне де кері әсерін тигізді. Агроөнеркәсіптік кешен – экономиканың әлеуметтік маңызы зор секторларының бірі. Агроөнеркәсіп кешенінің ұйымдық құрылым ауыл шаруашылығынан, балық, су шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету станцияларынан тұрады. Өтпелі кезеңде жүргізілген реформалардан кейін мемлекеттік басқару жүйесі жойылып, жоғарыда аталған салалар арасындағы байланыс үзіліп, агроөнеркәсіп кешенінде нарықтық күйзеліс басталды.
Ауыл шаруашылығында жекешелендіру қандай да бір әзірленген механизм негізінде емес, ауыл шаруашылығы экономикасында нарықтық құрылымдар дамымай тұрып, тауар өндірушілерді алдын-ала нарық механизміне әзірлемей тұрып, асығыс жүргізілді. Реформалардың мақсаты аргарлық реформа арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін көтеру болды, бірақ ол бірден орындалмады. 1994-1995 жылдары жаппай ұжымдық кәсіорынға көшу тек шығын әкелмесе пайда әкелген жоқ. Себебі кәсіпорынның аты өзгергенімен жұмыс істеу бағыты өзгерген жоқ. Бірақ басты шара жүзеге асты. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы қысқартылды, ал бұл нарық талабына сай жұмыс істемек түгілі, нарықтың не екенін сезіне қоймаған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне оңай соққы болған жоқ, кәсіпорындардың шығыны өсе берді. Олардың мемлекет алдында емес, жұмысшылар алдындағы қарыздары өсті. Бұған себеп стихиялы ұйымдасқан нарық пен талапқа сай емес жүргізілген жекешелендіру нәтижелері, ауыл шаруашылық өнімдерін натуралды айырбастау, өнеркәсіп өнімдері бағасының өсуі т.с.с. болды.
Нарықтық қатынасқа көшу кезеңінде ерекше маңызға ие болған шаруашылықты жүргізудің жаңа әдісінің бірі – шаруа қожалықтары. Облыста шаруа қожалықтарының дамуы тез қарқынмен жүрді. 1991 жылдың қараша айында-ақ олардың саны 148-ге жетіп, оның ішінде 58,1 пайызы мал, 30,2 пайызы мал және егін шаруашылығымен айналысты. Олардың меншігінде 160,0 мың га ауыл шаруашылығы жері, 4 мың ірі қара, 44 мың қой, 286 шошқа, 765 жылқы, 3318 құс болды. 1991 жылы олар 8700 тонна астық, 62 т. ет, 510 т. сүт, 152 т. жүн өндірді. Шаруа қожалығына көшу қарапайым халықтың нарық қыспағында өмір сүрудің қиын да болса мүмкін жолы екенін түсіндірді. Себебі, шаруа қожалығы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың жоқтығынан, нашар қамтамасыз етілген материалдық-техникалық базаның және өнеркәсіп өнімдері бағасының күн санап өсуінің әсерінен құрып кете жаздаған ауыл шаруашылығына көмегін тигізді.
Облыста 1990 жылы «Жайық шаруасы» ассоциациясы құрылды. Оның негізгі міндеті — өз мүшелерінің мүдделерін қорғау, олар өндірген өнімді өткізу, сонымен қатар фермерлерге несие алу жолдары, салық төлеу тәртібі т.с.с. қатысты заңдар жөнінде кеңес беру, түсіндіру болды. Ассоциация жанынан 1999 жылы «Фермерлерді қолдау қоры» құрылып, ол арқылы 2000 жылы 80 агроқұрылымға 100,0 мың долларға тең несие берілді. Фермерлерге несие берумен соңғы кезде тұрақты әрі жүйелі шұғылдануда және олар 100 пайыз қайтарыммен жұмыс жасауды үйренді.
Ауылдағы жұмыс орындарын ашып, қызмет аясын кеңейтудің бірден-бір көзі шаруа қожалықтарын құру мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қазіргі таңда ел экономикасының өзекті саласына айналды. Ал кәсіпкерлікті қолдау үшін оған қаржылай көмек керек екені даусыз. Бұл тұрғыда жер-жерде қанша қиын болса да қаржы көздерін тауып, кәсіп етемін деген жандарға көмектесуге күш салынуда. Соның бір дәлеліндей қазір бірқатар аудандарда үкіметтік емес республикалық шағын несие беру қоғамдық қорлары құрылған. Сондай қор Жаңақала ауданында бар. Қордың құрылғанына көп болмаса да 150-ден астам адамға шағын несие берді. Шағын несиелендіру қоры арқылы 2001 жылы 33 адам 990 мың теңгенің несиесін алса, 2002 жылдың 1 желтоқсанына дейін 43 адамға 1290 мың теңгенің және мерзімінде қайтарылған шағын несиелендіру айналымдағы қорынан 76 адамға 2385 мың теңге несие берілді.
Тіршілік бар жерде түлеу болады. Түлеу, өзгеру – табиғат болмысының реңіне ену. Мұндай түлеу біздің біздің қоғамда да болды.
Бірлік болмай, тірлік болмайтынын, тақыр жерге шөп шықпайтынын бабаларымыз баяғыда-ақ айтып кеткен. Өмір тәжірибесі мол ағалар ақылына құлақ салып, ата салт-дәстүрді, тәлім-тәрбиені жас ұрпақ бойына сіңіре білсек, білімдерін заман талабына сай жетілдірсек, ұйымшылдық пен іскерлік танытсақ, алынбайтын асу жоқ. Зерделеп қарасақ, Елбасы атап көрсеткен басым бағыттар бойынша жұмыстар барлық жерде де бар. Тек соларға қарқын туғызып, көлемін кеңейтуге тиістіміз. Осындай ауыл шаруашылығының өрісінің кеңеюі Бөкей Ордасы ауданында да байқалады.
Аудан – мал шаруашылығымен айналысады. Кеңшарлар тарап, жаппай жекешелендіру басталған кездегі қиындықтардың салдарынан бұл саланың тоқырап қалғаны да рас. Әйтсе де Елбасы мен Үкімет дер кезінде алған шаралары нәтижесінде нарықтың өтпелі кезеңінен абыроймен шықтық. Қазіргі таңда ауданда 395 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Олардың үшеуі ЖШС болса, қалғандары шаруа қожалықтары. Бұлардағы және тұрғындардың жеке иелігіндегі малды қоса есептегенде, Нарын құмы мен Бөкей даласында 37251 ірі қара, 90620 қой, 6412 жылқы, 1244 түйе бағылуда.
Жүздеп сиыр, мыңдап қой ұстап отырған қожалық иелері көптеп саналады. Олардың бірқатары саудамен де, жолаушылар тасумен де қоса шұғылдануда. Таза сауда-саттықпен айналысып отырған кәсіпкерлер саны 185-ке, аудан, облыс аралығына жолаушылар таситындар саны 30-ға жетіп отыр. Мал бағып отырғандардың тракторы, шөп шабу агрегаттары жоғы некен-саяқ. Көбінде Уаз, Газель сынды жеңіл көлік.
Тұрмысы төмен отбасыларына жәрдемдесумен басталған микрокредит кейін шағын және орта бизнесті дамытуға арналған несие берулерге ұласып, кәсіпкерліктің өрістеуіне кең жол ашты. Алғашқыда 30 мың теңгеден несие алып, шаруасын аяғынан тұрғызған іскер адамдар одан кейін 100-200 мыңнан несие алып, танымал кәсіпкерге айналды.