Сарыағаш ауданы туралы қазақша реферат
Облыстың оңтүстік белігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік 1928ж. Келес ауданы болып құрылған. 1939 жылдан Сарыағаш аталады. Жерінің аумағы 7,7 мың шаршы шақырым. Тұрғыны 226,7 мың адам. Аудандағы 154 елді мекен 1 қалалық, 1 кенттік және 24 ауылдық округтерге біріктірілген. Орталығы- Сарыағаш қаласы.
Аудан жері негізінен төбелі, қырқалы жазықты келеді. Солтүстіктен Белтау жотасы (592 м), батысын Ызақұдық құмы, Қауынбай молда жотасы, оңтүстіктен Шардара бөгені алып жатыр. Жер қойнауында мәрмәр, құм, бентонит балшығы, шипалы минералды суы барланған. Климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы ыстық, қуаң. Ауаның жылдық орташа температурасы қаңтарда -2-3″С, шілдеде 24-28-С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200-300 мм. Ауданның батысын бойлай Сырдария, оңтүстік-шығысынан Келес, Құркелес, Ащысай өзендері ағып өтеді. Жері сұр топырақты және құмды келеді. Бетеге, жусан, жүзгін, баялыш, өзен бойларында қамыс, бұта аралас ағаш өседі. Қасқыр, түлкі, қоян, саршұнақ, күзен, жылан мен кесірткенің түрлері кездеседі.
Халқы көп ұлтты, басым көпшілігі казақтар-86,9%, одан басқа өзбектер-4,1%, тәжіктер-2,7%, әзербайжандар-1,2%, орыстар-1,1%, татарлар 0,9% т.б. ұлт өкілдері тұрады. Ауданда 1 шаршы шақырым жерге 29,4 адамнан келеді. Ірі елді мекендер: Сарыағаш қаласы (26,0 мың адам), Абай (18,0), Дербісек (10,3), Жібек жолы (5,8), Ынтымақ (5,4), Қабыланбек (5,1), Ақжар (5,0), Қызылжар (4,7), Жылға (4,1), Дарбаза (3,7), Ақниет (3,6), Құркелес (3,3), Қошқарата (3,2), К.Маркс (3,1), Ақжол (3,0), Таскескен (3,0), Көктерек кенті (2,6). Сарыағаш ауданында мақта, жүзім, көкөніс, астық, жеміс. бақша, картоп, қаракөл қойы, биязы жүнді қой, сүтті-етті мал, шошқа өсіруге маманданған 4 ұжымшар, 16 кеншар, мемлекеттік сұрыптау станциясы болған. Ауданда 16 өнеркәсіп орны, 7077 агроқұрылым, оның ішінде: 101 заңды тұлға, 6976 шаруа қожалықтары бар. Аудан аумағында «Сарыағаш шипажайы» АҚ, «Арман», «Алтын бұлак-Р» демалыс орындары, балалар шипажайы бар. «Алекс» ЖШС — Қазақстан — Польша бірлескен кәсіпорны, «Демеу», «Әсем-ай», «Курорт-Барс-2030» ЖШС-тері Сарыағаш шипалы суын құятын кәсіпорындар, «Мырзакент» АҚ, «Айша бибі» ӨК-мақта тазарту зауытында мақта талшығын өндіреді. «Сенім» ЖШС-тігін, тоқыма бұйымдарын шығарады. Ауданда жүзім шаруашылығын өркендету үшін «Жүзім» бағдарламасы жасалынған, бұл бағытта «Қабыланбек» шарап жасайтын компаниясы, «Дербісек-Бахус» ЖШС, «Назико» ЖШС, «Ақжол» АҚ-ның шарап зауыттары, жүзім өндейтін 6 цех жұмыс істейді. Ауданның барлық егіс көлемінің үштен бір бөлігіне дәнді дақыл, 11,9%-на көкөніс, 17,3% мақта, 31,1% жүзімдік егіледі. Облыстағы арпаның жалпы өнімінің — 9,5%, жүгерінің — 26,5%, күнбағыстың — 36,5%, картоптың 30,5%, көкөністің — 26,4%, жемістің — 24,5%, жүзімнің — 39,9% жиналады. Облыстағы темекі өсіретін бірден-бір аудан. Аудан шаруашылығында облыстағы мүйізді ірі қара малдың — 10,4%, оның ішінде сиырдың — 12,5%, қой мен ешкінің — 13,7%, шошқаның — 3,7%, жылқының — 8,4%, шоғырланған: түйе — 180, құс — 75,3 мың басты құрайды. Келес өзенінің бойында «Келес» ӨК-нің су электр станциясы электр энергиясын өндіреді.
Жалпы білім беретін 137 мектеп бар, оның 94-і орта, 15-і орталау, 28-і бастауыш және 2 спорт, музыка мектептері. Мәдени мекемелерден 290 мәдениет орталықтары мен 36 кітапхана бар. Денсаулық сақтау саласында 2 емхана, 4 аурухана, 24 отбасылы дәрігерлік амбулатория, 104 фельдшерлік-акушерлік пункт, туберкулезге қарсы диспансер жұмыс істейді. Өзбекстанмен шекаралас Жібек жолы ауылында кеден бекеті орналасқан. Аудан жерінен Шымкент-Термез халықаралық автомобиль магистралі, Орынбор-Ташкент темір жолы өтеді.