Жер физикасына белгілі болғандай, планета қойнауының радиоактивтілігі уақыт өткен сайын азаяды да, ал тіршіліктің ертедегі түрлеріне олар кезіндегідей әсер етеді. Жердің даму тарихының ертедегі кезеңдерінде пайда болған қарапайым структуралы балдырлар Жердің даму тарихының соңғы кезеңдерінде пайда болған жоғары сатыдағы тіршілік иелеріне қарағанда радиация әсеріне анағұрлым төзімді.
Адам организміне әсер ететін радиоактивті элементтердің әсерін сипаттау үшін доза мөлшері D және дозаның қуаты Р=D/t қолданылады. Дозалар рентген, грей және джоульдің кг-дағы биологиялық эквиваленттерімен өлшенеді. Бұл өлшемдердің бір-біріне қатынасы : 1 грей = 1 джоуль/кг = 100 рентгеннің биологиялық эквиваленті. Дозалардың қуаты 1 сағаттағы рентген мөлшерімен өлшенеді (миллирентген/сағат, микрорентген/сағат). Адам ағзасына әсер ететін дозалардың жалпы қуаты 1,5-4,0 милдигрей/ жыл (0,017-0,044 миллирентген/ сағат). Біздің ағзамызға мұндай қуатты дозаларға бейімделгендіктен, олардың ешқандай зияны жоқ.
Қазіргі кезде кейбір мамандық салаларында ядролық сәуле шығарумен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Олар үшін жылына 50 миллигрей қауіпсіз деп саналады. Бұл табиғи фоннан 12-35 есе көп. Биофизиктердің пікірінше, жылына 50 миллигрейден бірнеше есе көп доза адам организміне ұзақ уақыт (10 мың жылдай) әсер еткен жағдайда Homo sapіens түрі өзгеріп кетуі мүмкін.
Уран тірі организм бойына түскенде алдымен улы, кейіннен радиациялық әсер етеді. Тірі организмдерге уранмен бірге түскен басқа элементтер де зиянды әсер етеді. Мысалы, В.В.Ковальский: топырақта төмендегі көрсетілген элементтердің жоғарғы концентрациясы : Co – 3·10-3; Cu – 6·10-3; Zn –7·10-4; B –3·10-3; Sr –6·10-2 және Se –1·10-4 – тірі организмдерге зиянды әсер ететінін дәлелдеген. Олардың артық мөлшері де жеткіліксіздігі сияқты организмдерде морфологиялық, анатомиялық және физиологиялық өзгерістер туғызып, оларда эндемикалық аурулардың пайда болуына себеп болады. Осы элементтердің, әсіресе, U, B, Cu, т.б. жоғары концентрациялары бар ортада тіршілік ететін микроорганизмдерде мутагенез жүріп, пайда болған мутанттар осындай орталарда жылдам дами бастаған. Мысалы, Ыстықкөлдегі уранның концентрациясы Әлемдік мұхиттағы уранның концентрациясынан біршама жоғары. Оңдағы хар балдырларының құрамындағы уранның мөлшері көлдегі сулардан 3 есе артық . Сонда осы балдырлар мутациясына байланысты олардың көптүрлілігі өте жоғары. Ленинградтық геолог профессор С.Г.Неручев рифтогенез кезінде жер қойнауынан уран, V, Mo, Cu, Nі, Ag және де басқа элементтерге бай магмалық ащы сулар таралатынын көрсетеді. Мұхиттарда судың төменнен жоғарыға қарай көтерілуі жиі (апвелинг) болып тұрады.
Апвелинг кезінде фосфаттардың гидросфераның жоғары қабаттарына өтуі мұхиттар мен теңіздерде тіршілік ететін организмдердің қоректік тізбектерінің бастамасы болып табылатын фитопланктонның қарқынды дамуына себеп болады. Гидробиологтардың көрсетулері бойынша, апвелинг нәтижесінде жағалық акваториялардың биоөнімділігі 50 мың есе ұлғаяды екен.
Рифтогенез кезінде фосфаттар мен түрлі химиялық элементтердің гидросфераға түсуі күрт артады. Бұл теңіз өсімдіктерінің, балықтар мен басқа да жануарлардың көбеюіне себеп болады. Қорекпен бірге балықтар мен басқа жануарлардың организміне радиоактивті заттар да жинақталады, олардың әсерінен организмдер құрылымында мутация жүріп, кейбір түрлер жаппай қырылып қалса, екіншілерінде жаңа белгілер мен қасиеттер пайда болып, олар ары қарай түр ретінде дами береді.
Рифтогенез кезінде мутагенез қарқынды жүріп, тіршіліктің жаңа формалары пайда болады. Жаңадан пайда болған түрлер біздің планетамызда тұрақталмай тез жойылып кетті дегенмен ұзақ уақытқа сақталып қалғандары да болды. С.Г.Неручев, 538 млн жыл бұрын уранның гидросфераға түсуі нәтижесінде трилобиттердің дене сегменттері әлдеқайда азайып, ал кейбіреулерінде екеу ғана – бас, құйрық сегменттері қалған деп көрсетеді. 500 млн жыл бұрынғы рифтогенез фазасында алғашқы омыртқалылар, панцирлі балықтар пайда болды. 320 млн жыл бұрынғы кезеңде алғашқы төртаяқтылар –ихтоостегидтер пайда болды, 290 млн жыл бұрынғы кезеңде алғашқы кесірткелер, 167 млн жыл бұрынғы кезеңде жануарларда ұшу аппараты пайда болды. Түрлердің кейбіреуінде алдыңғы аяқтарының саусақтары ұзарып, араларында жарғышақтар пайда болды. Осылайша ұшқыш кесірткелер – птерозаврлар, археоптерикстер пайда болды.
Әрине, биосфера эвоюциясының барысына рифтогенез ғана емес, басқа да факторлар – геомагниттік өрістің инверсиясы, климаттық өзгерістер,т.б. әсер етті.