Тиімді емделу біршама қаражат пен үлкен шыдамдылықты талап етеді. Бұл – бәрімізге таныс дүние. Өкінішке қарай, адамдардың бәрінің қаржылық мүмкіндігі бірдей емес. Осындайда, біздің көпшілігіміз үшін ірі мемлекеттік мекемелерден тегін ем алу жолы қандай немесе емделу үшін қомақты қаржыны қайдан алуға болады деген сұрақ төңірегінде толғанамыз. Бұл мәселе бойынша сізге Республикалық медициналық орталықтарда жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) көрсету бойынша мемлекет дер кезінде көмекке келеді.
ЖММК – диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың ең жаңа технологияларын пайдалануды талап ететін аурулар кезінде медициналық ұйымдарда бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.
Республикалық клиникаларға жолдама алу үшін тұрғылықты жердегі медициналық мекемеге (емханаға) бару керек. Медициналық көрсеткіштер болған жағдайда емдеуші дәрігер ЖММК комиссияның қарауына мынадай құжаттар ұсынады:
1) науқастың жеке басты куәландыратын құжатының көшірмесі;
2) науқастың клиникалық диагнозын көрсете отырып медициналық ұйым маманының жолдамасы;
3) науқасты зерттеп-қараудың қажетті ең аз көлемінің нәтижелері (қанның, несептің жалпы талдауы, нәжістің ішекқұрт жұмыртқаларына талдауы, кеуде ағзаларының флюорографиясы, электрокардиограмма және HbsAg болуы);
4) өңірлік деңгейде мүмкін болатын клиникалық диагнозды, зерттеу нәтижелерін көрсете отырып, амбулаториялық картадан/сырқатнамадан көшірме;
5) науқастың клиникалық диагнозын растайтын зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері.
ЖММК комиссиясы науқастардың құжаттарын сырттай немесе қажет болған жағдайда науқасты бейінді мамандардың комиссиялық қарауына шақыра отырып, қарауға құқылы. ЖММК комиссиясы ұсынылған құжаттарды қарайды және тасымалдау түрі мен көлеміне қарай науқасты медициналық көмек көрсетуге мамандандырылған және жоғары мамандандырылған республикалық медициналық ұйымдарға жіберудің негізділігін анықтайды. Науқастың құжаттары келіп түскен сәттен бастап, екі жұмыс күні ішінде ЖММК комиссиясы хаттамалық шешім қабылдайды. Республикалық медициналық ұйымдарда науқасқа мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті көрсету туралы оң шешім қабылдау кезінде ЖММК комиссиясы жолдаманы Емдеуге жатқызу бюросының порталына тіркейді және жіберген медициналық ұйымда басып шығарылған жолдамамен құжаттардың пакетін береді. Медициналық ұйым емдеуге жатқызуға жолдама алғаннан кейін науқасты емдеуге жатқызу туралы хабарлайды.
Егер республикалық медициналық клиникаларда емделу туралы толық мәлімет алғыңыз келсе, жергілікті денсаулық сақтау басқармасы немесе тұрғылықты жердегі медициналық мекеменің мамандарына хабарласуыңыз қажет.
Мұны білген пайдалы (оқып шығыңыз):
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі;
2) «Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 20 желтоқсандағы № 986 бұйрығы.
Пайдалы сілтемелер:
www.mz.gov.kz – Денсаулық сақтау министрлігінің сайты.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «республикалық клиникаларда ем алу», «жоғары білікті дәрігерлік көмек алу» және т.б. кілт сөздерді теру керек.