Публицистикалық стиль

Мұғалім публицистикалық стильдің сипатын танытуды мақсат етіп қояды. Публицистикалық стильдің ауызша, жазбаша түрлері болатындығы, олардың ауызша түріне — шешендік сөздер, жазбаша түріне газет-журналдағы мақалалар, памфлет, очерктер т.б. жататыны айтылады. Мұғалім публицистикалық мақалалардың тақырыбы саяси, экономикалық, экологиялық, мәдени, моральдық т.б. алуан түрлі мәселелер қарастыратынын, публицистикалық стильдің жазба түрінің қалыптаса бастауы халықтың жалпы экономикасы мен мәдениетіне байланысты екенін оқушыларға түсіндіргені дұрыс. Сондай-ақ публицистикалық стильдің өзіндік ерекшелігі болып танылатын екінші бір қыры өмірдің әр саласына байланысты болғандықтан, тақырып жағынан ғылыми стиль мен көркем әдебиет стиліне жақын болып келетінін де нақты түсіндірген жөн.

Публицистикалық стильде тілдің эмоционалды элементтері және сөзді образды  қолдану сияқты әдеби стильге тән құбылыстар да кездеседі. Бұл  оның әдеби стильге жақындығы болса, ал фактіні толық әрі жүйелеп баяндауы жағынан оның ғылыми стильге жақын екендігін айтып, публицистикалық стильге жататын мәтіндерді алып, осы жақындықтарды дәлелдеу қажет.

Оқулықтағы бірнеше жаттығуды орындатып, публицистикалық стильдің басты қалыптасқан сипатын оқушылардың тереңірек түсінуіне мүмкіндік жасалуы тиіс.

Төмендегі үлгідегі мәтіндерді алып, олардың жұртшылықты қоғамдық мәні бар іске қатыстыру, санасына ықпал ету мақсатында жазылғанын түсіндірген дұрыс.

«Жаңада ғана Ахмет Байтұрсынов шығарған қазақ тілінің харпі «Тіл құрал» басылып шықты.

«Тіл құрал» туралы жазудан бұрын — әуелі қазақ тілі жайынан біраз сөз айтып отыруды тиіс көреміз. Қазақ тілі жайында газетімізде бұрын да сан жазылып еді.  Қазақ тілі — бай, таза, іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз.

Мұны іңкәр қылатынымыз жоқ. Бірақ құр бай, таза деумен ғана тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да, туу басында біздікі секілді таза да, бай да болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық. Бұл кезде шаһар сайын ноғай медреселерінде қанша қазақ баласы… сөйлейді.

Бір жағы — Бұқар, бір жағы Мекке-Медине, Стамболдарда оқып қайтқандарымыз да бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр.

Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр. Бұлар елге келіп жас балаларды оқытады. Сөйтіп, шет тілдер елдегі жас балаларға жұғады. Жас балалар — келешектегі бір буын халық. Орысша оқығандарымыздың көбі екі сөздің біріне орысша қатыстыруды үйреніс қылып алған.

…Бұрынғы қазақ арасына тарап жүрген қисса-хикаялардың бәрі: ноғайша, арабша аралас тілмен жазылған.

…Қазақ тілінің таза сақталуына бізде қам қылған кісі бар ма? Болса — ол кім?

(М. Дулатов)

Төмендегідей мәтіндерді алып, публицистикалық стильді басқа стильдерден ажыраттыру бағытында өздері оқып жүрген газет-журналдардан өмірдің әр саласына арналған мақалалар, ғылыми кітаптардан, көркем әдебиет шығармаларынан үзінділер тергізіп алып, салыстырмалы әдіспен жұмыс жасатуға болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға дидактикалық материалды пайдаланған тиімді.

Есіл!..

Шілденің шамырқанған сарша тамыз кезінде Есіл өлкесі адамның көзіне күндік жерден шалынады. Күн сәскеден жоғары көтеріле, сумаңдай аққан мөлдір толқынды сағым Есілдің алабына сыймай, қазанда қайнаған сүттей аппақ күміс көбігін кең кемерден көпіршіте төгеді. Төгілген сағымның толқыны тулап, шиыршықталып, аспанға шапшиды. Шапшыған толқынды сағым сай-салаларды өрлеп, қанатын кең жазады. Сол кезде сағымға көзің түссе, Есілдің көктемгі асау тасқыны қайтадан көтеріліп, теңіздей топаны кең өлкесін бөлуге бет алған екен деп ойлайсың.

Сағым солай көтеріліп толқыған кезде, мұнартып алыстан көгілдірлене көрінген Есілдің тоғайы сағым бетіне сеңдей қалқып шыға келеді. Қалқыған тоғай шайы шымылдықтай желпінеді. Желпінген  тоғайдың түсі көз тоқтатпай, біресе көк, біресе жасыл, біресе ақ сықылданып бояуы қас пен қабақтың арасында әлденеше құлпырып, сағымның суына шомылып, денесіне шаң жолатпай түрленген сайын, тоғай жарқырай түседі. (С.Мұқанов)

Оңашаланған айқындауыш мүше алдынан қойылған үтір мен сызықша оңашаланған айқындауыш мүшені бірден тануға көмектеспейді, қайта оңашаланған айқындауыш мүшелердің тыныс белгісін қоюды қиындатады, әрі тыныс белгілерін қалай болса солай қабаттастырып артық қоюға машықтандырады.

…Оңашаланған айқындауыш мүшелердің алдынан тек қос нүкте қойып жазу айқындалатын сөзді жалпылауыш сөз екен деп түсініп қалуға соқтықтырады, керісінше, оңашаланған айқындауыш мүше алдындағы сызықша қалдырылып кеткен мүше орнына қойылды ма әлде интонациялық сызықша ма деп түсініп қалуға болады. (Ф. Мұсабекова)

Қазақстан жаңа ғасырға дүние жүзі елдері қатарында терезесі тең ел ретінде келіп отыр. Жаңа ғасырды бастаған ұрпақ келер ұрпаққа қарыздар болып қалмас үшін қолдан келген игіліктерді жасайтыны анық. Қашанда  білімі мол, рухани байлығы бар халықтың ұл-қыздары ешқашан да жүдемесі хақ. Әзірге  біздің байлығымыз — білім. Оны өмір өзі дәлелдеп келеді.

Республикамызда сегіз жарым мыңға жуық мектеп бар. Оған қоса жоғары және арнаулы оқу орындарымыз қызмет жасайды. Рухани байлықтың таза көзі осылар десек, республикамыздың барлық аудандары мен қалаларында шығып жатқан мерзімді баспасөздеріміз рухани өміріміздің гүлдене түсуіне көмектесері сөзсіз. Олай болса, міне, құрметті қауым, биылғы жылдың баспасөзіне, солардың ішінде «Қазақстан мұғалімі» газетіне де жазылу жүріп жатыр. «Қазақстан мұғалімі» газетінен көлемді мәтіндерді оқытып, стильдік сипатын анықтатқан соң, өздері өткен стиль түрлерін ажыратуды меңгергеннен кейін, өздерінде қалыптасқан білім негіздерін пысықтау үшін бір-бір сөйлемнен стильдің түрлерін карточкаға жаздырып тарату арқылы оқушылардың жауабынан берілген білім нәтижесін көруге болады.  Оқушының бір сөйлемнен стиль түрлерін ажырата білуі өздері өткен стиль түрлерін толық меңгергендігін танытады.

Публицистикалық стильде жазылған мәтіндерді жинатып, сол жинаған мәтіндерінің мазмұнын айтқызып бағалау жұмыстары жүргізіледі. Белгілі айдармен жүргізіліп жүрген тәрбиелік мәні бар радио, теледидар хабарларың сабаққа магнитофонға жазып әкеліп, сынып оқушылары түгел тыңдап, пікір алысуларына болады.

Сабақты қорытындылау барысында публицистикалық стильдің ауызша түрі — шешендік сөз екендігіне тақырыптың бас жағында тоқталдық. Қазақтың ертедегі шешендік сөзінің тақырыптары: ру тартысы, барымта, жер дауы сияқты немесе тойларда айтылатын мақтау сөздер, ақыл, кеңес, біреу өлгенде көңіл айту т.б. екенін естеріне сала отырып, өздері оқыған көркем шығармалардан шешендік сөз үлгілерін оқытып, мазмұнын айтқызған дұрыс.