ОТБАСЫНА ЖӘНЕ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРҒА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

ОТБАСЫНА ЖӘНЕ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРҒА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ туралы қазақша реферат

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында: Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады (1); Балаларына камқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы (2); Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті (3) — делінген. Бұл көрсетілген қағидалар халықаралық құқықтың осы мәселелер жөніндегі негізгі ережелеріне сәйкестендірілген. Адам құқығы жөніндегі 1948 жылғы Жалпыға бірдей Декларацияда, Азаматтық және саяси құқықтар туралы 1966 жылғы Халықаралық пактіде отбасы коғамның табиғи негізгі ұясы және ол мемлекетпен қоғам тарапынан қорғау құқығына ие деп белгіленген. 1989 жылы 20 қарашада қабылданған «Бала құқықтары жөніндегі» конвенцияда да балалардың азаматтық және саяси-әлеуметтік құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілген. Қазақстан Республикасы да отбасы және кәмелетке толмағандар жөніндегі халықаралық құқық нормаларын қастерлей отырып, осы мәселелерге байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастарды қылмыстық-құқықтық жолмен қорғауға ерекше мән береді.

1997 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің 2-тарауы отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауаптылық белгілеген. Бұл тарауда осы тұрғыдағы қылмыстарға арналған нақты қылмыстардың мынадай түрлері көрсетілген: кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту (131-бап); кәмелетке толмаған адамды қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту (132-бап); кәмелетке толмағандарды саудаға салу (133-бап); баланы ауыстыру (134-бап); бала асырап алу құпиясын жария ету (135-бап); балаларын немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейі жалтару (136-бап); кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау (137-бап); балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (138-бап); қамқоршы немесе қорғаншы құқықтарын теріс пайдалану (139-бап); еңбекке жарамсыз жұбайын (зайыбын) асыраудан әдейі жалтару (140-бап). Осы топқа жататын қылмыстардың объектісі ата-аналар мен балалардың арасындағы отбасылық қатынастар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың дене бітімі, интеллектуальдық рухани, адамгершілік тұрғысынан дұрыс дамып, қалыптасу жағдайлары болып табылады. Енді осы топқа енген қылмыс құрамдарының әрқайсысына жеке-жеке талдау жасап өтейік.