Орта ғасырлық мәдениеттегі философия феномені

Жоспары:

1. Ортағасыр философиясының негізгі мәселелері.

2. Схоластикалық философия. 

Ортағасырлық батысеуропалық философия – дүниетаным дамуындағы өзіндік ерекшелігі бар кезеңдердің бірі. Бұл ерекшелік философиялық ой дамуының тікелей діни-теологиялық шеңбері ішінде, христиандық діни ілімнің апологетикасы төңірегінде өрбуімен сипатталады. Ортағасырлық батысеуропалық философияның қалыптасуы мен дамуына Муций Феликс, Тертуллиан, Ориген сияқты апологеттер, неоплатонистер және Аврелий Августин өздерінің интеллектуалдық ықпалдарын тигізді. Рим шіркеуі Әулие Августинді (375-383) сенім мен ақылдың үйлесімділігі тұрғысынан христиандық діни ілімді негіздеуде орасан зор сіңірген еңбегі үшін «әкей» ретінде мойындаса, көптеген батыстық зерттеушілер оны «батыстық ортағасырлық мәдениеттің ұлы сәулетшісі» дейді. Аврелий Августин өзінің «Құдай қаласы туралы» еңбегінде атақты формуласын – «ұғыну үшін сенемін, сену үшін ұғынамын» формуласын негіздейді. Бұл “ақыл мен сенімнің өзара бірін-бірі толықтыру принципі” 5-15 ғасырлар аралығын қамтитын Батыс Еуропаның бүкіл ортағасырлық философиялық ойының ең негізгі дүниетанымдық кредосына айналады.

Егер Августин Аврелий Рим шіркеуінің “әкейі” болса, онда Боэций (480-526) М.Грабманның дәл сипаттамасы бойынша “соңғы римдік және бірінші схоласт” болып табылады және сонымен қатар Ортағасырлықтың негізін қалаушы ретінде де орынды саналады. Боэций антик дәуірінің рухани-философиялық мұрасын ортағасырлық мәдениетпен байланыстырушы, антиктік интеллектуалдық-философиялық дәстүрдің ортағасырлық руханиятпен сабақтастығын жүзеге асырушы қуатты транслятор болып табылады. Боэций аристотельдік ілімнің ұғымдық аппаратын рухани трансляция жасап қана қоймай, ортағасырлық философиялық ойлау мәдениетіне теологиялық проблематиканың негізгі қаңқасын да енгізді: универсалийлер мәселесі, тринитарни (Құдіретті Құдай, оның Ұлы және Қасиетті Рух арақатынастары), субстанция мәселесі және акциденция. Боэцийдің айтуынша субстанция – бұл барша атрибуттар мен акциденцияларды айқындайтын барлық мәнділіктер негізі. Егер субстанция – заттардың жалпы негізі болса, универсалийлер – бұл жалпы атаудың мәні. Олар ақыл-оймен абстракциялаудың нәтижесі болғанымен, әлемде бар және нақты өмір сүретіндерді бейнелейді.

Схоластикалық философияның басталуы И.С.Эриугенның есімімен байланысты (810-877). Эриугена өзінің “Табиғаттың бөлінісі туралы” деген жұмысында әлемдік үйлесімділік туралы идеясын негіздейді. Онда құдай барлық бастаудың түпнегізі бола отырып, болмыс үдерісін өзі аяқтайды: «Құдай өзі танылмағанымен өзі жаратқан нәрселеріне біршама ашылады, ал Құдайға иланудың өзі – таңғажайып жаратылыс» (Эриугена).

Ортағасырлық философиясының дамуына үлкен үлес қосқан Ансельм  Кентерберийский (1033-1109) болды. Ол өзінің “Прослогион” деген еңбегінде Құдай өмір сүруінің априорлық немесе онтологиялық дәлелдерін негіздейді. Сол сияқты П.Абеляр (1079-1142) заттардың мәніне сәйкес келетін және сөздердің мағынасын білдіретін универсалийлер туралы идеяны дайындап шығарады.

Ф.Аквинский (1225-1274) өзіне дейінгі ойшылдардың универсалийлер туралы барлық идеяларын жүйелей отырып ортағасырлық схоластикалық ойлауда өзінің радикалды қадамымен ерекшеленеді. Бұл қайта пайымдаудың мәні табиғатты, адамды оның Құдайға қатынасын зерттеуге негізделеді. “Тән туралы ой жан туралы ойға, ал бұл ой Құдай туралы ойға жетелейді”, — деген Ф.Аквинскийдің кредосы аристотелизмді христиандық тұрғыда қайта пайымдаумен сипатталатын схоластикалық философия дамуындағы жаңа кезеңді білдіреді. Ол сондай-ақ креационизм идеясын да ұсынады. Ф.Аквинскийдің ілімі – христиандық діни ілім мен перипатетеизм философиясының, христиандық теология мен пайда болып келе жатқан жаратылыстанымның арасындағы ымыраға келушілік.

Бірақ бұл компромисс 14 ғасырда Дунс Скот (1270-1308) тарапынан сынға ұшырайды, томизм мен номинализм арасындағы пікірталасқа Р.Гроссетест (1168-1253), Р.Бэкон (1210-1294), У.Оккам (1290-1349/50) белсене араласады. Фомамен салыстырғанда У.Оккам концептуалды номиналист болып табылады. Әлемде санаға бағынышты емес заттар да өмір сүреді. Ұғымдар – бұл ментальды феномендер. Осы жағдайларда теориялық тұрғыда дамыта отырып, У.Оккам теологиялық спекуляция жасауға негізі жоқ деген шешімге келеді, өйткені олар универсалийлер туралы ойға сүйенеді. У.Оккам діни мәселелерді шешуде Папа сөзінің абсолюттілігі туралы тезиске оппонент болады. Оның пікірінше ақиқатқа жету жолында барлық нәрсеге де сын болуы шарт Универсалийлерді сынай отырып Оккам философия мен теологияның ара жігін ажыратады. Номиналистің пікірінше философия теологияның қолжаулығы. Философияның өз міндеті бар: тәжірибе арқылы табиғи әлемді зерттеу. Ал теологияның философиядан ерекшелігі – ол Құдайға бет бұрған және сенімге ғана сүйенеді.

Ортағасыр философиясының ең басты ерекшелігі, оның діни сипаты. Оған тән теоцентризмнің құрылымында анықтаушы орынды құдіреті күш exnihilo атқарады.

Дүниенің жаратушысы құдай деген пікір христиандық онтологияның басты идеясы болды. Баршаның және барлық әлемнің анықтаушы субстанциясы ретіндегі «құдірет» әлем жаратушы абсолют болып есептелінді. Дін дүниені біртұтас қабылдаудың тәсілі болды. Әлемді жаратқан құдай идеясы табиғаттың да дүниедегі орнын анықтағандай болды. Сондықтан болар отрағасыр философиясы «жасаушының» философиясы болып қалыптасады. А.Августин мен Ф.Аквинскийдің ілімдерінде ортағасырлық дүниетаным мәдениетінде сенім танымның дәрежесі ретінде анықталды. Бұл философияның басты сипаты ғасырлар бойғы реализм мен номинализмнің күресінде айқын көрінеді.