«Өнімділік 2020» бағдарламасы (бұдан әрі — Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын, Мемлекеттік бағдарламаны және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар Кеңесінің 23-ші пленарлық отырысының 2010 жылғы 4 маусымдағы № 01-8.1 хаттамасын іске асыру шеңберінде әзірленген.
Бағдарлама Дүниежүзілік банктің әдістемелік қолдауымен әзірленді және Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру құралдарының бірі болып табылады.
Экономиканың жалпы өнімділігі оның айтарлықтай деңгейде бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын фактор болып табылады. Ғылымды көп қажетсінетін өнімді шығаратын өңдеуші салалар кәсіпорындары үлесінің ұлғаюы экономикадағы еңбек өнімділігінің деңгейін едәуір арттырады. Сондықтан да мемлекетке оның өнімділігін арттыруды ынталандыру, инновациялық әзірлемелерді ендіру, қазіргі заманғы басқару технологияларын ендіру және жалпы кәсіпорындардың негізгі қорларын жаңғырту өмірлік маңызды. Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру) және сөзсіз, қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу бірінші дәрежелі міндет болып табылады.
Бұл ретте, еңбек тиімділігіне бизнестің инновациялық белсенділігі, күшті бренд, персоналдың біліктілігі, өткізу нарығының тартымдылығына қол жеткізу, бәсекелі ортаның сапасы, өнімдерді немесе қызметтерді шебер жылжыту және сату қабілеттілігі де әсер етеді. Бұдан басқа, қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу мәселелерінде менеджменттің рөлі басты болып табылады.
Қалыптасқан жағдайды есепке ала отырып, тиісті Бағдарламаны әзірлеу арқылы қазіргі заманғы басқару және энергия үнемдеуші технологияларды енгізудің, кәсіпорындарды жаңғыртудың және жаңа бәсекеге қабілетті өндірістер құрудың жүйелі құралдарын қабылдау қажет.
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде:
мемлекет Бағдарлама әкімшісі (Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі) және арнайы белгіленген комиссиялар және кеңестер арқылы мемлекеттік қолдау құралдарын ұсыну мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды;
қажет болғанда Бағдарламаны іске асыру шеңберіндегі құжаттарды мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келісуді Бағдарлама операторы «бір терезе» қағидаты бойынша орындайтын болады;
Бағдарлама шеңберінде оның бір қатысушысына Бағдарлама құралдарын кешенді ұсынуға жол беріледі.
Бағдарламада пайдаланылатын ұғымдар:
ведомствоаралық комиссия – кәсіпорындарды жаңғырту жөніндегі ведомствоаралық комиссия – орталық мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, даму институттарының өкілдері мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен Бағдарлама әкімшісінің жанында құрылатын консультативтік-кеңесші орган;
Бағдарлама әкімшісі – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі;
Бағдарлама операторы – «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» акционерлік қоғамы;
құрал операторы – мемлекеттік қолдау құралдарын ұсынатын, жарғылық капиталында мемлекет 100 пайыз қатысатын заңды тұлға;
өтінім беруші – Бағдарламаға қатысуға өтінім берген және Бағдарлама шеңберінде инвестициялық жобаның іске асырылуына қызығушылығы бар кәсіпкерлік субъектісі;
қатысушы — Бағдарламаға қатысушыларына қойылатын өлшемдерге сәйкестігі туралы Бғдарлама операторының оң сараптамалық бағалауы бар кәсіпкерлік субъектісі;
инвестициялық жобаның кешенді жоспары — қажетті экономикалық, техникалық, басқару және өзге де құжаттама пакеті.
Басқару және өндірістік технологиялар – белгілі бір алгоритм бойынша түрлі бейінді кәсіпорындарда орындалатын немесе өндірісті және еңбек өнімділігін тиімді ұйымдастыруды арттыруға бағытталған ғылымның, техниканың және қоғамның жалпы жетістіктерін пайдалана отырып ақпараттық, есептеушілік, ұйымдастырушылық, өндірістік және логикалық іс-қимылдардан тұратын басқару және өндіріс үдерістерін орындау жөніндегі ұйымдастырушылық шаралар кешені.