Күллі адамзат қауымында өткен ақыл-парасат алыптарының ой-кермегін тартып, тіршілік тұңғиықтарын терең толғап ұғынған сайын кемеңгерліктерін ұрпақ тәрбиесіне арнамағандары аз. Сонау көне дүние данышпандары Сократ та, Платон да Аристотель де төрткүл дүниенің тылсым сырларын ата-бабаларымыз Әл Фараби, Әбу Райхан Беруни, Ғаббас Ибн Сейд Әл Жауһари, Жүсіп Баласағұн т.б. мектеп ашып, шымырлай аққан ой құдіретін ұрпақ тәрбиесіне бұрған. Олай болса, ұлы ойшылдардың қол созған мұраттары тікелей адам тәрбиесіне астасып жатыр. Тіпті кешегі өткен Декарт Локк, Ян Амос Коменский, Жан-жак Руссо, Лев Толстой да тәрбие саласына ерекше көңіл бөлген. Қазақ баласының өнегелілік қасиетінің қалыптасуына ең әуелі шоқтығы биік болып көрінетін құдіреттің бірі — халық педагогикасы. Осы тұста қазақ халқының ұрпағына қалдырған аксиомалық ұғымдарды еске түсіреді. «Алып анадан туады» тылсым сыры әлі ашыла қоймаған ұлағатты сөз бар.
Адамдардың мінез-құлығы мен ар-ұжданы негізінен ақыл-парасат және жүрек тәрбиесінен алады екен. Осындай тұжырымды Абай Құнанбаев та құптайды.
Әл Фараби «жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде ғана адам бақытқа жетіп, адамшылық қасиеттерге ие болмақ», — дейді.
Адам мінезін негізінен тәрбиелеп қана жетілдіруге болатынын айтқан ұлы Абай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады, онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық», — деп адамның шынайы, саналы өмірін дәріптеген.
Тәрбиелі, өнегелі, адамгершілігі бай адамның бойынан байқалатын ұят пен ар, ізгілік, мейірім, имандылық пен инабат-ұждан ұғымына саяды. Ал, адам табиғатындағы ұждан деген қасиетті сипаттың тербелетін бесігі тек жүрек тәрбиесімен ғана үндесіп жататындығы белгілі.
Абай жүрек қалыптастыратын ұждандық сипатқа ерекше мән берген. Ол адам ғұмырында жүректің орнын алдыңғы қатарға қояды. Тіпті ақылдың тереңдігін күшейтетін де жүрек деп біледі. Сондықтан да ол:
Ақылмен бойлап білген сөз,
Бойыңда жұқпас сырғанар,
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырға қуалар ,-
деп адам тәрбиесінің темір қазығын жүрекпен байланыстырып отыр. 14-сөзінде «Тірі адамның жүректен алушы жері бар ма , Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр дегені.
… Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларсың — жүректе жігер, қайрат байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын»,—- деп терең нақтылықпен тәрбие тетіктерінің сырын ашып отыр.
Адамдар арасындағы қарым-қатынаста тіршілік, әдеп, инабат үрдісінің қаншалықты кең жайылып, терең тамырлануы ең алдымен, олардың жекелеген отбасында өркен жаюына, яғни, баланың ата-анасын жан-жүрек қалауымен саналы түрде ардақтап, құрметтеуіне, инабат тағылымын үлкендерден үйрене отырып, өздерінің адамдармен қарым-қатынасында оны мүлтіксіз жүзеге асыруында. Өз ата-анасын құрметтейтін, перзенттік парызы үлкен орындалмайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр! Баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауы – адамшылдығының белгісі.
Отан — адамның түп-тұқияны, кіндік қаны тамып, өсіп-өнген жері. Сондықтан адамның Отан анасын ұмытпай, ата-мекенін жаудан қорғап, ата ерлігін сақтау, жалғастыру, туған жерді қастерлеуі ана сүтімен бойымызға дарыған қасиет.
Б.Байрон «Өз елін сүймеген адам ештеңені де сүйе алмайды»,- деген. Адамның өнегелілік қасиетінің қалыптасуы оның өзін-өзі басқаруы мен тұрмыста тәлтіректемей табанынан тік басып, мығым тұра білуі іс-қимыл шеберлігіне байланысты. Адамның осылай саналық қалыптасуындағы шешуші фактор — еңбек болып саналады.
Еңбек адамның шаруашылық мүмкіндігіне кең өріс ашып, оны жүзеге асыруға жігерлендіреді. Философ Жан Мари Гюго «Адам жұмыс істеген уақытта ғана толық адам болады» дейді. Ал, Абай Құнанбаев «Еңбек, қуаныш, жалқаулық—айрылмас азар»,- деп шегелейді. Еңбектің қасиетін жан-жақты адам бойында қалыптастыру — отбасы, ата-ана, ұстаз-тәрбиешілердің міндеті.
Еріншектік, жалқаулық, жатыпішерлер, арсыз арамтамақтар – халық жиіркенішпен қарайтындар, жанбай жатып өшетіндер екендігін ұғындыруымыз керек.
«Әділеттілік—мұсылмандардың барлық ұрпағының ой-пікірі, дүниетанымы, адамгершілік көзқарасының өзегін құрап, қанына сіңген ұғым болып табылады. Мұсылман әдетінде әділеттілік – іргелі және әмбебап ұлы қасиет, халық ұғымында әділдік үшін күрес —— шынайы адамшылдық өмір үшін күрес деп есептейді. Адамның ең аяулы өнегелі қасиеті — турашылдығы десек, турашылдық сол әділдіктен нәр алады. Әділдіктің жоқтығынан ел азады. Адамдардың жасампаздық күші сарқылып, биліктің іргесі шайқалады. Сондықтан жасөспірімдер бойына әділдік үшін күресті дарыта алсақ, ертеңге сеніммен қарауға болады» — деген Ш.Құдайбердиевтің сөзі өнегелі қасиеттің өресін кеңейте түседі.
Адалдық – адамгершіліктің аса маңызды талаптарының бірі. Ол жалған сөйлемеу, жалтармау, уәдесінде тұру сияқты қасиетті қамтиды. Баланы адалдыққа тәрбиелеу, адал еңбекке, әдептілікке үйретуден басталады. Бала өз ризық, несібесін өз еңбегімен, яғни адалдықпен тауып жеген адамның ең ардақты, халық алдында құрметті, сыйлы кісі саналатынын түсініп, сондай болуға өзі де талпынатындай үлгі-өнеге көріп, біліп өсуге тиіс. «Адалдық артық, арамдық жаман»деп, күтіп отыруға болмайды. Бала бойында халық рухымен сыйыса алмайтын қасиеттен арылтуды ертеден бастау керек.
Парасат — жеке тұлғаның қадір-қасиетін, кісілік кемелдігін білдіретін жиынтық ұғым. Француз философы Г.Мамбе: «Біздің бойымызға біткен ішіндегі ең маңыздысы және ізгісі парасат»,— дейді.
Парасат ұғымын Абай адам болу, толық адам деген сөздермен белгілейді. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»,- деп тұжырым жасайды.
Адам үшін ең қымбат қазына — әдебиеттегі, өнердегі тағылым, тәжірбие. Бұларды біз нағыз классикаға бағалаймыз, өйткені бұл құндылықтар адамды даналыққа, өнегеліліке баулиды. Ал даналық, өнегелілік адам үшін өмір өткелдерінен сүріндірмей, жаңылдырмай алып шығатын шырақ, нысана, компас деуге болады.
Өнер — ой-сезім бірлігі арқылы әлемнің тұтастай көрінісін жасайтын адам әрекетінің бір түрі. Халық өз дүниетанымын, салты мен дәстүрін, ғұмырлық тарихын ең алдымен өнерге сіңірген, сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған асыл, рухани қазыналарын, қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп,өнегелілік қасиеттерін қалыптастыруды өнер арқылы тәрбиелеу өзекті мәселелердің бірі.
Қазақ халқының мәдениеті —- оның ұлттық тарихының өнімді өзегі, құрамдас бөлігі, маңызды саласы. Сондықтан оны игеру, өз алдына ғылым ретінде танып, оқып-үйрену —- қазақпын дейтін әрбір адамның азаматтық парызы, қасиетті борышы, тұрмыс-тіршілігінің таусылмас талабы, қажеттілігі. Тарихқа шолу жасасақ, ол сонау Орхон-Енисей жазуынан бастап Қорқыт, Әл Фараби, Ж.Баласағұн, Иссауи, Ө. Тілеуқабылұлы т.б. сияқты орта ғасыр ойшылдарының шығармаларынан бастау алады. Олардың іішінде адам баласы қанша өмір сүрсе де, ешбір ескірмейтін, қадір-қасиетін жоғалтпайтын, бүкіл азаматтық мәнге ие болып қалыптасқан құндылықтар, ұрпақты салауаттылдыққа тәрбиелеудегі жоғарыдағы өнегелері өз мәнін жоймайды. Мәселен, Қорқыт жырлары имандылық пен ізеттілік, адамгершілік пен парасаттылыққа меңзейді. Көбінесе біз Қорқытты күйші ретінде білеміз, «өмірде… барсақ та Қорқыттың көрі» деген аңыз кездейсоқтық емес, ол адам баласына айтылған «ескертулер мен пендешілік құрыққа түспеуге меңзейтін болжамдар».
Қорқыт баба — қазақ даласының ұлы ойшылы, күйшісі. Қобыз өнері – қазақ музыка мәдениеті тарихында ерекше орын алады. Халық «қобыз үнінде адамды қайғы-қасіреттер, қиындықтан, өлімнен құтқарушы құдіретті күш бар» деп ерекше қадірлеп, сеніп, қастерлеп, құрметтеген. Күй — өткен өмірдің тілсіз шежіресі.
Адам жүрегін тебірентетін толғауы тоқсан түрлі күйлер шығарып, әсерлі ән мен сазды күйлер ұрпақтан ұрпаққа тарап, халық жүрегінде мәңгі сақталатынын, жанымен тарап, халық жүрегінде мәңгі сақталатынын жанымен түсінген Қорқыт: «Өлмейтін өмір кілті —- өнерде» деген. Қорқыттың көтерген мәңгілік құндылығы -өмірсүйгіштік.
Кең байтақ ұлы даланы мекндеген халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің, тіпті мінез-құлықтарының да біркелкі, ұқсас келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі-өнеге.
Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы-сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, мақал-мәтел, шешендік сөзі, айтыс өлеңдері сан ғасыр бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ұжданы жоғары, намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Олай болса, еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін-жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіруде осы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі басты фактор болып табылады.
«Өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп адасумен пара-пар!»— деп Л.Н. Толстой айтқандай, ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағылымдарын оқып үйреніп, өнеге тұтпай, жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес.