Ойынның даму тарихы туралы қазақша реферат
«Ойын» ұғымына түсініктеме берсек — бұл адамның мінез-құлқын өзі басқаруымен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдаяттар негізіндегі іс- әрекеттің бір түрі.
«Ойын» сөзі мағынасының түп–төркіні қуаныш, әзілге сәйкес келеді. Мысалы, Ежелгі Рим халықтарында «ойын» сөзінің мағынасы қуаныш, мереке сөздерінің мағынасымен ұштасып жатыр, еврей тілінде әзіл мен күлкіні білдіреді, ал қазақ тілінде жас баланың іс – әрекетін, ересектер арасындағы әзілді, қалжыңды меңзейді. Бұл қазақ халқының мақал – мәтелдерінде анық байқалады. Мысалы, «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар, кітап оқыған – озар» нақыл сөзінде ойын сөзі балалардың іс–әрекетін білдірсе, «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» мақалында ойын сөзі әзіл–қалжыңға сәйкес келеді.
Ойынның пайда болу тарихын зерттеу мәселесі ұзақ жылдар бойы ғалымдардың басты назарында болды.
Өте ертедегі тұжырымда ойын адамдардың бос уақытына байланысты пайда болды деген пікір бар. Ежелгі уақытта ойынға діни-саяси жағынан мән берілді. Ежелгі гректер құдай ойынға қатысушыларды қорғайды деп ойлады. Сондықтан Ф.Шиллер ежелгі ойындар адамның бос уақытындағы қызметі деп тұжырымдады. Ежелгі Қытайда мерекелік ойындарды әмірші өзі ашып, оған өзі қатысқан.
Кеңестік кезде ұлттық ойындардың сақталуы және дамуы тоталитарлық тәртіппен байланысты болды.
Әлемдік педагогикада ойын нақты мақсатқа жетуге бағытталған және белгілі шарттары (ережесі) бар әрекеттерден тұратын, ойынға қатысушылар арасындағы жарыс немесе сайыс ретінде қарастырылды.
Ойындардың шығу тарихына үңілсек, алдымен көз алдымызға шахмат және карта ойындары келеді. Көне Үнді елінде дүниеге келген, кейінірек бүкіл әлемді жаулап алған шахмат ойыны о баста соғыс жүргізу тактикасы мен стратегиясын үйрету құралы болған. Шахмат ойынында патша (король), патшаның таңдаулы әскері (ферзь), атты әскер (ат), піл әскері (офицер), кеме әскері (ладья) және жаяу әскерлер бір–біріне соғыс жүргізеді. Бертінге дейінгі шахмат ойыны соғыс өнерін үйрететін бірден–бір құрал ретінде саналып келді. Тек ХVІІ ғасырдан кейін ғана бұл ойын бүкілхалықтық сипат алып, өзінің бұрынғы кейпін жоғалтып, адамзаттың қисынды ойлауын дамытатын сүйікті ойын түріне айналды. Карта ойындарының қай ғасырда пайда болғанын ешкім дәл кесіп айта алмайды. Бұл ойын адамдардың тарихымен құрдас болып есептеледі.
Ойын әрекетінің философиялық негіздерін ғылыми тұрғыдан қарастырған К. Гросс, Г. Спенсер, И. Хейзинга, И. Кант, В. Вундт, Ф. Шиллер, К. Бюллер, В. Фриге, Р. Ван дер Коэй, В. Демин, М. Каган, К. Исупов, т. б. ғалымдар ойын теориясының қалыптасуы мен дамуын, ойын әрекетінің әлеуметтік жақтарын айқындап, оның бала қиялы мен ойлау қабілетіне оң әсер ететінін анықтаған [12, 16-23].
Ойын жөнінде айтылған философиялық көзқарастар әлем мәдениетімен тығыз байланысты. Сонау ерте замандардағы эллиндік және римдік халықтар өмір сүрген дәуірдің өзінде-ақ ойынды балаларды тәрбиелеу құралына жатқызып, жауынгер ұландарды дайындау үрдісіне қосқан. Ойындар арқылы жас ұрпаққа соғыс өнерін үйреткен, мәдениет пен сөз өнерін дарытқан. Ойындардың жастарды тәрбиелеу мүмкіншіліктеріне аса зор мән берген. Мәселен, сол дәуірде өмір сүрген грек ойшылдары Гераклит пен Платон ойынның философиялық жақтарын ашқан және олардың көзқарастары бірін-бірі толықтырған. Гераклит ойынды шексіз әлемге теңесе, Платон өзінің «Мемлекет» еңбегінде жас өскінге өмірлік қажетті іс–әрекеттерді үйретуші құралға, өмірге, трагедияға, сезімге жалпы ғарыштық әлемге теңеген.
Антик ойшылдары ойынды адам мен өмір арасындағы байланысқа балайды. Себебі, философия «Дүниені, оның құрамына енетін бөлімдерін жекелеп, бөлшектеп емес, тұтас күйінде қарастыруға, сол әдіспен олардың бәрін, жалпы заңдылықтарды ашуға тырысады».
ХVІІ–ХХ ғасырларда ойын әрекетін түсіндіруде жаңа көзқарастар, пайымдаулар орнықты. К. Гросс адамдар мен жануарлардың ойындарын олардың бойында ген арқылы қаланған инстинкттің әсері деп түсіндіре келе, олар келешек өмірге қажетті дағдыларды ойын негізінде меңгереді деп пайымдаса, Г. Спенсер ойын балалардың ағзасындағы басы отын энергияның әсерінен, күшінің тасуынан пайда болады деп түсіндіреді.
Ойын — өмірдегі, іс-әрекеттегі пайдасыз және сонымен қатар аса қажетті маңызды құбылыстардың бірі болып табылады. Кеңестік педагогика және психология ғылымдарында ойын К. Д. Ушинский, П. П. Блонский, С. Л. Рубинштейн, Д. Б. Эльконин еңбектерінде қарастырылды. Ойынды шетел зерттеушілері — К. Гросс, Ф. Шиллер, Г. Спенсер, З. Фрейд, Ж. Пиаже және т. б. зерттеді [14, 124-136].
Осы теориялардың арасында К. Гросстың теориясы көпке белгілі. Ол ойынды баланы болашақ іс-әрекетке даярлау қызметін атқарады, сондай-ақ сол ойында жаттыға отырып, өз қабілетін жетілдіреді деп қарастырды. Бұл теорияның құндылығы, ойынды дамумен байланыстыруында, ал кемшілігі –ойынға итермелейтін себеп, мотивтерді ашпайды. Ол адам ойынын жануарлар ойыны тәрізді түсіндіре отырып, оны биологиялық факторлармен, инстинктпен байланыстырып қателік жібереді.
Ф. Шиллердің ойын жалғастырған Г. Спенсердің теориясы бойынша ойын барысында бала өзіндегі артық күшін сыртқа шығарады. Ойынның мотивін ашуға талпына отырып, К. Бюллер ойынның негізгі мотиві ретінде қанағаттан (нәтижесіне қарамай-ақ әрекеттің өзінен қанағат алу) теориясын ұсынды.
Г. В. Плеханов ойынды еңбекпен байланыстырды. Г. В. Плехановтың пайымдауынша, ойын еңбекке еліктеуден пайда болған еңбектің нәтижесі. Ойын — балалардың еңбегі. Сондай-ақ еңбек оның мазмұнын анықтайды, дәл тұжырым жасайды. Ертедегі ойындардың мазмұнынан соғыс, аңшылық орын алды. Ең әуелі соғыс, содан кейін осы соғысты бейнелейтін ойынның болғаны еш күмәнсіз. Сөйтіп, Г. В. Плеханов ойынды балалармен біріге отырып, ойын міндеттерін шешу барысында тиісті жағдайларды қалыптастыра білуді де ойластыруы қажет деп тұжырымдайды [15, 56-69].
Г. В. Плехановтың осы ойын кеңестік кездегі ғалым Д. Б. Эльконин ойын, ең әуелі, үлкендердің іс-әрекеті ретінде пайда болды деп жалғастырады. Зерттеушілердің пікірінше, балалар ойыны осылай пайда болған.
З. Фрейдтің теориясы бойынша ойында өмірде нені жүзеге асыру мүмкін болмады, соны бастан өткізуге, көруге болады.
С. А. Шмаковтың пайымдауынша, ойынның табиғаты — бұл оның құндылығы, яғни қуанышты сезімі, сергектік, өмірге белсенді кірісу, қиялы, эмоциясы.
И. Хейзинга ойынды бүкіл мәдениетке, өнерге теңеп, оған поэзияны, би өнерін, салт–дәстүрлердің барлығын енгізеді. Ал неміс философы И. Кант ойынды қоғамға тән құбылыс ретінде танып, Г. Спенсердің көзқарасын ұстанады.
Р. Ван дер Коэй мен Г. Мейес ойынның когнитивтік және эмоционалдық аспектілерінен басқа оның әлеуметтік аспектісін айқындаған. Балалардың ойынына жолдастары, ата–аналары, мұғалімдер мен ойыншықтары әсер ететіндігі дәлелденген. Олар үш аспектілердің ішінде әлеуметтік (қоршаған орта) аспектісі басым деп тұжырымдайды.
Кеңес философтары М. Каган, В. Демин ойынды адам әрекетінің құрамдас бір бөлігі деп қарастырғаны белгілі.
Жеке тұлғаның дамуындағы ойынның әсерін ерте заманның өзінде–ақ атақты ғұлама ойшылдар, педагог, психолог ғалымдар көріп, байқап оны іске асыру жолдарын ұсынған. Ертедегі ұлы ойшылдар Я. Коменский, Ж. Руссо, Дж. Локк, И. Пестолоцци ойын арқылы балаларды болашақ өмірге бейімдеу керек деп түсіндірген [16, 125-140].
Я. Коменский ойынды баланың қозғалуына табиғи қажеттілік ретінде қарастырды. Ол балаларға ойнау үшін көмектесіп отыру қажеттігін, олардың іс – әрекетін бақылау керектігін ерекше атап көрсетеді.
Дж. Локк балалардың еркіндікке, бостандыққа, ынталы келетіндігімен санасуды талап етті. Бұл мәселеде ол кейін Ж. Руссо дамытқан еркіндік тәрбие ұғымының негізін сала бастады. Оқытудың әдістері мен құралдары жөнінде мәселелерді қарастырған. Дж. Локк та, Ж. Руссо да ең бірінші орынға баланың дамуын, білім алып тәрбиеленуін ойын арқылы жүзеге асырылуын қойған.
Неміс педагогикасының көрнекті өкілі Ф. Фребель дидактикалық ойындардың негізін салушы болып есептеледі, ол қимыл–қозғалыс ойындарының, құрылыс дағдылары мен еңбек ету қабілеттерін дамытуға бағытталған дидактикалық жаттығулардың жүйесін жасады. Бірақ, Ф. Фребель ойындарының мазмұны баланың ой–өрісі мен қиялын дамытуды шектеді.
Қазіргі кезде ойын мәселесі бірқатар ауқымды зерттеулерде қомақты орын алып, оның баланы дамытудағы мәні анықталды. Зерттеушілер ойын арқылы оқу міндеттерін тиімді шешуге болатынын дәлелдеді. Ойынның теориясы мен маңыздылығы туралы К. Д. Ушинский мен П. Ф. Лесгафт, тәрбиеде және оқыту барысында ойынның алатын орны туралы В. А. Сухомлинский, С. П. Шацкий және Н. К. Крупская өз пікірін білдірген.
К.Ушинский : «Сабаққа ойын элементтерін енгізу оқушылардың білім алу үрдісін жеңілдетеді. Ойынды балалардың өз бетімен ерікті атқаратын іс-әрекеті, ойын арқылы адамның жан дүниесінің барлық қырлары, жүректілігі, ерік-жігері қалыптасады»,- деген ой айтады.
Н. Крупская: «Бала жас болғандықтан ғана ойнамайды, балалықтың өзі оған ойнау үшін, яғни жаттығу арқылы өмірде қажетті дағдыларды игеру үшін берілген»,- деген пікір айтады.
В. Сухомлинский: «Ойынсыз ақыл–ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқын білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты»,- деген ой айтады.
А. Макаренконың айтуы бойынша, ойынға бір жақты көзқарас қате. Педагогикалық үрдісте ойынды дұрыс пайдалану сабақтың тиімділігін арттырады, балаларға қуаныш сыйлайды. Ойын бала үшін жаңа ортаға тезірек бейімделуге мүмкіндік береді. Жаңа ортаға, оқу үрдісіне өту үйреншікті өмір сүру әдістерін өзгертуді қажет етеді.
Ал, Бабанский: «Ойын бастауыш сынып оқушыларының барлық әрекеттерін ынталандырудың әдісі»,- деп қараған.
С. А. Шмаковтың анықтауы бойынша ойын төрт түрлі қырымен сипатталады:
— еркін дамытушы іс-әрекет, ол әрекет белгілі бір нәтиже үшін емес, баланың қанағаттануына байланысты;
— әрекеттің эмоционалды жағынан көтерінкі болуы, яғни жарыстың орын алуы;
— ойынның мазмұнын сипаттайтын қағидалар.
Ойынның, әсіресе балалардың психологиясына тигізетін әсері көп, ойын кезінде балалардың ортамен қарым–қатынасы кеңейіп, таным қабілеті өсіп, мінез–құлқы қалыптасады, ойынның сан алуандылығы балаларды достыққа, адамгершілікке, тапқырлыққа, шапшаңдыққа баулиды.
Ойындардың психологиялық мәнін зерттеу мәселесімен көрнекті психологтар: Л. Занков, Л. Выготский, Д. Узнадзе, С. Рубинштейн, А. Леонтьев, Д. Эльконин, А. Люблинская, В. Мухиналар айналысты [17, 370-375].
Д. Эльконин төменгі сыныптағы бала психикасының дамуында ойынды «жетекші іс–әрекет» сөз тіркесімен сипаттайды. Д. Эльконин еңбектері балалар ойынының әлеуметтік табиғатын ерекше мәдени құрылым ретінде түсіндіреді, ол ойынды ересектердің қоғамдық өмірін бейнелеу деп анықтайды.
Одан кейінгі кезеңде қазақ халқының бай этнографиялық материалдарын жинақтаған және оның ішінде ұлттық ойынның тәрбиелік маңызы туралы пікір айтқандар К. А. Покровский, А. И. Ивановский, Н. И. Гродеков, Е. А. Алекторов, Ә. Диваев, А. Левшин, Н. Пантусов, Ф. Лазаревский, П. П. Пашин, Г. С. Запряжский, А. Шиле, А. Харунзин, А. Горячкин, П. Ходыров, Е. Букин, О. Әлжанов, т. б. болды делінген [17, 376].
Егер адам өмірінде қарым-қатынас жасау ең алғашқы қажеттіліктердің бірі екендігі дәлелденсе (Божович Л. И., Запарожец А. В., Лисина М. И., Любминская А. А., Шерьязданова Қ. Т. және басқалары), онда қарым-қатынас дара түрде қарастырылып оны жетілдіру әдіс-тәсілдерін құрастыру мүмкін емес. Сондықтан мектеп жасына дейінгі балалардың ойын әрекетін жағдайға талдау жасауды қарым-қатынаспен тығыз байланыста қарастыру қажет екендігі белгілі. Артемова Л. В., Кушина В.Ф., Иванова Р.А., Тетлицкая И.Б., Щербакова Е.И., зерттеулерінде ойын әрекетіне (жағдайға талдау жасауды қарым-қатынаспен тығыз байланыста) қатысты дағды мен икемділікті жетілдіруді балалардың өз қатарластарымен және ересектермен қарым-қатынасты тиімді жасаудың алғы шарты деп қарастырылады.
Балалық шақ ойыннан бөлінбейді. Мәдениетте балалық шақтың мәні көп болған сайын, соғұрлым ойын да қоғам үшін маңызды болады. Ойынның элементі барлық белгілі мәдениеттерде кездеседі. Балалықты танудың оған әсер етудің және балалық шаққа енудің бірден-бір әдісі ол — ойын.
Балаларға ойын арқылы әсер ету жақын аралықта ғана дами бастады. Ең алғаш рет оны Анна Фрейд II-ші дүние жүзілік соғыс кезінде Лондонды бомбылауды бастарынан өткерген балалармен жұмыс істеуде қолданған. Егер бала өзінің қайғы-мұңын ойында көрсете алса, онда ол қорқыныштан арылады және оның басынан кешкені психологиялық жарақатқа айналмайды.
Ойын арқылы әсер етудің дамуындағы екінші ірі бағыт 30-шы жылдары Дэвид Левидің жұмысында алдын-ала құрылған ойындар мен әсер етудегі қандайда бір психологиялық жарақат жағдайды басынан өткізген балалармен жұмыс істеу кезіндегі әсер ету жайлы ойлар дамыды. Леви ойын балаларға әсер ету мүмкіндігін береді деп сендіруге ықпал жасайды.
Джесеп Тафт пен Фредерик Аленнің көңіл қою ойыны деп аталатын зерттеулерінің шығуымен байланысты ойынмен әсер етудің үшінші маңызды бағыты болып табылады.
Ойын әсерінің төртінші ірі бағыты болып Вержинин Экслайп жұмысы табылады. Ол ойынның принципін жақсы қолданады (мысалы, индивидтің өсуге талпынуы, индивидтің өзінің дамуын басқара алу қабілеті).
Ә. Диваев «Игры киргизских детей» атты еңбегінде тарихта алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырады [18, 254].
Қай халықтың болмасын, оның ұлттық ойындарының белгілі бір мақсаты мен әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан ерекше қасиеттері болады. Сондықтан халық арасында қалыптасқан ойындар туралы сипаттамалық жинақтар, деректер және құжаттар дұрыс зерттеу мен талдауды қажет етеді.
Ұлттық дәстүрлі халық ойындарының ел арасындағы беделі, тарихи қоғамдағы алатын орны және болашақ ұрпақты өсірудегі қажеттілігі, оның шығу тарихы туралы ғылыми тұрғыдан бізге дейінгі ғалымдар да көп ізденді. Осы мәселеге байланысты зертелеген ғылыми еңбектерді біз хронологиялық шектігіне қарай бірнеше топқа бөліп қарастырамыз:
- орыстың отарлау саясаты кезеңіндегі алғашқы орыс әскери шенеуніктері мен миссионерлерінің көшпенділер хақындағы зерттеу жұмыстары;
- кеңес заманы кезеңіндегі Орта Азия және Қазақстан халықтарының ұлттық ойындары туралы жазылған ғылыми еңбектер;
- мектеп жасына дейінгі балаларды дене шынықтыруға баулу әдістерін педагогикалық сипаттағы бағыт-бағдарлама тұрғысынан зерттелген жинақтар;
- тәуелсіз егеменді елдер кезеңіндегі (1992 жылдан бүгінге дейін) аталған тақырыпқа қатысты ізденістер.
Алғашқы топтама еңбектің тарихнамалық тізгінін Ә. Диваевтың еңбегін талдаудан бастайық. Ол өзінің «Игры киргизских детей» атты еңбегінде тарихта алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырады.
Ә. Диваев алғашқы топтағы ойын түріне рулық-қауымдық құрылыс кезеңінде өмірге келген ойындарды, екінші топтамадағы дәстүрлі ойындарға қозғалыс ойындарын, үшінші топқа – спорттық ойын түрлерін жатқызады. Ізденуші этнографтың дәлелдеуінше, халық ойындары балалардың іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын дамытумен қатар денсаулығын шыңдауда тездетуші үрдіс әрекетін атқарады. Ә. Диваев: «Как киргизы развлекают детей» деген мақаласында: «Бала бас бармағын көтеріп оған пайғамбарымыз не дейді деп көк аспанға қарап, құдай тәңірінен рұқсат сұраған», — дей келіп, «Бес саусақ» ойыны мен саусақ атауларын алға тартады және аталған мақалада саусақ пен қимыл-қозғалыс жасау әрекеті негізінде баланы тәрбиелеп, шынықтырудың үлкен даналық философиялық мағынасы жатқандығы сөз етіледі [18,254].
Қазақ балаларының ұлттық ойынына тоқталғандардың бірі – орыс ғалымы А. Алекторов. Мәселен, оның «О рождении и воспитании детей киргизов, правилах и власти родителей» (Орынбор, 1891) атты еңбегін атауға болады.
Автор бұл еңбегінде көшпенді қазақ халқының өмір сүру салтындағы баланың дүниеге келген сәтінен бастап өсу динамикасына дейін ұлттық ойын мен қимыл-қозғалыс әрекетінің алатын орны және балғындардың денсаулығы мен дене мүшесінің қалыптасып дамуындағы жеке халық ойындарының қажетті жақтарын ашып көрсетеді.
ХХ ғасырдың басында өмір сүрген этнограф М. Гуннер қазақтың ұлттық ойындарын былайша жіктейді:
- жалпы ойындар;
- қарсыласу мен күресу сипатындағы ойындар;
- ашық алаңқайдағы ойындар;
- қыс мезгіліндегі ойындар;
- демалыс ойындары;
- ат үстіндегі ойындар;
- атракциондық-көрініс ойындар.
Қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын спорттық ойындардан ажыратып, алғаш рет бөліп қараған ғалым М. Гуннер қазақ ойындарына топтамалық жіктеу жасай отырып, ұлттық ойындарды оқу үрдісінде пайдалануға ұсыныс жасайды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылғы шешіміне сәйкес 1949 жылы жарық көрген «Краткий сборник казахских народно-национальных видов спорта» атты еңбегі М. Гуннердің толықтырып, өңделген кітабы. ХХ ғасырдың басында көшпенді халықтар: қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қалмақ, т. б. отар елдері туралы этнографиялық деректер жинақтап, олардың ұлттық мәдениетінің тармағы – халық ойындары, оның ішіндегі құрамдас бөлшегі болар ойынын жинап зерттеуді Түркістан генерал-губернаторы арнайы шенеуніктер мен миссионер ғалымдарға жүктеген [13, 5-12].
Орыс ғалымы А. Васильев «Игры сартовских детей» атты мақаласында Ферғана және Сырдария аймақтарын мекендеген өзбек халқының ұлттық ойындарының бірнеше түрлерін ажыратып, топқа бөліп, нақты зерттеген.
Ізденіс барысында автор Ферғана балаларының күнделікті ойнайтын ертеден келе жатқан дәстүрлі «Гимчук тушты бошимга» ойыны Ташкенттегі сарт балаларына таныс емес екендігін айтады. Ал М. Гавриловтың авторлығымен жазылған «Перепелиный спорт у Ташкентских сартов» атты мақаласына өзбек халқының ойын түрлерінің айрықша маңыздысы жыл мезгілдерінің белгілері уақытында «Құстар ойынын» (тауық, қаз, т. б.) ойнаудың ережесі, ойын түрлері, тәртібі зерттеледі.
Ғалым А.Усова өз еңбегінде ойынның мәнін баланың дербес іс-әрекеті, айналасындағы өзгерістерді танып-білуге, белсенді әрекет етуге жол ашуы ретінде түсіндіреді. Автордың айтуынша, «Шынайы өмірде баланың аты – бала. Өз бетінше әлі ештеңе тындырып жарытпайтын жан. Қам-қарекетсіз өмір ағысына ілесіп кете барады. Ал ойын үстінде ол бейнебір ересек адам тәрізді өз күшін сынап көреді». Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту барысындағы спорттық жаттығулар И. Давыдов, Л. Былеева, В. Яковлев, Н. Поддьякова, Н. Михайленко, Д. Куклова және тағы басқалар ерекше назар аударған. И. Давыдов ойын мен ойыншық және дидактикалық құралдарға ғана сүйеніп, мектепке дейінгі балалық кезді заттар жөнінде жекелеген нақты түсініктер, жинақтау кезеңі деп түсіну қателік деп дәлелдейді. И. Давыдов ойын-ойыншық және дидактикалық құралдарға ғана сүйеніп мектепке дейінгі барлық кездерге заттар жөнінде жекелеген нақты түсініктер жинақтау кезеңі деп түсіну қателік деп дәлелдейді. Бұл кезде дене шынықтыру мен ақыл-ой дамуына, жалпы түсінік пен ұғымның қалыптасуына, маңызды ойлау операциялары: талдау, салыстыру, қорыту қабілеттеріне қажетті организм деп тұжырымдайды.
Д. Хухлаеваның пікірінше, дене шынықтыру жаттығуларын ойынмен ұштастырған сәтте баланың тұрақты іс-әрекетке бейімділігінің қалыптасуы айқын сезіледі, сондықтан дене шынықтыру күнделікті қажеттілік болуымен қатар денсаулықтың, шыдамдылық пен тез қимыл-әрекеттің символы болып табылады.
М. Контарович, Л. Михайлованың авторлығымен жазылған еңбекте жыл мезгіліне сәйкес қыс айларында ойналатын ойындар, топ болып ойнайтын, жеке бір балаға арналған далада өткізілетін қимыл-қозғалыс ойындарының әдістемелік нұсқауы берілген. Ойын түрлері мен шарттарын бала жасына қарай бөліп сыныпификация жасап, бірнеше халық ойындарын ұсынған. Олардың ішінде «Қояндар» (5-6 жасарларға), «Аңшы мен ит және қояндар» (6-7 жастағылар үшін), «Торғай мен мысық» (7-8 жастағыларға арналған) қозғалмалы ойындарын зерттеп, қолданысқа түсірген [15, 23].
Зигмунд Фрейд балалармен өте аз жұмыс жасаса да, бала ойынның мәнін айқын түсінеді. Ол былай деп жазды: «Біз бала басынан елестің алғашқы белгілерін іздеуіміз керек». Баланың ең сүйікті және тартымды іс-әрекеті – ойын. Ойын үстінде бала жазушыға ұқсас келеді: ол өзінің жеке жұмысын жасайды, келмесе жұмысын өзіне қалай ұнаса, солай етіп құрады. Ол өз әлемін шын етіп қабылдамайды десек, қателескен болар едік. Керісінше, ол ойынға шын беріледі және барлық эмоциясын салады [26, 24].
Фрейдтің тұжырымы бойынша, бала үшін ойын ешкім үйрете алмайтын нәрсеге үйрету әдісі болып табылады. Бұл шын өмірдегі; кеңістік пен уақыттағы; заттардағы, жануар құрылымындағы және адамдардағы зерттеу және ориентациялау әдісі. Ойын процесіне араласа отырып балалар біздің символикалық әлемде өмір сүруге үйренеді.
Уолтман былай деп жазады: «Баланың өзінен туындайтын іс-әрекет өз тәрбиесін және соған байланысты сезімін» құруға мүмкіндік береді. Ойын сонымен бірге балаға өзіне жағымсыз жағдайларға жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Кішкентай балаға семантикалық жылдамдық жетіспейді, онда түсіну қабілеті енді ғана қалыптасып келеді [19,159].