Нұсқау. Өтiнiш. Ұйғарым

1. Прокурор:

1) қылмыстық iстердi қозғау мен тергеу жүргiзуге байланысты анықтама және тергеу органдарына;

2) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға;

3) заңмен белгiленген өзге де жағдайларда нұсқау бередi.

2. Республика Бас Прокурорының жедел-iздестiру қызметi, анықтама және тергеу мәселелерi жөнiндегi нормативтiк сипаттағы нұсқауын барлық тергеу және анықтама органдары, жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар орындауға мiндеттi.

Өтiнiш

1. Прокурор заңға сәйкес бұзылған құқықтарды қалпына келтiру және мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қорғау үшiн сотқа талаптық өтiнiш жасауға хақылы.

2. Прокурорлық қадағалау актiлерi қабылданбаған немесе олар заңда белгiленген мерзiмде қаралмаған жағдайларда прокурор органдар мен лауазымды адамдардың iс-әрекеттерi мен актiлерiн жарамсыз деп тану туралы, сондай-ақ заңды бұзушылықты болдырмау туралы сотқа өтiнiш беруге құқылы. Прокурор наразылық келтiрiлген актiнiң күшiн арызды сот қарағанға дейiн өз қаулысымен тоқтата тұруға құқылы.

3. Сотқа берiлген прокурорлық қадағалау актiлерiнiң қабылданбауына немесе қараусыз қалдырылуына байланысты өтiнiштi сот заңда белгiленген тәртiппен қарайды.

4. Прокурордың өтiнiшiне мемлекеттiк баж бен өзге де алымдар салынбайды.

Ұйғарым

1. Заңды бұзушылықты жою туралы жазбаша ұйғарымды прокурор енгiзедi және оны заңды бұзуға жол берген органға немесе лауазымды адамға, не жiберiлген заң бұзушылықты жоюға өкiлеттi органға немесе лауазымды адамға жiбередi. Eгep заңды бұзу ашық сипатта болып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiруi мүмкiн болған және ол дереу жойылмайтын болған жағдайда, ұйғарым енгiзiледi. Ұйғарымды нормативтiк құқықтық актiлерге енгiзуге болмайды.

2. Ұйғарымда Конституцияның, заңдар мен Республика Президентi актiлерiнiң бұзылған нормалары көрсетiлiп, құқық бұзушылықтың сипаты мен заң бұзушылықты жою жөнiндегi шаралар туралы нақты ұсыныстар болуға тиiс.

3. Ұйғарым прокурор белгiлеген мерзiмде мiндеттi түрде орындалуға тиiс. Ұйғарымның орындалуы туралы прокурорға дереу хабарланады. Прокурордың ұйғарымын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

4. Ұйғарымға жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағым берiлуi мүмкiн. Ұйғарымға шағымның берiлуi оның орындалуын тоқтата тұрмайды.

5. Жоғары тұрған прокурор немесе сот шағым бойынша шешiм қабылданғанға дейiн ұйғарымның орындалуын тоқтата тұра алады.