Тілендіұлы Нұрғиса (1925-1998) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы. Туып өскен жері — Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырқ бұйырған жері Жамбыл кесенесінің іргесі. Москваның П.И.Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін (проф. Н.П. Аносовың класы бойынша) бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай ақ, 1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО ның халық әртісі. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Н.Тілендіұлына 1998 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам муызкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет т.б. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» контатасын (1959), Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961), «Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасын айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Тілендіұлы Нұрғиса музыкасын жазған М.Әуезовтың, Ш.Аймановтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасын мен экран өнерінің классикасына айналған.
Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың, туған жерінің ғасырлардан келе жатқан музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырыпсалмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл рете, Нұрғиса сахараның ақ бас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті.
Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, салсерілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста төк болып, шалқып шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды. Тілендиев Нұрғиса (1925-1998)
Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы – атақты композитор, дирижер, домбырашы 1925 жылы сәуір айының 1-жұлдызында Алматы облысы Іле ауданының Шіліккемер ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық қаһарманы 1998 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында жерленді. 1949-50 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында, ал 1950-52 жылдары Мәскеу мемлекеттік консерваториясының дирижерлік факультетінде (профессор Н.П.Аносовтың класы бойынша) оқыды. 1952-61 жылдары Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері, 1960-64 жылдары Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды. 1968-81 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы болып, 1981-98 жылдары өзі ұйымдастырған «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің көркемдік жағын басқарды. Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм, азаматтық пафос пен динамикалық серпін – композитор шығармаларына тән қасиет.
Тілендиев — «Ортеке» балет-поэмасының және «Менің Қазақстаным» кантатасының, «Достық жолымен» балетінің, «Алтын таулар» операсының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты увертюралардың, 400-ден астам ән-романстардың авторы. Ол 50-ден астам драмалық спектакльге, 19 көркем фильмге («Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» т.б.) 17 мультфильмге («Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» т.б.) 14 деректі хроникалық фильмге музыка жазды.
Алматы қаласында композитор есімімен көше (бұрынғы Софья Ковалевская атындағы), «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблі Тілендиев атымен аталады және ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды
Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы (1.4.1925, Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылы – 15.10.1998, Алматы, Алматы облысы Жамбыл ауданында жерленген) – композитор, дирижер, домбырашы. Қазақстанның (1975) және КСРО (1984) халық артисі, Қазақстанның Халық Қаһарманы (1998). Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан. 1949-50 жылдарында Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы), 1950-52 жылдары Мәскеу консерваториясын (профессор Н.П.Аносовтың класы бойынша) оқыды. 1952-61 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының дирижері, 1960-64 жылдары Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды. 1968-81 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы, 1981-98 жылдары өзі ұйымдастырған «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің көркемдік жағын басқарды. Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм, азаматтық пафос пен динамикалық серпін – композитор шығармаларына тән қасиет. Н.Тілендиев – «Ортеке» балет-поэмасының (1957) және «Менің Қазақстаным» (1959) кантаталарының, «Достық жолымен» балетінің (1958, Л.Б.Степанов және Е.Манаевпен бірге), «Алтын таулар» операсының (1961, С.Қожамияровпен бірге), оркестрге арналған «Поэма» (1962), «Ата толғауы» (1975), «Алтын дән», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс салтанаты» (1975) атты увертюралардың, 400-ден астам ән мен романстардың авторы. Ол 50-ден астам драмалық спектакльдерге, 19 көркем фильмге («Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым – Қожа», т.б.), 17 мультипликациялық фильмге («Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», т.б.), 14 деректі-хроникалық фильмге («Академик Сәтбаев», «Ыбырай Алтынсарин», т.б.) музыка жазды. Алматы консерваториясының құрметті профессоры (1995) болған. Қазақстан Мемелекеттік сыйлығының (1978) иегері. 1999 жылы Алматы қаласында композитор есімімен көше (бұрынғы Софья Ковалевская атындағы), «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблі (2000) аталады және ол тұрған үйге (Алматы қаласы, Қонаев көшесі, 96-үй) мемориалдық тақта орнатылды. Отан ордені, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
«Отырар сазы» – Қазақ академиялық фольклорлық-этнографиялық халық музыкалық аспаптары оркестрі. 1980 жылы Қазақ филармониясы жанынан Н.Тілендиев ұйымдастырды. Алғаш шағын ансамбль ретінде жұмыс істеді; 1982 жылдан оркестр. Мұндағы қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптардың орындауындағы шығармалар өзінің ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Кейіннен оркестрдің аспаптар құрамы кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, (сазген), аса шертер, адырна, даңғыра, т.б. музыкалық аспаптармен толықтырылды. Репертуарында халық күйлері («Кеңес», «Салкүрең», «Сарыөзен»), халық композиторларының (Тәттімбеттің «Қос басар», «Сарыжайлау», «Сылқылдақ»; Сүгірдің «Кер толғау», «Бес жорға»; Ықыластың «Ерден күйі», «Қамбар батыр»), осы заманғы қазақ композиторларының (М.Төлебаевтың «Еске алу»; Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Аңсау», «Көш керуен»; К.Күмісбековтің «Фараби сазы», «Қорқыт күйі») шығармалары бар. Оркестр 1984 жылы Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық фестивальға қатысты. 1985 жылы Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы Үлкен концерт залында өткен шығармашылық концертте жоғары кәсіби орындаушылық шеберлігін танытты. Оркестр Бүкілодақтық Комсомол сыйлығының лауреаты (1985).