Ән домбыра, жан домбыра,
Бүлкілдесін бүйірің.
Жез таңдайым, бозторғайым,
Енді саған не дейін?!
Домбыра аспабы арқылы жеткен тәрбие қағидаларының көздеріне үңілетін болсақ, бірнеше пәндерді кездестіруге болады. 1.Домбыра – тартып үйрену еңбек пәні. 2.Домбыра тартып әр дыбысын есептеп ойнау математика пәні. 3.Домбыра – тартып қағу, перне басу, бір мезгілде әуен дыбысын анық шығару, оған қосылатын поэзия сөзін дауыс ырғағымен дәл айту логика пәні. 4. Домбыра – екі шекті бұрап тарту арқылы дыбысты естіп отырып, құлақ күйін келтіру физика пәні. 5. Күй тыңдап әуенін есту арқылы елестетіп түсіну бейнелеу пәні. 6.Күй – аспапты музыка, оған қосарлана жүретін әңгіме және поэзия әдебиет пәні. 7.Терме – аспапты вокалды музыка мен оған қоса жүретін сөзі әдебиет ішіндегі мақал – мәтел мен афоризм. 8.Жыр – ұзақ белгілі бір оқиғаларды айтатын тарих пәні. 9.Қысса – дастан, кино – фильм театр пәні. 10.Айтыс – жарыс сөз, тіл және демократия пәні. 11.Ән – вокалды музыка дауыстың шеберлігін қалыптастырады. 12.Құран кәрімді дауыстап әуен негізінде оқып айту музыка пәні.
Осының бәрін меңгеріп орындау үшін музыка көмегі араласқан жағдайда ғана олардың құны өте жоғары болады. Аспап, Әуен, Вокал, Сөз, Поэзия бір мезгілде қатар қосылып, тең жүргенде өз нәтижесін көрсетеді. Осы айтылғандардың бәрін бір мезгілде бір адамның орындап шығуын талант иесі дейміз, ал талант ішкі өз рефлекс күшін еңбек арқылы оята біледі. Бұл – бірінші. Ал екіншісі – тыңдарман болса, оның ішкі рефлексін оятуға айтушының қызықты орындауы, дауыс екпіні, ұқтыру кезіндегі түрлі айла – тәсілдері жатады. Адам баласы талантты не талантсыз болып тумайды, ол іздену, ұқсау, еңбектену қасиеттерді миға ендіру арқылы музыка үнінің көмегімен «мен білемін» деген сөзді кіргізу арқылы жетістікке жете алады. Талант иесі ішкі жан тілін сезімге байлайды. Ал сезім еңбекке дағдылайды. Еңбек талантты ұштайды. Нәтиже деген не? Ол еңбектің соңғы көрсеткіші. Домбыра ойнау, айту, жаттау еңбек нәтижесі. Ал оны үйрету – педагогика ғылымы. Оған Қорқыт, Баласағұн, Асанқайғы, Бұхар, Абылай, Абай, Құрманғазы, Махамбет, Ақан, Біржан, Мұхит, Әуезов, Жұбанов, Байтұрсынов, т.б. еңбектерін жатқызуға болады.
Жасыратыны жоқ, домбыра аспабының бойында қалыптасқан педагогика, психология, философия, филология, математика, т.б.ғылыми қағидалары толық ашылып, қарастырылмай келеді.
Сырт көзге көріне бермейтін, мәні зор домбырадан қалыптасқан тәрбие үлгісі адамның ой ұшқырлығын шыңдауға, ата – бабадан кәсіп болған дәстүрді дамытуға, өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудыратыны анық. Домбырадан таралған тәрбие – білімнің қайнаған бұлағына, сарқылмас қазынасына, дәстүр табиғатына, қазақ діліне өз үлесін қосып келе жатқан үрдіс. Ендеше киесі сақталған домбыраның негізінде білім беру көзделсе, бүгінгі келеңсіз, қатыгез жағдайлар мен шешімін таба алмай жатқан жамандық атаулыдан айырылып, өзінің төл мәдениетіне қарай бұрылып, тарихы мен тілін сүйіп, өзгені сыйлауға бой ұрған болар еді.
«Музыка тыңдатпайынша тәрбие беру, балалық шақтың өзінде адамның сүйіп тыңдайтын ән – күйлерінсіз тәрбие беру менің басыма қонбайтын нәрсе», дейді В.А.Сухомлинский.
Сондықтан жалпы орта мектеп оқушыларының қолына домбыра беріп, аузындағы тіліне дуалы терме сөзін айтқызып үйретсе, нұр үстіне нұр емес пе?!.
Біріншіден, қуатсыз қатыгездіктен, екіншіден жалмауыз қанішерден, үшіншіден, жаны ашымайтын ұл – қыздан, төртіншіден, ауру жастардан, бесіншіден, білімсіз надандардан арылар едік.
« Егер белгілі бір елді басқарудың жай жапсарын білгің келсе, сол елдің тәртіп тағлымын танымақ болсаң, онда музыкасына құлақ түр» дейді Конфуций.
Өзінің төл мәдениеті мен тілінен адасқан ел рухани бақытсыз. Г.Лихтенбергтің «…Ақылды бала – кілең ақымақтардың ортасында тәрбиеленсе, ол да ақымақ болады. Бірақ, адам баласының түзелуге де, бұзылуға да қабілеті әбден жетеді….» дегеніндей, біздің ортада жалған тәрбие белең алып отыр. Оған дәлел бүгінгі жастардың әке – шешеден безіп өзгенің қолтығына енуі, үлкеннің ұлағатты сөздеріне құлақ аспауы, отбасынан тәлім – тәрбие алып оны жалғастыру орнына өзге адамдардың сөзіне еріп, өз туысынан безуі сияқты қылықтарға бой ұрып, теріс тәрбиеге ден қоюы дер едік.
Сондықтан қайда жүрсе де ақын, жыраудың тағлымын, әншінің әні мен әуенін, күйшінің күмбірлеген күміс күйін қалт жібермей көкейге қондырып, ел аузындағы ұлағатты мақал мен мәтелді, ертегі мен жұмбақты терме мен шежірені жадында сақтап халық даналығын өзіне рухани азық еткен қазақ жастарына өзінің төл мәдениеті негізінде мемлекеттік стандарт, бағдарлама, оқулық, оқу әдістемелік кешендерді құрап жазу – басты міндет.
«Тәрбиесі жаманға жақсы ұстаздан пайда жоқ» дейді Саифи Сарайи.
Тәлім тәрбиенің басты құралы – домбыра аспабы десек, қателеспейміз. Сондықтан да, жалпы білім беретін мектептерде домбыра негізінде қалыптасып жеткен тәрбие көзі эстетикалық әсемділікке жетелейді.
Қорқыт, Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Махамбет, Құрманғазы, Абай, Ақан, Біржан, Мұхит, Нұртуған, Жамбыл, Нұрпейіс, Қашаған, Нұрым, Шернияз, Кердері Әубәкір, Қазанғап, Тәттімбет, Дәулеткерей, Абылай, Сүгір, т.б. аты елге белгілі дала перзенттерінің шығармалары мен үлгілерін оқу орындарында оқытып қана қоймай, қасиетті домбыра аспабының негізінде қалыптасатын қағидалы тұжырымдарды да тәрбие көздері етіп енгізу керек – ақ..
Музыка сабағында музыкалық іс — әрекеттерді аспаптық музыкамен байланыстыра жүргізу жолдары.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. В.А.Сухомлинский. Балаға жүрек жылуы А.,1976 223б
2. В.В. Виноградов. О музыкальной археологии // Советская музыка. 1975 89б
3. Д. Кішібеков. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең А.,1999 130б
4. А. Жайымов, С. Бүркүтов, Б. Ысқақов. Домбыра үйрену мектебі А.,1992
5. Б.А .Яворский. Воспитание музыкой М., 1989 24б