Месопотамия Өркениеті туралы қазақша реферат
Месопотамия Өркениеті (б.з.б. 3000 – 331) – әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі.Тигр мен Евфрат өзенінің аралығындағы (Қосөзен) халықтардың мемлекет құру, мәдениет және әлеуметтік қатынастар жүйесінде қол жеткізген, өзге әлемдік мәдениет және қауымдастықтармен ықпалдастық барысында пісіп жетілген рухани және материалдық құндылықтар жиынтығы. Оңтүстік Қосөзен бойын алғаш шумер мен аккад тайпалары мекендеген. Осы екі топ Қосөзеннің оңтүстік жақ аймағындағы халықтың негізін құрды және адамзаттың ең ежелгі мәдени орталықтарының бірін негіздеді. Шумерліктер мен аккадтықтардың жерлері Вавилон арқылы шектесіп, түйісіп жатқан. Мұның бәрі Қосөзеннің басқа қалаларына қарағанда Вавилонға біршама артықшылықтар беріп, ерекшелендіріп тұрды. Хаммурапи (б.з.б. 1792 – 1750) тұсында бүкіл шумер-аккад жерін біріктірген Вавилон патшалығы құрылды. Ол елде бірыңғай тәртіп пен басқару жүйесін орнату үшін заңдар жинағын жасаттырып, оны қара тас бағанаға жаздырды. Ол тасты археологтар 1902 жылы тауып, зерттеген. Елдегі тәртіп пен тыныштық заң бойынша қадағаланды, адамдардың міндеттері белгіленді. Заңның іске асып отыруын патшаның өзі тікелей бақылауына алды. Аймақ, қала әкімдерінен заңның дұрыс орындалуын талап етіп отырды.Б.з.б. 604 – 562 жылдары билік еткен Навуходоносор патшаның кезінде Вавилон ең әсем қала ретінде бүкіл әлемге әйгілі болды. Атақты “’Аспалы бақ”, Иштар құдайдың құрметіне арналған алып қақпа, Мардук құдайдың ғибадатханасы осы кезеңдерде дүниеге келді. Ғибадатхананың мұнарасына байланысты “Вавилон аласапыраны” деген аңыз (миф) тараған. Аспалы бақ ежелгі дүниедегі әлемнің жеті кереметінің бірі. Вавилондықтар ақыл-ойының тамаша жетістігі болып саналған бұл бақ қаланың сәулеті мен даңқын асқақтата түсті. Адамзаттың ең ежелгі мәдени орталықтарының бірі де осы – Қосөзен аралығы. Көптеген елдердегі сияқты Қосөзенде алғашқы әдеби жанрдағы шығармалар діни сипатта дүниеге келді. Солардың бірі әйгілі “Гильгамеш туралы дастан”. Дастан бейнелі де көркем сөздермен жырланған. Сол себепті, ол бүгінгі таңға дейін әлем әдебиетінің тамаша туындыларының бірі ретінде оқылып келеді. Дүниедегі ең ежелгі жазу жүйесі Қосөзенде қалыптасты. Оны дүниеге келтірген шумерліктер. Олардың алғашқы жазуы сурет арқылы жазу болды. Біртіндеп суретті толық салудың орнына әр нәрсенің ерекше белгілерін салу арқылы жазу қалыптасты. Бұл жазу жүйесі сына жазуы деп аталды. Сына жазу мен аккад тілі бүкіл Таяу Шығыста халықар. қарым-қатынас құралы дәрежесіне жеткен. Археологтар сына жазу жүйесін зерттей отырып, ежелгі әдеби шығармаларды, заңдарды, жылнамаларды оқыды. Шумерліктер жазуын кейіннен бүкіл қосөзендіктер үйреніп, Урарту, Сирия, Финикия елдерінде осы шумерліктер негіздеген жазуды пайдаланды. Оларды кейіннен гректер де үйренді. Шумерлік жазу әр түрлі өзгерістерге түсе отырып, бүгінге дейін жеткен. Жазушы О.Сүлейменов “Аз и Я” атты еңбегінде шумер жазуына кеңінен тоқталған.
Вавилондық астрономдар египеттіктерді едәуір басып озып, аспан денелерін, яғни басқа планеталарды және қозғалмайтын жұлдыздарды бақылап зерттеуде үлкен табысқа ие болды; олар Күннің, Айдың айналасын және тұтылудың қайталану заңдылықтарын есептеп шығарды. Олардың барлық ғылылыми білімдері мен ізденістері бақсылық, балгерлікпен байланысты болды. Оқымысты абыздар математикамен де айналысты. 60 санын олар киелі деп есептеді. Олардың ізімен біз күні бүгінге дейін сағатты 60 минутқа, шеңберді 360 градусқа бөлеміз. Ашшурбанипал кітапханасы мен Ашшурбанипал сарайынан табылған “Өліп бара жатқан ұрғашы арыстан” – дүниежүзүлік маңызы бар өнер туындысы. Кітапхананы Ассирияның білімді патшаларының бірі – Ашшурбанипал жасатқан. Ол Вавилонның, басқа да ежелгі шығыс елдерінің кітаптарын жинатқызды. Олардың ішінде әдеби шығармалармен бірге жұлдызнамалық, медициналық кітаптар болған. Ассириялық ақындардың өлеңдері мен жырлары, патшалардың жылнамалары күні бүгінге дейін сақталған. Бай да салтанатты сарайлар патшаны дәріптеу мен ассириялықтардың әскери күшін көрсету үшін салынды.
Б.з.б. 6 – 4 ғасырларда Қосөзен аралығы Ахемен әулетіне қарады. Мемлекетті шаһиншаһтар басқарып, Месопотамия өркениеті онан әрі дамыды. Б.з.б. 330 жылы А.Македонский шапқыншылығы салдарынан Месопотамия өркениеті жетекші рөлінен айрылып, грек-македон өркениетінің ықпалына түсе бастады. Дегенмен адамзат тарихындағы алғаш жетілген әлеуметтік қоғамдар мен мемлекеттер Қосөзен бойында қалыптасып, жалпыадамзаттық өркениеттің тамаша ошағына айналды.