Меншікті капитал мен жарғылық капиталдың аудиті

Меншікті капитал мен жарғылық капиталдың аудиті туралы қазақша реферат

Жарғылық капитал дегеніміз – бұл, кәсіпорынның жарғысында тіркелген капиталдың ең аз шамасы. Нарық жағдайында жарғылық капитал бір жағынан кәсіпорын мүлкінің құнын, екінші жақтан құрылтайшылардың инвесторлардың алдындағы міндеттемелердің сомасын көрсетеді. Ол әрбір құрылтайшының (акционердің) қатысу үлесін анықтайды және акционерлік қоғамның үшінші жақтың (тұлғаның) алдындағы міндеттемелерінің орындалуына кепілдік береді. Сондықтан оның ең төменгі шамасы заңмен белгіленеді. Мысалы, «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілікті серіктестіктер туралы» заңның 23-бабына сәйкес жарғылық капиталдың бастапқы мөлшері құрылтайшылардың салымдарына тең және серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін құжаттарды тапсырған мерзімге 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомадан аз болмауға тиісті

Акционерлік қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» заңымен тиісті қаржылық жылға белгіленген 50000 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Жарғылық капиталдың құралуының жинақтаушы (синтетикалық) есебіне тексеру жүргізу кезінде аудитор төмендегі аудиторлық дәлелдеу жинау әдістерін пайдалануына болады: құрылтайшылардың жарғылық капиталға қаржы салу тәртібі туралы құрылтайшылар мен акционерлерге ауызша және жазбаша сұрау беру.

Жарғылық капиталдың құралуына құжаттық тексеру жүргізу дегеніміз кассалық кіріс құжаттарының, ұлттық және шетелдік валютамен ағымдағы шоттардан банк үзінділерінің, басқа да бастапқы және растаушы құжаттардың мәліметтері бойынша аудит өткізу болып табылады. Аудитор жарғылық капиталға қосылған үлес ретінде салынған қаржылардың толық және өз уақытында кіріске алынуын тексеруге міндетті.

Жарғылық капиталдың құралуын тексере отырып, аудитор оның сомасының дұрыстығына көз жеткізуге тиісті. Ол баланста және «Меншікті капиталдағы өзгерістер туралы» қорытынды есепте көрсетіледі. Аудитор оны құрылтай құжаттарының мәліметтерімен салыстырады. «Жарғылық капитал» шоттары бойынша сальдо кәсіпорынның (ұйымның) құрылтай құжаттарында көрсетілген жарғылық капиталдың мөлшеріне сәйкес болуға тиісті.

Құрылтай құжаттарында көрсетілген жарғылық капиталдың шамасының сәйкестігіне тексеру жүргізу үшін баланс көрсеткіштерін Бас кітаптың 5011 «Қарапайым акциялар», 5012. «Артықшылығы бар акциялар» және 5013 «Салымдар мен пайлар» шоттарының мәліметтерімен, сондай-ақ аталған шоттардың кредиті бойынша айналым сомасы көрсетілетін есеп регистрлерінің мәліметтерімен салыстыру қажет.

Кәсіпорынның жарғылық капиталына жарнаның нақты келіп түсу сәті: ақша қаражаттары үшін – ақшаның банктегі ағымдағы шотқа есепке алыну немесе кассаға салыну мерзімі; негізгі құралдар, материаддық құндылықтар үшін – негізгі құралдарды, материалдық құндылықтарды қабылдау-тапсыру актісінің немесе аталған объектілердің кәсіпорынға келіп түсуін растаушы басқа құжаттардың жасалу мерзімі.

Жарғылық капитал кәсіпорын мүліктерінің басқа құралу көздеріне қарағанда тұрақты шама болып табылады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталының көбеюі төмендегі жолдармен жүзеге асырылуы мүмкін:

  1. Серіктестіктің барлық қатысушыларының қосымша салған салымдары арқылы;
  2. Серіктестіктің меншікті капиталының, оның ішінде резервтік капиталдың есебінен жарғылық капиталдың көбеюі;
  3. Серіктестіктің таза активтерінің (меншікті капиталдың). қайта бағалануы нәтижесінде олардың нақты құнының баланстық құннан артық болуы. Қайта бағалануды тек тәуелсіз сараптаушы ғана жүргізуі мүмкін;
  4. Барлық қалған қатысушылардың келісімі бойынша бір немесе бірнеше қатысушының қосымша салым салуы арқылы;
  5. Серіктестіктің құрамына жаңа қатысушыларды қабылдау арқылы.

Жарғылық капитал мөлшерінің 1-3 пункттерде қарастырылған тәртіп бойынша көбеюі кезінде қатысушылар үлестерінің мөлшері өзгермейді.

Серіктестік қатысушыларының қайсыбірінің немесе жаңадан қабылданған қатысушының қосымша салым салу жолымен жарғылық капиталдың көбеюі кезінде (4-5 пункттер) ондай салымдардың мөлшері серіктестік капиталына олардың алдыңғы салған жарналарының мөлшерін және барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлесін қайта есептеу қажеттілігін ескере отырып анықталады.

Акционерлік қоғамдағы жарғылық капиталдың құралу тәртібінің шаруашылық серіктестіктердегі жарғылық капиталдық құралуымен салыстарғанда өзіндік ерекшеліктері бар.

Қарапайым акция оның иесіне акционерлердің жиналысына дауыс беру құқығымен қатысуы арқылы жүзеге асырылатын, акционерлік қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді. Одан басқа, қарапайым акция акционерлік қоғамның таза табысын бөліп таратуға құқық береді. Егер акционерлік қоғам өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде (жылдың аяғында) зиян шеккен болса, онда қарапайым акция иелері дивиденд алмайды.

Артықшылығы бар акциялар акционерлік қоғамды басқаруға қатысу құқығын бермейді, яғни акционерлердің жиналысында дауыс иелену құқығын бермейді. Ондай акциялардың артықшылығы оның иелерінің акционерлік қоғам қызметінің қаржылық нәтижесіне тәуелсіз тұрақты немесе белгіленген мөлшерде дивиденд алу құқығында болып табылады. Артықшылығы бар акциялардың қарапайым акциялардан артықшылығы табысты бөлу және акционерлік қоғамды жойған кезде болады. Басқаша айтқанда, табыс алдын-ала артықшылығы бар акциялардың арасында бөлінеді. Содан кейін ғана қарапайым акциялар иелерінің арасында бөлінеді. Қарапайым акция дивиденттің есептелген-есептелмегендігіне қарамастан, акционерлік қоғам қызметіне қатысты мәселелерді шешу кезінде дауыс құқығына ие болады./4/

Серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін көбейту кезінде мынадай бухгалтерлік жазулар орындалуға тиісті: 5013 «Салымдар мен пайлар» шоты кредиттеліп, 2700 «Материалдық емес активтер», 2400 «Негізгі құралдар», 1310 «Материалдар», 1310 «Тауарлар», 1040 «Аккредитивтегі, чектердегі, картшоттардағы және банктердегі басқа да шоттардағы ақша», 1030 «Ағымдағы, корреспонденттік шоттардағы ұлттық валюта түріндегі нақты ақша», бөлімшелері шоттары және 1020 «Кассадағы ұлттық валюта түріндегі нақты ақша» шоты дебеттеледі.

Серіктестіктің жарғылық капиталының азаюы қатысушының шығып кетуі кезінде болады. Ол серіктестіктің барлық қатысушылары салымдарының мөлшерін тікелей азайту жолымен немесе жекелеген қатысушылардың үлестерін толық және ішінара жабу (жою) жолымен жүзеге асырыла алады. Қолданыстағы заңдарға сәйкес жарғылық капиталдың азаюы тек барлық кредиторларды ол жөнінде жеке-жеке жазбаша түрде хабардар еткеннен кейін ғана мүмкін болады. Серіктестіктің жалпы жиналысында жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдағаннан кейін екі ай мерзім ішінде ол өзінің барлық кредиторларына жазбаша хабар жіберуге немесе ресми серіктестік туралы мәліметтер басылатын ресми басылымдарға тиісті хабарландыру беруге міндетті. Серіктестік кредиторы хабарды алған немесе хабарландыру басылып шығарылған күннен бастап бір ай мерзім ішінде серіктестіктен қосымша кепілдіктерді талап етуге немесе мерзімі бітпей-ақ келісім-шартты бұзуға (тоқтатуға) не болмаса, серіктестіктің тиісті міндеттемелерін орындауын және зиянның орнын толтыруын талап етуге құқылы. Талаптар серіктестікке жазбаша түрде жіберіледі, ал олардың көшірмелері серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізуді жүзеге асырған органға жіберілуі мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталының азаюын серіктестікке талаптарды мәлімдеу үшін кредиторларға берілген мерзім өткеннен кейін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырушы орган тіркейді. Егер серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізуші органға оның кредиторлары қойған талаптардың көшірмесі келіп түссе, жарғылық капиталдың азаюы сол талаптардың орындалғандығын серіктестік дәлелдеген немесе мәлімдеме жасаған кредиторлардың серіктестік жарғылық капиталының азаюына қарсылығы жоқ болған жағдайда тіркеледі.

Белгіленген тәртіпті бұзу арқылы жарғылық капиталдың азаюы мүдделі тұлғалардың мәлімдеуі бойынша сот шешімімен серіктестіктің жойылуына негіз болып табылады.

Кәсіпорын құрылтайшыларына олардың жарғылық капиталға салған салымдары мен пайларын қайтарған кезде, яғни, серіктестіктің жарғылық капиталының азаюы кезінде мынадай бухгалтерлік жазу орындалады: 5013 «Салымдар және пайлар» шоты дебеттеліп, ақша қаражаттарының, айналымнан тыс активтердің, тауарлы-материалдық босалқылардың және т.б. шоттары кредиттеледі.

Акционерлік қоғамда қолданыстағы заңға сәйкес жарғылық капи-талдың құралуы мен өзгеруінде бірқатар басқадай тәртіп белгіленген.

Акционерлік қоғамда «хабарланған капитал», «шығарылған (төленген) жарғылық капитал» деген ұғымдар енгізілген.

Акционерлік қоғамның хабарланған (белгіленген тәртіп бойынша тіркелген) жарғылық капиталының сомасына 5020 «Төленбеген капитал» шоты дебеттеліп, 5011 «Қарапайым акциялар» және 5012 «Артықшылығы бар акциялар» шоттары кредиттеледі. 5020 «Төленбеген капитал» активті шотында заңды және жеке тұлғалардың олардың жарғылық капиталға салған салымдары бойынша борыштарының (қарыздарының) сомасы туралы ақпараттар жинақталады. Жарғылық капиталға салымдардың жүзеге асырылуына қарай ақша қаражаттарының, айналымнан тыс активтердің, тауарлы-материалдық босалқылардың шоттары және т.б. шоттар дебеттеліп, 5020 «Төленбеген капитал» шоты кредиттеледі. Егер 5020 «Төленбеген капитал» шоты бойынша дебеттік қалдық жабылған болса, онда ол акционерлік қоғамның; өз жарғылық капиталын толық құрағандығын куәландырады.

Хабарланған жарғылық капиталдың өзгеруі (көбеюі немесе азаюы) акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша, егер басқа еш нәрсе заңмен белгіленбеген болса, тек барлық шығарылуы хабарланған акциялардың орналасуы және төленуінен кейін ғана мүмкіндік алады. Хабарланған жарғылық капиталдың «Акционерлік қоғам туралы» заңда белгіленген ең төменгі мөлшерден аз болуына жол берілмейтіндігін атап айту керек.

Акционерлік қоғамның жарғылық капиталының құралу ерекшеліктері аудитордан акцияларға өз уақытында төлем жасауын, олардың қозғалысы бойынша операциялардың заңдылығын тексеру кезінде ерекше көңіл аударуды талап етеді. 5020 «Төленбеген капитал» шоты бойынша талдамалық (аналитикалық) есеп акционерлік карточкалар бойынша немесе жарғылық капиталға салымдар бойынша қарыздар сомасы, оны жою мерзімі, борышты жабуға салынған активтердің сомалары көрсетілетін айналым ведомосында жүргізіледі. Талдамалық есеп жүргізуге негіз болатын құрылтай құжаттары, негізгі құралдарды және материалдық емес активтерді қабылдау-тапсыру актілері, төлем тапсырмалары, кассалық кіріс ордерлері және т.б.

Акционерлік қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша акциялардың номиналдық құнын өсіру немесе қосымша акциялар шығару жолымен жарғылық капиталдың мөлшерін көбейтуге құқылы.

Акционерлік қоғамның жарғылық капиталын көбейту тек толық төлем жасалынғаннан кейін мүмкін болатындығын аудитор назарда ұстауға тиісті. Кәсіпорынның шеккен зиянының орнын толтыру үшін қосымша акциялар шығаруға және олардың номиналдық құнын өсіруге тыйым салынады.

Жарғылық капиталды көбейту туралы шешім акционерлердің жалпы жиналысында акция иелерінің жалпы санының 2/3-нен кем емес дауыспен қабылданады.

Қолданыстағы заңға сәйкес акционерлік қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша акциялардың номиналдық. құнын азайту жолымен немесе жою мақсатымен акциялардың бір бөлігін сатып алу арқылы жарғылық капиталды азайтуға.құқылы Акционерлік қоғамның жарғылық капиталын акциялардың бір бөлігін қайта сатып алу және оларды жою жолымен азайту тек ондай мүмкіндік қоғамның жарғысында қарастырылса ғана мүмкін болады. Акционерлік қоғамның жарғылық капиталын азайту туралы шешім оны көбейту туралы тәртіппен бірдей қабылданады.

Акционерлік қоғамның жарғылық капиталын азайту кезінде айналымнан шығарылып алынған акциялардың сомасына 5011 «Қарапайым акциялар», 5012 «Артықшылығы бар акциялар» шоттары дебеттеліп, 5200 «Қайтарып алынған капитал» шоты кредиттеледі. 5200 «Қайтарып алынған капитал» шотының дебетінде акционерлерден қайтарып сатып алынған меншікті акциялардың құны көрсетіледі. Акцияларды қайтарып сатып алу кезінде бұл шот дебеттеледі және ақша қаражаттарының шоттары және т.б. шоттар кредиттеледі.

Ары қарай жарғылық капиталды тексеру сапасын көтеру үшін аудитордың кәсіпорынның жарғылық капиталына қосқан үлес ретінде салынған мүліктер мен басқадай мүліктік құқықтарға түгелдеу жүргізуді ұйымдастырғаны дұрыс. Себебі жарғылық капиталға жарна ретінде салынған мүліктердің құрамында пайдалануға жарамай қалган негізгі құралдар және өндірістік босалқылардың немесе басқадай мүліктік құқықтардың ішінде – тиімді пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен интеллектуалдық меншіктің есепте тұратын фактілер кездеседі.