ЖОСПАР
КІРІСПЕ 3
І МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАБИҒАТЫ 5
І. 1 БИЛІК ЖАЛПЫ ӘЛЕУМЕТТІК КАТЕГОРИЯ 5
І.2. МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ ТҮСІНІГІ 8
І.3 МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІ БӨЛУ ТЕОРИЯСЫ 11
ІІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК ОРГАНДАРЫ 16
ІІ.1 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ КЕПІЛІ ЖӘНЕ РӘМІЗІ 16
ІІ.2 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ОРГАНДАРЫ 19
ІІ.2.1 ПАРЛАМЕНТ 19
ІІ.2.2 ЖЕРГІЛІКТІ ӨКІЛДІ ОРГАНДАР 23
2.3. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ АТҚАРУШЫ ОРГАНЫ 24
ІІІ.3.1 ҮКІМЕТ 26
2.3.2. ОРТАЛЫҚ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАР 27
2.3.3 ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАР 28
ІІ.4 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СОТ БИЛІГІ 29
ҚОРЫТЫНДЫ 33
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 35
КІРІСПЕ
Мемлекеттік билік органдарының тамыр тартқан тереңі мен даму, жалғасу жолдары – қазіргі құқықтану ғылымының, оның ішінде мемлекет және құқық теориясының үлкен де күрделі, маңызды да мәнді мәселелерінің бірі.
Мемлекеттік билік органдары Қазақстан құқық және мемлекет теорияларында ғылыми тұрғыдан жан-жақты толық зерттеле қойған жоқ. Себебі бәрімізге белгілі жас мемлекетіміз – Қазақстан Республикасының өз алдына дербес отау тігіп, тәуелсіздік алғанына он төрт жылдың жүзі болды. Көптен күткен тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ топырағында мемлекеттік билік органдары қалыптасты. Тәуелсіздік алғаннан бергі он төрт жылда еліміздегі мемлекеттік билік органдарының тұрақты қалыптасуының өзі соңғы бес-алты жыл болар. Олай болса, отандық мемлекет және құқық теорияларында мемлекеттік билеу органдары туралы ғылыми зерттеулер өте аз деп реніш айтқанымыз орынсыз болар. Ендеше, неге болашақтан үміт күтпесе, еліміз тыныш, халқымыз аман келешекте ғалым, заңгерлеріміз Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік органдары туралы әлі талай еңбектер жазары сөзсіз?!
Біз бұл еңбегімізде мемлекеттік билік органдарының түсінігін, түрлерін ресейлік және қазақстандық ғалымдардың зерттеулері мен ой-пікірлерін қолдана отырып ашық көрсетуге тырыстық. Бұл жөніндегі еңбектерден Ғ.Сапарғалиевтың «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығын», А.М.Барнашевтың «Теория разделения властей. Становление, развитие, применение» — деп аталатын әдебиетін, А.А.Гарановтың «Парламент и законодательная власть Казахстана» монографиясын, тағы басқа бір қатар еңбектерді атар едік.
Біз осы еңбекті жазарда алдымызға еңселі мақсат қойдық. Ол халық игілігі аталатын мемлекеттің билік органдарын жинақталған материалдар мен өзіміздің түйген ой-пікірлерімізді жүйелеп, саралап, тереңірек зерттеу.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік органдары туралы бір ауыз сөз айтып, мақала жазбаған ғалымдар, заңгерлер, студенттер кемде-кем. Соған қарамастан мемлекеттік билік органдары әлі толық зерттеліп болған жоқ.
Мемлекеттік билік органы бұл – күрделі тақырып. Ал еңбектің басты мақсаты – осындай күрделі құқықтық құбылыстың түсінігін ашып, түрлерін айқындап, жан-жақты тану.
Өскен, өркендеген елдерде мемлекеттік билік органдары сияқты даңғыл жүйелердің түсінігін, түрлерін, қызметтерін оларды, қайта құру жобаларын жілікше шағып, егжейлі-тегжейлі талдаумен тынбай, мемлекеттік билік органдарының жасаған әр қадамын, қызметтерінің әр сәтін үлкен әнгіменің арқауы етіп жатады. Осындай мінез бізге де ауадай қажет. «Жас алаш» газетінің 2003 жылы 16 мамырдағы 57 номерінде «Ақ жол» партиясының саяси реформалар бағдарламасы шықты. Ал осы бағдарлама біздегі мемлекеттік билік органдарының қалыптасып, нығайюына үлкен ықпал етер еді. Біздің тарапымыздан бір ұсыныс – Қазақстан Республикасындағы барлық саяси партиялар саяси реформалар бағдарламасын әзірлеп – халыққа, ел басына ұсынса. Ал осындай істердің нәтижесінде бағдарламада көзделген жүйелі амалдар қорытындыланып, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік органдары жаман жақтары болса, солардан арылып жақсы істерге бет бұрар еді, сонымен қатар мемлекеттік билік органдарының құрылымына өзгерістер, жаңалықтар енеді.
Біздің бұл еңбегіміз «Мемлекеттік билік органдары: түсінігі және түрлері» деген тақырыпта өрбіп отырғандықтан әңгіме өзегі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары. Еңбегіміз екі тараудан тұрады. Бірінші тарау – мемлекеттік биліктің құқықтық табиғаты деген атауға ие. Бұл тарауда үш бөлім мазмұндалған. Осы үш бөлім мемлекеттік биліктің құқықтық табиғатын, мазмұнын, биліктің, бөліну теориясын құрайды. Екінші тарау – мемлекеттік билік органдары деп аталған. Мұнда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік органдарын толық, әрі жан-жақты қарастырдық.
Жалпы, еңбегіміз мемлекеттік билік органдарын толық қамтыды. Әдебиеттердің тапшылығы кедергі келтіргенмен көздеген мақсатымызға жеткендей болдық.
Жұмыс барысында мемлекеттік биліктің бүгінгі көрінісі туралы қолдан келгенше ой түюге әрекет жасадық.