Материятуралы адамдардың ойлары өз заманындағы қоғамдық тәжірибенің, жалпы мәдениеттің көрінісі. «Материя» деген терминді қолданбаған бірде — бір философиялық мектеп немесе бірде — бір философ жоқ. Сондықтан, түрлі кездерде және түрлі мағынасы мен маңызы болғандығы таңданарлық нәрсе емес. Материя ұғымы – дүниені адамның санасынан тыс, әрі тәуелсіз объективті шындық деп қарайтын материалистік дүниетанымның түп қазығы, мән-мағынасы болып табылатын негізгі ұғым. Бұл ұғым материалистік ағыммен бірге пайда болып, бірге жасасып, тарихи түрде қалыптасқан.
Өзінің практикалық қызметінде қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау барысында алуан түрлі заттарды, құбылыстар мен процестерді байқай отырып, адам сонау ерте заманда-ақ өзіне мынадай сұрақ қоюға мәжбүр болды: шетсіз де шексіз көп заттар мен құбылыстардың бәріне тән, бәріне, ортақ негіз болып табылатын нәрсе бар ма? Әрине, бұл сұрақ өте күрделі әрі маңызды еді. Ең әуелі адамдардың өздерін қоршаған ортадан бөліп қарап, өздерінен тысқары және өз алдына дербес заттар мен құбылыстар өмір сүреді деген қорытындыға келу үшін сан ғасырлар мен мыңдаған жылдар қажет болды. Бірақ бұл қорытынды адам санасының дамуындағы елеулі кезең, айтулы уақиға еді. Бұдан әлдеқайда көп уақыт өткенде ертедегі грек ойшылдары табиғат құбылыстарының құпияларын ұғынуға талпына отырып, дүниенің бір негізі, түп қазығы, ортақ бір бастамасы бар деген тұжырымға келді. Оны олар субстанция (латынша – түп негіз, мән деген сөзден шыққан) деп атады. Субстанция алуан түрлі заттардың, құбылыстардың, процестердің өмір сүруінің, олардың ішкі бірлігінің негізі деп қаралды. Түрлі заттар, құбылыстар мен процестер пайда болып немесе белгілі бір уақытта жоғалып кетіп жатады, ал субстанция еш уақытта пайда болмайды, жоғалып та кетпейді, ол бар болғаны өзінің өмір сүру әдісін, болмысын өзгертеді, бір күйден екіншісіне ауысып отырады.
Дүниенің бірлігі, оның негізінде бір ғана субстанция бар деп ұғындыратын ілім монизм философиясына жатады. Субстанция туралы, дүниенің мәні жөнінде материалистік және діни-идеалистік көзқарастар тарихи тұрғыдан алғанда бір мезгілде дерлік пайда болған.
Ежелгі материалистік ілімдерде дүние, бүкіл әлем үнемі қозғалыста тұрған материя, онда материядан басқа еш нәрсе жоқ, сондықтан барлық құбылыстардың жалпыға ортақ субстанциясы материя деп есептеледі. Бірақ бұл ілімдер материяны оның тұрақты түрлерімен, яғни затпен пара-пар деп санады. Ежелгі грек философисында барлық сан алуан заттардың түпкі тегі белгілі бір бастапқы зат деген көзқарас орын алады. Мәселен, Фалес үшін ол – су, Анаксимен үшін – ауа, Гераклит үшін – от. Дүние негізгі төрт заттан – судан, ауадан, топырақ пен оттан тұрады, материя дегеніміз – осы деген ұғым да кең таралған болатын. Анаксимандр дүниедегі барлық құбылыстардың бастама негізгі анық емес, шетсіз де шексіз, таусылмайтын, үнемі өзгеріп отыратын материя – апейрон деп түсіндірді. Материализмнің негізгі принциптері Демокриттің атом туралы ілімінде тереңірек қарастырылады. Оның ой-пікірлерін кейіннен Эпикур мен Тит Лукрецкий Кар дамытты. Бұл ілім мынаған келіп саяды. Әлемдегі барлық дүниелер мен заттар атомнан құралады. Атом – пайда болмайтын, жоғалып та кетпейтін, кеңістікте мәңгілік қозғалып отыратын, бөлінбейтін ең кішкене бөлшек (атом деген сөздің өзі бөлінбейтін бөлшек деген ұғымды білдіреді). Денелер мен заттардың және олардың қасиеттерінің әртүрлі болуы құрамындағы атомдардың санына және ол атомдардың өзара орналасуына байланысты.
Қысқасы, ежелгі грек материалистерінің көзқарасы бойынша, күрделі заттардың бәрі қарапайым заттардан шыққан, солардың қосындысы, құрамасы. Күрделі заттар сондықтан да тұрақсыз, өзгере береді. Олар ыдырағанда алғашқы қарапайым заттардан ажырайды. Ал қарапайым заттар біртекті, тұрақты болады. Материя міне, осы кезеңнен бастап-ақ материалистік бағытта бүкіл ғарыштың түпкі негізі, бүкіл әлемнің біртұтастығы шығатын тек ретінде қаралады. Сөйтіп, ежелгі материалистердің көзқарасында, тұтас алғанда, дүниенің материалдығы, оның мәңгілігі мен үздіксіз өзгермелі болуы, материяның санадан тәуелсіздігі сияқты бірсыпыра өте маңызды, әлі күнге мәні жоғалмайтын құнды пікірлер бар. Олар үшін әлем түрлі заттардың кездейсоқ қосындысы емес, ол біртұтас құбылыс. Алайда олардың философиялық ой-толғамы өз дәуірлерінің даму деңгейіне сәйкес қарапайым әрі шектеулі еді. Солай бола тұрса да, олар жасаған ілімнің кейбір негіздері XIX ғасырдың аяғында дейін материалист философтар мен жаратылыстанушы ғалымдардың ой жүйесінде үстем орын алып келді.
Жаңа дәуір философиясында (XVII – XVIII ғасырлар) қоғамдық өндіріс пен жаратылыс ғалымдардының, әсіресе, математика мен механиканың дамуы, қоғамдық еңбек бөлінісінің тереңдеуі материяны механикалық заттармен, дәлірек айтқанда, заттардың механикалық қасиеттерімен теңгеруге жол ашады. Материалистік ой енді материаны заттардың белгілі бір түрімен емес, олардың бәріне де тән ортақ касиеттерімен байланытсуға бейімделді. Мәселен, И. Ньютонның механикасында тұрақты шама болып табылатын масса маңызды рөл атқарады, массаны ол материяның сандық өлшемі деп қарады. Кейіннен философтар мен жаратылыстану ғалымдары материя мен массаны пара-пар деген пікірге ауытқып кетті. Д.И. Менделеев 1889 жылы Санкт-Петербургте жарыққа шыққан «Химия негіздері» деген еңбегінде былай деп жазған болатын: «Зат немесе материя дегеніміз кеңістікте орны мен салмағы бар масса….» Материя ұғымының мәнін түсінуге біршама жақындап келген француз материалистері болды. «Жалпы алғанда материя дегеніміз, — деп жазды П. Гольбах, — біздің сезімімізге әсер ете алатынның бәрі…» Сөйтіп, XIX ғасырдың аяғына дейінгі материалистік дүниетанымда материя ұғымы түсінуде метафизикалық, механикалық көзқарас үстем болды. Оның өкілдері материя мен нақты материалдық объектілердің арасындағы айырмашылықты біле алмады, материя ұғымын өздерінің материалдық дүниенің құрылымы туралы түсініктерімен теңгерді, материяны санамен емес, түр, қасиет, қозғалыс ұғымдарымен салыстыра қарастырды.