«Мәшине бөлшектері және мәшине конструкциясын құру негіздері» пәнінің мақсаты – барлық мәшинелерге тән бір типтес жалпы бөлшектердің жұмыс жасау шарттарын ескере отырып, олардың конструкциясын, жобалау жолдарын, қандай материалдан жасауға болатынын және оларды беріктікке, төзімділікке есептеу жолдарын үйрету.
Мәшинелерде кездесетін сан алуан бөлшектерді және тораптарды екі түрге жіктеуге болады: бір типтес бөлшектер, яғни барлық мәшинелерге тән жалпы бөлшектер мен тораптар және арнаулы бөлшектер. Жалпы бір типтес бөлшектерге әр түрлі беріліс бөлшектері: тісті дөңгелектер, белдікті, фрикциялық, шынжырлы берілістер және қосылыс бөлшектері: бұрандалы бөлшектер, шпонкалар, штифттер сыналар т.б., сондай-ақ біліктер, подшипниктер, муфталар жатады. Осы бөлшектер мен тораптарды әр түрлі мәшинелердің құрамынан кездестіруге болады. Ал тежеуіштерді, барабандарды, шығырларды, ілмектерді, стволдарды және басқа бөлшектерді тек қана белгілі бір мәшинелерден кездестіреміз. Мысалы, ствол тек атқыш мәшинелеріне тән бөлшек болса, тежеуіштер транспорт мәшинелеріне тән, ілмек, барабан мен – шығыр көтергіш мәшинелерде кездеседі. Сондықтан бұлар арнаулы бөлшектерге жатады.
«Мәшине бөлшектері және мәшине конструкциясын құру негіздері» пәнінде тек қана жалпы бір типтес бөлшектердің конструкциялары мен олардың есептеу жолдары қарастырылады. Ал арнаулы бөлшектер болса, олар арнаулы курстарда қарастырылады.