Қазіргі кездегі көзқарас бойынша, жер қыртысын немесе мантия қабатын құрайтын заттар термодинамикалық жағдайлардың (қысым және температура) өзгерістері нәтижесінде белгілі бір аймақтарда периодты түрде әлсін-әлсін балқу әрекеттеріне ұшырап отырыды. Жер қойнауына тереңдеген сайын температура белгілі бір заңдылық бойынша, бірітіндеп артып отыратындығы белгілі. Мысалы, 10 км-лік тереңдікте температура 1300–1500°С шамасына дейін көтеріледі. Осы жағдайда, егер қысымның шамасы атмосфералық қысымға тең келетін болса, тау жыныстары балқыған күйде болар еді. Бірақ, мұндай тереңдікте байқалатын қысымның шамасы тау жыныстарының балқу температурасынан әлдеқайда жоғарғы болғандықтан (мыңдаған мегапаскаль), олар балқыған күйге ауыса алмайды. Белгілі бір аудандарда тектоникалық ірі жарықтардың пайда болуына байланысты қысымның кенеттен күрт төмендеуі немесе басқа себептермен температураның жоғарлауы заттардың сұйық күйге ауысып, магмалық ошақтардың пайда болуына әкеледі. Әдетте, алғашқы (түпкі) магмалық ошақтар жер қыртысының төменгі қабаттарында немесе жоғарғы мантияның астносфера қабатында астенолиттер түрінде құралады. Олар жер қыртысының жоғарғы қабаттарына қарай көтеріліп, қайта қалыптасқан жағдайда аралық магмалық ошақтар пайда болады. Сонымен, магматизм әрікеттері тектоникалық қозғалыстармен тікелей байланыста болып, геосинклиналдық аймақтарда жиі байқалады.
Жер қойнауында температураның жоғарылауы әртүрлі физикалық-химиялық әрекеттермен байланысты түсіндіріледі:
1) радиоактивті элементтердің ыдырауы нәтижесінде бөлінетін жылу мөлшеріне;
2) гравитациялық жіктелу кезінде және т.б. химиялық реакциялар кезінде бөлінетін жылуға байланысты.
Магманың жоғарғы қабаттарға көтерілуі, гидростатикалық қысым күштерімен және тау жыныстарының ( қатты күйден балқыған күйге ауысқан жағдайда ) жалпы көлемнің ұлғаюымен байланысты деп саналады.
Магманың түрлері. Магмалық ошақтар әр түрлі термодинамикалық жағдайда және әр түрлі тереңдікте әр түрлі заттар негізінде құралады. Соған байланысты жер қыртысында кездесетін магмалық тау жыныстарының алуан түрлі болатындығы ең алғашқы магмалық ошақтардың түрлері мен құрамы қандай болған? – деген заңды сұрақ туады.
Бұл сұраққа тікелей жауап беретін ортақ пікір геология ғылымында әлі қалыптаса қойған жоқ. Кейбір ғалымдар (В.Н.Лодочников) химиялық құрамы әр түрлі магмалық жыныстардың жеке топтарына сәйкес келетін алғашқы магманың өзіндік жеке түрлері болады деп санаса, басқа бір ғалымдар тобы (Н.Боуэн, А.Н.Заварцкий) табиғатта тау жыныстарының барлық түрлері алғашқы құрамы негізді (базальттық) ортақ магмадан құралады деп санайды.
Жер бетінде көптеп кездесетін эффузифтік (базальтты) жыныстар алғашқы базальттық магманың өзгермеген түрі деп саналса, ал интрузифтік граниттер алғашқы базальттық магманың бірітіндеп өзгеруіне, жіктелуіне байланысты түзіледі деп түсіндіріледі.
Қазіргі кездегі зерттеушілердің көпшілігі ғалым Ф.Ю.Левинсон – Лессингтің (1920) пікіріне сәйкес, алғашқы магма құрамына қарай екі түрлі болып (базальттық және граниттік) кездеседі. Олар бір-бірінен химиялық құрамына және физикалық қасиеттерінің ерекшеліктеріне қарай ажыратылады. Қышқыл (граниттік) магма негіздік (базальттық) магмаға қарағанда, жеңілірек, қоюырақ және ұшпалы компоненттерге (газдарға) бай болып келеді. Базальттық магма ошақтары жоғарғы мантия қабатында, ал граниттік магмалар жер қыртысында түзіледі деп санайды. Американ ғалымы А.Холмстың пікірі бойынша, алғашқы магма құрамына қарай базальттық, грпниттік және перидотиттік болып үш түрге бөлінеді.
Перидотиттік магманың болу мүмкіндігі жер қыртысының жеке аудандарында кездесетін ультранегізді белдеулерді зерттеу негізінде дәлелденді. Олардың химиялық құрамы базальттық магма негізінде құралған ультранегізді жыныстармен салыстырғанда, өзіндік ерекшеліктерімен ажыратылады.
Магмалық тау жыныстарының әр түрлі болу себептері. Қазіргі кезде магмалық жыныстардың жалпы жер бетінде таралу мөлшерін көрсететін деректер (бүкіл жер шарын түгел қамтитын) әлі де толық емес.