Қылмыстық заңның түсінігі және оның мәні туралы қазақша реферат
Қылмыстық құқықтың негізгі бөлімдерінің бірі — қылмыстық заң туралы ілім болып табылады.
Қылмыстық заң дегеніміз — Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған нормативтік құқықтық акт. Қылмыстық заң қылмыстық құқықтың қағидаттары мен жалпы ережелерін, қандай әрекеттін қылмыс екендігін айқындайды және олар үшін жаза тағайындауды белгілейді. Қылмыстық заңның міндеттері — бейбітшілікті және адамзаттың қауіпсіздігін, адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, конституциялық құрылысты, қоғамдык тәртіп пен қауіпсіздікті, ҚК-тің 2-бабында көрсетілген басқа да құндылықтарды қол сұғушылықтан қорғау және қылмыстың алдын алу болып табылады.
Қылмыстық заң жазалау қатерімен тынып салу арқылы адамның жеке басына, қоғамға, мемлекетке кінәлі түрде зиян келтіретін немесе зиян келтіру қаупін тудыратын қылмысты әрекеттерді істеуге тыйым салады.
Қылмыстық заң — қылмыстық құқықтың негізгі қайнар көзі. Сот үкімі, ұйғарымы немесе қаулымы құқықтың көзі болып табылмайды. Олардың тек нақты қылмыстық істер бойынша ғана заңдылық күші бар.
Қылмыстық заңның ережелері міндетті болып табылады. Оларды орындау немесе сақтау лауазымды адамдардың сондай-ақ барлық азаматтардың міндеті.
Қазақстан Республикасындағы қылмыстылықпен күрес қылмыстық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Заңды күшіне енген үкім бойынша тағайындалған қылмыстық жазаның орындалуы қылмыстық-атқару кодексімен реттеледі.