Қылмысқа жанасушылық туралы қазақша реферат
Қылмысты жасырушылық, қылмысты хабарламау және қылмысқа жол берушілік қылмыстық құқық теориясында қылмысқа жанасушылық деген ұғымды құрайды. Бұл ұғымның қылмысқа қатысудан өзгешеліктері де ерекше. Қылмыстық заңда қылмыстық жанасушылыққа өзіндік ұғым берілуі және оған кінәлі адамдарға жауаптылық белгіленуі бұл тұрғыдағы қылмыстарды қылмысқа бірге қатысудан дәлме-дәл ажыратуға, сондай-ақ заңдылықты нығайтуға толық мүмкіндік береді.
Қылмысқа жанасушылық қылмыстық құқық теориясында қылмыс істеуге өздері қатыспаған адамдардың сол істелген қылмысты жасыру, істелгелі жатқан немесе істелгені, анық қылмысты хабарламау туралы қасақана іс-әрекеттері немесе заң бойынша қылмысқа қарсы күрес жүргізуге міндетті адамдардың қылмысты әрекет туралы тиісті орындауға хабарламауы, я болмаса, сол әрекеттерге кедергі келтірмейтін әрекетсіздіктері деп белгіленеді.
Қылмысқа жанасушылықтың қауіптілігі сол, мұндай іс-әрекеттер дайындалып жатқан қылмыстарға тойтарыс беруге, сондай-ақ істелген қылмыстарды ашуға, кінәлі адамдарды әшкерелеуге мүмкіндік бермейді. Қылмысқа жанасушылыққа кінәлі адамдардың зияндылығы қылмысқа бірге қатысушыларға қарағанда онша көп емес, сондықтан да қылмысқа жанасушылық үшін Кодекстің Ерекше бөлімінде арнайы көрсетілген реттерде ғана қылмысқа жауапқа тартылады
Қылмыстық құқық бойынша қылмысқа жанасушылықтың үш түрлі нысандары бар: күні бұрын уәде бермей жасырушылық; хабарламау; жол берушілік. Қылмыстық заң бойынша қылмысты жасыру үшін жауаптылық кез келген қылмысты жасырғандық үшін емес, тек қана ауыр немесе аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасырғанда ғана жүзеге асырылады. Және бұл туралы Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің 363-бабында арнайы көрсетілген. Ауыр немесе аса ауыр қылмыстардың түсінігі Қылмыстық кодекстің 10-бабының 4, 5-бөліктерінде көрсетілген.
Объективтік жағынан осы қылмыстарды жасырушылық белсенді күйде жүзеге асырылады. Заңда жасырушылықтың нақты нысандары аталып көрсетілмеген, әдетте, ауыр немесе өте ауыр қылмыс істеген адамды жасыру, қылмыс істеуге пайдаланылған құралдар мен аспаптарды, қылмыстың ізін, қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыру арқылы іске асырылады.Жасырушылық тек қана белсенді әрекет күйінде жүзеге асырылады. Мысалы, ауыр немесе өте ауыр қылмыс жасаған қылмыскерді жасыру үшін оған қажетті жалған құжаттар беру, оның бет-бейнесін, сыртқы пішінін өзгерту, оған киетін киімін беру, олар тұратын мекен жайды жасыру сияқты белсенді әрекеттер арқылы жүзеге асырылады.
Ауыр немесе өте ауыр қылмыс жасаған қылмыскерді жасырушылық өте сирек жағдайларда арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Мысалы, кісі өлтіріп қолы қан күйде бөтен үйге келіп тығылған қылмыскерді үй иесі көре тұра, біле ьұра іздеушіге оның жасырынған жерін көрсетпеуі, сөйтіп қылмыскердің ұсталмай кетуіне көмек жасауы әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылған жасырушылық деп табылады. Жасырушылықтың нысандарының тізбегі заңда нақты көрсетілмеген, сондықтан да оны нақты жағдайларға байланысты анықтау қажет. Субъективтік жағынан жасырушылық тек тікелей қасақаналықпен істеледі және ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскердің өзін, қылмыстың ізін табуға, істелген қылмысты ашуға бөгет келтіруге бағытталады.
Жасырушылықта кінәлі адамның өзінің істеген қылмысының мәнін сезінуі, білуі қылмыстық жауаптылыққа тартылу үшін негізгі шарт болып табылады. Өйткені қылмыстық заң бойынша жауаптылық кез келген қылмысты жасырушылық үшін емес, тек қана ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасырушылық үшін ғана туындайды.
Жасырушылықта қылмыстық ниет пен мақсат әр түрлі болады және ол қылмысты саралауға әсер етпейді, бірақ жаза тағайындалғанда есепке алынады. Жасырушылардың қылмыскерлермен туыстық қатынасының, байланысының болуы жасырушыларды қылмыстық жауаптылықтан босатпайды.
Дайындалып жатқан немесе жасалғаны анық, белгілі аса ауыр қылмыс туралы хабарламау қылмысты қылмысты хабарламау деп саналады. Қылмыс туралы хабарламау қылмысқа бірге қатысушылыққа жатпайды. Өйткені қылмысты хабарламаған адам қылмысқа бірге қатысушылармен бірлесіп аса ауыр қылмыс жасауға ешқандай қатысы болмайды. Ол тек қана істелгелі жатқан немесе істелгені анық аса ауыр қылмысты нақты біле тұра ол туралы тиісті орындарға, лауазым адамдарына мәлімдемейді. Яғни, хабарламау объективтік жағынан алғанда сол кінәлі адамның әрекетсіздігін көрсетеді. Қылмыс туралы хабарламау адамның істегелі жатқан немесе істелгенін анық білетін аса ауыр қылмысты біле тұра нақты жағдайға байланысты хабарлауға мүмкіндігі бола тұра, соны істемеуі болып табылады. Субъективтік жағынан алғанда хабарламау тек қана қасақаналықпен жүзеге асырылады. Хабар бермеуші істелгелі жатқан немесе істелгені анық аса ауыр қылмысты біле тұра, оның зияндылығын сезіп, өзінің әрекетсіздігінен мүмкін болған зардаптың болуын тілеп, оған саналы түрде жол береді. [ 10. 247 б.]
Қылмыстық құқылық нормамен жазланылатын аса ауыр қылмыс туралы хабарлау үшін хабар бермеуші – кінәлі адам істегелі жатқан немесе істелгені анық қылмыс туралы, оның мәні, құрамы туралы нақты білуі қажет. Өйткені қолданылып жүрген қылмыстық заң бойынша қылмыс туралы хабарламағандық үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде көрсетілген реттерді ғана жүзеге асырылады. Қылмыстық кодекстің 10-бабының 5-бөлігінде көрсетілген. Осы бапқа, яғни аса ауыр қылмысқа жатпайтын қылмыстарды хабарламау қылмыс деп саналмайды, сондай-ақ қылмыс істеген адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары – ата-аналары, балалары, бала қылып алушылары, бала боп алынғандар, туған ағалары мен аналары, ата-әже, немерелері. Сондай-ақ діни қызметшілер өзіне сеніп сырын ашқан адамдардың қылмыстарын хабарламағандық үшін жауапқа тартылмайды.
Қылмысқа жол берушілік деп істелгелі жатқан қылмысқа бөгет жасауға міндетті адамның мүмкіндігі бола тұра бөгет жасамаушылығын айтамыз. Қылмыстық заң бойынша мұндай міндет заңның тікелей сол міндетті орындау туралы нұсқауымен немесе қызмет бабын атқаруға байланысты міндет-тілегінен туындайды. Объективтік жағынан алғанда қылмысқа жол берушілік істелетін немесе істелгелі жатқан қылмысқа бөгет жасауға міндетті адамның мүмкіндігін пайдаланбай, әрекетсіздік жасау арқылы жүзеге асырылады. Субъективтік жағынан алғанда жол берушілік тек қана қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстық жолмен жазаланылатын осындай жол берушіліктің нақты түрлері қылмыстық заңда көрсетілген. Ол 315-бап – қызметтегі әрекетсіздік, яғни лауазымды адамның пайдакүнемдікпен немесе өзге де жеке мүддесіне өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы, қылмысқа қарсы күрес жүргізбеуі. Сондай-ақ 119-баптағы жас болуы, кәрілігі, науқастығы салдарынан немесе басқа бір дәрменсіздік себепті өзін-өзі сақтауға шара қолданарлық мүмкіндігі жоқ адамды біле тұра өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда жәрдемсіз қалдыру, егер жәрдемсіз қалдырушы ол адам жөнінде қамқорлық жасауға міндетті болса және жәрдем көрсетуге мүмкіндігі болса немесе 118-баптағы заң немесе арнаулы ереже бойынша жәрдем көрсетуге міндетті адамның науқас адамға дәлелді себепсіз көмек көрсетпеуі, т.б. әрекеттер. Басқа жағдайларды қылмысқа жол бергендік үшін арнаулы жауаптылық жоп. Заң бойынша қылмысқа жол берушілік күні бұрын уәде беру арқылы істелсе, онда кінәлінің әрекеті қылмысқа бірге қатысу ретінде сараланады.