Қылмысқа қатысудың түсінігі және белгiлерi

Қылмысқа қатысудың түсінігі және  белгiлерi туралы қазақша реферат

Қылмыс — бір адам арқылы немесе бірнеше адамның бірлесуі арқылы істелуі мүмкін. Бірнеше адамның қылмыс істеуінің нәтижесінде істелген қылмыстың мәні, одан туындайтын зиянның мөлшері де жеке дара адам  істеген кылмысқа қарағанда едәуір өзгереді және мұндайда қылмыс істегені үшін жауапты болатын адамдардың санын тура анықтау қажеттілігі туындайды. Қылмысқа қатысу барлық қатысушылардың бірыңғай қылмысты нәтижеге жетуі үшін бағытталған, ортақ қылмыстық ниетінің болуын білдіреді. Қатысушылардың мінез-құлқының, ниеті мен мақсатының бір-біріне сай келуі де, келмеуі де мүмкін. Мысалы: кісі өлтіруге қатысушылардың біреуі қызғаныштан, екіншісі кек алушылықпен, ал басқа біреуі пайдакүнемдік ниетпен әрекет жасауы мүмкін.

Қылмысқа қатысудағы басты шарт — барлық қатысушылар қылмысты орындаушының істейтін қылмысының мәнін сезе отырып, әр түрлі ниетпен соның болуын тілеп, қылмысты жүзеге асыруы үшін өздерінің қылмысты әрекеттерін білдіреді.

Қылмыс істеудің ерекше нысаны болып табылатын қылмысқа қатысудың өзіндік бiрқатар обьективтiк және субьективтiк белгiлері бар,  кейде оларды сандық жəне сапалық белгiлер деп те атайды.

Қылмысқа қатысушылықтың обьективтiк белгiлерiне мыналар жатады:

а) Қылмысқа кемiнде екi немесе одан да көп адамның қатысуы,

б) Қылмысқа қатысушылардың əрекеттерiнiң бiрлескен түрде болуы немесе бұл əрекеттердiң бiр-бiрiмен байланыста болуы.

Бiрiншi обьективтiк белгi бойынша қылмысты қатысушылықпен жасалған деп тану үшiн қылмысқа кемiнде екі немесе одан да көп адамдардың қатысуы, есi дұрыс жəне қылмыстық жауаптылық жасына толған адамның қатысуы қажет.Қылмыстық жауаптылыққа қабiлетсiз, яғни есi дұрыс емес немесе қылмыстық жауаптылық жасына жетпеген адаммен бiрлесiп қылмыс жасау қылмысқа қатысушылықты құрамайды. Мысалы, егер ересек адам 10  жасөспiрiмдi пəтер тонауға пайдаланса, мұнда жауаптылыққа қылмыстық орындаушысы ретiнде тек ересек адам ғана тартылады, ал жасөспiрiм қылмыстың құралына айналады.

Қылмысқа қатысудың екiншi обьективтiк белгiсi қатысушылардың арасындағы бiрлестiктiң болуын бiлдіреді.Бұл бiрлестiк белгiсi қылмыс жасаудың басталу кезеңiнен соңғы кезеңiне дейiн түгел орын алады. Бiрлестіктің белгiсi мына элементтерден құралады:

а) Əрбiр қылмысқа қатысушының əрекетi басқа қатысушылардың əрекет жасауының қажеттi шарты болып табылады. Яғни, бiрiнiң белгiлi бiр əрекеттi жасауы екiншiлерiнiң нақты бiр əрекеттердi жүзеге асыруына байланысты

болады,

б) Қылмыстан келген қоғамға қауiптi зардап не қылмыстың жасалу оқиғасы əр қатысушының əрекеттерімен себептi байланыста болады;

в) Қылмыстың нəтижесi, зардабы барлық қатысушыға ортақ болады.

Жоғарыда аталған бiрлестiк белгiсiн құрайтын элементтердiң iшiнде себептi байланыс ұғымының ерекше маңызы бар. Себебi, егер қылмыстың зардабы немесе қылмыстың жасалу оқиғасы қылмысқа қатысушылардың

əрекеттерiмен себептi байланыста болмаса, онда себептi байланыста əрекет жасамаған адамға қылмыстық жауаптылық туындамайды. Қылмысқа қатысушылықтағы себептi байланысты, қылмысты жасау оқиғасының

мынадай тұстарында, бiрiншi — қылмысқа қатысушылардың арасындағы байланыста, екiншi — қылмысқа қатысушы əрбiр адам əрекетiнiң қылмыстың зардабымен себептi байланыста болуын анықтау қажет.

Қылмысқа қатысушылықтың обьективтiк белгiлерi қылмысқа қатысушылардың iшкi ойын немесе психикалық бағытын бiлдiретiн субьективтiк белгiлермен тығыз байланысты.

Қылмысқа қатысушылықтың субьективтiк белгiлерiне мыналар кiредi:

а) Қатысушылардың қылмыс жасауға қасақана бiрiгуi;

б) Тек қасақана қылмыстарды жасауға бiрiгуi;

Белгiлi бiр қылмысты жасауға қасақана бiрiгу деген əрбiр қылмысқа қатысушы өз iс — əрекетiнiң жəне қатысушылардың iс-əрекетiнiң қоғамға қауiптi екендiгiн ұғынатындығын, сонымен бiрге бiрлескен əрекеттен

туындайтын қылмыстық зардаптың болатынын алдын ала бiлуi жəне зардаптың болуын тiлеуi немесе саналы түрде оған жол беруiн бiлдiредi. Сонда қылмысқа қатысушылықтың субьективтiк жағы тiкелей немесе жанама түрдегi қасақаналықпен сипатталады деген сөз.Бiрлесiп əрекет еткен адамдардың қылмыстарындағы психикалық қатынасты табу олардың қылмысқа қатысу

үлесiн, қатысушының жауаптылығын жекешелеуге көмегiн тигiзедi. Қылмысқа қатысушылардың қасақана түрде əрекет етуi, олардың қылмыстың жасалуына деген ой – ниет бiрлестiгiн бiлдiретiн бiрден – бiр себеп болып табылады.

Субьективтi белгiлердiң екiншiсi — қылмысқа қатысу тек қасақана қылмыстарда ғана орын алады дегенді бiлдiредi. Қылмыстық жауаптылық туралы заң абайсыз жасалған қылмыстарда қатысушылықтың орын

алмайтындығын айтады, себебi бұл жағдайларда бiрнеше субьектiлер бiр қылмыстық нəтижеге қол жеткiзу үшін өздерiнiң ерiктi күш — жігерін бiрiктiрмейдi. Сонымен бiрге, егер адам басқа адаммен бiрiгiп қылмыс жасап

жатқандығын ұғынбаса, бiрақ оны ұғынуға тиiс жəне ұғынуға мүмкiндiгi болса, бұл жағдайда да қылмысқа қатысушылық орын алмайды.