Қылмысқа қатысудың түрлері және нысандары туралы қазақша реферат
Қылмысқа қатысудың нысандары және түрлері туралы мәселені анықтау қылмысқа қатысушылардың субьективтік байланыстарының сипаты мен дәрежесіне, олардың әрекеттерінің өзара келісушілігінің дәрежесіне, қатысушылардың өзара обьективтік байланыстарының мәніне, қылмысқа қатысушылардың өзара әрекеттестігінің тәсіліне және қылмыс құрамдарының құрылу ерекшеліктеріне байланысты шешіледі.Қылмысқа қатысушылардың әрекеттерінің келісушілік дәрежесіне байланысты қылмысқа қатысу екі түрлі нысанға алдын ала келіспей қылмысқа қатысу және алдын ала келісіп қылмысқа қатысу болып бөлінеді. Бұл нысандар Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде әр түрлі көрініс тапқан. Бұлар алдын ала келісіп қылмысқа жай қатысу, ұйымдасқан топ болып және қылмысты бірлестік арқылы қылмысқа қатысу болып көрсетілген. Қымыстық құқық теориясы қылмысқа қатысудың түрлерін де бөліп көрсеткен.
Қылмысқа қатысудың түрлері қылмыс істеуге қатысқан жекелеген қатысушылардың қылмыс істеуге қатысуының дәрежесі мен сипатына байланысты: қоса орындаушылық және тар мағынадағы қылмысқа қатысушы болып екі түрге бөлінеді.
Бірнеше адамның қылмысты бірге топ болып істеуін қоса орындаушылық деп атайды.Қылмысқа қатысудың бұл түрі бойынша қылмыс істеуге қатысқандардың барлығы да сол істеген қылмыстың обьективтік жағының белгілерін басынан аяғына дейін немесе жекелеген қатысушылардың қылмыстың обьективтік жағының бір бөлігін орындауға қатысуын айтамыз.Мұндай ретте қылмыстың зардабы қылмысты қоса орындаушылардың ортақ әрекетінің жиынтығының нәтижесі болуда.
Тар мағынадағы қатысушылықта орындаушы қылмыс істеуге ұйымдастырушының, айдап салушының немесе көмектесушінің қатысуын білмеуі де мүмкін. Ал қоса орындаушылықта қылмысқа қатысушылардың барлығының бір-бірінің өзара әрекеті жөнінде тікелей істейтінін білуі қажет.
Егер ондай болмаса адам қылмысты жеке істеген болып саналып, оны орындаушы өзінің істеген іс-әрекетінің шеңберінде ғана жауапты болады.Тар мағынадағы қылмысқа қатысушылыққа тән белгілердің бірі қылмысқа қатысушылардың өзара рөлдерді бөлісуі.Қылмысқа қатысудың бұл түрі бойынша қылмыстың обьективтік жағының белгілерін тікелей орындаушы ғана жүзеге асырады, ал ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесушілер болса орындаушының атқаратын осы іс-әрекеті жөнінде хабардар болады. Қылмысқа қатысудың нысаны мен түрін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, олар кейде қабаттасып кетуі де мүмкін.Мысалы: көп жағдайларда ұйымдастырушы және көмектесуші басқа қатысушылармен бірге тікелей қылмыстың обьективтік жағының тұтас белгілерін немесе оның бір бөлігін орындауға қатысуы мүмкін. Мұндай ретте қылмысқа алдын ала келісіп қатысу (қатысу нысаны) қоса орындаушының және тар мағынасы қылмысқа қатысушылық (қатысушылардың түрлері) көріністерінің қабаттасуы орын алады. Қылмысқа қатысу нысаны мен түрлерін дұрыс анықтау қылмысты саралауға және жазаны даралау мәселесін шешуге әсер етеді. Қылмысқа қатысудың нысаны мен түрін белгілеу бірлесіп істеген қылмысты іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін анықтауға және қылмысқа қатысушылардың әрекеті мен келісушілігінің дәрежесін есепке алуға мүмкіндік береді.Қатысушылардың өзара байланысы тығыз болса, олардың әрекеті ұйымдасқан сипатты білдіреді.Мұның өзі олардың істеген қылмысының қауіптірек болатынын көрсетеді.[2. 157 б.]
Қылмыстық кодекстің 31-бабында қылмысқа қатысудың бірнеше нысаны: топ болып қылмыс жасау, бір топ адамның алдын ала келісуі, ұйымдасқан топ және қылмыстық бірлестік арқылы жасауы деп көрсетілген.Осы аталған бапта қылмыстық іс-әрекетті істеудің келісушілігінің дәрежесіне сәйкес қылмысқа қатысудың нысандары бөлек көрсетілгенмен, іс жүзінде қатысушылардың өзара қылмыс істеуге деген алдын ала келіспеушілігінің болғанына немесе болмағанына байланысты қылмысқа қатысу нысаны төмендегідей бірнеше түрге бөлінеді.
Алдын ала келіспей қылмысқа қатысу (Қылмыстық кодекстің 31-бап, 1-бөлігі). Мұндай ретте қылмыс топ арқылы алдын ала келіспей, қоса орындаушылық түрінде, қылмысқа қатысушылардың арасында келіспеушілік қылмыс істелгенге дейінгі уақытта орын алмаған жағдайда істеледі. Бұл жағдайда қылмысты топқа қатысушылардың өзара келісуі қылмыс істеу барысында, қылмыстың обьективтік жағының белгілерін орындауға кіріскен уақыттан бастап жүзеге асырылады. Алдын ала келіспей топ болып қылмыс істеу көп жағдайда төбелеске қатысып кісі өлтіруге, денеге жарақат салуда, әйел зорлауда жиі кездеседі. Бұл қылмысқа тән белгі – қылмыс істеуге, яғни қылмыстың обьективтік жағын орындауға кіріскен орындаушының әрекетіне басқа қатысушылардың қосылып кетуі болып табылады. Мұндайда әрбір қылмысқа қатысушы қылмыстың обьективтік жағының белгілерін толық немесе ішінара орындайды.[3. 11 б.]
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1993 жылғы 23 сәуірдегі «Әйел зорлағаны үшін жауапкершілікті белгілейтін заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы» қаулысының топ болып жасалған зорлау деп – бірнеше адам бір жәбірленушіні зорлағандығы, сондай-ақ айыпкердің бірнеше адам (екеуден кем емес) жәбірленушіге бірлесе күш жұмсап, онымен жыныс қатынасын жасаса, бұл әрекет топ болып зорлау деп саралауға жатады.Өздері зорлап жыныс қатынасын жасамаған, бірақ жәбірленушіге күш қолдану арқылы басқалардың оны зорлауына көмектескен адамдар топтасып зорлауды орындаушылар болып табылады» — делінген. Алдын ала келіспей қылмысқа топ болып қатысу өте қауіпті және бұл сот тәжірибесінде аз кездесетін қылмыс болып табылады. [4. 13 б.]
Қылмысқа қатысу нысанының ең қауіпті және көп тараған түрі алдын ала сөз байласып, келісіп қылмысты бірлесіп жасау туралы күні бұрын уағдаласқан түрі болады.Алдын ала келісу деп – қылмыстың бьективтік жағын құрайтын әрекеттерді орындағанға дейін басқа бір адаммен болса да келісімге келуін айтамыз. Бір топ адамның қылмысты алдын-ала келісіп істеуінің белгілері: біріншіден, қылмысқа қатысушылардың саны екіден кем болмайды; екіншіден, олардың қылмыс істеу туралы келісімі қылмысты істегенге дейін орын алады; үшіншіден, келісім белгілі бір немесе бірнеше қылмысты істеу жөнінде болады. Қылмысқа қатысудың бұл нысаны Қылмыстық Кодексте нақты қылмыс құрамының негізгі немесе жетілдірілген белгілері немесе жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар ретінде көрсетілген. Мысалы: 175-баптың 2-бөлігінде бөтеннің мүлкін адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша ұрлау – делінген. Бұл жерде қылмыс істеуге келісу деп қылмысқа қатысушылардың дайындалып немесе істейін деп жатқан қылмысы жөніндегі өзара ауызша, жазбаша келісімге қол жеткізуін айтамыз. Кейде мұндай келісімдерге конклюденттік әрекеттер (үндемей келісу) арқылы қол жетуі мүмкін.Келісімнің түпкі мақсаты қылмысқа қатысушылардың барлығынан да істейтін қылмыс құрамының обьективтік жағын орындауға тікелей қатысатыны туралы болады, яғни қылмыс қоса орындаушылықпен жүзеге асырылады. Егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін күні бұрын біріккен адамдардың тұрақты тобы жасаса, ол ұйымдасқан топ жасаған қылмыс деп танылады. Мұндай ұйымдасқан топпен істелетін қылмыстардың белгілері: біріншіден – қылмысқа кем дегенде екі адам қатысады; екіншіден – ондай қатысу алдын ала қасақана бір немесе бірнеше қылмыс істеу жөнінде келісіледі, үшіншіден – қылмыстық топ тұрақты топқа жатады.Алдын ала ұйымдасқан тұрақты қылмыста топтың қатысушылары, әдетте, қылмыс істеу жөніндегі күні бұрын, яғни қылмысты істегенге дейін өзара келісіп, қылмыс істеудің жоспарын құрады; қылмысқа қатысушылардың өзара рөлін белгілейді; қылмысты әрекетті жүзеге асырудың тәсілін және жоспарланған әрекетті жүзеге асырудың жағдайларын қарастырады. Ұйымдасқан тұрақты топпен қылмыс істеу топқа қатысушылардың белгілі бір рөлдерді атқаруы арқылы да, сондай-ақ ұштасқан орындаушылық арқылы да қылмысқа қатысып жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Тұрақты топ дегеніміз – бір немесе бірнеше қасақана қылмыстар істеу үшін құрылған топ болып табылады. Мұндай тұрақты топтың мүшелері болып кейде мемлекеттік өкімет: басқару органдарының жауапты қызметкерлері де болуы мүмкін. Қолданылып жүрген қылмыстық заңға сәйкес ұйымдасқан топ болып қылмыс істеу қылмысты жетілдіретін, ауырлататын белгі ретінде бірнеше бапта көрсетілген. Мысалы, 175 бап, 3 бөлік, «а» тармағы. 178-бап, 3-бөлігі, «а» тармағы, 177-бап, 3-бөлік, «а» тармағы, т.б.
Егер қылмысты ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстар жасау үшін құрылған бірігіп ұйымдасқан топ (ұйым) не нақ сондай мақсатпен құрылған ұйымдасқан топтардың бірлестігі жасаса, ол қылмыс сыбайластық қылмысты ұйым жасаған қылмыс деп танылады. Қылмыстық сыбайластыққа тән өзіндік белгілердің бірі: қылмысқа қатысушылардың өзара алдын ала келісушілігінің ең жоғары дәрежеде болатындығына және оның тұрақты, тығыз ұйымдасқан, топтасқан құрылым екендігіне байланысты. Қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстар істеу үшін адамдардың біріккен тұрақты және топтасқан тобының көрінісі болып табылады. Қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) қатысушылардың тұрақтылығы, топтасқандығы қылмысқа қатысудың тек қана осы түріне тән белгілері болып табылады.Бұл жерде қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) тұрақтылығы деп, оның мүшелерінің өзара үнемі байланыста болуын және олардың бірнеше ауыр немесе ерекше ауыр қылмысты істеуге даярлау, оқталу, жүзеге асыру әрекетінің өзіндік әдістерінің көрініс беруін айтамыз. Алдын ала келісімнің және өзара тығыз сыбайластықтың, бірлестіктің тұрақтылығын көрсетеді. Қылмысқа бірге қатысушылардың әлеуметтік-психологиялық белгілерін сипаттайтын қылмыстық мақсатты жүзеге асырудағы ортақ бірлігінің бар болуын қылмысты сыбайластыққа (қылмысты ұйымға) топтасқандық деп танылады. Қылмыстық сыбайластықтың істеген қылмысының қауіптілігі сол, бұл ұйым жәй ғана өзара келіскен адамдар тобынан емес, қылмыстық құқыққа қарсы әрекеттермен шұғылдану үшін жасалған тұрақты, басқарылатын ұйымға топталған адамдардан тұрады. Бұл басқарылатын тұрақты ұйымның мақсаты ауыр немесе ерекше ауыр қылмысты әрекеттермен шұғылдану болып табылады. Мұндай ұйым, әдетте бірнеше, саны белгісіз, қылмыстарды жасау үшін, орындалуы қиын, ауқымы кең, тәсілі мен әдісі жөнінен күрделі ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстарды жүзеге асыру үшін құрылады. Қылмысты топтың мүшелері арасында әрқайсысының атқаратын рөлдері белгіленеді. Мұндай басқарылатын ұйым көп жағдайларда ауыр немесе ерекше ауыр қауіпті қылмыстарды жүзеге асырады. Қылмыстық сыбайластықпен (қылмысты ұйыммен) істелетін қылмыстардың кейбір түрлері қылмыстық заңда жеке қылмыс құрамы ретінде көрсетілген.(Мысалы, 237-бап.Бандитизм). Банда дегеніміз азаматтарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау мақсатында тұрақты, қарулы топ құру. Бұл қылмыс тұрақты басқарылатын ұйымға топтасқан адамдар арқылы ғана жүзеге асырылады. Мұндай қылмыстарды қылмыстық құқық теориясы қылмыстық ұйыммен бірлестікпен жасаған қылмыс деп таниды. Қылмыстық құқық теориясы мұндай ұйымның құрылуын және оған қатысудың өзін аяқталған қылмыс қатарына жатқызады.
Ұйымдасқан топқа қарағанда қылмыстық сыбайластық арқылы істелетін қылмыстың зияны да, қауіптілігі де орасан зор. Ұйымдасқан топқа қарағанда қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) айырмашылығы бар. Қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) құрылу мақсаты – ауыр немесе ерекше ауыр қылмысты істеу қылмысты әрекеттермен үнемі шұғылдану және оны күн көріс көзіне айналдыру.Ұйымдасқан топ қылмысты әрекеттермен үнемі шұғылданбайды, үнемі шұғылданса ондай топ қылмыстық сыбайластыққа айналып кетеді.Сол сияқты қылмыстық сыбайластыққа бір топ адам, бірнеше ұйым қылмысты әрекеттермен шұғылдану үшін тұрақты құрылымға бірігеді, ұйымдасқан топпен қылмыс істеуде мұндай белгі болмайды.