Қылмысқа қатысу, түрлері

Қылмысқа қатысу, түрлері туралы қазақша реферат

Қылмыстық құқықта қылмысқа қатысушылар орындаушылар, ұйымдастырушылар, айдап салушылар және көмектесушілер деп бөлінеді. Оларды бұлай бөлуге қылмысқа қатысудағы атқаратын іс-әрекетінің мәнісі мен дәрежесі негіз бола алады. Қылмысқа қатысуларды осылай бөлудің олардың жауаптылығын негіздеу, іс-әрекеттерін дұрыс саралау және жаза тағайындағанда әрқайсысының ерекшеліктерін еске алу үшін маңызы өте зор. Қылмысқа қатысудың түрлері және олардың әрқайсысына заңдылық сипаттама ҚК-тің 28-бабында көрсетілген.

Қатысудың  түрлері объективтік критерии бойынша, яғни әркімнің қосқан әрекет үлесіне қарай ажыратылады.

Қылмысты орындаушыдан басқа қылмысты ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесушілер де қылмысқа айдап салушылар деп танылады. «Қылмысты тікелей жасаған немесе оны жасауға басқа адамдармен (қоса орындаушылармен) бірге тікелей қатысқан адам — орындаушы деп танылады». Сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын (жасына, есі дұрыс еместігіне, т.б. мән-жайларға байланысты) өзге адамдарды пайдаланып, қылмыс жасаса да қылмыс орындаушысы болады. Орындаушысыз қылмыс болмайды. Өзге қатысудың тағдырын шешетін де орындаушының әрекеті. Мысалы, егер орындаушының әрекеті қылмысқа оқталу (немесе дайындалу) сатысында тоқталса, басқа қатысушылар да оқталғаны (дайындалғаны) үшін жауап береді.

«Қылмыс жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық (қылмыстық ұйым) құрған не оларға басшылық еткен  адам ұйымдастырушы деп танылады». Қатысушыларға әрекет үлесін бөліп беретін, басшылық жасайтын, оларды байланыстыратын ұйымдастырушы қатысушылардың ішіндегі ең қауіпті тұлға болып табылады.

«Басқа адамды азғыру, сатып алу, қорқыту жолымен немесе өзге де жолмен қылмыс жасауға көндірген адам — айдап салушы деп танылады».  Көбінесе, қылмыс жасаудың қайнар көзі, ниеттің басталуы осы өзгенің қолымен сойыл соғатын айдап салушы да жатады. Арандату — айдап салудың өте асқынған қоғамға қауіпті түрі. Қандай қылмыс екенін айтпай-ақ, анықталмаған адамдар шеңберін қылмыс жасауға жалпылама шақыру әлі айдап салу емес. Ол белгінің адамды нақты қылмысқа көндіруге көрініс табуы керек.

«Кеңестерімен, нұсқауларымен, ақпарат, қылмысты жасайтын қару немесе құралдар берумен не қылмысты жасауға кедергілерді жоюы мен қылмыстың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ қылмыскерді, қаруды немесе қылмыс жасаудың өзге құралдарын, қылмыстың ізін не қылмыстық жолмен табылған заттарды сатып алуға немесе өткізуге күні бұрын уәде берген адам көмектесуші адам деп танылады. Интеллектуалдық көмектесу – күні бұрын қылмысты жасыруға уәде беріп, орындаушыға дем береді. Егер қылмыстан соң уәдесінен тайса да интеллектуалдық көмектесу орын алып тұр. Оның айдап салудан айырмашылығы бар. Айдап салушы ойында қылмыс жасау ниеті жоқ адамды көндірсе, интеллектуалдық көмекші қылмысқа белді бекем буған адамды демейді.

Әрекетпен көмектесу қылмысқа дайындалу немесе оны жасау кезінде көрініс табады.