Қылмыс құрамының түрлері

Қылмыс құрамының түрлері туралы қазақша реферат

       Жекелеген қылмыс құрамының мазмұнын терең ашу, олардың белгілерін анықтауды жеңілдету және нақты істелген іс-әрекетті дұрыс саралау мақсатымен қылмыс құрамының түрлері нақты белгілер бойынша өзара бөлінуі мүмкін.
Қылмыстық құқық ғылымында мұндай бөлінудің негізі (критериясы) болып: біріншіден, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің дәрежесі, екіншіден, қылмыс құрамының құрылысы есепке алынады.
Іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің дәрежесі мен мәніне қарай құрамдар негізгі, жауаптылықты ауырлататын қылмыс құрамдары және жауаптылықты жеңілдететін қылмыс құрамдары болып бөлінеді.
Негізгі қылмыс құрамы деп іс-әрекеттің белгілі түрі бойынша онда негізгі, тұрақты белгілердің болуын айтамыз.
Негізгі қылмыс құрамында қылмысты ауырлататын және жеңілдететін жағдайлар көрсетілмейді. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 96-бабының 1-бөлігіндегі құрам негізгі құрамға жатады. Онда кісі өлтірудің жай түрі ғана көрсетілген, ауыр немесе жеңіл түрлері айтылмаған.
Егер қылмыс құрамында осы іс-әрекеттің негізгі белгілерінен басқа жауаптылықты жеңілдететін жағдайлар көрсетілсе, онда ондай қылмыс құрамын жауаптылықты жеңілдететін қылмыс құрамы деп атаймыз.
Мұндай қылмыс құрамына Қылмыстық кодекстің 98- бабында көрсетілген қылмыс құрамы жатады (жан күйзелісі жағдайында болған кісі өлтіру).             Негізгі белгілермен бірге жауаптылықты ауырлататын жағдайлар көрсетілген қылмыс құрамы, сараланған қылмыс құрамы (яғни, жауаптылықты ауырлататын құрам) деп аталады. Сондай-ақ құрам қатарына 129-баптың 3-бөлігінде көрсетілген адамды ауыр қылмыс істеді деп айыптап жала жабу жатады. Немесе 175-баптың 1-бөлігіндегі ұрлықты ауырлататын жағдайлар: адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы бойынша, бірнеше рет т.б. жағдайлар жатады.
Қылмыс құрамының сипатталу тәсіліне қарай құрам жай қылмыс құрамы, күрделі қылмыс құрамы және балама қылмыс құрамы деп бөлінеді.
Жай құрам дегеніміз — қылмыс құрамының белгілерінің біркелкі болуы, яғни оның бір ғана обьектісі, бір ғана обьективтік жағы ғана болуы. Бұған мысалы, 125-баптың 1-бөлігінде көрсетілген адамды ұрлау жатады.
Күрделі қылмыс құрамы деп — қылмыс құрамы элементтерінің бірінің күрделенуін айтамыз (объект,объективтік жағы, субъект, субъективтік жағы). Мысалы, екі объектіге бірдей қол сұғуын (179-бап – қарақшылық). Кінәнің екі түрлі нысаны болатын қылмыстар (103-бап,2-бөлігі және т.б.).
Балама құрам деп Қылмыстық кодекстің бабындағы диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істегендікті айтамыз. Мысалы, 259-бап есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, тасымалдау, жөнелту немесе сату.
Қылмыс құрамының құрылысына қарай құрамды түрге бөлудің де практикалық маңызы ерекше. Осы белгісі бойынша қылмыс құрамы материалдық, формальдық және келте қылмыс құрамы деп бөлінеді.
Іс-әрекеттің нәтижесінен болатын зардап қылмыс құрамында көрсетілсе ондай қылмысты материалдық қылмыс құрамы деп атайды. Мұндай қылмыс құрамы әрекет немесе әрекетсіздік жасалған уақыттан бастап қана емес, заңда көрсетілген қылмыстың зардабы болған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Мысалы, қызмет өкілеттігін теріс пайдаланып қиянат жасауды келтіруге болады (307-бап).
Формальдық қылмыс құрамы деп зардабы болмайтын қылмысты айтамыз. Формальдық қылмысқа жататындар: пара беру (312-бап), қызмет жөніндегі жалғандық (314-бап). Пара беру, параны кез келген нысанда берген уақыттан бастап, белгілі бір зардаптың болуына қарамастан аяқталған қылмыс дер саналады. Кейде заң шығарушы қылмыстың аяқталған уақытын алдын-ала қылмысты әрекет сатысына көшіреді. Мұндай құралымда қылмыс құрамын келте құрам деп айтамыз.
Келте қылмыс құрамына адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупінде қалтыру (116-бап,1- бөлігі) жатады. Бұл құрам бойынша заң шығарушы аяқтау уақытының зияндылығына байланысты оқталу сатысына көшірген. Яғни, бұл қылмыс деп аталған адамдардың жәбірленушіге осы ауруды жұқтырған уақытынан емес, оларға осы ауруды жұқтыру қаупін туғызған уақыттан бастап аяқталған деп танылады.
Келете қылмыс құрамына бандитизм де (237-бап) жатады. Бұл қылмыс құрамы ұйымдастырылған уақыттан бастап-ақ біткен қылмыс деп есептелінеді.