Құжат айналымының көлемі – кәсіпорынға келіп түскен және белгілі бір мерзім ішінде, әдетте бір жылда жасалған құжаттардың саны. Кәсіпорында құжат айналымы көлемін есептеу өңделетін ақпараттың шартты көлемін және бөлімшелер мен жекелеген қызметкерлердің жұмыс жүктемелерін анықтау, іс қағаздарын жүргізуді жетілдіру бойынша шараларды жобалау үшін қажет.
Құжат айналымының көлемін анықтау кезінде мазмұнына, авторына, көлеміне, көшірмесіне, тіркеу нысанына, оны қараған адамдарына және басқаларына қарамастан, барлық құжат есепке алынады. Келіп түскен және шығыс құжаттар жеке қарастырылады. Көшіру құралдары арқылы жасалған құжаттар көшірмелері бөлек есептеледі. Мекеменің бір жыл ішіндегі құжат айналымының көлемін анықтау үшін кіріс, ішкі және шығыс құжаттардың барлығын қоса есептеу керек.