Құс өсіруді ұйымдастыру

Құс өсіруді ұйымдастыру туралы қазақша реферат

         Қолда өсірілетін үй құстарының түрі көп. Оларға тауық, үйрек, қаз, күркетауықтармен қатар бөдене, кекілік және тағы басқалары жатады. Дербес шаруашылық жағдайында құс өсіру өте ыңғайлы да тиімді. Өйткені құс басқа мал сияқты жайылып, ірі азықтарды қажетсінбейді. Аула ішінде, арнайы қоралардан шығармай өсіруге бейім. Оның үстіне өсу, жетілу, көбею қабілеті де басқа малмен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Ал өнімге азық жұмсауы әлдеқайда төмен. Мысалы, қосқан әрбір килограмм салмағына ірі қара 10-12, қой –8-10, шошқа –6-8 азық өлшемін жұмсайтын болса, құс 3-5, ал тез жетілгіш етті бағыттағы балапандар (бройлерлер) –1,5-2 азық өлшемін жұмсайды.

Қазігі уақытта елімізде өндірілетін құс еті мен жұмырқасының 1/3 бөлігі дербес шаруашылықта өсіріліп отыр. Бұл азық-түлік программасын орындауға елеулі септігін тигізеді. Медециналық мөлшерлер бойынша адамды жылдық ет және ет өнімдерімен қамтамасыз етуде, олардың біршама бөлігін жеңіл қорытылатын, диеталық, емдік қасиеті жоғары құс еті толықтыруы қажет. Құс жұмыртқасы да тіршілікке қажеті барлық амин қышқылдарымен толықтырылған өте құнарлы тағам.

Дербес шаруашылықта құс өсірудің тиімділігі- оларды азықтандыруда асхана, бақша және қорық қалдықтарын толығымен пайдалануға болады. Ауыл маңындағы басқа малды жаюға келмейтін көлшіктердің, бұлақтардың жағалауын пайдаланып, құс өнімін неғұрлым арзандатуға болады.

Құстың дәмді де шипалы етімен және жұмыртқасымен қоса олардан өте жеңіл де жылы қауырсын, ал қалдықтарынан қорыққа өте құнды органикалық тыңайтқыш алынатынын ескерсек-үй құстарының дербес шаруашылықта өсіруге өте қажетті де, пайдалы екеніне көзіміз әбден жетеді. Сонымен қатар оларды өсіретін қораны да жеңіл, қолда бар құрылыс материалдарынан-ақ тез тұрғызуға болады. Күтімі де күрделі емес. Бала-шаға-ақ күте береді. Басқа малдай өнімін де жылдың белгілі мерзіміне қарамай, жыл бойы біркелкі алып тұруға болады.

Бұл өте жауапты маңызды іс. Оны дұрыс ұйымдастыру үшін табын құру, құстарды шағылысқа қосу және пайдалану мерзімдерін анықтау; табын құрылымын және айналымын белгілей, құс тұқымын асылдандыру жұмыстары орындалуға тиіс.

Тауықтың ата-аналық табынын, жұмыртқаны жыл бойы біркелкі өндіріп отыруды қамтамасыз ету мақсатында инкубациядан шығарылған балапандардан өсірілген 140-150 күндік құстармен құрып отыру керек.

Бардық өндірістік циклдер өздерінде атқарылатын құс фабрикаларында тұқымға қалдырылатын балапандарды өздері өсіріп, тауықтардың тәуліктік балапан шығауға арналған ата-аналық табынын құрып отырады.

Тауарлы мақсаттағы шағын құс фермаларында және мемшар фермаларында мекиен өсіру инкубаторлық құс станциясынан болмаса арнайы мамандандырылған шаруашылықтардан тәуліктік балапандар немесе 30, 60, 90 және 140 күндік құстар сатып алу арқылы жасалады. Оларға асыл тұқымды балапандарды өз шаруашылығында өсіру қымбатқа түседі.

Жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары мен мемшар, тауарлы фермаларының өнеркәсіптік цехтарындағы табындар тек қана мекиендерден құралуға тиіс.

Асыл тұқымды құс өндіретін шаруашылықтарда тауық, үйрек және күркетауық мекиендері 2-3 жыл, ана қаздар 5-6 жыл пайдаланылуы тиіс. Тауықтар мен күркетауықтар әтештерін 2-3 жыл, ата үйректі 2 жыл, акта қазды 4-5 жыл пайдаланады.

Тауықтар мен күркетауықтар әтештерін, ата үйректі шағылысқа бір жасқа таяғанда, ал ата қазды екі жасқа толғанда қосады.

Құс фабрикалары мен асыл тұқымды құс фермаларының ата-аналық табынында мекиендер мен әтештер бірге болуы керек. Табында мекиендер 90%, әтештер 10% болғаны жөн. Құс шаруашылығында аса бағалы әтештерді көбірек пайдалану үшін қолдан ұрықтандыру тәсілін қолдануға болады. Бұлай еткенде әрбір әтешкеесептегендегі мекиендер саны тауықта 7-10 есе, күркетауықта 3-5, ана қаздың саны әрбір ата қазға шаққанда 7-8т есе көбейеді.

Құстардың табын құрылымы құс фабрикасы мен фермаларының мамандандырылуына, құстың жасына, жыныстық жетілу ерекшелігіне, шаруашылықта пайдаланылатын мерзіміне, құсты күту және оның табынын тәсілдеріне байланысты болады.

Мекиендерді тордың ішінде ұстап күтетін шаруашылықтарда бір жыл ғана пайдаланады, еденде еркін ұстайтындар – екі жыл, ал асыл тұқымды құс өсіретіндер үш жыл пайдаланады. Мұның себебі мекиендердің жұмыртқалағыштығы екінші жылы 15-20%, ал үшінші жылы 20-30 процентке азайып отыруында.  Мұнымен қатар мекиендер түлеген кезде жұмырқаламайды. Сондықтан табындағы мекиендерді жыл бойы жас құстармен үнемі толықтырылып отыру керек.

Үйрек өсіргенде әрбір 6-7 аналыққа бір ата үйрек ұстау керек, аналықтардың бір жасқа дейінгісі 70% болуы тиіс. Күркетауық өсіргенде әрбір 10-11 мекиенге бір әтеш, ал мекиендердің бір жасқа дейінгісі – 80, екі жастағысы – 15, үш жастағысы 5 проценттен аспауы керек.

Қаз өсірген кезде 3-4 аналық қазға бір ата қаз, ал аналық қаздар кейінірек жетілетін болғандықтан бір жастағылары – 20, екі жастағылары – 20, үш жастан жоғарылары 60% болуы тиіс. Құс өсіруде табының айналымдық коэффициентін есептеп отырады. Бұл коэффициент жыл бойында табынға қосылған жас мекиендердің санын барлық мекиендердің орта санына бөлуден шығады. Мысалы, мекиендерді 10-11 ай пайдаланғанда олардың жыл бойындағы айналымдық коэффициенті 1,1-1,2 болады. Кейбір шаруашылықтарда мекиендердің жұмыртқалағыштығын арттыру ниетімен бұл коэффициентті 1,7-1,8-ге дейін көбейтеді. Бірақ мекиендерді тым жиі ауыстыру қымбатқа түседі.

Құс өсіруде тұқым асылдандыруға ерекше назар аударылғаны дұрыс. Осы мақсатта құс фабрикалары мен фермаларда табынды жұмыртқа мен етті көп беретін гибридті құстардың кросстарымен құруға тырысады. Гибрид құстардың өнімділігі, өнімдердің сапасы анағұрлым жақсы болады және олардан алынатын балапандардың тіршілікке бейімделуі де артық болады.