Нормативтік сипаты — құқықтың негізгі белгілерінің бірі. Құқық қағидалардан, ережелерден, рәсімдерден тұрады. Қағида — тұлғалардың мінез-құлықтары туралы ереже. Былайша айтқанда, қоғамдық қатынасқа қатысушылар өз іс-әрекеттерін, мінезін белгілі ережеде көрсетілген қалыпқа бейімдеулері қажет. Сондықтан құқықтың нормалары — тұлғалардың іс-әрекетінің, мінез-құлқының үлгісі. Мысалы, әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы (Қазақстан Республикасының Конституциясы, 19-бап). Тұлғалардың мінез-құлқын анықтау арқылы құқық нормалары қоғамдық қатынастарды қажетті арнаға бағыттап, жолға салады, реттейді, жөндейді, ұйымдастырады, тұрақтандырады, бассыздықтан қорғайды.
Формальды анықтылық — құқықтың тағы да бір маңызды белгісі. Ол құқықтың мемлекетпен байланысты екенін көрсетеді. Құқықты, оны құратын заңдарды, басқа да нормативтік актілерді жасайтын, жалпы алғанда, мемлекет. Мемлекет органдардан тұрады, демек, мемлекет органдары заңдарды жасайды. Заң — ережелері қиынтығы. Олар жай ережелер емес, мемлекет атымен жасалатын болғандықтан ресми сипаты бар ережелер. Әрбір ереже, қағида заң шығарушының тұлғалардың мінез-құлқы туралы ойын анықтап, түсінікті түрде тұжырымдайды. Қағидада артық сөз болмауы керек, оның әрбір сөзінің әлеуметтік мәні болады, себебі ол қоғамдық қатынаска қатысатын тұлғалардың мінез-құлқын анықтау арқылы олардың тағдырына әсер етеді.
Құқықтың енді бір белгісі — мемлекеттің күшіне сүйенуі. Егер мемлекет кұқық қағидаларының жүзеге асырылуына, дұрыс қолданылуын қамтамасыз етпесе, олар тек қағаз бетінде ғана жазылып қалған болар еді. Мемлекет, оның органдары тұлғалардың құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі, жағдай жасайды. Мысалы, Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша елімізде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады. Заңда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі (25-бап). Егер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғылса, мемлекет оларды қорғайды. Заңды бұзғандар құқықтық жауапқа тартылады, мүмкіндігінше бұзылған құқық орнына келтіріледі.
Құқықтың тағы бір белгісі — адамдардың еркін білдіруі. Қазақстан Республикасының Конституциясында жазылғандай, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді (3-бап). Сонымен халық заңдарды өзі тікелей қабылдай алады. Мұндай жағдайда заң тікелей халықтың еркін паш етеді. Оған мысал, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқының Конституцияны қабылдауы. Конституция — құқықтың өзегі, ұйтқысы. Олай болса, Қазақстанда қалыптасып келе жатқан құқық бүкіл көп ұлтты халықтың еркін білдіреді, оның жүзеге асырады десек, ешбір асыра сілтеу болмайды. Халықтың ойын, еркін мемлекет органдары да тиісті нормативті актілер қабылдау арқылы жүзеге асырады. Халық Президентті сайлайды. Ол халық атынан әрекет жасап, өз өкілеттігінің шеңберінде нормативті актілер — заң күші бар жарлықтар, жай нормативті жарлықтар, қаулылар қабылдайды. Президенттің нормативті актілері Қазақстан құқығын қалыптастыратын бастау болып есептеледі. Құқықты құратын нормалар тек бір адамның немесе әлеуметтік топтың еркін білдіріп, мүддесін ғана қорғамайды. Ол — халық үшін қызмет істейді.
Адам қоғамында сан алуан қатынастар, яғни байланыстар туындайды. Осы қатынастарды реттеу, тәртіптеу ережелер, қағидалар, нормалар негізінде болады. Норма дегеніміз мінез-құлықтың, жүрі тұрыстың мөлшері, үлгісі, эталоны.
Нормативтік реттеу жүйесі қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалардан тұрады. Олар әлеуметтік және әлеуметтік-техникалық нормаларға бөлінеді.
Қоғамның әлеуметтік нормалары дегеніміз қоғамдық қатынастарды реттейтін, қоғамдық пікір күші ықпалымен немесе мемлекеттің мәжбүрлеуімен қамтамасыз етілетін, қоғамдағы адамдардың мінез-құлқы, жүріс-тұрыстары ережелерінің жүйесі. Әлеуметтік нормаларға жататындар құқық нормалары, мораль (имандылық, өнеге) нормалары, қоғамдық ұйымдар (корпоротивтік) нормалары, әдет-ғұрыптардің нормалары және т.б.
Әлеуметтік-техникалық нормалар — техникалық құралдарды пайдалану, қолдану ережелері; санитарлық-гигиеналық нормалар; агрономиялық нормалар және т.б.
Әлеуметтік нормалар белгілеу және қамтамасыз ету тәсілдері бойынша ерекшеленеді. Мысалы, құқық нормаларын мемлекет белгілейді және қамтамасыз етеді, имандылық әдет-ғұрып нормалары қоғам өмірінен туындайды және қоғам пікірімен, адамның сана-сезімі арқылы қамтамасыз етіледі; діни нормалар діннен туындайды және алла тағаланын күшімен, адам сана-сезімімен қамтамасыз етіледі.
Жасалу тәсілі бойынша нормалар саналы және стихиялык, (сұрапылдық) түрге бөлінеді. Баяндау және көріну тәсілдері бойынша нормалар ауызекі және жазбаша түрге бөлінеді. Мысалы, құқық нормалары әрқашан да жазбаша, ал енегелік нормалар ауызекі болады.
Әдет-ғұрып дегеніміз, адамдардың қарым-қатынасын реттейтін, дағдыға айналған географиялық, ұлттық, экономикалық факторларға байланысты тарихи қалыптасқан, жазылмаған мінез-құлық қағидасы. Әдет-ғұрыптар ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, адамдардың сана-сезіміне ананың сүтімен, қауым өмірінің үлгісімен сіңіп, адамдардың мінез-құлықтарын, іс-әрекеттерін бағыттап отырады. Мысалы, қазақ даласында, қазак халқында әдет-ғұрыптар, дәстүрлер құқықтың қайнар көзі болған.
Қазіргі заманда әдет-ғұрыптар әр түрлі дәрежеде сақталған. Негізінде әдет-ғұрыптар отбасы, туыстық қатынастарды реттейді.
Құқық пен мораль тығыз байланыста. Осы екі құбылыстың жалпылама ерекшеліктерін және айырмашылықтарын көрсету қажет.
Жалпылама ерекшеліктері құқық пен мораль экономикалық базиске жасалған қондырма болып табылады, қоғамдық қатынастарды реттейді, әлеуметтік-экономикалық мүдделердің ортақтығына (бірлігіне) негізделеді.
Құқық пен мораль көпшілік жағдайларда ерікті түрде жүзеге асырылады және жүзеге асырылуының ішкі кепілі — адамның ар-ұяты мен намысы.
Құқық нормаларының талаптары моральдық талаптарға негізделеді. Мысалы, Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-бабында былай айтылған: «Некемен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың табиғи құқығы әрі арызы. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлык жасауға міндетті».
Кейбір құқық салаларында моральдық талаптардың ықпалы аздау. Мысалы, салалық құқықта, азаматтық құқықта, қаржылық құқықта және т.б. Ал отбасы, қылмыс, халықаралық құқықта моральдың маңызы өте зор.
Енді құқық пен моральдың айырмашылығына тоқталу қажет.
1. Құқық мемлекетпен бірге, қатар пайда болады, ал мораль мемлекеттен бұрын пайда болады. Құқық жазылған нормалардан тұрады, ал мораль күрделірек құрылым және жазылмаған ережелер, талаптардан тұрады. Құқық мемлекеттік мәжбүрлеудің болу мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі. Ал мораль дағды арқылы немесе қоғамдық пікір күшімен қамтамасыз етіледі.
Нормативтік реттеу жүйесінде құқық ерекше орын алады. Бұның себебі құқықтың айрықша белгілеріне байланысты.
2. Құқықты социологиялық және философиялық тұрғыдан қарағанда ол өте кең түсінік болып, оған құқық нормаларымен қатар құқықтық сана, құқықтық қатынастар да жатады.
Құқыққа, ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде жалпы және айрықша белгілер тән.
1. Құқық жазылған нормалардан тұрады. Нормативтік тек құқыққа тән жағдай емес. Ол адамның табиғатымен байланысты және кез келген әлеуметтік ұйымға тән. Нормативтік дегеніміз адамдардың ой жүйесін, қоғамдық өмірін тәртіппен, сонын нәтижесінде белгілі ережелерге бағындыру.
2. Құқық әділдік және бостандық идеяларын білдіреді. Әділдік пен бостандыққа адамзат ежелден ұмтылып, оларды армандаған. Әділдік — адамның игілігіне бағытталған жағдай, ол басқа адамның мүддесіне зиян келтірмейді, қоғамға пайдалы. Осы талаптарға сай келетін адамның әрекеті әділ болып саналады. Марксизм-ленинизм негізін қалаушылар әділдікті тек таптык мүдделермен байланыстырады.
Бостандық — адамнан ажыратылмайтын қасиет. Тек бостандық болса ғана адам лайықты өмір сүре алады, барлық өзіне тән шығармашылық мүмкіндіктерін аша алады.
3. Құқықтың бейнелейтін объектілері болады. Олар — билік, мемлекет, қоғамдағы тәртіп. Солар арқылы әділдік пен бостандық жүзеге асырылады. Әрине, әділдік пен бостандық шектелсе де, сол аталған құбылыстар арқылы жүзеге асырылады. Құқықтың нормалары мен мемлекет органдарының арасында қайшылықтар, үйлеспеушілік болуы мүмкін. Заңдарда адамдардың құқықтарымен бостандықтары жарияланғанымен, мемлекет органдары олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етпеуі мүмкін.
4. Құқық адамның іс-әрекетін реттейді, оның ойына, сезіміне әсер етеді. Егер адам заңдарда әділдік пен бостандық баянды етілетініне көзі жетсе, оларды орындау қажет деп есептейді. Мұндай жағдайда адам өз еркімен заң талабын орындайды. Заң талабын бұзса, кінәліге мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
5. Құқық заңдар түрінде қалыптасады. Заңдарда адамдардың еркі баянды етіледі. Адамдардың еркін заң шығаратын орган ресмилендіреді. Сондықтан құқық — мемлекет таныған адамдардың еркі. Егер құқық әділдік пен бостандықты паш етсе, ол жалпы халықтық құқық деп саналады.
6. Құқықтың формалды анықтылығы. Заңдарда бекітілген нормативті нұсқаулар ерекше қасиетке ие болады. Ол — формалды анықтылық. Оның белгілері: айқындығы, бір мағыналылығы, қысқалығы. Бқл құқық субъектісінің не нәрсені істеуге болады, нені болмайтындығын білуіне ыңғайлы, әрі қолайлы. Мысалы, біреудің мүлкін ұрлау — қылмыс.
Құқықтың жүйелілігі — оның тағы бір қасиеті. Заңдарда жазылған құқықтық нормалар өзара байланысты, үйлесімді болады. Құқықтың нормалары тек осындай негізде жазылып, қалыптасса ғана құқық өзінің борышын орындауға қабілетті болады.
Құқықтың тағы бір қасиеті — оның өзгермелілігі. Қоғамдық өмір сіресіп қалмай, құбылып өзгеріп тұрады. Соған сәйкес құқық нормалары да өзгерген қатынастарды лайықты түрде реттеу үшін өзгеріп тұруы қажет. Осыған байланысты ескірген заңдар күшін жояды, жаңа заңдар қабылданады. Құқық біркелкі қалыпты түрде адамдарға қолданылады. Осының өзі құқықта тенсіздіктің баянды етілетінін байқатады. Сондықтан заң адамдарды іс жүзінде теңдестіре алмайды. Әрине, өмірдің кейбір-салаларында, мысалы, саяси құқықтармен пайдаланғанда барлық азамат-тардың жағдайы бірдей
Құқықты мемлекет қоғамдағы құқықтың барлық нормаларының талаптарын-адайдар өз еркімен орындай бермейді. Соған байланысты мемлекет құқық талабын бұзғандарға мәжбүрлеу тәсілін қолданады. Мұндай қорғау болмаса, құқық жоқ деп есептеу керек.