Құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары

Құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары туралы қазақша реферат

Алғышартар – бұл құқықтық қатынастарды туындататын жағдайлар, факторлар. Құқықтық қатынастардың пайда болу алғышарттарының екі түрін бөліп қарастырады:

1. Материалдық (жалпы) алғышарттар; бұларға адамдардың құқықтық қатынастарға түсуіне әсер ететін өмірлік қажеттіктері мен мүдделері жатады. Кең мағынада – бұл белгілі бір қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің объективтік қажеттігін көрсететін әлеуметтік-экономикалық, мәдени және т.б. жағдайлардың жүйесі.

2. Заңды (арнайы) алғышарттар; бұларға құқық нормасы, құқықсубъектілік және шынайы өмір жағдайы ретіндегі заңды факт жатады. Аталған алғышарттарсыз құқықтық қатынастың туындауы мүмкін емес.

Құқық нормасы – бұл жалпыға міндетті жүріс-тұрыс ережесі, ал құқықтық қатынас – құқық нормасының негізінде пайда болатын қоғамдық қатынас. Олардың арасындағы өзара байланыс мыналардан көрінеді:

а) құқық нормасы мен құқықтық қатынас құқықтық реттеу механизмінің элементтері болып табылады;

ә) құқық нормасы – бұл құқықтық қатынастың пайда болуының негізі;

б) құқық нормасы құқықтық қатынастар субъектілерінің шеңберін анықтайды;

в) құқық нормасы өз гипотезасында белгілі бір құқықтық қатынастың пайда болу жағдайларын көздейді;

г) құқық нормасы өз диспозициясында құқықтық қатынастар қатысушыларының субъективтік құқықтары мен заңды міндеттерін анықтайды;

д) құқық нормасы өз санкциясында диспозицияны орындаудың мүмкін салдарын көрсетеді (жазалау немесе марапаттау);

е) құқықтық норма мен құқықтық қатынас себеп пен сал ретінде байланысқа түседі, құқықтық қатынас – бұл құқық нормасының жүзеге асу нысаны.

Құқықтық, нормалар қоғамдағы сан алуан қатынастарды реттеп-басқару үшін өмірге келіп, өзгеріп, ескіріп, жаңарып, дамып жатады. Ол нормалар адамдардың, бірлестіктердің, одақтардың, ұжымдардың, ұйымдардың іс-әрекеттеріне, жұмысына дұрыс ықпал жасап, қоғамдағы құқықтың жақсы іске асуына, орындалуына зор әсер етеді. Олардың барлығының жұмысын нормаларға сәйкес қоғамдық мүдде мақсатты орындауға, адамдардың бостандығын, теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекет. Құқықтық нормалар іс жүзіне асырылмаса, оның әлеуметтік маңызы болмайды.

Құқықтық нормалардың орындалуы адамдардың тек заңды іс-әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен (заңда тыйым салынған істерді жасамау) байланысты. Құқықтық нормаларды іске асыруда субъектілер екі топқа бөлінеді: мемлекет, оның органдары және халық, олардың ұйымдары. Құқықтың іске асуы нормативтік актілерді қабылдаудан, бекітуден басталады. Мемлекеттің жоғарғы органдары (парламент, президент) заң қабылдайды; үкімет, министрлік-ведомстволар, сот және жергілікті басқарушы мемлекеттік органдар заңға тәуелді нормалар қабылдайды. Осы мемлекеттік органдардың бәрі де құқықтық нормаларды іске асыруға, орындауға зор үлестерін қосады.

Заңдарды, заңға тәуелді нормаларды қабылдау, бекіту үлкен істің басталуы ғана. Бұл істің негізгі міндеті – сол қабылданған нормативтік  актілерді іс жүзіне асыру, олардың мазмұнын шындыққа, ақиқатқа айналдыру. Өйткені бұл нормаларда қоғамның мүдде-мақсаты соған сәйкес мемлекеттің билік бұйрығы басым орын алады. Бұл процесс құқықтық нормаларды объективтік тұрғыдан іске асыру. Ал, қатынастағы субъектілердің құқығы мен міндеттерінің орындалуын – субъективтік тұрғыдан іске асыру деп түсіну керек.

Құқықтық нормаларды орындаудың нысандары әр түрлі болады.

Өйткені нысандардың өмірге келу себептері әртүрлі болады:

а) қоғамдағы қатынастардың мазмұны әртүрлі болуы;

б) нормативтік актілердің адамдарға әртүрлі әсер етуі;

в) норманың ерекше мазмұнының әсері;

г) құқықты іске асырудағы субъектілердің; құзыреті мен өкілеттігінің әр түрлі болуы;

д) субъектілердің құқықтық тәртібінің әр түрлі деңгейде болуы.

Құқықтық нормалардың негізгі мақсаты – қоғамдағы қатынастарды дұрыс, уақытында реттеп, басқарып іске асыру. Қоғамдағы барлық қарым-қатынастарға құқықтың ықпалы, әсері болуға тиіс, сол арқылы жақсы дәрежеде жалпы қоғамдық тәртіп, заңдылық қалыптасады. Егер құқықтық нормада бір іс-әрекетке тыйым салынса, ол норма іс жүзінде орындалса құқықтың мақсаты орындалды деуге болады. Егер құқықтық нормада бір іс-әрекетті жасауға нұсқау берілсе, ол орындалса құқық өз мақсатына жетті деуге болады.

Malimetter.kz