Құқықтық идеология дегеніміз құқықтық сананың құқықты және өмір шындығының құбылыстарын тұғырнамалық түрде бейнелеп, бағалайтын заңдық ұғымдарды, принциптерді, теорияны құрайтын жоғарғы қабаты. Адамның күнделікті тәжірибесіне сыйып кететін құқықтық шындықтарды әдетте, сезімдік қабылдауға ұқсас құқықтық психологиядан айырмашылығы- құқықтық идеология бейне бір құқықтық бағалаудың рационалдық деңгейіне сәйкес келеді, құқық пен мемлекет құбылыстарын ой елегінен неғұрлым терең өткізуді бейнелейді.
Құқықтық идеологияға құқықты қоғам қажеттеріне сай келетін идеологиялық жағынан жетілген мәдени-тарихи доктрина етіп көрсету үшін оның мәнін, әлеуметтік құндылығын ашып беруге ұмтылыс тән. Бұған табиғи құқық концепциясы, норматившілдік теория, құқық пен мемлекеттің марксистік доктринасы мысал бола алады.
XXI ғасырдың табалдырығында Қазақстан принципті түрде жаңа әлеуметтік-тарихи және геосаяси жағдайда отырды. Мемлекеттік құқықтық реформа бағдарламасын(1993 ж.) негізінен орындағаннан кейін оған да Қазақстанның мемлекеті мен азаматтары үшін Республика Президенттің “Қазақстан-2030” стратегиясынан туындайтын және оны мемлекеттік-құқықтық салада нығайтатын жаңа құқықтық идеология керек болмай қоймайды.
Бұл құқықтық идеологияның концептуалды параметрлері:
1. Құқықтық идеология Қазақстан Республикасының стратегиялық мақсаттары үшін өткендегі және қазіргі дүниежүзілік юриспруденцияның заң теориясы мен тәжірибесінен сындарлы және пайдалы дегеннің бәрін алуға тиіс.
2. Құқықтық идеология Қазақстан қоғамы дамуының тұрақтылығы мен саяси топтасқандығына жәрдемдесуге тиіс.
3. Құқықтық идеология жеке адамның рөлі мен құқықтарын мемлекетке алуға және кемітуге, қоғам мен мемлекетке қатынасы жөнінен егемендіруге емес, жеке даралық әлеуметтілік арқылы ғана болуы мүмкін объективті шындыққа негізделіп құрылуға тиіс. Адам мен азаматтың міндеттерін өзінің жаратылысы бойынша әлеуметтік мәні болғандықтан, адам құқықтары туралы пайымдауларға араластырып жібермеу керек.
4. Құқықтық идеология Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайту, жан-жақты ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету қажеттігін негізге алуға тиіс. 1995 жылғы Конституцияда негізгі қаланған саяси биліктің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі негізінде кәсіби күшті және тиімді мемлекеттілікті дамытуға мүмкіндік туғызу керек.
Құқықтық сана құқықтық реттеу механизмімен тығыз байланысты. Біріншіден, ол заң нормаларын жасаудың алдында жүреді, өйткені, ол нормалар әрқашанда субъектінің санасы мен еркіне туелді; екіншіден, олармен қоса өне бойы іс-әрекет жасалады, өйткені құқық нормалары әрқашанда оларды субъектінің түсінуіне, оның санасы мен еркіне есептелген; үшіншіден, құқықтық сана құқықтағы олқылықтарды түсіндірумен анықталады, заңдарды жетілдіру мен дамытуды қамтамасыз етеді.